Арнайы комиссия туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы әкімдігінің 2023 жылғы 13 қазандағы № 359 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27, 37-баптарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 523 қаулысына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 17 тамыздағы "Арнайы комиссия туралы үлгілік ережені бекіту туралы" № 344 бұйрығына сәйкес, облыс әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған Арнайы комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 16 ақпандағы "Арнайы комиссия туралы Ережені бекіту туралы" №82 қаулысының (Алматы облысы Әділет департаментінде 2015 жылы 19 наурызда № 3102 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. "Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Алматы облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Алматы облысы әкімі аппаратының заң бөліміне осы тармақтың 1) және 2)атармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Н. Әбдірахымға жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі М. Сұлтанғазиев

  Алматы облысы әкімдігінің 2023 жылғы _____________ №___ қаулысымен бекітілген

Арнайы комиссия туралы ереже

      1. Жалпы ережелер

      1. Осы арнайы комиссия туралы Ереже (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27, 37-баптарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 523 қаулысына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 17 тамыздағы "Арнайы комиссия туралы үлгілік ережені бекіту туралы" № 344 бұйрығына сәйкес, әзірленді және арнайы комиссиялардың мәртебесi мен өкiлеттiгiн айқындайды.

      2. Осы ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) арнайы комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасылардың) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      2) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      3. Комиссия республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссия өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарында ұйымдастырады.

      4. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

      5. Комиссияның қызметін бақылауды республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қалалар) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары жүзеге асырады.

2-тарау. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      6. Комиссияның негізгі міндеті "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 2-3-тармағының негізінде жергілікті өкілді органдар бекітетін азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесіне сәйкес азаматтардың әлеуметтік көмекке мұқтаждығын және әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау болып табылады.

      7. Комиссияның негізгі функциясы әрбір жекелеген жағдайда әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсете отырып, Үлгілік ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығару болып табылады.

3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      8. Комиссия өз қызметін өтеусіз негізде жүзеге асырады.

      9. Комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдардың мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, оның ішінде ұйымдардың және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері кіреді.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы жеті адамнан кем болмауға тиіс.

      10. Республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қалалар) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Төраға болып табылады.

      Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және Комиссияға осы ережеде жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

      11. Жергілікті уәкілетті орган – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Комиссия хатшысының міндеті осы басқарманың, бөлімнің маманына жүктеледі.

      12. Комиссия жергілікті уәкілетті органнан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды қарайды және ашық дауыс беру арқылы әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттігі туралы шешім шығарады.

      13. Комиссияның шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.

      14. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.

      15. Комиссия қабылдаған шешім қорытынды нысанында ресімделеді және осы ереженің 12-тармағында көрсетілген мерзімде жергілікті уәкілетті органға беріледі.

      Оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшері көрсетіледі.

      16. Комиссия әлеуметтік көмек мөлшерін айқындау кезінде жергілікті өкілді органдар "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 2-3-тармағына сәйкес бекітетін әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын басшылыққа алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады