Жетісу облысының ортақ су пайдаланудың қағидалары туралы

Күшін жойған

Жетісу облыстық мәслихатының 2023 жылғы 16 мамырдағы № 3-22 шешімі. Күші жойылды - Жетісу облыстық мәслихатының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі № 8-49 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жетісу облыстық мәслихатының 11.09.2023 № 8-49 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 38-бабының 1-тармағына сәйкес, Жетісу облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Жетісу облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың қағидалары осы шешімінің қосымшасына сәйкес белгіленсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау (келісім бойынша) облыс әкімінің орынбасары Ә. Жақанбаевқа жүктелсін.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Г. Тойлыбаева

  Жетісу облыстық мәслихатының 2023 жылғы 16 мамырдағы № 3-22 шешіміне қосымшасы

Жетісу облысының ортақ су пайдаланудың қағидалары

      Жалпы ережелері

      1.Осы Жетісу облысының ортақ су пайдаланудың қағидалары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 20 наурыздағы №19-1/252 бұйрығы негізінде әзiрлендi.

      2.Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      3.Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      4.Су кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.

      5.Экологиялық, техникалық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.

      6.Ортақ су пайдалануға:

      1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;

      2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;

      3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;

      4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.

      7.Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне және құрамына әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай, сондай-ақ халықтың санитариялық- эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      8.Су объектілері мен су шаруашылығы құрылысжайларындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерді экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен келісім бойынша, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы органмен объектіге берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының немесе эпидемиялық маңыздылығы болмашы объектінің қызметі басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарламасы болған жағдайда Жетісу облыстың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.

      9.Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.

      Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Қазақстан Республикасы Су кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      10.Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғауаймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi.

      11. Жетісу облысының жергілікті өкілді органдары мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтын жерлерді айқындайды.

      11-1. Жетісу облысының әкімшілік шекаралары аумағында орналасқан су объектілерінде шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу және оларды пайдалану Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 354 "Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтауға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11197 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 24 қыркүйектегі № 669 "Палубалы шағын көлемді кемелерді техникалық қадағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №17615 болып тіркелген) бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады, тұрғын халықтың қауіпсіздігін және шағын көлемді кемелердің өтуін қамтамасыз ету үшін су пайдалануды оқшау немесе бірлесіп жүзеге асыратын су пайдаланушы жұмысты ұйымдастырады:

      1) адамдардың шомылу аймағынан тысқарыда шағын көлемді кемелердің өтуі үшін ашық түсті қалқыма белгілермен және қадалармен қоршалған, "Дәліз аймағында шомылуға үзілді-кесілді тыйым салынады!" деген ескерту және шектеу белгілері бар, ені кем дегенде 10 метр және ұзындығы кем дегенде 100 метр дәліз жарақтайды;

      2) халықтың шомылу аймағын "Қалқыма белгілерден тысқарыда шомылуға үзілді-кесілді тыйым салынады!", "Халықтың шомылу аймағында шағын көлемді кемелерде жүзуге тыйым салынады!" деген ескерту және шектеу белгілері бар ашық түсті қалқыма белгілермен және қадалармен қоршайды.

      12. Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары тиісті аумақтарда орналасқан су объектілерінің, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі туралы халықты хабардар етуді жүзеге асырады.

      13. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер Жетісу облысының жергілікті өкілді органдарының шешімдерінде өзгеше белгіленбесе, Су кодекстің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды.

      14. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы Жетісу облысының жергілікті өкілді органдарына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.

      14-1. Жетісу облысының жергілікті өкілді органдары мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.

      15. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.

      15-1. Су пайдаланушы Жетісу облысының жергілікті өкілді органдарынан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға жол берілмейтіні және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      16. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:

      1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;

      2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;

      3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;

      4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитариялық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.

      17. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:

      1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;

      2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;

      3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;

      4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;

      5) аумақта жанар-жағар май материалдарын сақтауға;

      6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;

      7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.

      8) мал қоралар орналастыруға, мал жаюға, сумен қамтамасыз ететін көздің су сапасының нашарлауына немесе көлемінің азаюына әкелетін басқа мақсаттарда жағалауға жолағының ені кемінде 500 м. шегіндегі су қоймасын мен жер учаскелерін, ормандық жерлерді пайдалануға;

      9) өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, қалалық және жауын-шашынның ағынды және шайынды суларын жіберуге;

      10) су объектілерінің сапалық және гидрологиялық жай-күйін нашарлататың (ластану, қоқыстану, сарқылау) шаруашылық қызметіне немесе өзге де қызметке;

      11) су шаруашылығы және су жинайтың құрылыстар мен олардың коммуникацияларын, көпірлерді, көпір құрылыстарын, айлақтарды, порттарды, пирстерді, және су көлігі қызметіне байланысты өзге де көлік инфрақұрылымдары объектілерін, сондай-ақ су объектісіндегі рекреациялық аймақтарды қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстарды салуға және пайдалануға;

      12) жекелеген учаскелерді шалғындандыруға, егін егуге және ағаш отырғызуға арналған жерлерді өндеуді қоспағанда, топырақ және өсімдік қабатын бұзатын жұмыстарды жүргізуге (оның ішінде жер жыртуға, мал жаюға, пайдалы қазбаларды өндіруге).

      18. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексiнің жауапкершілікке тартылады.

      19. Осы Қағидамен реттелмеген құқықтық қарым-қатынастар, Қазақстан Республикасының Су кодексінің қолданыстағы нормаларымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады