"Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін жаңа редакцияда бекіту туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 18 шілдедегі № 149 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Қарақия ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін оның Қарақия ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді жүзсін.

      3. Қарақия ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 25 маусымдағы № 151 "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін жаңа редакцияда бекіту туралы" қаулысы жойылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімі аппаратының басшысы Б.Ерденбаевқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Әкім С. Төретаев

  Қарақия ауданы әкімдігінің
  2023 жылғы 18 шілдедегі
  № 149 қаулысымен бекітілген

1. Жалпы ережелер

      1. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі әкімнің және жергілікті мемлекеттік басқарудың қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Қарақия ауданы әкімі аппаратының ведомстволары жоқ.

      3. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі, мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өзінің атауымен жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қазынашылық органдарында есеп шоттары болады.

      5. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.

      7. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіпте Қарақия ауданы әкімі аппараты басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 130300, Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылы, Досан Батыр көшесі, 8 ғимарат.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы: "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің функциясы болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Міндеттері:

      1) мемлекеттік егемендікті, конституциялық құрылысты қорғау және нығайту, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын өмірге қосу;

      2) заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық таным деңгейін арттыру және елдің қоғамдық-саяси өмірінде олардың белсенді азаматтық көзқарас ұстануы бойынша шараларды жүзеге асыру;

      3) аудандағы мемлекеттік, әлеуметтік-экономикалық саясат пен әлеуметтік және экономикалық үдерістерді басқарудың негізгі бағыттарын жүзеге асыру, осы мақсатта барлық атқарушы билік органдарының келісіп қызмет етуін қамтамасыз ету.

      15. Құқықтары:

      1) аудан әкімінің және әкімдігінің мүдделерін білдіру;

      2) өзінің құзіреті шегінде сұратуларды жіберу және мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалар мен өзге ұйымдардан аудан әкімінің және әкімдігі құзыретінің мәселелері бойынша қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды алу;

      3) тиісті аумақта басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша басқа мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық өзін-өзі басқару органдарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      4) аудан әкімдігінің және әкімінің нормативтік-құқықтық актілерінің жобасын дайындауға ұсыныстар енгізуге және қатысуға;

      5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      16. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      2) Президенттің, Үкіметтің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;

      3) тиісті аумақты дамыту мүдделерімен және қажеттіліктерімен қатар атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етуде аудан әкіміне, әкімдігіне көмек көрсету;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      17. Функциялары:

      1) ауданы әкімдігінің және аудан әкімі аппаратының регламентін сақтауды қамтамасыз етеді;

      2) "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымдық бөлімшелерінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда атқарушылық тәртіптің жай-күйіне талдау жүргізеді;

      3) әкімдік мәжілістерін, кеңестерді, семинарларды және басқа да іс-шараларды өткізілуін ұйымдастырады;

      4) әкімдіктің іс қағаздарын жүргізеді және әкімдікке, әкімге келіп түсетін хат-хабарларды өңдейді, басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардан келіп түсетін ақпаратты, сондай-ақ Қарақия ауданы әкімдігінің және әкімінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жинауды және өңдеуді қамтамасыз етеді;

      5) әкімнің, әкімдіктің, аудан әкімі аппараты басшысының актілерін тіркеуді және таратуды жүзеге асырады, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және аудан әкімі аппаратының құқықтық мәселелер жөніндегі құжаттарын дайындайды;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және орталық мемлекеттік органдарының, сондай-ақ облыс, аудан әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      7) аудан әкіміне бағынысты мемлекеттік басқару органдарының өзара іс-қимылын және қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;

      8) аудан әкімі мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерін қабылдауды, мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ жинауды, сақтауды және есепке алуды қамтамасыз етеді;

      9) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіпте әкімдік бөлімдері шығарған әкімшілік актілерге, әкімшілік әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдарды қарауды жүзеге асырады;

      10) ақпараттық қоғам жағдайында мемлекеттік басқару органдарының азаматтармен және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылын ұйымдастыратын әкімдіктің интернет-ресурсын қолдауды және дамытуды қамтамасыз етеді;

      11) аудан әкімі аппаратының және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың кадрларының мониторингін жүзеге асырады;

      12) бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурстар өткізуді ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      13) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік теріс қылықтарын қарау жөніндегі бірыңғай тәртіптік комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      14) ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау жөніндегі бірыңғай комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      15) функционалдық блоктар бойынша жергілікті атқарушы органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын бөлу жөніндегі бірыңғай комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      16) терроризмге қарсы комиссиялар арқылы ауданның аумағында терроризм профилактикасы, сондай-ақ терроризм салдарларын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметті ұйымдастырады, терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы жағдайларға әсер ететін аудандағы қоғамдық-саяси, діни мәселелерге мониторинг жүргізеді;

      17) жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар мәселелері жөнінде аудан әкімі мен әкімдігінің, аудандық атқарушы органдардың қызметін қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      18) әскери тiркелу мен әскери қызметке шақыру жөнiндегi iс-шаралардың ұйымдастырылуын қамтамасыз етедi;

      19) құпия іс құжаттарын жүргізуді қамтамасыз етеді;

      20) аудандық ауқымдағы дала өрттерінің, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;

      21) әкім және әкімдік шығарған актілерді тіркеуді жүргізеді, тиісті ресімдеуді және таратуды қамтамасыз етеді;

      22) аудан әкімдігіне келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің сапасына, қарау мерзімдеріне бақылауды жүзеге асырады;

      23) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды, тіркеуді және есепке алуды жүзеге асырады, аудан әкімінің, аудан әкімі орынбасарларының және Қарақия ауданы әкімі аппараты басшысының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдауын ұйымдастырады;

      24) жергілікті атқарушы органдарымен көрсетілетін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге мониторинг жүргізу және сапасын бақылау;

      25) әкімдік бөлімдері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды жүзеге асырады;

      26) жергілікті деңгейде ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;

      27) өңірлік деңгейде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру бойынша іс-шаралар өткізеді;

      28) мекеменің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасайды;

      29) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      30) мемлекеттік наградаларымен марапаттауға кандидатураларды іріктеу және ұсыну, мемлекеттік наградалармен наградталатын адамдардың деректер базасын қалыптастыруды жүзеге асырады;

      31) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы мәжілісі, аудандық мәслихат депутаттарының, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, сайлаушылар тізімін жүргізуді жүзеге асырады;

      32) алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерін жүргізу және өзектілендіруді қамтамасыз ету арқылы қылмыстық сот ісін жүргізуде алқабилердің қатысуымен байланысты қоғамдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;

      33) әкімшілік-аумақтық құрылым саласында мемлекеттік саясатты іске асырады, облыс әкімдігіне ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;

      34) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шеңберінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері

      18. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне басшылықты "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын аппарат басшысы жүзеге асырылады.

      19. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысын Қарақия ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      20. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің аппарат басшының өкілеттігі:

      1) дара басшылық ұстанымымен әрекет етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Ережемен анықталған өз құзыретіне сәйкес мекеме қызметінің мәселелерін өз бетімен шешеді;

      2) аудан әкімінің бекітуіне "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені, аудан әкімі орынбасарларының арасында міндеттерді бөлу, "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттық құрамы бойынша ұсыныстар енгізеді;

      3) аудан әкімдігі мен әкімінің актілерінің орындалуы мен қадағалануына, оның тапсырмаларының орындалуына бақылау жұмысын үйлестіреді;

      4) аудан әкіміне қол қою және қарау үшін әкімдіктің қаулыларының, аудан әкімінің шешімдерінің және өкімдерінің және аудан әкімдігіне жолданған басқа да материалдарды ұсынады;

      5) ішкі еңбек тәртібін белгілейді;

      6) ауданның кадр саясатын жүзеге асыруды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      7) мекеменің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      8) мекеме қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктері мен міндеттерін айқындайды;

      9) мекеменің атынан сенімхатсыз іс-әрекет жасайды, барлық ұйымдарда оның мүдделерін қорғайды;

      10) шарттар жасасады, сенімхаттар береді;

      11) банктік есеп шоттарын ашады және заңнамаға сәйкес өзге де мәмілелерді жасайды;

      12) өзінің құзіретіне кіретін мәселелер бойынша мекеменің барлық қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      13) қызметкерлердің іссапарларының, тағылымдамадан өтудің және біліктілігін арттырудың тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      14) құжат айналымын ұйымдастыруды және қадрлық қызмет жұмысын, орындаушы және еңбек тәртібін сақтауды бақылайды;

      15) мекеме қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген тапсырмаларды орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуларды өткізуді ұйымдастырады;

      16) мекеменің қызметкерлеріне мадақтау шарасын қабылдайды және тәртіптік жазалар қолданады;

      17) қызметшілерді іссапарға жіберу, оларға демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, оларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;

      18) құпиялық құжаттарға дербес жауапты;

      19) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді және ол үшін дербес жауап береді;

      20) заңдылықпен және осы Ережемен жүктелген басқа да міндеттерді жүзеге асырады.

      "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің мүлкі

      21. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

      "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне бекітіп берілген мүлік аудандық коммуналдық меншікке жатады.

      23. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі егер де Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

      24. "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады