"Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Атырау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 18 шілдедегі № 132 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27, 37-баптарына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Атырау облысы әкімдігінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 292 "Кейбір мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастыру туралы" қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:

      2-тармақ алынып тасталсын.

      3. Атырау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 26 мамырдағы № 117 "Атырау облысы әкімдігінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 292 "Кейбір мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастыру туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы" қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. "Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің жетешілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі С. Шәпкенов

  Атырау облысы әкімдігінің
2023 жылғы "18" шілдедегі
№ 132 қаулысына қосымша
  Атырау облысы әкімдігінің
2023 жылғы "18" шілдедегі
№ 132 қаулысымен бекітілген

"Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Атырау облысының Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) коммуналдық мүлікті басқару және орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыру салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Басқарманың орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

      9. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді Басқарманың орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      коммуналдық мүлікті басқару бойынша жұмыстарды іске асыру;

      орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыру;

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде орындалуға міндетті құқықтық актілер қабылдауға;

      тиісті ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, кәсіпорындардан және басқалардан ақпараттар мен құжаттарды сұратуға және алуға;

      коммуналдық мүлікті басқару, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды және осы Ереженің функциялары саласында қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтау;

      Басқармаға жүктелген функциялардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      Басқармаға келіп түскен шағымдар мен өтініштерді қарау;

      коммуналдық мүлікті басқару және орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыру салаларындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттер.

      14. Функциялары:

      1) облыстық коммуналдық мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекіту;

      2) облыстық коммуналдық мүліктің пайдаланылуы мен сақталуына бақылауды қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мүлікті коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екінші деңгейге беру бойынша қажетті шараларды жүзеге асыру;

      5) облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру бойынша қажетті шараларды жүзеге асыру;

      6) облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіруді жүзеге асыру, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тарту, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз ету, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды жүзеге асыру және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылау;

      7) бақылауды жүзеге асыру үшін сатып алу-сату шартын орындауға байланысты, оның ішінде өз қолданысын тоқтатқан құжаттармен танысуға және сарапшыларды, бағалаушыларды, сондай-ақ консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды жұмысқа тартуға құқылы;

      8) жергілікті атқарушы орган атынан коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқығын жүзеге асыру;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқықтарына ие болу және шарт жасасуды жүзеге асыру;

      10) облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік (жалға алу) жалға, сенімгерлік басқаруға береді;

      11) облыстық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны жалға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдауды;

      11-1) тендерлік комиссияны құрады және оның құрамы мен жұмыс регламентін бекітеді;

      12) таратылған мемлекеттік заңды тұлғаның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін қайта бөледі;

      13) мемлекеттік кәсіпорындардың таза табыстың белгіленген бөлігін бюджетке толық және уақытылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;

      14) сенімгерлікпен басқарушының облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      15) облыс әкімдігі атынан акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде облыстың құқығын жүзеге асырады;

      16) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін), облыс әкімдігінің уәкілеттігі бойынша оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

      17) коммуналдық меншіктегі акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің дивидендтерінің (кірісінің) мөлшерін, акциялардың мемлекеттік пакеттерін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) белгілеуді ұйымдастырады;

      18) өз құзыреті шегінде облыстық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      19) мемлекет бақылайтын ақционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылау мен талдауды жүзеге асырады;

      20) облыстық коммуналдық мүлікті басқару тиімділігіне мониторингті жүзеге асырады;

      21) қолданыстағы заңнамаға сәйкес орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асырады;

      22) уәкілетті орган ақындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің тізбесі негізінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;

      22-1) мемлекеттік сатып алу туралы шарттарының орындалуына мониторинг жүргізу;

      22-2) облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және олардың ведомстволық бағынысты құрылымдық бөлімшелеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша консультациялық және ұйымдастыру көмегін көрсету;

      23) коммуналдық мүлікті басқару және орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыру салаларындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - Атырау облысы әкімдігінің 02.04.2024 № 76 (алғашқы жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3. Басқарма басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      16. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмысына басшылық жасайды және оған жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) мемлекеттік органдар, сот пен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      3) өзінің орынбасарлары мен Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      7) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      8) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарып, өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      9) Заңнамаға сәйкес Басқарма мемлекеттік басқару органы болып табылатын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Басқарманың мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      1. "Атырау Innovations" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда - Атырау облысы әкімдігінің 02.04.2024 № 76 (алғашқы жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады