"Құрманғазы аудандық Маслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Атырау облысы Құрманғазы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 17 мамырдағы № 18-VIII шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7, 8-баптарына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына және аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 210-VI "Құрманғазы аудандық мәслихатының регламентін бекіту туралы" шешіміне сәйкес аудандық мәслихат ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Құрманғазы аудандық Маслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.

      2. Аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 12 шілдедегі № 303-VI "Құрманғазы аудандық Маслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" шешімі қолданыстан жойылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихат аппаратының басшысына жүктелсін.

      4. Осы шешім қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы Г. Калиева

  Аудандық мәслихаттың
2023 жылғы 17 мамырдағы
№ 18-VІІІ шешіміне қосымша

"Құрманғазы аудандық Маслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Құрманғазы аудандық Маслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі–мәслихат аппараты) мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық–техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, депутаттарға өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.

      3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мәслихат аппараты ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мәслихат аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Құрманғазы аудандық Маслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі мәслихат төрағасының өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Құрманғазы аудандық Маслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 060400, Қазақстан Республикасы, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы, С.Көшекбаев көшесі 2.

      Мемлекеттік мекеменің жұмыс тәртібі:

      дүйсенбі–жұма күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі–жексенбі күндері.

      10. Осы Ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті және республикалық бюджеттер есебінен жүзеге асырылады.

      12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер мәслихат аппаратына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаты:

      Азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауына жәрдемдесу.

      14. Өкілеттіктері:

      1. Құқықтары:

      1) аудандық мәслихат қызметінің мәселелері бойынша белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан ақпарат сұрату, оның ішінде ақпарат, анықтамалар, есептер, шешімдер жобаларын, нормативтік құқықтық актілері жобаларының жариялануы туралы мәліметтер, ғылыми сараптамалар мен сараптамалық кеңестердің қорытындыларын, аудандық мәслихаттың қарауына енгізілген шешімдер жобалары бойынша қажетті келісулерді, сессиялардың күн тәртібі мен тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарында қаралатын мәселелер;

      2) аудандық мәслихаттың және оның тұрақты (уақытша) комиссияларының қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға қатысу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тарту;

      3) депутаттардың сауалдары мен депутаттық ұсыныстарды уақтылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдарға депутаттық сауалдар, ұсыныстар, пікірлер, хабарламалар, шағымдар жіберу;

      4) қабылданған шешімдердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру.

      2. Міндеттері:

      1) аудандық мәслихаттың ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақапараттық–талдау қызметін қамтамасыз ету;

      2) аудандық мәслихатпен қабылданған шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес болуын қамтамасыз ету;

      3) аудандық мәслихат депутаттарының қызметін материалдық–техникалық қамтамасыз ету;

      4) аудан тұрғындарын мәслихаттың қызметі туралы ақпараттандыруды қамтамасыз ету;

      5) мәслихаттың бақылау функцияларының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      6) мәслихаттың ақпараттық жүйелерін жетілдіру;

      7) мәслихат аппараты қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлаудан өтуін қамтамасыз ету;

      8) мәслихаттың ашық отырыстарын онлайн режимінде аудандық мәслихаттың интернет–ресурсында трансляциялауды қамтамасыз ету;

      9) өз құзыреті шегінде аудандық мәслихат регламентінің сақталуын қамтамасыз ету;

      10) аудандық мәслихаттың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік органдарға консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету;

      11) қызметтің қоғамдық маңызы бар салаларында белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды ұстану;

      12) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      15. Функциялары:

      1) аудандық мәслихат бекіткен жұмыс жоспарының негізінде, сондай-ақ мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттар топтары мен депутаттар, аудан әкімі енгізетін мәселелер бойынша аудандық мәслихат сессиясын дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді;

      2) аудандық мәслихаттың сессияларында жергілікті бюджет кірістерін қысқартуды немесе жергілікті бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтін және аудан мәслихатының құзыреті шегінде қабылданған азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты шешімдерді қабылдауды қамтамасыз ету;

      3) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты шешімдерін "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескеріп жүзеге асыру;

      4) аудандық мәслихат қабылдаған және (немесе) әзірлеушілері болып табылатын не Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен олардың құзыретіне жататын ескірген, сыбайлас жемқорлық сипаты бар және тиімсіз іске асырылатын құқық нормаларының нормативтік құқықтық актілеріне қатысты тұрақты құқықтық мониторингті қамтамасыз ету;

      5) мәслихат қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындау, іссапар шығыстарын өтеу, депутаттардың депутаттық қызметін жүзеге асыру үшін қажетті кеңсе керек-жарақтарымен және өзге де тауарлармен қамтамасыз ету;

      6) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудандық мәслихат сессияларын өткізуді ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді, аудандық мәслихаттың сессиялары мен басқа да отырыстарын онлайн-трансляциялауды қамтамасыз ету;

      7) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудандық мәслихаттың ресми сайтының үздіксіз жұмыс істеуін және уақтылы өзектілендірілуін қамтамасыз ету;

      8) аудандық мәслихат қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру;

      9) әзірлеуші аудандық мәслихат болып табылатын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастыру;

      10) аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді және оны аудандық мәслихат сессиясының қарауына енгізеді;

      11) тұрақты комиссиялардың отырыстарын, көпшілік тыңдауларын, "дөңгелек үстелдерді", жұмыс сапарларын және тағы басқа да дайындауды жүзеге асыру, тұрақты комиссиялардың мүшелеріне қаралатын мәселелердің мәні бойынша материалдарды талдау, қорыту және уақтылы ұсыну, комиссиялардың қаулыларының жобаларын әзірлеу және комиссия төрағаларымен келісу;

      12) аудандық мәслихат сайты, баспа және электрондық БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы тұрақты комиссиялар депутаттары жұмысының ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету;

      13) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сайлаушылардың кездесулер мен қабылдауларда айтқан өтініштерінің, ұсыныстардың, проблемалық мәселелердің қорытындылары бойынша депутаттық сауалдар дайындауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қажет болған жағдайда депутат ұсыныстарының жобасын әзірлейді және оны аудан бюджетінің жобаларына енгізеді;

      14) сот органдарында мәслихат мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

      15) аудандық мәслихат қызметінің мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.

3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мәслихат аппаратын басқаруды мәслихат төрағасы (бұдан әрі–төраға) жүзеге асырады, ол мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және өзінің өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты.

      17. Мәслихат төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға сайланады және лауазымнан босатылады.

      18. Мәслихат төрағасының өкілеттіктері:

      1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады, хаттаманың жасалуын қамтамасыз етедi, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;

      2) аудандық мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;

      3) мәслихат сессиясының отырысын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;

      4) аудандық мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегі жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;

      5) аудандық мәслихат депутаттарының сауалдары және депутаттық өтiнiштерiнің қаралуын бақылайды;

      6) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      7) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;

      8) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;

      9) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;

      10) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;

      11) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестiреді;

      12) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;

      13) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;

      14) егер мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде мәслихат депутаттарының дауысы тең бөлiнген жағдайда, мәслихат төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады;

      15) аудандық мәслихат төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттігін аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.

      16) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңында, Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихат регламенті мен шешімінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.

      19. Аудандық мәслихат төрағасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктерін айқындайды.

      20. Мәслихат аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымға тағайындалатын немесе лауазымнан босатылатын аппарат басшысы басқарады.

      21. Мәслихат аппараты әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес айқындалады.

      22. Мәслихат аппараты мен коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.

      24. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік аудандық коммуналдық меншікке жатады.

      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мәслихат аппаратының өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады