"Түркістан облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2023 жылғы 21 ақпандағы № 32 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Түркістан облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Түркістан облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның орыс және қазақ тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасынының Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Д. Сатыбалды
      А.Ш.Жетпісбай
      Е.А.Әлімқұлов
      Е.Кенжеханұлы
      Б.Д.Тәжібаев
      Қ.Ә.Қайыпбек
      А.Б.Тасыбаев

  Түркістан облысы әкімдігінің
2023 жылғы 21 ақпандағы
№ 32 қаулысына қосымша

"Түркістан облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Түркістан облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) ветеринария саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы және штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32 көшесі, ғимарат 20, индексі 161200.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың құрылтайшысы Түркістан облысы әкімдігі болып табылады.

      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      13. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, Басқарма "Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ветеринария саласындағы барлық құқықтары мен міндеттемелері бойынша құқықтық мирасқоры болып табылады.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары:

      1) Түркістан облысында ветеринария саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады;

      2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасымен көзделген өзге де мақсаттарды жүзеге асыру.

      15. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Басқарманың құзыретiне кiретiн облыс әкiмдiгiнiң және (немесе) әкiмiнiң шешiмдерiнiң, өкiмдерiнiң, қаулыларының жобасын дайындауға қатысу;

      заңнамамен белгіленген тәртiпте мемлекеттiк органдардан, басқа да ұйымдардан өз қызметiн жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтер сұратуға, сондай-ақ, басқа мемлекеттiк органдарға мәлiметтер ұсынуға;

      қарамағындағы ұйымдардың қаржылық-шаруашылық қызметіне ревизия жасауды Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыру;

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдарды құру, қайта құру және тарату бойынша облыс әкiмдiгiне ұсыныстар енгiзу;

      жиналыстарды өткiзу тәртiбiн ұйымдастыру, облыс әкiмдiгiнiң отырыстарына қатысу;

      Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiне, осы Ережеге сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      жануарларды аурулардан қорғау және емдеу;

      халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;

      ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау;

      жануарлар аурулары диагностикасының, оларға қарсы күрестің және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құралдары мен әдістерін әзірлеу және пайдалану;

      Басқарманың саласына жататын салаларда қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды және жеке тұлғалармен заңнамада белгіленген тәртіппен өзара іс-қимыл жасау;

      Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiне, осы Ережеге сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      16. Функциялары:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асырады;

      2) ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау;

      4) облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнінде ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;

      5) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау;

      6) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;

      7) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) салуды, реконструкциялауды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету;

      8) облыстық маслихатқа бекіту үшін жануарларды асырау қағидаларын, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын, жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын, жануарларды асыраудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу;

      9) мүдделі тұлғаларға жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

      10) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөпті және жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;

      11) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;

      12) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;

      13) ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру;

      14) жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру;

      15) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы шешім шығару;

      16) уәкілетті органмен келісім бойынша облыстың аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;

      17) облыстың аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар ұйымдастыруды және жүргізуді үйлестіру;

      18) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасына арналған ветеринариялық препараттарды сақтауды, тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;

      19) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) және атрибуттарды тасымалдау (жеткізу), ветеринариялық паспортты дайындау жөнінде көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;

      20) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру;

      21) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордың жүргізілуін ұйымдастыру;

      22) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;

      23) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін береді;

      24) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;

      25) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, ветеринариялық препараттарды сақтауды және тасымалдауды (жеткізуді), жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;

      26) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық және басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

      27) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

      28) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөнiндегі іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;

      29) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;

      30) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін бекіту жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      31) мал қорымдарының (биотермиялық шұңқырлардың) тізіліміне енгізу үшін мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) туралы деректерді (мәліметтерді) жинауды ұйымдастыру және жинақтау;

      32) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      5) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      6) келісімшарттар жасасады;

      7) сенімхаттар береді;

      8) банктік шоттар ашады;

      9) өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      11) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

      12) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;

      13) қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

      15) Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      21. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйым: Түркістан облысының ветеринария басқармасының "Ветеринариялық қызмет" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады