"Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Қатені түзеу

Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2023 жылғы 14 наурыздағы № 41 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Д. Сатыбалды
      А.Ш.Жетпісбай
      Е.А.Әлімқұлов
      Е.Кенжеханұлы
      Б.Д.Тәжібаев
      Қ.Ә.Қайыпбек
      А.Б.Тасыбаев

  Түркістан облысы әкімдігінің
2023 жылғы 14 наурыздағы
№ 41 қаулысына қосымша

"Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ (бұдан әрі – Ереже)

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 21.01.2025 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында басшылықты жүзеге асырады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32 көшесі, 20 ғимарат, пошталық индексі 161200.

      9. Басқарманың құрылтайшысы Түркістан облысы әкімдігі болып табылады.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) өз құзыреті шегінде әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон, әлеуметтік әріптестік саласындағы салааралық үйлестіру мен әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      3) өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға және ведомстволық бағыныстағы мекемелерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру;

      4) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      5) өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      Басқарма құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және отырыстар өткізуге.

      2) міндеттері:

      халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды ұйымдастыру;

      ішкі еңбек нарығын қорғау, кедейлікті төмендету, халықтың өмірлік дейгейін, табысын көтеру;

      өз құзіреті шегінде халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      әлеуметтік қорғау саласындағы нысаналы индикаторларды жоспарлау мен болжамдауды қамтамасыз ету;

      аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдардың және азаматтардың басқа да санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды үйлестіру;

      қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету;

      Басқарманың құзырындағы мәселелер бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, басқармаға бағынысты "Еңбек мобильділігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесін және оған қарасты аудан, қалалық филиалдарының қызметін үйлестіру және басқармаға бағынысты мекемелерге ұйымдық-әдістемелік және іс-тәжірбиелік көмек көрсету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қызметін үйлестіру, ұйымдық-әдістемелік және іс-тәжірибелік көмек көрсету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

      15. Функциялары:

      1) облыстағы жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау және уәкілетті мемлекеттік органға хабарлау;

      2) өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекіту туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу және іске асыру;

      3) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізу;

      4) жұмыс орындарының босау және қысқару тәуекелдері бар ұйымдарды мониторингтеу;

      5) кәсіпкерлік бастаманы дамыту арқылы жұмыс орындарын құруды қолдау;

      6) жұмыссыздарға, жұмыс іздеуші адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу;

      7) мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызына дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      8) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы ережелерді бекіту туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      9) ұлттық жобалар, облыстың даму жоспарлары, өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеуді жүзеге асыру;

      10) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

      11) өздерінің қарауындағы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерді құру туралы және олардың қызметі бойынша облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      12) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілердің, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсыну;

      13) халықтың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілігіне талдау жүргізу;

      14) халықтың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілігіне статистикалық талдау, болжау жүргізуді қамтамасыз ету;

      15) Басқармаға бағынысты мекемелерді кадрмен қамтамасыз ету, әлеуметтік жұмыскерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ұйымдастыру және қызметтерін үйлестіру;

      16) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылдау;

      17) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемінің тізбесін және оларды ұсыну тәртібін әзірлеу және облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне жолдау;

      18) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі көрсетілетін қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру;

      19) мүгедектігі бар адамдарды оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды құру туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      20) мүгедектігі бар адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қорғау шараларын ұсыну;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастыру;

      22) мүгедектігі бар адамдарды оңалту жөніндегі мамандарды, оның ішінде ымдау тілі мамандарын, Брайльдің бедерлі-нүктелік қарпімен оқу және жазу жөніндегі мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;

      23) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне сәйкес медициналық әлеуметтік, кәсіптік оңалтудың орындалуын ұйымдастыру;

      24) мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды жеке бағдарламаға сәйкес санаторийлік-курорттық емдеуді қамтамасыз ету;

      25) мүгедектігі бар адамдарды жеке бағдарламаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;

      26) мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілер мәлімдеген олардың сипаттамаларының мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкестігіне мониторинг жүргізу;

      27) мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мәдени, ағарту және өзге де іс-шараларын ұйымдастыру;

      28) мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсетуді үйлестіру;

      29) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің қызметін қамтамасыз ету;

      30) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен үйлестіру;

      31) тоқсан сайын халыққа бұқаралық ақпарат құралдарында атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау үшін өлшемшарт ретінде белгіленетін кедейшілік шегі туралы хабарлау;

      32) облыста белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      33) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес көші-қон процестерін реттеу қағидаларын әзірлеу және облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне жолдау;

      34) халықтың әлеуметтiк жағынан дәрменсiз топтарына әлеуметтiк көмек көрсетудi үйлестiру;

      35) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар құру туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      36) өз құзыреті шегінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, сондай-ақ бюджет есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шараларының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      37) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдар үшін жұмыс орындарының квоталарын белгілеу туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсетуді үйлестіру;

      39) Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы заңнамасына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету;

      40) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік-экономикалық қолдау бойынша үкіметтік емес ұйымдармен, жеке және заңды тұлғалармен ынтымақтастықты қамтамасыз ету;

      41) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша шараларды ұйымдастыру;

      42) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік-экономикалық қолдау және өзге де көмек жөніндегі аумақтық бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және бекіту;

      43) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру тиімділігінің индикаторларын әзірлейді және бекіту;

      44) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарға (отбасыларға) жан-жақты қолдау көрсетудің негізгі бағыттарын әзірлеу мен іске асыруға қатысу;

      45) аудандарда және қалалардағы аудандарда халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан отбасын қолдау орталықтарын құру бойынша облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу және (немесе) олардың қызметін ұйымдастыру;

      46) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі субъектілер (білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары) қатысқан кезде оларды ерте анықтау мен қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильді топтарды құрады және (немесе) ұйымдастыруды үйлестіру;

      47) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) анықтайды және есепке алуды жүргізеді, олардың статистикалық деректерін жинауды жүзеге асырады, себептерін талдауды, жүйелі мониторингтеуді жүргізу;

      48) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;

      49) ұлттық қауіпсіздік органдарын хабардар ете отырып, еңбекші көшіп-қонушыларды есепке алуды және тiркеудi жүзеге асыру;

      50) этникалық қазақтардан қандас мәртебесін беруге немесе ұзартуға өтінішті қажетті құжаттарымен қоса қабылдау;

      51) этникалық қазақтардан қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдау;

      52) қандас мәртебесін беру немесе ұзарту туралы шешім қабылдау;

      53) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдау;

      54) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдау;

      55) қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияны құру және оның қызметін ұйымдастыру;

      56) қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету;

      57) "Ата жолы" картасын беру туралы шешім қабылдау;

      58) жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екені туралы шешім қабылдау;

      59) жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, қандас мәртебесін және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екені жөніндегі мәселелерді қарау үшін комиссия құру;

      60) қандас куәлігін беру;

      61) қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарын, уақытша орналастыру орталықтарын құру туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу және олардың қызметін ұйымдастыру;

      62) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкілетті орган бөлген квота шегiнде, облыста және (немесе) басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бірліктер шегінде не квотадан тыс корпоративішілік ауыстыру шеңберінде еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушiлерге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаттарды беру немесе ұзарту, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттарды тоқтата тұру және кері қайтарып алу;

      63) шетелдік жұмыскерлерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтама беру;

      64) ұлттық қауіпсіздік органдарын хабардар ете отырып, бизнес-көшiп келушiлердің уақытша тұруға арналған рұқсаттарының қолданылу мерзiмiн ұзартуға немесе қысқартуға өтінішхат беру;

      65) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарау және куәландыру;

      66) Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсына қатысатын тұлғалардың құжаттарын облыстық деңгейде қаралуын және республикалық комиссияға ұсынылуын қамтамасыз ету;

      67) әлеуметтік әріптестік, еңбек қатынастарын реттеу, үш жақты комиссияның жұмысын үйлестіру, оның Келісімдерін түзу, тіркеу жұмыстарын ұйымдастыру;

      68) "Еңбек күніне" арналған іс-шараның өткізілуін ұйымдастыру;

      69) қайырымдылық жасаушылар, қайырымдылық ұйымдары қайырымдылық көмек көрсету туралы ұсыныстармен жүгінген кезде облыс шегінде олардың қызметін үйлестіру;

      70) аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      71) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      72) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ жеңiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестiрiлген ардагерлерге өз құзыреті шегінде ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын үйлестіру;

      73) зейнет жасындағы азаматтарға, көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету, мүгедектігі бар адамдарға кәсіптік даярлау жұмыстарын үйлестіру;

      74) жалғызбасты қарт азаматтарды, мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды, жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын және басқа да әлеуметтік осал санаттарды әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;

      75) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу;

      76) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік статистикалық есептілікті және мониторингті жүзеге асыру;

      77) уәкiлеттi және тиiстi органдарға әлеуметтiк қорғау, әлеуметтiк қолдау, халықты жұмыспен қамту және басқарманың құзыретiне жататын басқа да мәселелер бойынша есептер және ақпараттар ұсыну;

      78) мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау;

      79) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, деректерді басқару жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;

      80) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

3-тарау. Басқарма басшысының мәртебесі және өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшылары мен орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      5) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      6) келісімшарттар жасасады;

      7) сенімхаттар береді;

      8) банктік шоттар ашады;

      9) өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      11) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

      12) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;

      13) қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

      15) Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      16) еңбек мобильділігі орталығының басшысын, оның орынбасарларын лауазымға тағайындау, босату және еңбек мобильділігі орталығының облыс аудан, қалаларындағы филиалдарының директорларын лауазымға тағайындалу мен босатылуына келісім беру;

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарма қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№1 Түркістан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№3 Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      4) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      5) Түрікстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      6) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Қамқорлық" менталды бұзушылықтарымен мүгедектігі мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      7) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      8) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Сайрам мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      9) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Арнаулы кәсіптік колледжі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      10) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Ардагерлер үйі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      11) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Мейір" ардагерлер үйі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      12) Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Еңбек мобильділігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады