"Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын штурмандық қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 31 шілдедегі № 590 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 5 сәуірдегі № 331 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын штурмандық қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 31 шілдедегі № 590 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19184 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 14) тармақшасы негізінде БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын штурмандық қамтамасыз ету қағидаларында:

      4-тармақтың 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) пилотсыз әуе кемесінің ұшқыш (пилот)-операторы (бұдан әрі – ПӘК) – әуеайлақта тұрған ПӘК-ні басқару жөніндегі функцияларды орындауға жіберілген ПӘК экипажының мүшесі;";

      7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Ұшуды штурмандық қамтамасыз ету іс-шараларының ауқымы мен мазмұны орындалатын міндеттер сипатымен, ұшу ауданындағы навигациялық жағдаймен, әуе кемесінің тактикалық-техникалық деректерімен, ұшқыш, штурман, ПӘК-нің ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобының және басқару пункті есептобының штурмандық даярлығы деңгейімен, сондай-ақ бөлінген уақытпен айқындалады.

      8. Мемлекеттік авиация штурмандық қызметінің негізгі міндеттері:

      1) әуе навигациясының жоғары дәлдігін, сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиімді жауынгерлік қолдану;

      2) авиациялық бөлімді (бөлімшені) штурмандық даярлау деңгейіне қол жеткізу мен ұстау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен іске асыру;

      3) ұшуды штурмандық қамтамасыз ету іс-шараларын әзірлеу мен іске асыру;

      4) әуе навигациясы мен әуе кемесін жауынгерлік қолдану теориясы мен практикасын, сондай-ақ қамтамасыз ету құралдарын дамыту мен жетілдіру;

      5) әуе навигациясы мен жауынгерлік қолдану дәлдігін, сенімділігі мен тиімділігін сипаттайтын ақпаратты жинау мен статистикалық материалдарды өңдеуді ұйымдастыру;

      6) оқыту және әуе навигациясы мен жауынгерлік қолдануды бағалау нормативін орындау әдістемесін ұдайы жетілдіру;

      7) көздеу-навигациялық кешеннің (көздеу-навигациялық жабдықтың) дәлдік сипаттамасын арттыру жолын зерттеуді, іздеуді ұйымдастыру мен қолдану әдістемесін жетілдіру;

      8) мемлекеттік авиацияның авиациялық бөлімін (бөлімшесін) аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыру;

      9) ұшу тапсырмасын әзірлеуге қатысу және әуе кемесі (ПӘК) экипажының оларды сапалы орындауын бақылау;

      10) Қазақстан Республикасының аумағы мен мемлекеттік авиацияның орналасу (ұшу) ауданын навигациялық жабдықтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен іске асыруға қатысу;

      11) ұшу қауіпсіздігін штурмандық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды әзірлеу мен іске асыру;

      12) мемлекеттік авиацияның авиациялық бөлімін (бөлімшесін) жауынгерлік даярлауды штурмандық қамтамасыз ету міндеттерін шешуді автоматтандыру болып табылады.";

      10, 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Ұшу ауданын навигациялық жабдықтау:

      1) стационарлық және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жылжымалы құралдарын және ПӘК жерүсті басқару станциясын орналастыруды;

      2) ұшудың радиотехникалық қамтамасыз ету құралдары бекінісін және ПӘК жерүсті басқару станциясын геодезиялық байланыстыруды;

      3) радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарының жұмыс аумағын және ПӘК әртүрлі ұшу биіктігінде ұшуы мүмкін аумағын айқындауды;

      4) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жұмыс деректерін әзірлеуді;

      5) әртүрлі радионавигациялық жүйе радиотолқынының таралуын түзету есебін;

      6) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс аумағын айналып ұшуды қамтиды.

      11. Стационарлық және жылжымалы ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдары мен ПӘК жерүсті басқару станциясын орналастыру әуе кемесінің орнын барынша дәл айқындауды және әуе навигациясы мен әуе кемесін жауынгерлік қолдану міндеттерін сенімді шешу мақсатында тұтас радионавигациялық алаң құрылатындай жүргізіледі.

      Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жылжымалы құралдарының бекінісі стационарлық құралдардың жұмыс аумағын айқындағаннан кейін таңдалады.

      Орналастыру кезінде бір жүйенің жұмыс аумағын басқа үлгідегі жүйенің жұмыс аумағының қайталау мүмкіндігі мен қажеттілігі ескеріледі.

      Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарын өрістету үшін бекініс таңдауды байланыс және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету мамандары мен штурмандық қызмет офицерлері жүзеге асырады.

      12. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарының бекінісін геодезиялық байланыстыруды топогеодезиялық қызмет жүзеге асырады.

      ПӘК жерүсті басқару станциясының бекінісін геодезиялық байланыстыруды ПӘК экипажының (есептобының) күштері инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету мамандарымен бірге жүзеге асырады. ПӘК жерүсті басқару станциясының жұмыс аумағын айқындауды ПӘК-ның ұшқыш-операторы орындайды.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарының жұмыс деректерін, жұмыс аумағының шегін және дәлдік сипаттамасын ұшқыш және штурман, ұшуға басшылық жасау тобының және басқару пункті есептобының зерделеуі айналып ұшуды орындағаннан кейін жүзеге асырылады.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Мемлекеттік авиацияны басқару органының бас штурманы ұшуды штурмандық қамтамасыз ету жөніндегі өкімдер мен нұсқауларды пысықтайды. Ұшуды штурмандық қамтамасыз ету жөніндегі нұсқауларда:

      1) оқу жылына арналған жауынгерлік даярлық міндеттерінің мазмұны мен штурмандық тұрғыдан орындау ерекшелігі;

      2) ұшқыш, штурман және ПӘК ұшқыш-операторының ұшуға даярлау және олардың штурмандық тұрғыдан даярлығын бақылау ерекшелігі;

      3) басқару пункті есептобының штурмандық даярлығы ерекшелігі (әуе кемесін бағыттау және ұшуды орындауды бақылау кезіндегі жұмыс ерекшелігі);

      4) авиациялық полигонда (десанттау алаңында) ұшу жетекшісін даярлау ерекшелігі;

      5) ұшқыш, штурман, ПӘК ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобының және басқару пункті есептобының штурмандық даярлығын жоғары деңгейде ұстау жөніндегі іс-шаралар;

      6) ұшу қауіпсіздігін штурмандық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

      7) ұшу ауданын навигациялық жабдықтау жөніндегі іс-шаралар;

      8) аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар;

      9) әуе навигациясы және әуе кемесін жауынгерлік қолдану нәтижесін айқындау үшін ұшуды объективті бақылау құралдарын пайдалану;

      10) авиациялық бөлімнің (бөлімшенің) аға штурманы ұшқыш, штурман және ПӘК ұшқыш-операторымен өткізетін сабақ тақырыптары көрсетіледі.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Ұшу картасы мемлекеттік авиация әуе кемесі (ПӘК) экипажының міндетті ұшу құжаттамасы жиынтығына кіреді.

      Экипажда ұшу картасы командирде, командирдің көмекшісінде (екінші пилотта, ұшқыш-штурманда), штурманда (штурман-операторда), ұшқыш-нұсқаушыда (штурман-нұсқаушыда), ПӘК ұшқыш-операторда болуы қажет. Дайындалған ұшу картасынсыз ұшуға жол берілмейді.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Берілген нысанаға шығуда жоғары дәлдік пен сенімділікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір экипаж және ПӘК ұшқыш-операторы ірі масштабты нысана картасын (барлау ауданы, десант түсіру алаңы, қаруды қолдануға рұқсат ету аймағы) дайындайды.";

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Ұшуға алдын ала даярлық кезеңінде әуе кемесінің (ПӘК) экипажы штурмандық және ұшудың инженерлік-штурмандық есебін орындайды, сондай-ақ штурмандық ұшу жоспарын әзірлейді.";

      36, 37 және 38-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Штурмандық ұшу жоспарын авиациялық бөлімнің аға штурманы буын және одан жоғары құрамдағы әуе кемесі тобының және ұшу тапсырмасын орындау кезінде әрбір экипаждың ұшып өтуі, қайта орналасуы, жауынгерлік қолдану мен көрнекі ұшуы кезінде әзірлейді.

      Штурмандық ұшу жоспары картада жасалады және командир немесе аға штурман ұшуға міндет қою кезінде ұшқышқа, штурман мен ПӘК ұшқыш-операторына жеткізеді.

      Экипаж штурмандық ұшу жоспарын маршруттың схемасы түрінде жеке парақта немесе ұшу картасында әзірлейді.

      37. Штурмандық ұшу жоспарында авиация тегіне, навигациялық жағдайға және ұшу міндетіне байланысты:

      1) негізгі және қосалқы әуеайлақта авиациялық бөлімнің (бөлімшенің) ұшып көтерілу уақыты мен тәртібі, жауынгерлік (ұшу) реті, оның құрылымы, оны ұстану, таралу және қонуға беттеу тәсілдері;

      2) маршруттың бастапқы пунктіне және маршруттың соңғы пунктінен қону әуеайлағына (жауынгерлік реттің таралуды бастау нүктесіне) шығу тәртібі;

      3) авиациялық бөлім экипажының (тобының) ұшу маршруты мен режимі;

      4) бағыт кезеңі бойынша қауіпсіз ұшу биіктігі;

      5) ұшу есебі, теңесу шебі, кездесу шебі (жойғышпен, отын құюшымен), отынды толтырып құюдың басталуы мен аяқталуы, ілесіп ұшудың аяқталуы;

      6) кездесу алгоритмі (жойғышпен, отын құюшымен);

      7) нысанаға (қаруды қолдануға рұқсат ету аймағына, десант түсіру алаңына) шығу алгоритмі, берілген уақытта шығу үшін маневр жасау, нысанадан (десант түсіру алаңынан) кету;

      8) нысана бөлу, әуе кемесінің жойғыш заряды, авиациялық зақымдау құралдарын (десант түсіруді) жауынгерлік қолдану әдістері мен жағдайы;

      9) көздеу-навигациялық кешенін (көздеу-навигациялық жабдығын) және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарын маршруттың әрбір учаскесінде, нысанаға шыққан кезде (десант түсіру алаңында) және қону әуеайлағында пайдалану тәртібі;

      10) жойғышты ұрысқа кірістіру шебі;

      11) әуедегі кезекшілік аймағы және өздігінен іздеу ауданы, олардың белгіленуі, нысананы іздеу және табу кезінде әуе кемесінің эшелондауы мен маневрі, іздеу аймағына және ауданына шығу тәртібі;

      12) нысанаға бағыттауды ұйымдастыру;

      13) басқару пункті мен экипаждың нысананы көрсету және қайта көздеу кезіндегі іс-қимыл алгоритмі;

      14) ұшу қауіпсіздігін штурмандық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары;

      15) жоғалған бағдарды қалпына келтіру шаралары;

      16) навигацияны және жауынгерлік қолдануды объективті бақылау құралдарын пайдалану;

      17) ұшудың инженерлік-штурмандық есебі;

      18) отын шығысын бақылауды жүзеге асыру мәселелері көрсетіледі.

      Тапсырмаға, оны орындау жағдайына, әуе кемесінің үлгісіне және ұшқыш, штурман және ПӘК ұшқыш-операторының штурмандық даярлық деңгейіне байланысты жоспарға қойылған міндеттерді табысты орындауға бағытталған басқа да іс-шаралар (іс-қимыл) енгізіледі.

      38. Авиациялық бөлімінің аға штурманы мемлекеттік авиацияны басқару органы бас штурманының нұсқауларын ескеріп, бөлімнің алдында тұрған жауынгерлік даярлық міндеттерінің негізінде, сондай-ақ навигациялық жағдайды зерделеу және бағалау нәтижесі бойынша бөлім командиріне штурмандық қамтамасыз ету және ұшқыш, штурман және ПӘК ұшқыш-операторының штурмандық даярлығы бойынша ұсыныстар дайындайды және ұсынады.";

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Ұшу ауданындағы жер жағдайының сипатын зерделеу кезінде:

      1) учаске бойынша жергілікті жердің жалпы сипаттамасы (жазық, ойлы-қырлы, таулы, орманды, дала, батпақты, шөл) және оның теңіз деңгейінен жоғарылауы, жасанды кедергі координатасы мен биіктігі;

      2) төменгі және шекті төмен биіктікте ұшуды ұйымдастыруға және орындауға, сондай-ақ ПӘК басқару сигналы таралуының жұмыс аумағына және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарының жұмысына жергілікті жер бедері мен жасанды кедергінің әсері;

      3) қар және мұз қабаттың, маусымдық және тасқын судың болуы және теңіздің жағалау сызығы конфигурациясының, өзен мен су тоғаны кескінінің өзгеруіне, полигонға (тактикалық нысанаға) және десант түсіру (қону) алаңында шығу кезінде көзбен (телевизиялық) және радиолокациялық бағдарлауға тигізетін әсері;

      4) көзбен (телевизиялық) және радиолокациялық бағдарлау, көздеу-навигациялық кешенін түзету үшін бағдарды қолдану, сондай-ақ көрінбейтін нысананы бомбалағанда (зымыранды ұшырғанда) және десант түсіру кезінде көздеу нүктесі ретіндегі мүмкіндігі;

      5) магниттік ауытқу мен магниттік ауытқу ауданы, курстық жүйеге, әсіресе өте төмен және шекті төмен биіктікте ұшқан кездегі әсері болып табылады.";

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50. Авиациялық бөлімнің (бөлімшенің) штурмандық даярлық жай-күйін бақылау:

      1) авиациялық бөлімнің (бөлімшенің) штурмандық қызмет және басқару пунктінің лауазымды адамдарын тыңдаумен;

      2) пысықталған құжаттарды, анықтамалық деректерді, есепті, ұшу бағдарламаларын, ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарының жұмысына өтінімді тексерумен;

      3) ұшуға қойылған міндеттерді тыңдаумен;

      4) ұшқыш, штурман, ПӘК ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобы мен басқару пункті есептобының ұшуға штурмандық тұрғыдан даярлығын тексерумен;

      5) әуеайлақтың навигациялық тұрғыдан әзірлігін және авиациялық бөлімнің (бөлімшенің) аэронавигациялық ақпарат құжаттарымен қамтамасыз етілуін тексерумен;

      6) бөлімнің, бөлімшенің, әуе кемесі (ПӘК) экипажы ұшуға штурмандық тұрғыдан әзірлігіне бақылаумен;

      7) ұшуды басқаруға бақылаумен;

      8) жерүсті және борттық объективті бақылау құралдарының деректерін тексерумен;

      9) әуе кемесі экипажының ұшу тапсырмаларын толық және сапалы орындауын тексерумен жүзеге асырылады.";

      55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "55. Экипаждың (ПӘК ұшқыш-операторының) ұшуға штурмандық тұрғыдан әзірлігі:

      1) ұшу тапсырмасын және оны орындау жүйелілігін білумен;

      2) әуе кемесі экипажына ұшу тапсырмасын орындау үшін қажетті дайын ұшу және басқа да картасың, ұшудың инженерлік-штурмандық есебінің, аэронавигациялық ақпарат кұжаттарының және белгіленген штурмандық керек-жарақтың бар болуымен;

      3) көздеу-навигациялық кешеніне енгізілген ұшу бағдарламасын білумен;

      4) майдандық авиация әуе кемесі экипажының тізе үстіне қойылатын планшетінде әуе навигациясы және жауынгерлік қолдану тапсырмаларын шешу, негізгі және қосалқы әуеайлаққа қонуға беттеу үшін қажетті деректері жазбасың болуымен;

      5) маршрут бойынша ұшуда және нысана ауданында (қаруды қолдануға рұқсат ету аймағында) навигациялық жағдайды білумен;

      6) ұшуға тыйым салынған аймақты айналып өту ерекшелігін және Мемлекеттік шекараға (шекаралық жолаққа) жақын ұшуды білумен;

      7) жергілікті жер ерекшелігін, негізгі бағдар мен маршрут жолағындағы ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарын, нысананы (десант түсіру алаңын) іздеу ерекшелігі мен оған шығуды, маршрут учаскеі бойынша ұшудың қауіпсіз биіктігін, авиациялық зақымдау құралдарын қолданудың қауіпсіз жағдайын білумен;

      8) ұшу қауіпсіздігін штурмандық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі шараларды білумен айқындалады.";

      57, 58 және 59-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "57. Бағдарды жоғалтудың негізгі себептері:

      1) экипаждың қанағаттанарлықсыз штурмандық даярлығы, сондай-ақ көздеу-навигациялық кешеннің (көздеу-навигациялық жабдықтың) ұшуға сапасыз даярлануы;

      2) ұшуды қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру мен басқару;

      3) лауазымды адамдардың әуе кемесі экипажының (ұшқыштың) ұшуға даярлығын бақылаумауы;

      4) экипаждың жеткіліксіз даярлығы және штурмандық ұшу жоспарын орындау жүйелілігін сақтамауы;

      5) ұшқыш, штурман және ПӘК ұшқыш-операторының әуе навигациясының борттық және жерүсті құралдарын кешенді пайдалануда іс жүзіндегі нашар дағдысы;

      6) көзбен шолуды және радиолокациялық бағдарлауды нашар жүргізу дағдысы;

      7) экипаждың күрделі жағдайда ұшуға даярланбауы;

      8) әуе кемесі навигациялық жабдығының ақаулығы немесе толық істен шығуы;

      9) қатарласып ұшу кезінде ілесіп ұшатын экипаж жалпы бағдарлауды жүргізбеген кезде жетекші әуе кемесін (тобын) жоғалтуы болып табылады.

      58. Бағдарды жоғалту жағдайын болдырмау жөніндегі негізгі іс-шаралар:

      1) ұшқыш, штурман және ПӘК ұшқыш-операторының ұшу ауданын, радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарын, бағдарды жоғалтқан кездегі экипаждың іс-қимылын білуі бойынша ұдайы зерделеуі және жылына кемінде екі рет сынақ тапсыруы;

      2) ұшқыш, штурман, ПӘК ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобының және командалық пункт есептобының бағдарды қалпына келтірудің әртүрлі әдісін, навигациялық жабдық пен курстық аспап істен шыққан кезде әрекет етуін зерделеумен, ұшуда әуе навигациясы құралдарын кешенді қолдану бойынша сабақты үнемі өткізу;

      3) навигациялық жабдықтың жай-күйін тексеру және әуе кемесінде жыл сайынғы девиациялық және радиодевиациялық жұмысты жүргізу;

      4) экипаждың маршрут бойынша ұшуды орындауының жүйелілігі және сапасын бақылау;

      5) ұшқыш, штурман, ПӘК ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобымен және командалық пункт есептобының бағдарды жоғалтуы және экипаждың маршруттан ауытқуы жағдайын зерделеу;

      6) әуе кемесінің (ПӘК) экипажын ұшуға мұқият штурмандық даярлау;

      7) техникалық навигация құралдарын кешенді қолдану және олардағы ақауды уақтылы айқындау болып табылады.

      59. Әуе кемесінің жерге (су бетіне) және кедергіге соқтығысу жағдайын болдырмау:

      1) әуе кемесінің (ПӘК) экипажы мен көздеу-навигациялық кешенін (көздеу-навигациялық жабдығын) ұшуға мұқият штурмандық даярлаумен;

      2) әуе кемесі (ПӘК) экипажының, ұшуға басшылық жасау тобы мен басқару пункті есептобының жергілікті жер бедерімен оның биіктігін, жасанды кедергінің орналасқан жері мен биіктігін зерделеумен;

      3) әуе кемесі (ПӘК) экипажының әуеайлақ ауданында және маршрут бойынша қауіпсіз биіктікті ұстауымен және ұшуға басшылық жасау тобы мен басқару пунктінің есептобы тарапынан олардың сақталуын бақылаумен;

      4) әуе кемесі (ПӘК) экипажының Ұшуды жүргізу қағидаларына сәйкес ұшу биіктігін өзгерту және бұлтты жарып өту қағидаларын сақтауымен;

      5) әуе кемесі (ПӘК) экипажы барлық мүшесінің өз функционалдық міндеттерін нақты орындауымен және ұшу басшысының командасын уақтылы орындауымен;

      6) әуе кемесінің жылдамдығына және шүйілу бұрышына байланысты экипаждың шүйілуден шығуы басталған сәтін айқындай білуімен;

      7) төменгі және ең төменгі биіктікте ұшу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаумен;

      8) ұшуға басшылық жасау тобының және басқару пункті есептобының навигация және әуе кемесін жауынгерлік қолдану ерекшелігін білуімен, ұшуды төменгі және ең төменгі биіктікте басқаруымен және бақылауымен;

      9) әуе кемесі (ПӘК) экипажының, ұшуға басшылық жасау тобының және басқару пункті есептобының әуе, метеорологиялық және орнитологиялық жағдайдың өзгеруіне тез ден қоя білуімен;

      10) Ұшуды жүргізу қағидаларына сәйкес әуе кемесі экипажының таулы жер жағдайында және биік таулы әуеайлаққа қонған кезде барометрлік биіктікті өлшегішті қолдану ерекшелігін есепке алып, ұшу қағидаларын қатаң сақтауымен қол жеткізіледі.";

      61, 62, 63 және 64-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "61. Ұшуда отынның толық жұмсалу жағдайын болдырмауға бағытталған негізгі іс-шаралар:

      1) ұшуда отын шығысының есебі (бақылау) бойынша ұшқыш, штурман, ПӘК ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобымен және басқару пункті есептобымен кешенді тренажды ұдайы өткізу;

      2) ұшқыш, штурман, ПӘК ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобының және басқару пункті есептобының әуе кемесінің әуедегі қол жеткізуі және кезекшілікте уақыты бойынша мүмкіндігін айқындайтын бастапқы деректерді және әдістемелерін білуін тексеру;

      3) қосалқы әуеайлақтан ұшу мен қону үшін қажетті отынның минималды қалдығы есебінің дұрыстығын тексеру болып табылады.

      62. Әуеде әуе кемесінің қауіпті жақындасуы және қақтығысуы оқиғасын болдырмау:

      1) экипаждың (ПӘК ұшқыш-операторының) тік, бүйірдегі және ұзына бойымен эшелондауды сақтауымен, сондай-ақ берілген ұшу режимін ұстауымен;

      2) ұшуға басшылық жасау тобы және басқару пунктінің есептобы тарапынан ұшу режимін ұстауды бақылауымен қол жеткізіледі.

      63. Ұшуды жүргізу қағидаларына сәйкес әуе кемесінің қауіпті жақындасуы және қақтығысуы жағдайын болдырмау мақсатында ұшқыш, штурман, ПӘК ұшқыш-операторының, ұшуға басшылық жасау тобы және басқару пунктінің есептобы жылына екі реттен сиретпей эшелондау және топтық ұшуды орындау қағидаларын білуіне тексеріледі.

      64. Әуе кемесінің қауіпті және тыйым салынған аймаққа тап болу жағдайын болдырмауға:

      1) Ұшуды жүргізу қағидаларына сәйкес әуе кемесі (ПӘК) экипажының мемлекеттік шекараға, қауіпті және тыйым салынған аймаққа жақын жерде ұшудың белгіленген қағидаларын қатаң сақтаумен және ұшу бағдарламасы мен жоспарын ұстанумен;

      2) әуе қозғалысын сенімді басқарумен;

      3) әуе кемесі (ПӘК) экипажының әуе навигациясы құралдарын және әдістерін кешенді қолдануымен;

      4) ұшу картасында, радиолокациялық станция индикаторында және әуе жағдайы планшетінде шектеулі пеленгі векторын, Мемлекеттік шекара мен шекара маңы жолағынан, тыйым салынған аймақ пен мемлекеттік шекарадан кері бұрылған кездегі маневрді ескеріп, оларға әуе кемесінің рұқсат етілген ең төменгі жақындау шебінен өту сызығын белгілеумен;

      5) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарының орналасуын зерделеумен және жұмыс деректерін нақтылаумен;

      6) ұшу маршрутын, сипатты көзбен шолу және радиолокациялық бағдарды мұқият зерделеумен, басқаруды беру шебін нақтылаумен;

      7) көздеу-навигациялық кешенінің (көздеу-навигациялық жабдығының) жұмысқа жарамдылығын, ұшу бағдарламасының дұрыс енгізілуін, әуе кемесінің орналасу орнының координатасын уақтылы түзеуді бақылаумен қол жеткізіледі.";

      66, 67 және 68-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "66. Әуе кемесінің өзінің авиациялық зақымдау құралдары зақымдайтын аймаққа тап болу жағдайын болдырмауға:

      1) әуе кемесі (ПӘК) экипажының ұшу міндетін орындау жағдайы мен тәртібін, авиациялық полигонның аэронавигациялық (қаруды қолдануға рұқсат ету аймағының) паспортын, әуе кемесін ұшуда пайдалану жөніндегі нұсқаумен және оны жауынгерлік қолдану жөніндегі әдістемелік құралдармен көзделген ату, бомбалау және зымыранды ұшыру кезіндегі қауіпсіздік шараларын зерделеуімен;

      2) әуе кемесі мен авиациялық зақымдау құралдарын пайдалану шектеулерін, авиациялық зақымдау құралдарын қолданудың қауіпсіз режимінің параметрін (қауіпсіз биіктігін, жылдамдығын, қолдану қашықтығын, топ тереңдігін, топтар арасындағы аралықты, сондай-ақ ұшуға берілген шарттарды), әуе кемесінің қару-жарағын басқару жүйесімен жұмыс істеу жүйелілігін және олар істен шыққан кездегі іс-қимылды білуімен қол жеткізіледі.

      67. Авиациялық зақымдау құралдарын берілмеген нысанадан тыс (полигоннан тыс) қолдану, берілген алаңнан тыс әскер мен техниканы түсіру және өз әскеріне соққы беру жағдайын болдырмауға:

      1) әуе кемесі (ПӘК) экипажының авиациялық полигонның аэронавигациялық (нысана ауданы, қаруды қолдануға рұқсат етілген аймақ, десант түсіру алаңы) паспортын, нысананың айрықша және бүркемесін ашатын белгісін егжей-тегжейлі зерделеумен, нақты координатаны білуімен;

      2) көздеу-навигациялық кешенінің (көздеу-навигациялық жабдығының), қару-жарақты (десант түсіруді) басқару жүйесінің мүмкіндігін барынша пайдаланумен;

      3) көздеу-навигациялық кешенін түзетудің анағұрлым ұтымды тәсілін таңдаумен, қайталайтын құралдардың деректері бойынша түзету дұрыстығын тексерумен;

      4) негізгі деректерді дұрыс есептеумен, жауынгерлік курсқа шығар алдында оларды көздеу-навигациялық кешеніне (көздеу-навигациялық жабдығына) енгізумен (енгізуді бақылаумен);

      5) нысанаға алудың сенімді нүктесін таңдаумен және оны көздеуді дұрыс жүргізумен;

      6) нысананы (десант түсіру алаңын) бірнеше белгісі бойынша, әсіресе қайта көздеу жағдайында, сенімді тануды жүзеге асырумен;

      7) нысананы көрсету тәсілдерін және қайта көздеу сигналын, өз әскерін белгілеу (тану) құралдарын және олардың қолдану тәртібін білумен;

      8) полигонда (десант түсіру алаңында) ұшу жетекшісінің талаптары мен командасын орындаумен;

      9) әуе кемесі (ПӘК) экипажының онызақымдауды толық болдырмайтын полигонның қызметтік аймағынан (өз әскерінен) тікелей жақын авиациялық зақымдау құралдарын қолдануы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауымен қол жеткізіледі.

      68. Экипаж (ПӘК ұшқыш-операторы) әуе кемесінің берілген нысанаға (десант түсіру алаңына) шыққанына күдіктенген кезде авиациялық зақымдау құралдарын қолдануға (десант түсіруге) жол берілмейді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) осы бұйрықты қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясы басқару органының басшыларына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі генерал-полковник
Р. Жақсылықов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады