"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3 бабының 3-1 тармағына сәйкес, Іле аудандық маслихаты ШЕШТІ:
1. Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекiтiлсiн.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Іле аудандық мәслихатының төрағасы | М. Карибаев |
Іле аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 шілде № 29 - 103 шешіміне қосымша |
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі –Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабына сәйкес әзірленді.
2. Осы Үлгі регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін Іле ауданы Байсерке ауылдық округ аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;
3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Іле ауданы Байсерке ауылдық округ тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты аудан, ауылдық округ пен кент қызметінің мәселелері;
4) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.
3. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.
Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны ауыл, кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:
1) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.
3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.
3-2. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы Регламенттің 3-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі
4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, Байсерке ауылдық округінің бюджетін түзетуді келісу;
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін Іле аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін Іле ауданы әкімінің Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;
Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.
5. Жиналысты ауылдық округ әкімі дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырады және өткізеді. Жиналыстың бастамашылары еркін нысанда күн тәртібін көрсете отырып, ауылдық округ әкіміне жазбаша өтініш жасайды.
Ауылдық округ әкімі жазбаша өтінішті қарайды және өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.
6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар, үнпарақтар, азаматтар көп жиналатын жерлердегі хабарландырулар арқылы хабардар етіледі.
Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.
7. Жиналысты шақыру алдында әкім аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.
Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
Кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысуға құқығы жоқ.
8. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.
Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.
9. Жиналыстың күн тәртібін Байсерке ауылдық округі әкімі аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.
Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.
Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.
Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
10. Жиналысты Іле ауданы әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ, жиналысты шақыруға Іле аудандық мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
11. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.
Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.
Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілетін күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және олардың аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі көрсетілген тізімі;
4) жиналыс төрағасы мен хатшысының аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі;
5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Боралдай кенті, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама ауылдық округ әкіміне беріледі.
Жиналыс өткен күннен бастап Байсерке ауылдық округі әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде Іле аудандық мәслихатының қарауына беріледі.
13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді Байсерке ауылдық округінің әкімі қарайды және Байсерке ауылдық округі әкімінің аппараты хаттаманы алған күннен бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.
14. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.
Мәселелерді қайта талқылау мәселелерді бірінші талқылау күнінен бастап жиырма күнтізбелік күн ішінде жүргізіледі.
Байсерке ауылдық округі әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім шешеді.
Боралдай кенті, ауылдық округ әкімі екі жұмыс күні ішінде жоғары тұрған әкімнің және Іле аудандық мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.
Бес жұмыс күні ішінде Заңның 11-бабында көзделген тәртіппен Іле аудандық мәслихатының таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін жоғары тұрған әкім шешім қабылдайды.
15. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және Байсерке ауылдық округінің әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
16. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді Байсерке ауылдық округі әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар, үнпарақтар, азаматтар көп жиналатын жерлердегі хабарландырулар арқылы таратады.
4-тарау. Жергілікті қоғамдыстық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау
17. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.
18. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы Іле ауданы әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды адамның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.
Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс Іле ауданы әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдардың тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселеге бастамашылық жасайды.