"Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 5-1) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 159-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Терминологиялық жұмыстарды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | С. Нұрбек |
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы "5" мамырдағы № 283 бұйрығымен бекітілген |
Терминологиялық жұмыстарды жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Терминологиялық жұмыстарды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 25-бабының 5-1) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 159-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және терминологиялық жұмыстарды реттеудің тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) –экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн уәкілетті органның жанындағы консультативтік-кеңесшi орган;
2) тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – Уәкілетті орган) – тілдерді дамыту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Қазақ тіліндегі терминдерді біріздендіру, терминологиялық жұмыстарды реттеу тәртібі және жұмысты ұйымдастыру
3. Уәкілетті орган қазақ тіліндегі терминдерді біріздендіру, терминологиялық жұмыстарды реттеуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.
4. Уәкілетті орган Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен (бұдан әрі – Орталық) бірлесе отырып мына іс-шараларды:
Комиссия бекіткен терминдерге мониторинг жүргізуді;
терминология саласын өзектендіру мақсатында іс-шаралар (конференция, семинар, дөңгелек үстел және т.б.) өткізуді;
қазақ тілінің терминологиялық базасын жетілдіру мақсатында лингвистикалық сараптама жасауды;
бекітуге ұсынылатын терминдерге termincom.kz сайтының "Алаң" бөлімінде алдын ала көпшілік талқылау жүргізуді іске асырады.
5. Комиссияның қызметі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің "Республикалық терминология комиссиясы туралы" 2024 жылғы 18 наурыздағы № 116 бұйрығына сәйкес реттеледі. Қазақ тілінде салалық терминдерді біріздендіру мақсатында Комиссия мына кезеңдерден өткен терминдерді жұмыс жоспарына сәйкес қарайды және бекітеді:
1) Республикалық терминология комиссиясының жұмыс органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті (бұдан әрі – Комиссияның жұмыс органы) мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып Комиссияның кезекті отырысында қаралатын терминдер тізбесін қалыптастырады және оны лингвистикалық сараптама жасау үшін Орталыққа жолдайды;
2) Орталық Комиссия жұмыс органы бекіткен құрамда Комиссияға қарауға ұсынылатын терминдер келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде лингвистикалық сараптама жасап, қорытындысын Комиссияның жұмыс органына жолдайды.
3) Комиссияның жұмыс органы лингвистикалық сараптама өткізілгеннен кейін 10 (он) күнтізбелік күн ішінде тиісті терминологиялық секциялардың отырыстарын ұйымдастырады және олардың хаттамалық шешімдерін Орталыққа алдын ала жария талқылау жұмыстарын жүргізу үшін жолдайды;
4) Орталық Комиссияға қарауға ұсынылатын терминдерді алдын ала жария талқылау үшін салалық терминологиялық секциялар отырыстарының хаттамалық шешімдерін, лингвистикалық сараптаманың қорытындыларын қоса бере отырып, кемінде 10 (он) күнтізбелік күн мерзімге termincom.kz сайтының "Алаң" бөліміне орналастырады.
5) Комиссияның кезекті отырысы өткізілгенге дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын Орталық алдын ала жария талқылаудың қорытындыларын Комиссияның жұмыс органына жолдайды.
6) Комиссияның жұмыс органы Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және хаттамаға қол қойылғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде Комиссия бекіткен терминдердің тізбесін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға – жұмыста пайдалану үшін, Орталыққа Комиссияның электрондық бюллетенінде, termincom.kz сайтында жариялау үшін жолдайды.
6. Комиссия бекіткен терминдер лингвистикалық сараптама қорытындысы және мониторингтің негізінде қайта қаралуы мүмкін.
7. Қазақстан Республикасы аумағында қағаз тасымалдағышта және (немесе) электрондық форматта шығарылатын және таратылатын салалық терминологиялық сөздіктердегі терминдер қазақ тілінің емле ережелеріне, терминжасам принциптеріне сәйкес келуі керек.