Жетісу облысында ортақ су пайдалану ережелерін белгiлеу туралы

Жаңа

Жетісу облыстық мәслихатының 2024 жылғы 14 ақпандағы № 14-82 шешімі

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 38-бабының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11434 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес, Жетісу облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жетісу облысында ортақ су пайдалану ережелері осы шешімінің қосымшасына сәйкес белгіленсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына (келісім бойынша) жүктелсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихаттың төрағасы Г. Тойлыбаева

  Жетісу облыстық мәслихатының 2024 жылғы "14" ақпандағы № 14-82 шешіміне қосымша

Жетісу облысында ортақ су пайдалану ережелері

      1. Осы Жетісу облысында ортақ су пайдалану ережелері (бұдан әрі - Ережелер) Қазақстан Республикасы Су кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 38-бабы 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11434 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді және Жетісу облысында ортақ су пайдалану тәртібін белгілейді.

      2. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      4. Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.

      5. Экологиялық, техникалық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.

      6. Ортақ су пайдалануға:

      1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;

      2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;

      3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;

      4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.

      7. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      8. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылысжайларындағы көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерді экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен келісім бойынша Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары белгілейді.

      9. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.

      Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi.

      11. Жетісу облыстық мәслихатының кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтын жерлерді айқындайды.

      12. Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары тиісті аумақтарда орналасқан су объектілерінің, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі туралы халықты хабардар етуді жүзеге асырады.

      13. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер Жетісу облыстық мәслихатының шешімдерінде өзгеше белгіленбесе, Кодекстің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды.

      14. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы Жетісу облыстық мәслихатына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.

      14-1. Жетісу облыстық мәслихатың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.

      15. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.

      15-1. Су пайдаланушы облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті өкілді органдарынан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға жол берілмейтіні және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      16. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:

      1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;

      2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;

      3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;

      4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитариялық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.

      17. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:

      1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;

      2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;

      3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;

      4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;

      5) аумақта жанар-жағар май материалдарын сақтауға;

      6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;

      7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады