"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 3-1-тармағына, "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 тіркелген) сәйкес, Көксу ауданы мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Көксу ауданының ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенттері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Көксу ауданы мәслихатының "Көксу ауданының ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенттерін бекіту туралы" 2021 жылғы 07 қазандағы № 14-1 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 159607 болып тіркелген) шешімі жойылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Көксу ауданы мәслихатының төрағасы | Ж. Бейсенбай |
Көксу ауданы мәслихатының 2024 жылғы 3 шілдедегі № 27-114 шешіміне қосымша |
Көксу ауданының ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Көксу ауданының ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламенті (бұдан әрі – Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді.";
2. Осы Регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін Көксу ауданының ауылдық округтерінің бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;
3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес, Көксу ауданының ауылдық округтерінің бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты Көксу ауданының ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;
4) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.
3. Жиналыс регламентін Көксу ауданы мәслихаты бекітеді.
4. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.
Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны Көксу ауданының ауылдық округтерінің халқының жалпы санына байланысты айқындалады:
1) 5 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-8 мүшесі;
2) 5-10 мың халық – жиналыстың 9-15 мүшесі;
3) 10 мыңнан астам халық – жиналыстың 16-20 мүшесі.
5. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.
6. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы регламенттің 5-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі
7. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;
ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі ауылдық округ әкімі аппаратының шешімдерін келісу;
бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
ауылдық округ әкімін лауазымнан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері.
8. Жиналысты ауылдық округ әкiмі дербес не ол жергілікті қоғамдастық жиыны (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) өкілеттік берген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.
Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, ауылдық округ әкіміне еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.
Ауылдық округ әкімі еркін нысанда жазбаша өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.
9. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.
10. Жиналысты шақыру алдында ауылдық округ әкімінің аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін ауылдық округ әкімі немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.
Жергілікті қоғамдастық жиналысына кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың қатысуға құқығы жоқ.
Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
11. Жиналысты шақыруды ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.
Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.
12. Жиналыстың күн тәртібін ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, ауылдық округ әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.
Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.
Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.
Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
13. Жиналысты аудан әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналысты шақыруға аудан мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері міндетті түрде қатыса алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
14. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.
Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.
Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
15. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;
4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.
Ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде ауданның тиісті мәслихатының қарауына беріледі.
16. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі қарайды және ауылдық округ әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.
17. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтіндігін білдіруге құқылы, бұл регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен осындай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкімі шешеді.
Ауылдық округ әкімі екі жұмыс күні ішінде Көксу ауданының әкімнің және тиісті Көксу ауданы мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.
Бес жұмыс күні ішінде Заңның 11-бабында көзделген тәртіппен Көксу ауданы мәслихатының таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін жоғары тұрған әкім шешім қабылдайды.
18. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және ауылдық округ әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
19. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе немесе аудан әкімдігінің ресми сайты, интернет ресурстар арқылы таратады.
4-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау
20. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.
21. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы Көксу ауданының әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды адамның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.
Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс Көксу ауданының әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.