"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 30-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Мыналар:
1) осы бірлескен бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсыну қағидалары;
2) осы бірлескен бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсынатын салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтердің тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен
1) осы бірлескен бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырсын.
4. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат және қаржы вице-министрлеріне жүктелсін.
5. Осы бірлескен бұйрық мемлекеттік органның соңғы басшылары қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
___________ А. Балаева |
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
____________ М. Такиев |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 642 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 897 бірлескен бұйрығына 1-қосымша |
Мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсыну қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсыну қағидалары (бұдан әрі − Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 30-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді (бұдан әрі – мәліметтер) салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға беру тәртібін айқындайды.
2. Мәліметтер Салық кодексінің 30-бабы 3-тармағы 4) тармақшасының екінші абзацына сәйкес бекітілген лауазымды адамдардың тізбесіне (бұдан әрі – Лауазымды адамдардың тізбесі) енгізілген үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға лауазымды адамдарына ұсынылады.
3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органы болып табылады.
4. Министрлігі осы Тізбеге енгізілген лауазымды адамдар жұмыстан шығарылған не өзге де болмаған жағдайларда Тізбеге өзгерістердің уақтылы енгізілуін қамтамасыз етеді.
2-тарау. Мәліметтер беру тәртібі
5. Мәліметтерді беру мынадай тәсілдердің бірінде:
1) қағаз жеткізгіштерде;
2) электрондық жеткізгіштерде;
3) мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл, сондай-ақ электрондық құжат айналымы жүйесі болған кезде, Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы арқылы жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік кірістер органдары сұрау салуын алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде мәліметтерді Министрлікке ұсынады.
7. Министрлік осы бірлескен бұйрық шеңберінде алынған мәліметтерді өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін ғана пайдаланады.
3-тарау. Мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету
8. Министрлік осы Қағидалардың шеңберінде алынған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.
9. Мұндай мәліметтерге рұқсаты бар адамдар өздерінің міндеттерін атқару кезеңінде де, оларды атқарып болғаннан кейін де мәліметтерді жария етпеуге тиіс.
10. Алынған мәліметтер мақсаттарға қол жеткiзгеннен және практикалық қажеттiлiгiн жоғалтқаннан кейiн Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларында айқындалған тәртіппен жойылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 642 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 897 бірлескен бұйрығына 2-қосымша |
Мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсынатын салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтердің тізбесі
№ | Атрибуты | Түрі (өлшемі) | Форматы |
ҮЕҰ*-ның есепті кезеңдегі кірістері (сомасы, теңге) | |||
1 | БСН | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
2 | Салық төлеушінің атауы | Мәтіндік (40) | |
3 | МКБ коды | Сандық (4) | 0,..,9цифрлар |
4 | МКД коды | Сандық (2) | 0,..,9цифрлар |
5 | Депозит бойынша сыйақылар | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
6 | Гранттар | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
7 | Кіру жарналары | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
8 | Мүшелік жарналар | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
9 | Қайырымдылық көмек | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
10 | Демеушілік көмек | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
11 | Өтеусіз негізде алынған ақша және басқа мүлік | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
12 | Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру шарты бойынша алынған кіріс | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
13 | Барлық кірістер | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
ҮЕҰ*-ның есепті кезеңдегі шығыстары (сомасы, теңге) | |||
14 | Коммерциялық емес ұйымдарды күтіп-ұстау | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
15 | Іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
16 | Ақпараттық материалдарды дайындау және орналастыру | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
17 | Сыйақы | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
18 | Қайырымдылық көмек | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
19 | Демеушілік көмек | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
20 | Кіру жарналары | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
21 | Мүшелік жарналар | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
22 | Өтеусіз негізде берілген ақша және басқа мүлік | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
23 | Барлық шығыстар | Сандық (12) | 0,..,9цифрлар |
Ескерту: аббревиатуралардың анықтамасы:
БСН – бизнес сәйкестендіру нөмірі
МКБ – мемлекеттік кірістер басқармасы
МКД – мемлекеттік кірістер департаменті
ҮЕҰ – Үкіметтік емес ұйым