Ғылыми-техникалық кеңес туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 2024 жылғы 31 қазандағы № 172-нқ бұйрығы

      "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.

      3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы Б. Бекнияз

  Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және
ирригация министрінің
міндетін атқарушысының
2024 жылғы 31 қазандағы
№ 172-нқ бұйрығымен
бекітілді

Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Ереже ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) қызметінің құқықтық және ұйымдарстырушылық негіздерін айқындайды.

      ҒТК ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) басым бағыттары жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау, сондай-ақ ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бағалау мақсатында құрылады.

      3. ҒТК Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) жанындағы консультативтік-кеңестік орган болып табылады.

      4. Өз қызметінде ҒТК Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, басқа нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. ҒТК негізгі міндеттері мен функциялары

      5. ҒТК қызметі мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:

      1) Министрліктің реттелетін салаларындағы ғылыми-техникалық және ҒЗТКЖ жобалары мен бағдарламаларын қарау;

      2) су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация саласындағы ғылыми-техникалық және (немесе) ҒЗТКЖ жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      3) ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      4) салалық ғылыми ұйымдарды дамытуға және технологиялық және инновациялық қызметті ұйымдастыруға қатысу және ұсыныстар әзірлеу;

      5) ғылым және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға ұсыныстар әзірлеу және жәрдемдесу;

      6) су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу.

      6. Өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес ҒТК мынадай функцияларды орындайды:

      Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ғылыми зерттеулерді, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ҒЗТКЖ, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (бұдан әрі – ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру мәселелері туралы:

      1) жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      2) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған техникалық шарттарды әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      3) ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңалығы, ғылыми-техникалық деңгейі, перспективалары, даму дәрежесі, қаржыландырудың сұралатын көлемінің экономикалық орындылығы жөніндегі ұсынымдарды қарайды және әзірлейді.

      Мемлекеттік технологиялық саясат және инновацияны мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша:

      4) инновациялық жүйені және инновацияларды мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілерінің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

      Министрліктің міндеттері шеңберіндегі өзге де мәселелер:

      5) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын қарайды және келіседі;

      6) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың ғылыми, ғылыми-техникалық және өндірістік қызметі туралы есептерді тыңдайды;

      7) Министрліктің реттелетін салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін басым салалық бағыттардың тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) қалыптастырады және оны өзектендіреді;

      8) ғылыми-зерттеу жобалар мен бағдарламаларды қарайды және келіседі;

      9) орындалған ғылыми зерттеулерді әрі қарай пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлейді;

      10) су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация саласындағы ғылыми-зерттеу жобалар мен бағдарламалардың орындалу барысы туралы аралық (iске асыру мерзiмi бiр жылдан асатын ғылыми зерттеу жобалары мен бағдарламалары үшiн) және (немесе) қорытынды есептерді қарайды және қабылдауға ұсынымдар береді;

      11) Министрліктің қызметі саласында ғылыми-техникалық және методологиялық сұрақтарды қарастырады.

3-тарау. ҒТК қызметін ұйымдастыру

      7. Министрлік, сондай-ақ заңды тұлғалар ғылыми қоғамдастықтың және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып, ҒТК құрамын қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі бекітеді.

      8. ҒТК Төрағадан және тұрақты мүшелерінен тұрады. ҒТК құрамына салалар бойынша жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдар мен даму институттарының, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың өкілдері, сондай-ақ ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің салалық қауымдастықтардың, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері кіреді.

      9. ҒТК төрағасы және төраға орынбасары бірінші отырыста ҒТК мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы ҒТК мүшелері арасынан сайланады. Төрағаның болмау мерзімінде оның функцияларын төраға орынбасары атқарады.

      10. ҒТК құрамын қалыптастыру үшін Министрлікке кандидаттың осы Ереженің 12 және 13-тармақтарының талаптарына сәйкес келуін растайтын мәліметтерді көрсете отырып, кандидаттың еркін нысандағы түйіндемесі жіберіледі.

      Кандидатты ұсынатын ұйымдар түйіндемедегі ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      11. ҒТК құрамы 3 (үш) жыл мерзімге бекітіледі және мүшелерінің саны 25 (жиырма бес) адамнан тақ саннан құралады.

      12. ҒТК құрамына сайланатын ғалымдар:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары;

      2) ҒТК құрамы қалыптасқан күнге дейін 3 (үш) жыл ішінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің жұмыскерлері болып табылатын немесе шетелдік ғылыми ұйымдарда немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын ғылым докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты дәрежесінің болуы;

      3) Министрліктің реттелетін салаларында ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі 5 (бес) жыл болуы тиіс.

      13. ҒТҚ құрамының жетпіс пайызы (70%) жұмыс өтілі 5 (бес) жыл:

      1) тиісті мемлекеттік органдар ұсынған мемлекеттік органдардың;

      2) Министрліктің реттелетін салаларында тиісті ұйымдар ұсынған ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың;

      3) "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің;

      4) ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің салалық қауымдастықтардың, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын бейінді ғылыми ұйымдардың жұмыскерлерінен және (немесе) сарапшыларынан қалыптастырылады.

      14. ҒТК бекітілген құрамы Министрліктің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      15. ҒТК төрағасы:

      1) отырыстарда төрағалық етеді және оның қызметіне басшылық жасайды;

      2) даулы мәселелерді талқылауда алқалылықты қамтамасыз етеді;

      3) ҒТК отырыстарын өткізудің күн тәртібін, күнін, уақытын, орнын және нысанын айқындайды;

      4) ҒТК отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      5) ҒТК шешімдерінің іске асырылуына жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.

      16. ҒТК жұмысын Жұмыс органы ұйымдастырады. Министрліктің Ғылым және инновация департаменті ҒТК Жұмыс органы болып табылады.

      17. Жұмыс органы ҒТК қызметін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) ҒТК ұйымдастырушылық-техникалық жұмысын қамтамасыз етуді;

      2) жыл сайынғы негізде ҒТК мүшелерінен Тізбені қалыптастыру бойынша ұсыныстарды жинауды;

      3) отырыс өткізілгенге дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын ҒТК мүшелеріне жіберілетін материалдарды дайындауды;

      4) ҒТК жұмысы туралы жоспарлар мен есептер жасауды және орындалуын үйлестіруді;

      5) мемлекеттік органдардан және ұйымдардан қажетті ақпарат сұратуды жүзеге асырады.

      18. Жұмыс органының лауазымды адамы болып табылатын ҒТК хатшысы:

      1) ҒТК отырыстарға материалдарды дайындауды, жинауды және жүйелеуді;

      2) ҒТК мүшелеріне және шақырылған адамдарға ҒТК отырыстарын өткізу туралы хабарламаларды уақтылы жіберуді;

      3) отырыстардың күн тәртібін әзірлеуді, отырыстарды хаттамалауды;

      4) ҒТК шешімдерінің жобаларын дайындауды және отырыстардан кейін хаттамаларды рәсімдеуді жүзеге асырады.

      19. ҒТК отырысында мемлекеттік органдардың, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымдарының, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, Министрліктің реттелетін салаларындағы ұлттық компаниялардың, сондай-ақ қызметі Министрліктің реттелетін салаларындағы мәселелерге сәйкес келетін қоғамдық бірлестіктер мен салалық қауымдастықтардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

      20. ҒТК жұмысы күндізгі және сырттай отырыстар нысанында жүзеге асырылады. ҒТК отырыстары инфокоммуникациялық құралдардың көмегімен онлайн түрде өткізілуі мүмкін.

      21. ҒТК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және ҒТК-нің отырысына қатысқан мүшелердің жалпы санының 3/2-сі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болғанда, Төрағаның дауысы шешуші болады. Хатшы ҒТК мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс бермейді. Дауыс беруге шығарылған мәселе бойынша ҒТК мүшелерінің ерекше пікірі болған жағдайда Хатшы хаттамаға тиісті жазба енгізеді.

      22. ҒТК шешімдері хаттамамен рәсімделеді және оған ҒТК Төрағасы мен мүшелері және ҒТК Хатшысы қол қояды. Хаттамалардың көшірмелері ҒТК мүшелеріне жіберіледі.

      Отырыстың хаттамалары, ҒТК отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар, есептер, актілер Министрлікке беріледі және "Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) сәйкес сақталады.

      23. ҒТК әр мүшесінің бір дауысы болады. ҒТК мүшесінің дауыс беру құқығын өзге тұлғаға, оның ішінде ҒТК басқа мүшесіне беруіне жол берілмейді.

      24. ҒТК жұмыс органы жыл сайын есепті жылдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей Министрлікке және ғылым саласындағы уәкілетті органға есепті кезеңнің қорытындылары бойынша ҒТК жұмысы туралы ақпарат ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады