Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қостанай облысы әкімдігінің "Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 11 қыркүйектегі № 394 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8653 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында:
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру тәртібін айқындайды.";
11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Мамандандырылған ұйымдар облыстың жергілікті атқарушы органына электрондық құжат айналымы, пошта байланысы арқылы не облыстың жергілікті атқарушы органының кеңсесі арқылы қолма-қол осы Үлгілік қағидаларына қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпаратты ұсынады.
Облыстың жергілікті атқарушы органы Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне электрондық құжат айналымы арқылы осы Үлгілік қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынады.";
31-1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"31-1. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз берілген кезде бюджет қаражатының 70 (жетпіс) проценті ауылшартауар өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға жіберіледі.";
33-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"33. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін Комиссия айқындайды.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мынадай бірыңғай талаптар (өлшемшарттар) белгіленеді:
1) заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;
3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
4) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің болуы;
5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;
6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;
7) осы Үлгілік қағидалардың 36-тармағына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуы.";
мынадай мазмұндағы 37-1-тармақпен толықтырылсын:
"37-1. Қарыз шарттарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің мамандандырылған ұйыммен келісу бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу графигін қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен толық көлемде өткізу; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну жөніндегі міндеттемелері көзделеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттемелерді орындау бөлігінде қарыз шарты талаптарының орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы қарыз шартын елеулі түрде бұзу деп танылады.".
2. "Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қостанай облысының әкімі | Қ. Ақсақалов |