"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № 16 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2024 жылғы 26 шілдедегі № 291 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № 16 бұйрығына мынадай толықтырулар енгізілсін:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) осы бұйрыққа 4-1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті туралы ереже;";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 4-1-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетіне:

      1) заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында көрсетілген ережелерді тіркеу бойынша шаралар қабылдасын;

      2) көрсетілген ережелерді жеке құрамның зерделеуін ұйымдастырсын және оларды практикалық қызметте басшылыққа алуды қамтамасыз етсін;

      3) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін қамтамасыз етсін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;

      5). осы бұйрықтан туындайтын басқа да шараларды қабылдасын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр генерал-майор Ш. Әрінов

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2024 жылғы 26 шілдедегі
№ 291 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2020 жылғы "30" қазандағы
№ 16 бұйрығына
4-1-қосымша

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ведомствосы болып табылады және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың (бұдан әрі – ТЖ) алдын алу саласындағы басшылықты жүзеге асырады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі бланкілері болады.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      5. Комитет, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индексі 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" әкімшілік ғимараты, 2-кіреберіс.

      9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің тапсырмалары, құқықтары мен міндеттері

      13. Тапсырмалар:

      1) ТЖ алдын алу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;

      2) Комитет құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету.

      14. Құқықтары мен міндеттері:

      1) Министрге және Министрлік Алқасының мүшелеріне Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелерді Алқада қарау туралы ұсыныстар енгізуге;

      2) Министрліктің ведомстволарында, аумақтық органдарында және ведомстволық бағынысты ұйымдарында жұмыстың жай-күйіне нысаналы және тақырыптық тексерулер жүргізу, кешенді тексерулерді дайындауға және жүргізуге, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда қатысу;

      3) Комитет құзыреті шегінде Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, ведомстволардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық органдарынан және Министрліктің қарамағындағы мемлекеттік мекемелерден белгіленген тәртіппен ақпарат сұратуға және алуға;

      4) аналитикалық зерттеулердің, тексерулер мен қызметтік тергеп-тексерулердің нәтижелері бойынша Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ведомстволардың, аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың, нақты лауазымды тұлғалардың қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда баға беруге;

      5) жетекшілік ететін бөлімшелердің басшыларын тыңдауға және Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрлік басшылығынан ведомстволардың, аумақтық органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын тыңдау туралы ұсыныстар енгізуге;

      6) Министрлік басшылығына Комитет қызметкерлерін көтермелеу, тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныстар енгізуге;

      7) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестерді, семинарларды, конференцияларды, оның ішінде халықаралық конференцияларды ұйымдастыруға және өткізуге;

      8) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға;

      9) ТЖ алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияны ұйымдастыруды қамтамасыз етуге міндетті;

      10) Алқа шешімдерінде, жедел және аппараттық кеңестердің хаттамаларында, Министрлік пен Комитеттің жұмыс жоспарларында көзделген іс-шараларды орындауға;

      11) Комитеттің қызметіне қатысты мәселелер бойынша сот талқылауларына қатысуға міндетті;

      12) қойылған міндеттерге сәйкес өз құзыреті шегінде заңдарда, Президент, Үкімет актілерінде және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік актілерінде көзделген өзге де міндеттер белгіленеді;

      13) құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдар мен ғылыми ұйымдардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу саласындағы жұмыстарын үйлестіру;

      14) Министрліктің бөлімін мемлекеттік органдардың бірыңғай порталында ақпараттық толтыруға қатысу;

      15) азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізу.

      15. Функциялар:

      1) ТЖ алдын алу саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;

      2) Өз құзыреті шегінде мемлекеттік, салалық бағдарламалар мен тұжырымдамаларда, Министрліктің жыл сайынғы жұмыс жоспарларында, Министрліктің ТЖ алдын алу саласындағы даму жоспарында көзделген іс-шараларды қалыптастыруды және одан әрі практикалық іске асыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыруға қатысу;

      3) Өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      4) Комитеттің құзыретіндегі мәселелерді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің мониторингін жүзеге асыру, оларды жаңарту жөнінде шаралар қабылдау;

      5) халықты және аумақты ТЖ-дан қорғау жөніндегі перспективалық және ағымдағы жоспарларды әзірлеуді ұйымдастыру;

      6) ТЖ алдын алу мүддесінде техникаға және басқа да материалдық-техникалық құралдарға қажеттілікті айқындау;

      7) ТЖ алдын алу жөніндегі күштер мен құралдарды құруға, дайындауға және қолдануды әзірлікте ұстауға қатысу;

      8) ТЖ алдын алу мүддесінде мемлекеттік материалдық резервтен бөлінген техниканы және басқа да материалдық-техникалық құралдарды пайдалану туралы Министрлік басшылығына талдау жасау, дайындау және ұсыныстар енгізу;

      9) ТЖ алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету (жұмыс жоспарын жасау, материалдарды қалыптастыру, отырыстарды дайындау және өткізу), оның хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асыру;

      10) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрліктің Алқа отырысына материалдар, ақпарат, анықтамалар, шолулар дайындау;

      11) елді мекендер мен шаруашылық объектілерінің селдерден, сырғамалардан, көшкіндерден, су тасқыны, жер сілкінісі мен су басудан қауіптілігін төмендету жөніндегі алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру;

      12) Министрліктің ведомстволарының, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының ТЖ алдын алу саласындағы қызметін үйлестіру;

      13) өз құзыреті шегінде ақпараттық-аналитикалық қызметін жүзеге асыру;

      14) халықты, объектілер мен аумақтарды ТЖ-дан қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдармен ведомствоаралық және желіаралық өзара іс-қимылдың жай-күйін талдау;

      15) ТЖ алдын алу саласындағы әлемдік тәжірибені зерделеуді және қолдануды жүзеге асыру;

      16) Комитеттің құзыретіне кіретін мемлекеттік органдарды, халықты және ұйымдарды қажетті қауіпсіздік, ТЖ алдын алу жөніндегі шаралар туралы хабардар етуді ұйымдастыру;

      17) қауіпті табиғи құбылыстардың мониторингін және олардың болжамын жүргізетін ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      18) ТЖ саласындағы жерүсті және ғарыш мониторингі (қадағалау, болжау, бақылау қызметтері) жүйесінің өзара іс-қимылын ұйымдастыру және жай-күйін және дамуын талдау;

      19) ТЖ алдын алу және олардың салдарларын бағалау үшін жерді ғарыштан қашықтықта зондтау деректерін пайдалану;

      20) Комитеттің қызмет саласына қатысты нормативтерді, стандарттар мен қағидаларды келісу және (немесе) әзірлеу;

      21) Министрлік басшылығының қарауына ТЖ алдын алу бойынша жүргізілетін іс-шаралар туралы есептерді дайындау және белгіленген тәртіппен енгізу;

      22) ТЖ алдын алуға Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы орталық және жергілікті атқарушы органдардың белгіленген тәртіппен сұрау салуларын қарау, кейіннен белгіленген тәртіппен Үкіметке тиісті шешімдердің жобаларын ұсына отырып, Министрлік басшылығына дайындауға және қарауға енгізу;

      23) Қазақстан Республикасының әсер ету аймақтарында орналасқан сел, көшкін, сырғыма, су тасқыны қаупі бар учаскелер мен объектілерінің бекітілген паспорттарын келісу және есепке алу;

      24) қауіпсіздік паспорттарының құрылымын айқындау;

      25) жетекшілік ететін бөлімшелердің жұмысын әдістемелік басқаруды және үйлестіруді жүзеге асыру, Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға көмек көрсету;

      26) ТЖ алдын алу саласындағы Министрліктің аумақтық органдары мен құрылымдық бөлімшелерінің және ведомстволық бағынысты ұйымдардың өзара іс-қимылын және қызметтік жұмысын бақылауды ұйымдастыру;

      27) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің ТЖ алдын алу саласындағы қызметін жетілдіруге, сондай-ақ аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған семинар-кеңестерді, дөңгелек үстелдерді, тәжірибе алмасу жөніндегі басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      28) мониторинг жүйелерінен ТЖ қаупі мен туындауы туралы ақпарат алмасу жөніндегі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, оның ішінде жерді қашықтықтан зондтау құралдарын пайдалана отырып, мәселелер бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыру:

      табиғи дүлей зілзалалардың туындауы бойынша қауіпті ошақтарды, учаскелер мен аймақтарды анықтау және мониторингілеу;

      су тасқыны, сел, сырғыма және көшкін қаупі бар учаскелер мен аумақтарды есепке алу және мониторингітеу;

      бірінші кезекте мемлекетаралық, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар объектілерге, автомобиль жолдарына тікелей қауіп төндіретін қар көшкіндерінің пайда болу ошақтарын есепке алу;

      сел және сырғыма қаупі бар учаскелерде, тектоникалық ақаулар аймақтарында, есептік сейсмикалығы 9 балдан асатын учаскелерде құрылыстың жай-күйі;

      су басу, су тасқыны, бөгеттердің жарылуы, жануарлар мен өсімдіктердің қауіпті аурулары, зиянкестердің пайда болуы бойынша қауіпті учаскелерді, аймақтар мен ошақтарды анықтау, есепке алу және мониторингітеу;

      су басуға, жер сілкінісі, су тасқынына, бөгеттердің жарылуына, орман өрттеріне, жануарлар мен өсімдіктердің қауіпті ауруларына және зиянкестерге байланысты ТЖ туындау фактісі бойынша мемлекеттік органдармен жедел ақпарат алмасу;

      29) шаруашылық жүргізу объектілерінің жұмыс істеу тұрақтылығын арттыру және ТЖ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеуге қатысу.

3-тарау. Комитет төрағасының қызметін ұйымдастыру кезіндегі мәртебесі мен өкілеттігі

      16. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын Комитет төрағасы жүзеге асырады.

      17. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екі орынбасары болады.

      19. Комитет Төрағасының өкілеттіктері:

      1) өз орынбасарларының, сондай-ақ Комитет құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелер басшыларының және қызметкерлердің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) Министрлік басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді;

      3) Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министріне Комитет қызметкерлерін және азаматтарды ведомстволық және мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсынады;

      4) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асыруға дербес жауапты болады;

      5) Министрлік басшылығына Комитет қызметкерлерінің қатынастарына тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныстар енгізеді;

      6) Өз құзыреті шегінде Комитеттің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша аумақтық органдарға нұсқаулар береді, сондай-ақ бұйрықтарға қол қояды;

      7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      8) Министрлік басшылығына кезекті арнаулы атақтар беру және Комитет қызметкерлерін көтермелеу туралы ұсыныстар енгізеді;

      9) заңнамаға сәйкес Комитетті мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, оның ішінде халықаралық ұйымдарда ұсынады;

      10) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен өтініштерді қарайды, олар бойынша шешімдер қабылдайды, тәртіп пен заңдылықты бұзу фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексерулерді тағайындайды;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды оны алмастыратын тұлға заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      20. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда), сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта құру және тарату

      23. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады