"Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы № 21 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 2-тармағына, 39-бабының 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 7) тармақшасына, 164-бабына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 6 сәуірдегі № 70 қаулысының күші жойылсын.

      3. Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е. Көшербаев

  Шығыс
Қазақстан облысы әкімдігінің
2024 жылғы 22 қаңтардағы
№ 21 қаулысына қосымша

"Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) облыс аумағында құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін мемлекеттік реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Басқарманың егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін және Қазақстан Республикасының заңнамасына көзделген басқа да актілермен шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 070004, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Казақстан көшесі, 27.

      9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметін каржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және Шығыс Қазақстан облысының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      12. Міндеттері:

      1) облыс аумағында құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізу;

      2) облыс аумағында құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін мемлекеттік реттеу және басқару;

      3) облыс аумағында құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін дамыту.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген көлемде өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      ведомстволық бағынысты ұйымдарды құру, қайта құру және тарату жөнінде ұсыныстар енгізу;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес функцияларды жүзеге асырады.

      14. Функциялары:

      1) облыстық коммуналдық меншік объектілерін және облыстық маңызы бар әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу жөніндегі тапсырыс беруші ретінде әрекет етеді;

      2) ведомстволық бағынысты аумақта объектілер мен кешендерді салуға (реконструкциялауға, кеңейтуге, жаңғыртуға, күрделі жөндеуге) көзделетін объектілердің мониторингін жүзеге асырады;

      3) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктердің, қаладағы аудандар әкімдерінің өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы мен дамуы үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасау жөніндегі жұмысын үйлестіреді;

      4) "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесін жүргізуді және толтыруды қамтамасыз етеді;

      5) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесінде мекенжайды тіркеу тәртібі мен құрылымы туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

      6) елді мекендердің қала құрылысы жобаларын (өңірлердің (Облыстың немесе оның қандай да бір бөлігінің) қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын, бас жоспарларын (даму және құрылыс салу схемаларын), егжей-тегжейлі жоспарлау, құрылыс салу және қала маңы аймақтарының жобаларын) әзірлеу бойынша тапсырыс беруші болады;

      7) облыстың елді мекендерінің аудандық жоспарлау жобаларын, қала маңындағы аймақтарын, бас жоспарларын (даму және құрылыс салу схемаларын), егжей-тегжейлі жоспарлау, құрылыс салу жобаларын) қарауды және келісуді жүзеге асырады;

      8) облыс аумағындағы елді мекендердің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларының аумақтарын қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын (облысты немесе оның бір бөлігін аудандық жоспарлау жобасын) іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;

      9) облыс аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және үйлестіруді жүзеге асыру;

      10) кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну үшін халықтың есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қаланың Бас жоспарының жобасын облыстық мәслихаттың қарауына енгізу;

      11) халықтың есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын облыстық мәслихат мақұлдаған облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну;

      12) облыстық мәслихатқа ведомстволық бағынысты әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын), сондай-ақ халықтың есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі, қалалық мәслихаттар мақұлдаған және кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен облыстық маңызы бар қалаларды дамытудың бас жоспарларының жобаларын бекітуге ұсыну;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық бағынысты әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын белгілеу немесе өзгерту жөнінде қала құраушы факторларға байланысты ұсыныстарды облыстық мәслихатқа енгізу;

      14) облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларын келісу;

      15) елді мекендердің бекітілген бас жоспарларын (қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын, жоспарлау жобаларын) дамыту үшін әзірленетін қала құрылысы жобаларын (егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, құрылыс салу жобаларын) бекіту және іске асыру;

      16) аумақтың жоспарланып отырған құрылысы не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халықты хабардар ету;

      17) облыстық маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер қабылдау;

      18) облыстық маңызы бар ғимараттар мен құрылыстарды бұзу туралы актілерді есепке алуды жүргізу және тіркеу;

      19) құрылысқа тапсырыс беруші Басқарма болып табылатын объектілерді, сондай-ақ пайдалануға берілетін объектілерді есепке алуды енгізу және олардың уақтылы пайдалануға берілуіне бақылауды жүзеге асыру;

      20) облыс аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдарының жұмысына жәрдем көрсету;

      21) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін белгіленген тәртіппен ақпарат және (немесе) мәліметтер беру;

      22) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салынып жатқан (салынуға жоспарланған) объектілер мен кешендердің мониторингін жүргізу;

      23) аккредиттелген республикалық спорт федерацияларымен халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған спорттық құрылыстарды жобалауға арналған техникалық ерекшелікті және техникалық тапсырманы келісу;

      24) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын объектілер мен кешендерді салуға арналған жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы қарау және бекіту;

      25) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақ пен тыйым салынған аудан аумақтарының шекараларын келісу жөнінде ұсыныстар дайындау және енгізу;

      26) құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық және техникалық құжаттаманың уақтылы берілуін қамтамасыз етеді;

      27) тұрғын үй құрылысының және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша ұзақ мерзімді, орта мерзімді және ағымдағы жоспарларының жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

      28) тұрғын үй құрылысы мәселелері бойынша мониторинг, ақпарат жинау және оны қорыту;

      29) тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік саясатты жақсарту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      30) сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс орналастыру қағидаларының негізінде жарнама саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлейді және бекітуге ұсынады. облыс мәслихаты елді мекендердегі үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру тәртібі мен шарттары туралы ереже, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс;

      31) жеке-тұрғын үй құрылысының мониторингі;

      32) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу объектілерінің құрылысына қатысушылардың қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

      33) жеке және заңды тұлғалардың берілген габариттер, есептік қуат, технологиялық процестер, функционалдық мақсаты бойынша ерекше параметрлері (сипаттамалары, қасиеттері) бар объектілерді жобалау кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасында нормалар жоқ өзге де тәсілмен шарттар бойынша арнайы техникалық шарттарды келісу;

      34) тұрғын үйді іске қосудың жыл сайынғы көлеміне қол жеткізу бойынша жоспарлы көрсеткішті орындау;

      35) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3 тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері (бар болса)

      15. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      16. Басқарманың бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      17. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді, сот, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік (мемлекеттік емес) органдарда басқарманың мүддесін білдіруге сенімхаттар береді;

      3) шарттар жасасады;

      4) басқарманың барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      5) заңнамаға сәйкес басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      6) басқарма қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелейді және тәртіптік жаза қолданады;

      7) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады