"Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 20 маусымдағы № 150 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы 7) тармақшасына, 164-бабына және "Жергілікті атқарушы органдардың құрылымы мен штат саны лимиттерінің кейбір мәселелері туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 28 мамырдағы № 129 қаулысына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес "Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының "Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының "Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е. Көшербаев

  Шығыс
Қазақстан облысы әкімдігінің
2024 жылғы "20" маусымдағы
№ 150 қаулысымен бекітілген

"Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Шығыс Қазақстан облысының аумағында жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ тілінде өз атауы бар мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Басқарма, егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитін заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітеді.

      8. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индексі 070019, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Пермитин көшесі, 23.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының бюджетінен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен басқару функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) жұмылдыру дайындығы және соғыс уақытына жұмылдыру салаларында жұмысты ұйымдастыру;

      2) азаматтарды әскери қызметке шақыруды қамтамасыз ету;

      3) құзыреті шегінде облыстық ауқымдағы азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс саласында жұмысты ұйымдастыру;

      4) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу, сондай-ақ оның салдарын жою кезінде босқындарға көмек көрсету мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      заңды және жеке тұлғалардан, оның ішінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты белгіленген тәртіппен сұрату және алу;

      кеңестер алу, арнайы білім мен дағдыларды талап ететін мәселелерді зерттеу үшін консультанттарды (тәуелсіз сарапшыларды) тарту;

      Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және өзге де іс-шаралар өткізу;

      Басқарма қызметінің бағыттары бойынша жұмыс топтарын, комиссияларды, кеңестерді құру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      жергілікті әскери басқару органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен әскерге шақыру (құрама) пункттерін ұстау бойынша өзара іс-қимыл жасау;

      Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша облыстық басқармалардың, аудандық және қалалық атқарушы органдардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларын (келісім бойынша) тыңдау;

      жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау мақсаттары үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік, ведомстволық және мемлекеттік емес жүйелерді, желілерді, байланыс және ақпарат беру құралдарын пайдалану;

      облыс әкіміне жұмылдыру дайындығын, аумақтық қорғанысты және азаматтық қорғауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырыстарында қарау үшін жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау салаларына тартылған мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіру және жақсарту жөнінде мәселелер мен ұсыныстар енгізу;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      бюджет қаражатының уақтылы және мақсатты игерілуін қамтамасыз ету;

      жүктелген функцияларды орындаудың заңдылығын сақтауды қамтамасыз ету;

      Басқарма қызметкерлерінің мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) облыс аумағында жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастыру;

      2) жергілікті әскери басқару органдарына бейбіт уақытта және жұмылдыру жарияланған кезде олардың жұмысына жәрдем көрсету, облыс аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқу-жаттығуларды ұйымдастыру және өткізуге қатысу;

      3) әскери міндеттілерді брондау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;

      4) облыс шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге ауыстыру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемі бойынша ұсыныстар енгізу;

      6) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен облыстың жұмылдыру жоспарларын әзірлеу, келісу және бекіту, сондай-ақ облыс шегінде жұмылдыру дайындығы жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

      7) облысты жұмылдыру дайындығы мақсатында ұйымдармен жұмылдыру кезеңіне, соғыс жағдайына және соғыс уақытына тауарлар өндіруге, жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге шарттар (келісімшарттар) жасасу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      8) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпарат беру;

      9) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      10) мемлекеттік органдармен бірлесіп экономиканы жұмылдыру жоспарларын орындауға дайындау жөнінде іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;

      11) аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жұмылдыру жоспарларын қарау және келісуге енгізу;

      12) облыс шегінде шақырылуға жататын азаматтарды уақтылы хабардар етуді және жеткізуді, құрама пункттерге немесе әскери бөлімдерге және арнаулы мемлекеттік органдарға техниканы жеткізуді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында олардың басқаруындағы облыстық коммуналдық меншікті қорғаныс мұқтаждары үшін беруді ұйымдастыру;

      13) жұмылдыру жарияланған кездегі іс-қимыл тәртібі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру;

      14) қорғаныс мақсатында көлік және басқа да техникалық құралдардың есебін және жұмылдыру әзірлігін үйлестіру;

      15) азаматтарды әскери есепке алуды және әскери қызметке дайындауды, оларды әскери қызметке шақыруды, әскери жиындарды және жұмылдыру бойынша шақыруды ұйымдастыру;

      16) Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын іске асыру жөніндегі құжаттарды әзірлеуге қатысу, Қазақстан Республикасының қорғаныс мүддесінде аумақты жедел жабдықтау іс-шараларын жоспарлауды және орындауды ұйымдастыру және қорғаныс мақсатында коммуникацияларды даярлауды қамтамасыз ету;

      17) облыс шегінде арнаулы құрылымдар құруды ұйымдастыру және олардың қызметін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделерінде міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасы экономикасының және халқының тыныс-тіршілігінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;

      18) Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен олардың тапсырыстары бойынша халықты және аумақты қорғанысқа дайындауға, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың материалдық, энергетикалық және өзге де ресурстар мен көрсетілетін қызметтерге қажеттілігін қамтамасыз етуге қатысу;

      19) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекіткен саны мен құрылымы шегінде аумақтық әскерлердің аумақтық органдарын қызметтік үй-жайлармен, көлік құралдарымен, ақпараттың, телекоммуникациялар мен байланыстың техникалық құралдарымен, жиһазбен және казармалық керек жарақпен қамтамасыз етуді үйлестіру, оларды күтіп-ұстауды, қызмет көрсетуді және жөндеуді, жанар-жағармай материалдарын, кеңсе тауарларын сатып алуды, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді, электр энергиясын, жылыту және байланыс қызметтерін төлеу, аумақтық әскерлерді арнайы өрістетуді жүргізу кезінде соғыс уақытының штаттық қажеттілік нормаларына сәйкес материалдық-техникалық құралдар қорын құру, аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің әскери міндеттілерімен жиындар өткізу;

      20) аумақтық әскерлердің аумақтық органдарына техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қызметкерлерді ұстауды қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

      21) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабының келісімі бойынша облыс аумақтарының іс-қимыл, аумақтық қорғаныс, жедел жабдықтау жоспарларын әзірлеу және бекітуге енгізу;

      22) қорғаныс саласындағы өз қызметін әскери басқару органдарымен үйлестіру және келісу;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстың қорғаныс кеңесін құру үшін қажетті құжаттарды дайындау;

      24) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға қатысу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      25) халықты және ұйымдарды азаматтық қорғау саласындағы шаралар туралы хабардар ету жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      26) мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құруды, оларды материалдық-техникалық жарақтандыруды ұйымдастыру;

      27) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері болған жағдайда оларды оқшаулау, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншікті қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, қажетті көмек көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      28) азаматтық қорғау басқармасының облыстық аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдарын құруды және оларды тұрақты әзірлікте ұстауды ұйымдастыру;

      29) аварияларды, төтенше жағдайларды тергеп-тексеруге комиссия құрамына қатысу;

      30) азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және жою жөніндегі жергілікті бюджеттің атқарылуын бекітілген бюджеттік тағайындауларға сәйкес қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      31) төтенше жағдайлар жойылғаннан кейін қоршаған ортаны сауықтыру, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды үйлестіру;

      32) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың облыстық аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету үшін қажетті құжаттарды дайындау;

      33) азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемін айқындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және оны жинақтау, сақтау, жаңарту және әзірлікте ұстау жөнінде қажетті шаралар қабылдау;

      34) игеріліп жатқан кен орындары аудандарында және сейсмикалық қауіпті өңірлерде қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын арттыру жөніндегі іс-шараларды үйлестіру;

      35) құлақтандыру мен ақпараттандырудың техникалық құралдарын орналастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      36) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды үйлестіру;

      37) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге қатысу;

      38) мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде дала өрттерін, сондай-ақ өрттерді сөндіруді ұйымдастыру;

      39) жергілікті атқарушы органдардың төтенше резервінен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және олардың зардаптарының алдын алуға және жоюға қаражат бөлу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      40) төтенше жағдайларды болғызбау, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде зардаптарды жою және залалды азайту жөнінде шаралар әзірлеу және қабылдау;

      41) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), қосалқы және жылжымалы басқару пункттерін құруды ұйымдастыру;

      42) облыстың авариялық және шұғыл қызметтерінің, азаматтық қорғау қызметтерінің "112" бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметімен ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

      43) жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау саласында келіп түскен петицияларды Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен қарау;

      44) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен Басқарма жетекшілік ететін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

      45) аумақтық әскерлерді ұстауды қамтамасыз ету;

      46) заңнамаға сәйкес өзге де функцияларды орындайды.

3. Бірінші басшының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      17. Басқарма басшысын облыс әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      18. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарма қарамағындағы ұйымдардың басшыларын (олардың орынбасарларын) лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      2) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін және Басқарманың басшысы тағайындайтын өзге де қызметкерлерді көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;

      3) Басқарма актілеріне қол қояды;

      4) Басқарма бөлімдері туралы ережелерді бекітеді;

      5) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Басқарма мүдделерін білдіреді, Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді, Басқарма мүдделерін ұсынуға сенімхат береді;

      6) ерлер мен әйелдердің жұмыс тәжірибесіне, қабілеттеріне және кәсіптік даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      8) Басқарманың барлық қаржылық құжаттарына бірінші қол қою құқығына ие;

      9) заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Басқармаға бекітілген мүлік Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      1. Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының "Шығыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығын және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады