Арнайы құқық субъектіcі жүзеге асыратын қызметтермен технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2025 жылғы 17 ақпандағы № 99 бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 193-бабының 9-тармағына, "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ереженің 14 тармағының 141-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Арнайы құқық субъектісі жүзеге асыратын қызметтермен технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Құқық түсіндіру және үйлестіру департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Е. Сәрсембаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

  Әділет министрінің
бұйрығына қосымша

Арнайы құқық субъектісі жүзеге асыратын қызметтермен технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шеңберде нормативтік құқықтық актілерді, заң жобаларының тұжырымдамаларын (реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттары) әзірлеу бойынша ғылыми көмек көрсету және оларды ғылыми сүйемелдеуді жүзеге асыру;

      2. Жүргізілген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді іске асыруға бағытталған заңнамалық актілердің жобалары мен олардың тұжырымдамаларын (реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттары) әзірлеу;

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шеңберде заң шығару бастамасы құқығына ие құқық субъектілері заң жобаларының және заңнамалық актілер жобаларының тұжырымдамаларын (реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттары) әзірлеу кезінде оларға ғылыми жәрдем көрсету;

      4. Қазақстан Республикасы заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын (заңнаманы жетілдіру тұжырымдамаларын) әзірлеу;

      5. Заңнаманың тиімділігіне талдау жүргізу (нормативтік құқықтық актілерді талдау) бойынша қызметтер көрсету;

      6. Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің заңнамасына салыстырмалы-құқықтық зерттеулер жүргізу;

      7. Мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу бойынша қызметтер көрсету;

      8. Кодекстерге және өзге де заңнамалық актілерге ғылыми-практикалық түсініктемелерді дайындау;

      9. Халықаралық құқық саласындағы мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға ғылыми сараптамалық-консультациялық қызметтер көрсету, сондай-ақ халықаралық қатынастарда Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында оның ғылыми-құқықтық қызметін қамтамасыз ету;

      10. Ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға, симпозиумдарға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге және өзге іс-шараларға қатысу, сондай-ақ осындай іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

      11. Заңнамалық актілерді ағылшын тіліне аударуды және оған қол жеткізуді қамтамасыз ету;

      12. Қазақстан Республикасының заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерін қамтитын жүйеленген және түбегейлі дерекқорларды қалыптастыру, жергілікті және онлайн режимдерде жүргізу;

      13. Автоматтандырылған құқықтық ақпарат жүйесін шарттық негізде пайдалана отырып, эталондық заңнамалық актілерді және өзге де нормативтік құқықтық актілерді ұсыну;

      14. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін құру, дамыту, сынақтан өткізу, қолдау және жүйелік техникалық қызмет көрсету:

      а) жергілікті және онлайн режимдерінде Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін қоса алғанда, жүйеленген және жан-жақты дерекқорлар;

      б) халықаралық ұйымдармен бірлескен зерттеулерді қоса алғанда, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулерінің бірыңғай деректер базасы;

      15. Заңнама салалары бойынша тақырыптық жинақтар, Кәсіпорын қызметінің бейіні бойынша анықтамалық-әдістемелік құралдар шығару, сондай-ақ редакциялық-баспа қызметтеріне қатысу;

      16. Пайдаланушыларды пайдаланылатын құқықтық ақпарат жүйелері, бағдарламалық қамтылым жөнінде, сондай-ақ есептеуші желілер мен жүйелерді пайдалану жөнінде оқыту;

      17. Ақпараттық-іздестіру жүйелерін пайдалана отырып, анықтамалық-консультациялық сипаттағы қызметтер көрсету;

      18. Қазақстан Республикасының республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдарының талдамалық және әлеуметтанушылық зерттеулерінің, оның ішінде халықаралық ұйымдармен бірлескен зерттеулерінің бірыңғай дерекқорын қалыптастыру және жүргізу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады