Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қызылорда облысы әкімдігінің 2023 жылғы 13 ақпандағы № 21 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулының қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Б.Д. Жахановқа жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облысының әкімі | Н. Нәлібаев |
Қызылорда облысы әкімдігінің 2025 жылғы "19" наурыздағы № 53 қаулысына қосымша |
Қызылорда облысы әкімдігінің 2023 жылғы "13" ақпандағы № 21 қаулысына қосымша |
Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 19123 нөмірімен тіркелген), "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – облыстың аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;
2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту – азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;
3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру – сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;
4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;
5) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі – ауылшартауарынөндіруші) – ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
6) сатып алу интервенциялары – облыстың аумағында бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде мамандандырылған ұйымның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;
7) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;
8) тіркелген баға – өндіруге/сатып алуға, сақтауға, табиғи кемуге (кебуге), межелі орынға дейін жеткізуге кеткен шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнынан маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы;
9) форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы;
10) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.
3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері осы Қағидаларға сәйкес іске асырылады.
4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.
5. Облыс әкімінің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын кәсіпкерлік, сауда және ауыл шаруашылығы саласындағы атқарушы органдар қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;
2) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;
3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес қарыз беруге кәсіпкерлік субъектісін анықтау;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша мамандандырылған ұйымдардың ұсыныстарын қарау.
8. Комиссияның жұмысын құруды және ұйымдастыруды облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ауыл шаруашылығы саласындағы атқарушы органы (әрі қарай-басқарма) қамтамасыз етеді.
9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін басқарма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымнан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.
10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге басқарма мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.
Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатын жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.
Егер, мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.
11. Мамандандырылған ұйымның тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған үстеме, коммуналдық және басқа да шығыстары жыл сайын азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырма есебінен жабылады.
12. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі-мамандандырылған ұйым) тізбесін "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
13. Мамандандырылған ұйым басқармаға электрондық құжат айналымы, пошта байланысы арқылы не басқарманың кеңсесі арқылы қолма-қол осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпаратты ұсынады.
Басқарма агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы және сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi органдарына электрондық құжат айналымы арқылы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынады.
2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі
14. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:
1) тұрақтандыру қорларының қызметі;
2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.
15. Облыстық бюджеттен бөлінетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі болып табылады.
16. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру бекітілген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және өңдеуші кәсіпорындарды форвардтық қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызы мөлшерінде алдын ала төлем және өнім жеткізілгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарымен жүзеге асырылады.
17. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс (қалалық немесе жалпы) халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін қалыптастырылады.
18. Мамандандырылған ұйым ауылшартауарынөндірушілерді форвардтық шарттар шеңберінде:
2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін 2024 жылғы күзгі түсімнің көкөніс өнімдерін өндіру және 2025 жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды жүзеге асырады.
2024 жылдан бастап және одан кейінгі жылдары ауылшартауарынөндірушілерді көкөніс өнімдерін өндіру үшін қаржыландыру мынадай мерзімдерде жүзеге асырылады:
ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейін келесі жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты өніммен қамтамасыз ету үшін.
19. Мамандандырылған ұйым көкөніс өнімдерін сатуды бастағанға дейін ауылшартауарынөндірушілерде немесе басқа қоймаларда сақтауды жүзеге асырады. Сақтау шығындарын есептеу аудандар мен Қызылорда қаласының жергілікті атқарушы органның өңірдегі сақтаудың ұқсас түрлеріндегі сақтаудың орташа құны туралы деректері негізінде жүргізіледі.
20. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде көкөніс өнімдерін жеткізу мамандандырылған ұйым басқармамен бірлесіп маусымаралық кезеңде (қысқы-көктемгі кезең: ақпан, наурыз, сәуір; көктемгі-жазғы кезең: мамыр, маусым, шілде) қалыптастыратын график негізінде не ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету қажет болған жағдайда басқа кезеңдерде жүзеге асырылады.
21. Мамандандырылған ұйым басқармамен бірлесіп форвардтық шарт жасалған сәттен бастап көкөніс өнімдерін өндіру циклінің барлық кезеңдерінде егістікке бара отырып, ауылшартауарынөндірушілердің қызметіне мониторингті жүзеге асырады.
22. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-баптарына сәйкес сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
1-параграф. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі
23. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
24. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.
25. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.
26. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелді) бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінен қалыптастырылады.
27. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес облыстың мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.
28. Комиссия облыстың әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.
29. Облыстың жергілікті атқарушы органы Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және оларға шекті сауда үстемесін бекітеді.
30. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.
31. Азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларына сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
32. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын аймақтық тұрақтандыру қорларына сатып алу кезінде мамандандырылған ұйым ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, қайта өңдеу кәсіпорындарының, азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме жеткізушілердің (дистрибьюторлардың) қаржылық тұрақтылығына талдау жүргізеді.
Егер ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (қайта өңдеу кәсіпорны, азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме жеткізуші (дистрибьютор)) салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары бойынша, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің және мамандандырылған ұйым алдындағы орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқару құжаттары бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың жоқтығы бойынша жиынтық талаптарға сәйкес келсе, онда қаржылық тұрақты болып саналады.
33. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интервенциялары туралы шешімді қабылдайды.
34. Мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақытылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.
35. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.
36. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.
37. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.
38. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.
39. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.
40. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы облыстың әкімі бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.
41. Басқарма мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, басқарманың және мамандандырылған ұйымның интернет-ресурстары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.
2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі
42. Басқарма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйым арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ, өзге де мәліметтер негізінде Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу, ақылылық және мерзімділік талаптарымен жүзеге асырылады.
43. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға жіберіледі.
44. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.
45. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін Комиссия айқындайды.
46. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мынадай бірыңғай талаптар (өлшемшарттар) белгіленеді:
1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;
3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
4) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің болуы;
5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;
6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;
7) осы қағидалардың 48-тармағына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуы.
47. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.
48. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банктік кепілдендіру, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.
49. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.
50. Қарыз шарттарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің мамандандырылған ұйыммен келісу бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу графигін қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен толық көлемде өткізу; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну жөніндегі міндеттемелері көзделеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттемелерді орындау бөлігінде қарыз шарты талаптарының орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы қарыз шартын елеулі түрде бұзу деп танылады.
51. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.
52. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.
Әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына қосымша Нысан |
Әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан
Ұсынылады: Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне Әкімшілік деректер нысаны: www.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат
Индекс: № 1 нысан – ӘМАТ Жиілік: апта сайын Есепті кезең: 20___жылғы____________ Ақпаратты ұсынатын тұлғалар тобы: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйым, басқарма. Әкімшілік деректер нысанын ұсыну мерзімі: мамандандырылған ұйым басқармаға апта сайын сәрсенбі күндері; басқарма Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне апта сайын бейсенбі күндері ұсынады.
Тауардың атауы | Сатып алынған тауарлар | ||||||||||||
тікелей | форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар шеңберінде | берілген қарыздар бойынша | |||||||||||
ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары | азық-түлік тауарларын сатуға мамандандырылған көтерме жеткізушілер (дистрибьюторлар) | ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары | азық-түлік тауарларын сатуға мамандандырылған көтерме жеткізушілер (дистрибьюторлар) | ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары | азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері | ||||||||
тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | ||
1 | Сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі) | ||||||||||||
2 | Қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын) | ||||||||||||
3 | Ақ қауданды қырыққабат | ||||||||||||
4 | Картоп | ||||||||||||
5 | Майлылығы 2,5% айран, жұмсақ қаптамада | ||||||||||||
6 | Басты пияз | ||||||||||||
7 | Рожки (өлшеніп салынатын) | ||||||||||||
8 | Күнбағыс майы | ||||||||||||
9 | Сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар мен өсімдік майлары жоқ) | ||||||||||||
10 | Пастерленген сүт, майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада | ||||||||||||
11 | Асханалық сәбіз | ||||||||||||
12 | Бірінші сортты бидай ұны | ||||||||||||
13 | Тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік) | ||||||||||||
14 | Тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын) | ||||||||||||
15 | Ақ қант - құмшекер | ||||||||||||
16 | Ас тұзы ("Экстра"-дан басқа) | ||||||||||||
17 | Сүзбе: майлылығы 5-9% | ||||||||||||
18 | Бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді) | ||||||||||||
19 | Тауық жұмыртқасы (І санатты), мың дана | ||||||||||||
20 | Жалпы қорытынды, тауық жұмыртқасы мен нанды қоспағанда |
Кестенің жалғасы
Бар тауарлар | Сатылған көлем | Қалдық | ||||||||
тұрақтандыру қорларындағы | форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар шеңберінде | берілген қарыздар бойынша | Өткізу орны | тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | |||
тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | тонна | мың теңге | |||||
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат" әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды толтыру бойынша түсініктеме осы нысанға қосымшада келтірілген. Атауы:__________________________________ Мекенжайы____________________________ Телефоны____________________ Электрондық почтасы____________________________ Орындаушы________________________ Басшы немесе оның міндетін атқарушы адам: __________________________________________________ ____________________ (аты және әкесінің аты (бар болса), тегі (қолы) Күні: 20___ жылғы "____" _________ Мөрдің орны
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат" әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанға қосымша |
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат" әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды толтыру бойынша түсініктеме
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы түсіндірме "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат" әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды (бұдан әрі – Нысан) толтыру жөніндегі бірыңғай талаптарды айқындайды.
2. Нысанды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйым, басқарма толтырады.
3. Нысанға басшы немесе оның міндетін атқарушы адам тегі мен аты-жөнін көрсете отырып қол қояды.
4. Нысанды:
мамандандырылған ұйым басқармаға апта сайын сәрсенбі күндері;
басқарма Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және сауда және интеграция министрліктеріне апта сайын бейсенбі күндері ұсынады;
5. Нысан мемлекеттік және орыс тілдерінде толтырылады.
2-тарау. Нысанды толтыру бойынша түсініктеме
6. Нысанның 1-бағанында реттік нөмірі көрсетіледі.
7. Нысанның 2-бағанында тауардың атауы көрсетіледі.
8. Нысанның 3-бағанында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден және қайта өңдеу кәсіпорындарынан тікелей сатып алынған тауарлардың көлемі мен сомасы тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
9. Нысанның 4-бағанында азық-түлік тауарларын сатуға мамандандырылған көтерме жеткізушілерден (дистрибьюторлардан) тікелей сатып алынған тауарлардың көлемі мен сомасы тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
10. Нысанның 5-бағанында форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден және қайта өңдеу кәсіпорындарынан сатып алынған тауарлардың көлемі мен сомасы тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
11. Нысанның 6-бағанында форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар шеңберінде азық-түлік тауарларын сатуға мамандандырылған көтерме жеткізушілерден (дистрибьюторлардан) сатып алынған тауарлардың көлемі мен сомасы тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
12. Нысанның 7-бағанында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына берілген қарыздар бойынша сатып алынған тауарлардың көлемі мен сомасы тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
13. Нысанның 8-бағанында азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген қарыздар бойынша сатып алынған тауарлардың көлемі мен сомасы тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
14. Нысанның 9-бағанында тұрақтандыру қорларында бар тауарлардың саны, тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
15. Нысанның 10-бағанында форвардтық шарттар мен оффтейк-келісімшарттар шеңберінде бар тауарлардың саны тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
16. Нысанның 11-бағанында берілген қарыздар бойынша қолда бар тауарлардың саны тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
17. Нысанның 12-бағанында сатылған көлемі, тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі;
18. Нысанның 13-бағанында қалдық, тоннамен және мың теңгемен көрсетіледі.