"Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 11 ақпандағы № 31 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 46-бабына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабының 2-бөлігіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 27-бабының 2-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 124-бабына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына, "Маңғыстау облысы әкімдігінің 2013 жылғы 1 шілдедегі № 187 "Маңғыстау облысының жергілікті мемлекеттік басқару құрылымы туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Маңғыстау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 16 қаңтардағы №11-02/09 қаулысына сәйкес, Маңғыстау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі оған "Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесін біріктіру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі болып қайта аталсын.

      3. Қоса беріліп отырған "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      4. "Маңғыстау облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың Тізіліміне тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізсін.

      5. "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі:

      1) Осы қаулыға қол қойылған сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде өткізу актісін рәсімдеу рәсімін аяқтауды;

      2) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік қайта тіркелуін;

      3) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      4) осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін оның Маңғыстау облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      5) осы қаулыдан туындайтын өзге де қажетті шараларды қабылдасын.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Маңғыстау облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      7. Осы қаулы оны алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Маңғыстау облысының әкімі Н. Қилыбай

  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2025 жылғы "11" ақпандағы
  № 31 қаулысымен бекітілді

"Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Маңғыстау облысының аумағында агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылық және жер қатынастары салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 23 шағын аудан, № 14 ғимарат, пошталық индексі 130001.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру;

      2) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      3) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      4) Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласындағы заңнамасымен көзделген өзге де мақсаттарды жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті актілерді қабылдау;

      заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      өз құзыреті шегінде комиссияларды құру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;

      өз өкілеттіктері мен функцияларының бір бөлігін беру;

      заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

      Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерін қабылдау және қарау;

      Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыс әкімінің тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;

      Басқарманы цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдау;

      Басқарманың құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы іс-шараларын ұйымдастыру, жоспарлау және орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру;

      ҚР "Азаматтық қорғау туралы" Заңында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету;

      Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыру мәселесі бойынша келісім (меморандум) жасасу;

      3) климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды өз құзыреті шегінде жүргізу;

      4) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі басымдықтар мен шараларды өз құзыреті шегінде айқындау;

      5) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды өз құзыреті шегінде жүзеге асыру;

      6) өз құзыреті шегінде айқындалған, климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралардың тиімділігіне мониторинг пен бағалауды жүзеге асыру және мониторинг пен бағалау нәтижелері негізінде осы шараларды түзету;

      7) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерiн Қазақстан Республикасы "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңға және осы саладағы басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттiк қолдау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

      8) агроөнеркәсiптiк кешенді дамыту саласындағы мемлекеттiк техникалық инспекцияны жүзеге асыру;

      9) агроөнеркәсiптiк кешен салаларын мамандармен қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асыру, агроөнеркәсiптік кешен кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың бiліктілігін арттыру;

      10) "Агроөнеркәсіп кешеніндегі үздік кәсіп иесі" конкурсын өткізу;

      11) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру;

      12) азық-түлік тауарларын сатып алу бағдарламаларына қатысушыларды анықтау жөніндегі комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру;

      13) облыстың агроөнеркәсіптiк кешен саласында инновациялық тәжiрибенi тарату және енгізу жөнiндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;

      14) облыстың агроөнеркәсіптiк кешен саласында инновациялық жобаларды іріктеуді ұйымдастыру қағидаларын бекітуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      15) ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыратын, мал шаруашылығы өнiмi мен шикiзатын дайындайтын мемлекеттік пункттердi, сою алаңдарын (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарын) , пестицидтердi және олардың ыдыстарын арнайы сақтау орындарын (көмінділерді) салуды, күтіп-ұстауды және реконструкциялауды қамтамасыз ету;

      16) асыл тұқымды малды сатып алуды, ұстауды және кең ауқымда өз төлi есебінен өсiру үшін мал басын молықтыратын төл өсiрудi ұйымдастыру;

      17) отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге өткiзiлген бiрiншi, екiншi және үшiншi репродукциялы тұқымдардың құнын арзандатуды қамтамасыз ету;

      18) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе мен тәртіпке сәйкес облыста зиянды организмдерге қарсы күрес жөнінде іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз ету;

      19) облыстың азық-түлік тауарлары қорларын есепке алуды жүргізу және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органға есептілік ұсыну;

      20) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру кезіндегі комиссияның бір бөлігінің және қарыздарын сақтандыру кезіндегі сақтандыру сыйақыларының бір бөлігінің орнын толтыру;

      21) агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру;

      22) кепілдендірілген сатып алу бағасы және сатып алу бағасы белгіленетін, сатып алынатын ауылшаруашылық өнімі субсидияларының нормативін бекітуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      23) қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім шығаруы үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау;

      24) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одақтарының ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ішкі аудитін жүргізуге арналған шығындарын субсидиялау;

      25) тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын субсидиялауды жүзеге асыру;

      26) басым дақылдардың, оның ішінде көпжылдық екпелердің өндірісін субсидиялауды жүзеге асыру;

      27) саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге және карантинді объектілерге қарсы өңдеу жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын субсидиялауды жүзеге асыру;

      28) жеке және заңды тұлғаларға жеміс дақылдарының бактериялық күйігін жұқтырған жойылған жеміс-жидек дақылдарын отырғызу мен өсіру шығындарын өтеу;

      29) ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидалары негізінде әзірленген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын облыстық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;

      30) мыналар:

      агроөнеркәсіптiк кешен салаларына инвестициялар мен екiншi деңгейдегi банктердің кредиттерiн тарту;

      мамандандырылған мал шаруашылығы қожалықтарының өсуi үшiн жағдай жасау бойынша iс-шаралар әзiрлеу;

      бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi қалыптастыру және дамыту, оларды жаңғырту және сапа менеджментiнiң халықаралық жүйесiне көшiру үшiн жағдай жасау;

      31) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытудың ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкілетті органмен келісілген жергілікті бюджеттік басым инвестициялық жобаларының және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жобалардың тізбесін жасау;

      32) агроөнеркәсiптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесiнiң жұмыс iстеуi мен дамуы үшін жағдай жасау;

      33) ішкі және сыртқы азық-түлiк нарықтарындағы ахуалды зерделеу және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің тиісті ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;

      34) агроөнеркәсіптік кешеннің және ауылдық аумақтардың жай-күйi мен дамуы туралы ақпаратты агроөнеркәсіптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi жөнiндегі уәкілеттi мемлекеттiк органдарға беру;

      35) Маңғыстау облысын азық-түлікпен қамтамасыз етілу теңгерімін жасау;

      36) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін мамандандырылған ұйымдардан көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру;

      37) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиссияны құру және оның жұмысын ұйымдастыру;

      38) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын әзірлеу және облыс әкімдігіне бекітуге ұсыну;

      39) агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды жүзеге асыру;

      40) ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету үшін азық-түлік астығын өткізу кезінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияның шеккен шығыстарын өтеуді субсидиялауды жүзеге асыру;

      41) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды жүзеге асыру;

      42) органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау кезінде жұмсалған шығыстардың бір бөлігін субсидиялауды жүзеге асыру;

      43) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау, негіздеу, іске асыру және нәтижелерге қол жеткізу;

      44) мына бағыттар бойынша облыстың агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялауды жүзеге асыру:

      тұқым шаруашылығын дамыту;

      мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру;

      асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту:

      агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау;

      астықты қайта өңдеу ұйымдары ішкі нарықты реттеу мақсатында сатып алатын мемлекеттік сатылатын және мемлекеттік тұрақтандыру астық ресурстары астығының құнын оларға ішінара өтеу;

      ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өсіру;

      отандық ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесін ұлғайту;

      агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру мен сақтандыру шеңберінде субсидиялау;

      45) тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      46) уәкілетті органның қарауына элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарының элиталық тұқымдарды өндіру мен өткізу көлемі жөнінде ұсыныстар енгізу;

      47) тұқым шаруашылығы субъектілеріне және тұқым сапасына сараптама жүргізу жөніндегі зертханаларға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті куәлік бере отырып, оларды аттестаттауды жүргізу;

      48) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;

      49) облыс бойынша тұқымдар баланстарын жасау;

      50) облыс бойынша тұқым ресурстарының мониторингін жүзеге асырады;

      51) ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы саласындағы қажетті ақпарат беруді қамтамасыз ету;

      52) құзыреті шегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сақтық және ауыспалы тұқым қорларын қалыптастыруына жәрдемдесу;

      53) бастапқы, элиталық тұқым шаруашылығын жүргізу және ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын жаппай көбейту схемалары мен әдістері бойынша ұсыныстар енгізу;

      54) сұрыптық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыру, сұрыптық егiстіктердi байқаудан өткiзуді, жерге егiп бағалауды, зертханалық сұрыптық сынақтарды, тұқым сапасына сараптама жүргізу тәртібінің орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      55) Қазақстан Республикасының "Тұқым шаруашылығы туралы" Заңының 6-1-бабының 12) тармақшасына сәйкес айқындалатын квоталар шегінде субсидиялауға жататын тұқымдарды өткізудің шекті бағасын белгілеу туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      56) субсидиялауға жататын тұқымдардың әрбір түрі бойынша жыл сайынғы квоталарды:

      тұқым шаруашылығы саласында аттестатталған әрбір субъект үшін – бірегей тұқымдар бойынша;

      әрбір әкімшілік-аумақтық бірлік үшін элиталық тұқымдар бойынша айқындау;

      57) субсидияланған бiрегей және элиталық тұқымдардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;

      58) байқаудан өткiзушiлер мен тұқым сарапшылары кадрларын даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру;

      59) ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi тұқымдарының сұрыптық және егістік сапасына сараптама жүргiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      60) тұқым шаруашылығы жөнiндегі мемлекеттік инспектордың ұсынысы негізінде:

      субъектiнiң тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыруға құқығын куәландыратын аттестаттау туралы куәлігінің қолданысын;

      тұқымдардың сұрыптық және егістік сапаларына сараптама жүргiзу жөніндегі қызметті тоқтата тұру туралы ұсыныс енгізу;

      61) астық нарығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      62) астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау;

      63) табиғи-климаттық жағдайларды және нарық конъюнктурасын ескере отырып, астық өндірісі құрылымын оңтайландыру, астық өндірудің, сақтаудың және өткізудің жаңа озық технологияларын жетілдіру және енгізу;

      64) бюджеттік бағдарламаларға сәйкес отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштар мен пестицидтердің құнын арзандатуды жүзеге асыру;

      65) ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне қажеттіліктерін уақтылы қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдау;

      66) өңірлерде техникалық реттеу саласында сәйкестікті растау бойынша қызметтер көрсету жөнінде бәсекелестік ортаны құру бойынша шаралар қабылдау;

      67) астық қабылдау кәсіпорындарын мемлекеттік бақылау;

      68) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның қолданылуын тұтастай немесе жекелеген операцияларды жүзеге асыру бөлігінде алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру;

      69) астық қабылдау кәсіпорындарының Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу, астықты сақтау, астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын сақтауын бақылау;

      70) Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының бұзылуы туралы нұсқамалар беру, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау;

      71) облыста астық нарығының мониторингін жүзеге асыру;

      72) астық қауiпсiздiгi мен сапасын мемлекеттік бақылау;

      73) "Астық туралы" ҚР Заңның 28-бабының 2-тармағында көзделген негіздер болған кезде астық қабылдау кәсіпорнынан астықты көліктің кез келген түрімен тиеп жөнелтуге тыйым салу;

      74) тізілім деректеріне сәйкес астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу және астықтың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау тұрғысынан астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін инспекциялау (тексеру) ;

      75) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу және мерзімінен бұрын аяқтау туралы сотқа арыз беру;

      76) астық нарығына қатысушылардың астығының нақты бар-жоғы мен сапасын және оның есепті деректерге сәйкестігін тексеру;

      77) астықтың сандық-сапалық жай-күйін бақылау;

      78) астық қолхаттарын ұстаушыларға астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына енгізу үшін кандидатуралар ұсыну туралы хабарлама жіберу;

      79) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу жөнінде ұсыныстар енгізу;

      80) халыққа органикалық өнім өндіру туралы ақпарат беруді қамтамасыз ету;

      81) органикалық өнім өндірушілер қызметінің Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды және мониторингті жүзеге асыру;

      82) Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін органикалық өнімді өткізуге жол бермеу жөніндегі шараларды анықтау және әзірлеу мақсатында Ішкі сауда объектілерін бақылау мен мониторингілеуді жүзеге асыру;

      83) өсімдіктерді қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      84) арнайы сақтау орындарын (көмінділерді) салу, тиісті жағдайда күтіп-ұстау және қолдау;

      85) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісім бойынша пестицидтерді залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      86) саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары саяқ көк қасқа шегірткелерге қарсы күрес жөніндегі фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу;

      87) мыналар:

      пестицидтерді өндіру (формуляциялау) ;

      пестицидтерді өткізу;

      пестицидтерді аэрозольдық және фумигациялық тәсілдермен қолдану жөніндегі қызметті лицензиялау;

      88) карантинді объектілердің таралуының есебін жүргізеді және уәкілетті орган мен мүдделі тұлғаларға ақпарат беру;

      89) өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      90) мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау объектілерінде осы объектілердің иелері – жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізуін ұйымдастыру;

      91) уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің ұсынуы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті аумақтарда карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу немесе оның күшін жою туралы шешім қабылдау;

      92) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      93) асыл тұқымды малдың, оның ішінде тектік қоры шектеулі тұқымдардың тектік қорын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған іс-шараларды субсидиялауды жүзеге асыру;

      94) облыстың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен олардың тәжірибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттік тұқым өсіру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерін беру жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      95) аумақтық сулар алып жатқан жер учаскелерін жасанды ғимараттар салу үшін беру жөніндегі облыстың жергілікті атқарушы органының ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;

      96) облыстың жергілікті атқарушы органының қоғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою жөніндегі ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;

      97) жерді резервте қалдыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау;

      98) өз құзыреті шегінде мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту;

      99) өз құзыреті шегінде жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

      100) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      101) облыстың жерді аймақтарға бөлу жобаларын, жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жобалары мен схемаларын әзірлеуді ұйымдастыру;

      102) өз құзыреті шегінде жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;

      103) жерді пайдалану мен қорғау мәселелерін қозғайтын, облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;

      104) өз құзыреті шегінде жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасады және жасалған шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      105) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың деректері негізінде облыстың жер балансын жасау;

      106) Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 71-бабына сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      107) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      108) жер-кадастрлық жоспарды бекіту;

      109) Жер учаскесін беру және өзге де жер қатынастары мәселелерін қарау жөніндегі облыстық комиссияның отырыстарын ұйымдастыру және алдын ала құжаттарын дайындау;

      110) өзге де ауыл шаруашылығы және жер қатынастары салаларындағы функциялар.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшылары мен орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) ерлер мен әйелдерді басшылық қызметке ұсыну кезінде гендерлік теңгерімнің сақталуын қамтамасыз ету;

      5) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      6) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      7) келісімшарттар жасасады;

      8) сенімхаттар береді;

      9) банктік шоттар ашады;

      10) өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      11) Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      12) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

      13) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;

      14) Басқарманың қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады;

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21.Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22 .Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарма қарамағындағы ұйымдарының тізбесі

      1) Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының "Ақтау қалалық ветеринариялық станциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының "Жаңаөзен қалалық ветеринариялық станциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының "Қарақия аудандық ветеринариялық станциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      4) Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының "Мұнайлы аудандық ветеринариялық станциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      5) Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының "Түпқараған аудандық ветеринариялық станциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      6) Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының "Маңғыстау аудандық ветеринариялық станциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      7) Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының "Бейнеу аудандық ветеринариялық станциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады