"Маңғыстау облысының индустриялық - инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта атау туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 19 ақпандағы № 51 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 42-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 27-бабының 2-тармағына, Маңғыстау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 16 қаңтардағы №11-02/09 "Маңғыстау облысы әкімдігінің 2013 жылғы 1 шілдедегі № 187 "Маңғыстау облысының жергілікті мемлекеттік басқару құрылымы туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулысына сәйкес, Маңғыстау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1."Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі "Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі болып қайта аталсын.

      2. Қоса беріліп отырған "Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      3. "Маңғыстау облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың Тізіліміне тиісті толықтыру енгізсін.

      4. "Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін оның Маңғыстау облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы қаулыны іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін Маңғыстау облысы әкімі орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Маңғыстау облысының әкімі Н. Қилыбай

  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2025 жылғы "19" ақпандағы
  № 51 қаулысымен бекітілді

"Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Маңғыстау облысының аумағында өнеркәсіпті дамыту, инновациялар, инвестициялар тарту салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, № 1 ғимарат, пошталық индексі 130001.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) облыс деңгейінде өнеркәсіпті дамыту, инвестициялар тарту, инновацияны дамыту және сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) Маңғыстау облысының өңдеу өнеркәсібін дамыту;

      3) инвестициялық жобаларды іске асыру және өндірісті жаңғырту;

      4) республикалық және өңірлік даму институттарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;

      5) экономиканың басым салаларын дамытудың маңызды көзі ретінде өңірге инвестициялар тарту;

      6) Маңғыстау облысындағы инвестицияларды талдау;

      7) Маңғыстау облысында инновацияларды дамыту;

      8) сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесу болып табылады;

      9) экспорттық әлеуетті дамыту;

      10) индустриялық кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру арқылы индустрияландыруды тереңдету;

      11) ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлардың өндіріс көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейту;

      12) базалық өндірістерді дамытуды ынталандыру және стратегиялық жобаларды іске асыру арқылы өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту;

      13) өңдеуші өнеркәсіп салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мақсаттар.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті актілерді қабылдау;

      заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      өз құзыреті шегінде комиссияларды құру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;

      өз өкілеттіктері мен функцияларының бір бөлігін беру;

      заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

      Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерін қабылдау және қарау;

      Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыс әкімінің тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;

      Басқарманы цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдау;

      Басқарманың құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы іс-шараларын ұйымдастыру, жоспарлау және орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру;

      ҚР "Азаматтық қорғау туралы" Заңында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету;

      Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) өңірдің өнеркәсіптік саясатын қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;

      2) өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым элементтеріне, өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектілеріне әдістемелік, консультациялық, практикалық және өзге де көмек көрсету;

      3) тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алу елішілік құндылық мониторингіне жататын ұйымдардың тізбесіне сәйкес ұйымдардың сатып алуындағы елішілік құндылық бойынша ақпаратты жинауды, талдауды жүзеге асырады және оны өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде беру;

      4) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыру туралы ақпаратты беру;

      5) индустриялық даму бойынша Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеуге қатысу;

      6) өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарында өңірдің индустриялық дамуы туралы баяндауды дайындау;

      7) "Өнеркәсіптік саясат туралы" заңға сәйкес өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету;

      8) бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберінде өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың іске асырылуын үйлестіруді жүзеге асыру және тоқсан сайын өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға ақпарат беру;

      9) өз құзыреті шегінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      10) арнайы индустриалдық және экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларын тарту;

      11) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен өңірлік маңызы бар арнайы индустриалдық және экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шартты жасасу;

      12) арнайы индустриалдық және экономикалық аймақтар қатысушыларының қызметті жүзеге асыру туралы шарттардың талаптарын орындауына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторингтің деректерін талдау;

      13) уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру, оның жұмыс iстеуiн ұзарту немесе тарату туралы шешiмдер қабылдау жөнiнде облыс әкiмдiгiне ұсыныстар енгiзу;

      14) облыс әкімдігіне облыстық маңызы бар индустриялық аймақты, сондай-ақ шағын индустриялық аймақты құру, қызмет ету мерзімін ұзарту немесе тарату туралы шешімдер қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізу;

      15) жеке индустриялық аймақтарды құру тұжырымдамасын келісу бойынша облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу;

      16) арнайы индустриялық аймақ мәртебесін бере отырып, арнайы индустриялық аймақтар құру тұжырымдамасын келісу бойынша облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу;

      17) облыс әкімдігіне арнайы индустриялық аймақ мәртебесінен айыру туралы шешім қабылдау туралы ұсыныстар енгізу;

      18) республикалық немесе облыстық маңызы бар индустриялық аймақ туралы үлгілік ережені негізге ала отырып, облыс әкімдігіне республикалық немесе облыстық маңызы бар индустриялық аймақ туралы ережені бекіту туралы ұсыныстар енгізу;

      19) облыс әкімдігіне индустриялық аймақты құру жөніндегі жобаларды іске асыру, оның ішінде индустриялық аймақ құру тұжырымдамасы бойынша ұсыныстар енгізу, сондай-ақ индустриялық аймақ құру үшін инфрақұрылымды салуға жобалау-сметалық құжаттаманың ведомстводан тыс кешенді сараптамасын қамтамасыз ету;

      20) индустриялық аймақтарды дамыту жоспарларының жобаларын әзірлеу бойынша облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу;

      21) облыс әкімдігіне индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын анықтау жөнінде ұсыныстар енгізу;

      22) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды орналастыру үшін жер учаскелерін беру туралы облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу және арнайы экономикалық басқарушы компаниялармен шарттар жасасу және мемлекеттік жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) арналған үлгілік шарттар негізінде арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ құрылатын мемлекеттік жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) арналған индустриялық аймақтар;

      23) өнеркәсіпті дамыту, инвестициялар тарту мәселелері бойынша іс-шараларды (форумдар, көрмелер, семинарлар, кеңестер) ұйымдастыруға жәрдем көрсету;

      24) өз құзыреті шегінде өңірлерде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және орындау;

      25) өңір экономикасына инвестициялар тартудың ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізу;

      26) жергілікті атқарушы билік деңгейінде шетелдік және отандық инвесторлардың инвестициялық қызметін қолдауды қамтамасыз ету болып табылады;

      27) облыс үшін басым инвестициялық жобаларды іске асыруды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға инвестициялық преференциялар алуға жәрдем көрсету;

      28) әлеуетті инвесторлар үшін инвестицияларды талап ететін жобаларды айқындау және тиісті құжаттарды дайындауды қамтамасыз ету;

      29) Маңғыстау облысына инвестициялар тарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуге қатысу және іске асырылуын мониторингілеу;

      30) бірыңғай Индустриаландыру картасы, Маңғыстау облысының өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға және инвестициалар бойынша мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде инвестициялық жобаларға мониторингті жүзеге асыру;

      31) үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің және инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің жұмысын ұйымдастыру;

      32) инвестициялар тарту жөніндегі өңірлік фронт-офисті одан әрі дамытуға жәрдем көрсету;

      33) инвестициялар тарту жөніндегі даму институттарымен, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ-мен, шет елдердегі мекемелермен, Қазақстан Республикасындағы жақын және алыс шет елдердегі елшіліктерімен өзара іс-қимыл жасау;

      34) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ұйымдардың тізбесіне сәйкес елішілік құндылық бойынша өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға ақпарат жинауды, талдауды және ұсынуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде елішілік құндылық мониторингіне жататын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      35) өңірдің газ мұнайын өндіру жөніндегі деректерді қалыптастыру және талдау;

      36) өңдеуші өнеркәсіптің экономикалық көрсеткіштерін талдау, бағалау және болжау;

      37) тау-кен өндіру өнеркәсібі мен өңдеу өнеркәсібінің мұнай-газ секторының ірі және орта кәсіпорындарының қаржы-шаруашылық қызметін талдау;

      38) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым элементтеріне, өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектілеріне әдістемелік, консультациялық және практикалық көмек көрсету;

      39) өнеркәсіптік өндіріс салаларындағы экономиканың жай-күйі туралы жылдық және тоқсан сайынғы баяндамаларды, ай сайынғы мониторингті дайындауға қатысу;

      40) жетекшілік ететін өнеркәсіп кәсіпорындары бойынша деректер базасын қалыптастыру және тұрақты жаңарту;

      41) өңірде инновациялық қызметті дамыту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      42) Маңғыстау облысының аумағында инновациялық саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру;

      43) Басқарма құзыреті шегінде аймақтың инновациялық климатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды, семинарларды, конференцияларды, инновациялық форумдарды ұйымдастыру;

      44) өңір экономикасындағы инновацияларды дамытудың ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізу;

      45) экспортты ілгерілетуге кедергі келтіретін проблемалық мәселелер мен тосқауылдарға талдау жүргізу үшін экспорт жөніндегі өңірлік кеңестің жұмысын ұйымдастыруды бақылауды қамтамасыз ету

      46) экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік жол картасын әзірлеу және іске асыру мониторингі;

      47) "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы" акционерлік қоғамының қызметін ұйымдастыруды, оның жұмыс істеуін, дамуын және бақылауын жүзеге асыру;

      48)"Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы" акционерлік қоғамының аумағында іске асырылатын инвестициялық жобалардың мониторингін жүзеге асыру;

      49) өз құзыреті шегінде "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы" акционерлік қоғамының аумағында инженерлік инфрақұрылымның дамуына мониторингті жүзеге асыру;

      50) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросының статистикалық деректеріне сәйкес өңірдің сыртқы сауда айналымына (экспорт, импорт), оның ішінде азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, шикі және шикізаттық емес экспорттық тауарлар бөлімі бойынша тоқсан сайын талдау жүргізу;

      51) шетелде және Қазақстан Республикасының аумағында облыстық сауда-экономикалық миссиялар мен делегацияларды ұйымдастыруға жәрдемдесу;

      52) шекара маңы ынтымақтастығы мәселелері бойынша есептер, ұсыныстар, ақпарат дайындау;

      53) сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялардың отырыстарына облыс бойынша отырыстардың хаттамаларын, іс-шаралар жоспарларын орындау жөнінде ұсыныстар, ақпарат әзірлеу;

      54) облыс әкімдігінің басқа елдермен сауда-экономикалық және өзге де салалардағы ынтымақтастығы туралы келісімдердің жобаларын дайындау;

      55) шетелдік инвесторлардың, шет мемлекеттер делегацияларының және елшілерінің сапарларын ұйымдастыру;

      56) жергілікті тауар өндірушілердің экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асыруы кезіндегі проблемалық мәселелердің тұрақты мониторингі;

      57) облыстың сыртқы экономикалық қызметі мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін ақпараттық материалдар дайындау;

      58) "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ және "Kazakh Export" ЭСК" АҚ Ұлттық институттарымен Маңғыстау облысының экспортын дамыту және ілгерілету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша өзара іс-қимыл жасау;

      59) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен, Қазақстан Республикасының шет елдердегі елшіліктерімен, консулдықтарымен, өкілдіктерімен сыртқы экономикалық байланыстар мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      60) шетелде өтетін халықаралық форумдарды, көрмелерді, тұсаукесерлерді жоспарлау, дайындау және өткізу;

      61) Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды, Қазақстанды индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің хаттамалық тапсырмаларын, кен өндіру өнеркәсібі мен өңдеу өнеркәсібінің мұнай-газ секторын дамыту бөлігінде Маңғыстау облысының даму бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      62) Басқарманың құзыреті шегінде басқарманың интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілерінде облыстың стратегиялық жоспарлау құжаттарын іске асыру мониторингінің нәтижелерін орналастыру;

      63) "Облыстарды дамыту бағдарламасының мақсаттары мен бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне қол жеткізу" бағыты бойынша облыс әкімдігінің тиімділігін бағалау қорытындыларына талдау жүргізеді, жұмысты жақсарту бойынша шаралар әзірлейді;

      64) өңірде ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындайды және өңірде іске асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруды ұйымдастырады;

      65) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік саясатты іске асыруға, өңірде қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіруге қатысады;

      66) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы мемлекеттік саясатты тиісті аумақта жүргізуді қамтамасыз етеді;

      67) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің гранттары мен инвестицияларын тарту бойынша жәрдем көрсетеді, оларды қоса қаржыландыруға қатысады;

      68) өнім шығаруды және (немесе) жаңа технологияларды ендіруді жүзеге асыратын бірлескен өндірістер құру мақсатында жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      69) жеке кәсіпкерлік (оның ішінде шетелдік субъектілердің), квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету үшін облыстарда, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада ғылым жөніндегі кеңестерді құрады;

      70) қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру (практикада қолдану) болып табылатын заңды тұлғаларды, оның ішінде стартап-компанияларды құруға және (немесе) олардың жарғылық капиталына қатысады;

      71) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады;

      72) уәкілетті органмен және салалық уәкілетті органдармен бірлесіп, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды әдістемелік қамтамасыз етуге қатысады;

      73) ғылымды дамытудың басым бағыттары жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      74) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар әзірлеуді және олардың іске асырылуын жүзеге асыруды ұйымдастырады;

      75) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде орындалған қолданбалы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар жөніндегі есептерді бекітеді;

      76) бесжылдық кезеңге арналған облысты (аумақтарды) дамыту бағдарламасын, оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын, аудандар мен қалаларды (аумақтарды) дамыту бағдарламаларын әзірлеу, түзету және іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

      77) Облыстық (аумақтық) даму бағдарламаларын, оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын іске асыру мониторингін, жекелеген аумақтарды (шағын және моноқалаларды, шекара маңындағы аудандарды, тірек ауылдық елді мекендерді) мемлекеттік қолдау шараларын жасауды жүзеге асырады;

      78) мемлекеттiк, салалық бағдарламалар, облысты (аумақтарды) дамыту бағдарламалары негiзiнде гpaнттap тapтyғa арналған өтiнiмдерді қалыптастырады;

      79) облыстың бесжылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлейді;

      80) өңірлік даму мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен тeтіктepiн түciндipеді;

      81) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшылары мен орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) ерлер мен әйелдерді басшылық қызметке ұсыну кезінде гендерлік теңгерімнің сақталуын қамтамасыз ету;

      5) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      6) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      7) келісімшарттар жасасады;

      8) сенімхаттар береді;

      9) банктік шоттар ашады;

      10) өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      11) Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      12) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

      13) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;

      14) Басқарманың қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады;

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарма қарамағындағы ұйымдарының тізбесі

      "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы" акционерлік қоғамы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады