Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 46-бабының 4-бөлігіне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабының 2-бөлігіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына, Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі № 403 "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері" бұйрығына, Маңғыстау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 16 қантардағы №11-02/09 "Маңғыстау облысы әкімдігінің 2013 жылғы 1 шілдедегі № 187 "Маңғыстау облысының жергілікті мемлекеттік басқару құрылымы туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулысына сәйкес, Маңғыстау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1."Маңғыстау облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрамынан бөлініп "Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) құрылсын.
2.Басқармаға "Маңғыстау облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінен мемлекеттік сатып алу саласындағы функция, өкілеттік және штат бірлігі берілсін
3.Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Басқарма Ережесі бекітілсін.
4."Маңғыстау облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың Тізіліміне тиісті толықтыру енгізсін және осы қаулыға сәйкес өзге де шараларды қабылдасын.
5."Маңғыстау облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1)жоғарыда көрсетілген Ереженің заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2)осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
3)осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін оның Маңғыстау облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
6.Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарына жүктелсін.
7.Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Маңғыстау облысының әкімінің міндетін атқарушысы | Е.Ізбергенов |
Маңғыстау облысы әкімімдігінің | |
2025 жылғы "21" қантардағы | |
11-02/10 қаулысына қосымша |
"Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1."Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Маңғыстау облысының аумағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының функцияларын жергілікті атқарушы органның құзыреті шегінде жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2.Басқарманың ведомстволары жоқ.
3.Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4.Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5.Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6.Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7.Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8.Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9.Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, №1 ғимарат, пошталық индексі 130001.
10.Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11.Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12.Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13.Мақсаттары:
1)Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;
2)мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
3)мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшалардың ұтымды және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету;
4)Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мақсаттар.
14.Өкілеттіктері:
1)құқықтары:
өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті актілерді қабылдау;
заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
өз құзыреті шегінде комиссияларды құру;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;
өз өкілеттіктері мен функцияларының бір бөлігін беру;
заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
2)міндеттері:
Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерін қабылдау және қарау;
Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыс әкімінің тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;
ҚР "Азаматтық қорғау туралы" Заңында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету.
15.Функциялары:
1)Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;
2)мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге тапсырыс беруші ұсынған тапсырмаларды қарайды;
3)тапсырыс беруші ұсынған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын тапсырма негізінде конкурстық құжаттаманы (аукциондық құжаттаманы) әзірлейді және бекітеді;
4)конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) құрамын айқындайды және бекітеді;
5)конкурстық құжаттамаға (аукциондық құжаттамаға) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
6)мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыру орналастырады;
7)тапсырыс берушіге веб-порталда автоматты түрде тіркелген, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына конкурстық құжаттаманы және (немесе) конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) техникалық ерекшелігін алған тұлғалар тарапынан сұрау салулармен ескертулерді жібереді;
8)әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа (аукционға) қатысуға өтінімдерін олардың біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, сондай-ақ "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көзделген шектеулердің болмауы тұрғысынан веб-портал арқылы қарайды;
9)конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазын айқындайды;
10)заңнамада көзделген жағдайларда тиісті бюджеттің кірісіне есептеуді қамтамасыз етеді не болмаса әлеуетті өнім берушіге конкурс (аукцион) тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады;
11)заңнамада көзделген жағдайларда әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы сотқа талап-арыздар жібереді;
12)Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16.Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17.Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18.Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19.Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1)Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;
2)Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;
3)Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшылары мен орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
4)Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
5)барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;
6)келісімшарттар жасасады;
7)сенімхаттар береді;
8)банктік шоттар ашады;
9)өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
10)Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;
11)сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;
12)бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;
13)Басқарманың қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;
14)Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады;
20.Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21.Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22.Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23.Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24.Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.