Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 56-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін жіберуді және ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі |
С. Жумангарин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 19 бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 56-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру тәртібін айқындайды.
Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру кезінде әскери мүлік, сондай-ақ мәліметтері қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған мүлік ескерілмейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әскери мүлік – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерінің жедел басқару құқығындағы қорғаныс объектілері, қару-жарақтың, әскери техниканың барлық түрлері, арнаулы құралдар және басқа да мүлік;
2) квазимемлекеттік сектор субъектілері (бұдан әрі – КСС) – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, "Астана" халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым;
3) мемлекет активтері – өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекет меншігіне алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар;
4) Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндама (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) – мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тиімділігін кешенді талдауды қамтитын құжат;
5) мемлекеттік мүлікті басқару – мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің) мемлекеттік меншік құқығын және өзге де мүліктік құқықтарды жүзеге асыруы.
2-тарау. Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру тәртібі
3. Ұлттық баяндаманы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10801 болып тіркелген) Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес КСС-ның тиісті салаларының уәкілетті органдары мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсынған, сондай-ақ ашық қолжетімділікте орналастырылған ақпараттың негізінде қалыптастырады.
4. Тиісті салалардың уәкілетті органдары, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға осы Қағидалардың 7, 8, 9, 10 және 11-тармақтарында көзделген ақпаратты ұсынады.
5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмейтін мерзімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген ақпаратты ұсынады.
6. КСС-ның лауазымды адамдары мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша сұрау салуы бойынша тиісті сұрау салуды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 7, 8, 9, 10 және 11-тармақтарына сәйкес Ұлттық баяндаманы қалыптастыру үшін қажетті мәліметтерді ұсынады.
7. Ұлттық баяндамада:
1) мемлекеттік активтердің есепті кезеңдегі жай-күйі туралы талдамалық ақпарат;
2) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті кезеңдегі қызметі туралы ақпарат;
3) мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар;
4) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі өзге де деректер қамтылады.
8. "Мемлекеттік активтердің есепті кезеңдегі жай-күйі туралы талдамалық ақпарат" деген бөлімде төмендегі:
бюджет құрылымы бойынша бөліністе (кірістер, шығындар, таза бюджеттік кредиттеу, қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо, бюджет тапшылығы (профициті), бюджеттің мұнай емес тапшылығы (профициті), бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпіндегі республикалық бюджет қаражаты;
бюджет құрылымы бойынша бөліністе (кірістер, шығындар және басқалар) есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
бюджет құрылымы бойынша бөліністе (кірістер, шығындар және басқалар) есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпіндегі Жәбірленушілерге өтемақы қорының, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының, Арнаулы мемлекеттік қордың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын өзге де мемлекеттік қорлардың қаражаты;
мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға бекітіп берілген мүлік;
мүліктік жалдауға (жалға алуға) және сенімгерлік басқаруға берілген мемлекеттік мүлік туралы мәліметтер;
мемлекеттік мүлікті сату туралы мәліметтер көрсеткіштері бөлінісінде квазимемлекеттік сектордың және мемлекеттік активтердің ағымдағы жай-күйі туралы ақпарат, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін түгендеу нәтижелері, мемлекеттік мүлікті сату және пайдалану мәселелері келтіріледі.
9. "Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті кезеңдегі қызметі туралы ақпарат" деген бөлімде төмендегі көрсеткіштер:
ұйымдық-құқықтық нысандар бөлінісінде (акцияларының мемлекеттік пакеті (мемлекеттік қатысу үлестері) мемлекеттік меншікте болатын акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік), мемлекеттік кәсіпорын) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің саны;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономикаға қатысу үлесі және квазимемлекеттік сектор субъектілері қатысатын экономиканың негізгі салалары;
мемлекеттік органдар бөлінісінде мемлекеттің қатысу үлесі көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері меншік иелерінің құрылымы;
квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмыскерлерінің орташа жылдық саны;
квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің баланстық құны;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің күрделі салымдары мен инвестицияларының көлемі;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы мәліметтер, оның ішінде олардың мемлекеттік тапсырмадан алған кірістері туралы мәліметтер;
құрылтайшысы, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының орындалуы, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, акционерлік қоғамдардың даму жоспарларының орындалуы, оның ішінде рентабельділік пен қаржылық орнықтылық туралы мәліметтер;
көлемі мен нысаналы мақсатын көрсете отырып, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген мемлекеттік қолдау шаралары және республикалық бюджеттен түсетін өзге де түсімдер туралы мәліметтер;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің республикалық бюджетті толықтыруы туралы мәліметтер бөлінісінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпіндегі қызметі туралы ақпарат келтіріледі.
10. "Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар" деген бөлімде мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар қалыптастырылады.
11. "Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі өзге де деректер" деген бөлімде Ұлттық баяндаманы сапалы қалыптастыруға ықпал ететін қосымша ақпарат көрсетіледі.
12. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Ұлттық баяндаманы республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізу үшін есепті жылдан кейінгі жылдың 1 тамызынан кешіктірілмейтін мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
13. Ұлттық баяндаманың көрсеткіштерін нақтылауды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жылдық аудиттелген қаржылық есептілігі бекітілгеннен кейін есепті жылдан кейінгі жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган нақтыланған көрсеткіштері бар Ұлттық баяндаманы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке қоса берілетін материалдардың құрамына енгізу үшін есепті жылдан кейінгі екінші жылдың үшінші айының 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
14. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Кодекстің 40-бабына сәйкес Ұлттық баяндаманың жариялануын қамтамасыз етеді.