Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2015 жылғы 16 қазандағы № 33 шешімі.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 12-бабының 2-тармағы 18) тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан
Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей
Федерациясынан

 
  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2015 жылғы 16 қазандағы
№ 33 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) туралы ереже Одақ органдарындағы сыртқы аудитті (бақылауды) (бұдан әрі – сыртқы аудит (бақылау) реттеудің құқықтық, ұйымдық және әдіснамалық негіздерін айқындайды.

II. Сыртқы аудитті (бақылауды) құқықтық реттеу

      2. Сыртқы аудитті (бақылауды) құқықтық реттеу 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартпен (бұдан әрі - Шарт), Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 10 қазандағы № 78 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық Одақтың бюджеті туралы ережемен, осы Ережемен, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (бұдан әрі – Жоғары кеңес) шешімдерімен және өкімдерімен, Одақ құқығына кіретін басқа да актілермен айқындалады.

      3. Сыртқы аудит (бақылау) осы Ережеге және осы Ережеде белгіленген тәртіппен әзірленетін және бекітілетін Одақ органдарындағы сыртқы аудиттің (бақылаудың) стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

III.Терминдер және ұғымдар

      4. Осы Ереженің мақсаттары үшін мынадай терминдер мен түсініктер пайдаланылады:

      "Одақ органының актісі" – Одақ органы Одақ құқығына кіретін актілермен айқындалған өз өкілеттіліктеріне сәйкес қабылдайтын құжаты;

      "Одақ активтері" – Одақ мүлкі, оның ішінде Одақ бюджетінің қаражаты, Одақтың басқа да материалдық және материалдық емес активтері;

      "жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары" – Одаққа тиісті мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды (аудитті) жүзеге асыратын Одаққа мүше мемлекеттердің органдары;

      "инспекторлар тобы" – сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыратын жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өкілдері;

      "сұрау салу" – инспекторлар тобының сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды белгіленген мерзімдерде ұсыну туралы талапты қамтитын құжаты;

      "Одақ мүлкі" – Одаққа меншік құқығымен тиесілі мүлік;

      "сыртқы аудит (бақылау) іс-шарасы (бұдан әрі – іс-шара) – сыртқы аудит (бақылау) мақсаттарына қол жеткізу мен міндеттерін шешу үшін белгіленген тәртіппен жасалатын сабақтас іс-қимылдардың жиынтығын білдіретін сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асырудың ұйымдастыру нысаны;

      "жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы" - осы Ережемен белгіленген кезектілікке сәйкес 1 күнтізбелік жыл ішінде сыртқы аудитті (бақылауды) ұйымдастыру мен жүзеге асыру жөніндегі қызметті үйлестіретін жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы;

      "сыртқы аудиттің (бақылаудың) нысанасы" - сырты аудит (бақылау) объектілерінің қызметі және қызметінің нәтижелері, оның ішінде Одақ бюджеті қаражатын қалыптастыру, бақылау және билік ету, Одақтың мүлкі мен басқа да активтерін пайдалану жөніндегі қызметі;

      "сыртқы аудит (бақылау) нәтижелері" - нысана жай-күйінің немесе сыртқы аудит (бақылау) объектілері қызметінің сипаты, оның ішінде сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтар мен жетіспеушіліктерді, Одақ бюджеті қаражатын қалыптастыру, басқару мен билік ету, Одақтың мүлкі мен басқа да активтерін пайдалану проблемалары туралы ақпаратты қамтиды;

      "жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының басшылары" –Одаққа тиісті мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органының басқарушы лауазымды адамдар;

      "инспекторлар тобының басшысы" – инспекторлар тобының мүшесі болып табылатын және осы Ереже мен сыртқы аудит (бақылау) стандарттарына сәйкес қызметіне басшылықты жүзеге асыратын жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органының өкілі;

      "жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірлескен шешімі" – барлық жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының сыртқы аудитті (бақылауды) ұйымдастыру және жүзеге асыру мәселелері бойынша бірлесіп қабылдайтын және жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының басшылары қол қоятын акті;

      "Одақ бюджетінің қаражаты" – Одақтың жұмыс істеуін қаржылық қамтамасыз етуге, оның ішінде оның органдарының қызметін қаржыландыруға арналған Одақ бюджетінің ақшалай қаражаты;

      "сыртқы аудитке (бақылауға) қатысушылар" – осы Ережеге және Одақ құқығына кіретін басқа актілерге сәйкес сыртқы аудитті (бақылауды) ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер жүктелген жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, олардың лауазымды адамдары мен өкілдері;

IV.Сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру қағидаттары

      5. Сыртқы аудит (бақылау) заңдылық, тиімділік, объективтілік, тәуелсіздік, ашықтық және жариялылық қағидаттарының негізінде жүзеге асырылады.

V. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) мақсаттары мен міндеттері

      6. Сыртқы аудит (бақылау) Одақ бюджеті қаражатын қалыптастырудың, басқарудың және билік етудің тиімділігін, Одақ мүлкі мен басқа да активтерін пайдалану тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады;

      7. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) міндеттері мыналар болып табылады:

      а) сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің, оның ішінде Одақ бюджеті қаражатын қалыптастыру, басқару және билік ету, Одақтың мүлкі мен басқа да активтерін пайдалану кезінде Одақ құқығына кіретін актілерді, Одаққа мүше мемлекеттердің нормативтік-құқықтық актілерін сақтауын тексеру;

      б) Одақ бюджетін қалыптастыру тәртібінің сақталуын тексеру;

      в) Одақ бюджетін қалыптастыру тиімділігін бағалау;

      г) Одақ бюджетінің атқарылу тәртібінің сақталуын тексеру;

      д) Одақ бюджеті қаражатын басқару мен оған билік етудің тиімділігін бағалау;

      е) Одақ бюджеті қаражатының, Одақ мүлкі мен басқа да активтерінің атаулылығы мен мақсатты сипатын тексеру, оларды пайдаланудың тиімділігін бағалау;

      ж) Одақ бюджетінің атқарылуы туралы есепті дайындау тәртібінің сақталуын тексеру;

      з) Одақ бюджетінің атқарылуы туралы есептің, бюджет қаражатына билік етушілердің (алушылардың) бюджеттік есептілігінің анықтығын тексеру;

      и) сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында Одақтың бюджет қаражатын қалыптастыру, басқару және билік ету, Одақ мүлкі мен басқа да активтерін пайдалану, сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің қызметі процесінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерге талдау жүргізу, анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себептері мен салдарларын зерттеу мен талдау;

      к) сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, олардың себептері мен салдарларын жою, Одақ бюджеті қаражатын қалыптастырудың, басқару мен билік етудің тиімділігін, Одақ мүлкі мен басқа да активтерінің пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстарды тұжырымдау;

      л) сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, олардың себептері мен салдарларын жою жөніндегі шараларды орындауын талдау.

VI. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) қатысушылары

      8. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) қатысушылары:

      а) жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, олардың лауазымды адамдары;

      б) инспекторлар тобы болып табылады.

VII. Сыртқы аудит (бақылау) қатысушыларының функциялары мен өкілеттері

      9. Жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары мынадай өкілеттіктерге ие:

      а) сыртқы аудит (бақылау) стандарттарын, оларға өзгерістер мен толықтыруларды бірлесіп әзірлейді және бекітеді;

      б) бірлескен шешімдермен инспекторлар тобының саны мен дербес құрамын бекітеді, оның ішінде оның басшысын тағайындайды және атқаратын міндеттерінен босатады, оны қалыптастырудың мерзімін айқындайды, аталған шешімдерге өзгеріс пен толықтыру енгізеді;

      в)  сыртқы аудитті (бақылауды) ұйымдастыру мен жүзеге асыру кезінде, оның ішінде жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірлескен шешімдерін дайындау кезінде жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары мен олардың лауазымды адамдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін өз өкілдері арасынан жұмыс топтарын құрады;

      г)  сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асырудың жылдық жоспарын (бұдан әрі – жылдық жоспар), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірлесіп қарайды және бекітеді;

      д) іс-шаралар өткізу бағдарламаларын бірлесіп қарайды және бекітеді.

      е)  тиісті шешімдер жобаларымен бірге алдын-ала аудитті (бақылауды), ағымдағы аудитті (бақылауды), кейінгі аудитті (бақылауды) жүзеге асырудың нәтижелері туралы қорытынды есептерді (бұдан әрі - қорытынды есептер) бірлесіп қарайды, бекітеді және Жоғары кеңестің қарауына енгізеді;

      ж)  сыртқы аудит (бақылау) объектілеріне ұсынулар жіберу туралы шешімді бірлесіп қабылдайды;

      з) инспекторлар тобы аудит (бақылау) объектілеріне іс-шаралар өткізу барысында қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар белгісі бар деректерді анықтаған кезде тиісті материалдарды аумағында аудиттің (бақылаудың) аталған объектісі орналасқан мемлекеттің уәкілетті органдарына осы мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен береді;

      и) қорытынды есептерді "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі өздерінің сайттарында жариялайды;

      к) өзге де бірлескен шешімдер қабылдайды.

      10. Жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органының қосымша мынадай өкілеттіктері болады:

      а) жылдық жоспар жобасын қалыптастырып, оны жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына бірлесіп қарауға және бекітуге ұсынады, жылдық жоспарды бекіткеннен кейін сыртқы аудит (бақылау) объектілерін сыртқы аудит (бақылау) іс-шараларын өткізу мерзімдері туралы хабардар етеді;

      б) Жоғары кеңесті ұсынуларын орындалғаны немесе тиісінше орындалмағаны туралы хабардар етеді;

      в) Жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірлесіп қарауына қорытынды есептерді енгізеді және Жоғары кеңестің тиісті шешімдерінің жобаларын дайындайды;

      г) қорытынды есептерді бекіту нәтижелері бойынша оларды тиісті шешімдер жобаларымен бірге осы Ереженің 63-тармағында айқындалған тәртіппен Жоғары кеңестің қарауына енгізеді.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 09.12.2022 № 22 (ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) шешімімен.

      11. Жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары басшыларының мынадай өкілеттіктері болады:

      а) инспекторлар тобына қосу үшін өздері басқаратын жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдар өкілдерді айқындайды;

      б) белгіленген кезектілікке сәйкес инспекторлар тобының басшысын тағайындау үшін жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірлесіп қарауына кандидатура ұсынады;

      в) жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірлескен шешімдеріне қол қояды.

      12. Инспекторлар тобы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) сыртқы аудит (бақылау) стандарттарына сәйкес алдын ала аудитті (бақылауды), ағымдағы аудитті (бақылауды) және кейінгі аудитті (бақылауды) жүзеге асырады;

      б) іс-шараларды, оның ішінде аудит (бақылау) объектілері орналасқан жер бойынша өткізеді;

      в) сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді талдайды, жинап, қорытады және себептері мен салдарларын зерттейді;

      г) қорытынды есептердің жобалары мен оларды қарау нәтижелері бойынша жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірлескен шешімдерінің жобаларын дайындайды.

      13. Инспекторлар тобының мынадай өкілеттері болады:

      а) тиісті сұрау салулар жіберу жолымен сыртқы аудит (бақылау) объектілеріне, Одақтың басқа да, оның ішінде Одақ бюджетінің атқарылуына сыртқы және ішкі бақылауды жүзеге асыратын, органдарына, Одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық бюджеттерді қалыптастыру мен атқару жөніндегі функциялар жүктелген атқарушы органдарына немесе көрсетілген органдардың лауазымды адамдарына сұрау салып, олардан сыртқы аудиттің (бақылаудың), оның ішінде бюджеттік, қаржылық, статистикалық немесе өзге де есептілік мәніне қатысты ақпаратты, құжаттар мен материалдарды белгіленген мерзімдерде алады;

      б) сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру үшін қажетті – сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің ақпараттық жүйелеріне қолжетімділік алады;

      в) іс-шараларды өткізуге қатысуға Одаққа мүше мемлекеттердің бақылау, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарының өкілдерін тартады;

      г) сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында және оның нәтижелері бойынша ұсынулар жобаларын дайындайды.

      14. Инспекторлар тобы басшысының мынадай өкілеттіктері болады:

      а) сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында және оның қызметіне басшылықты жүзеге асырады;

      б) инспекторлар тобының сұрау салуларына қол қояды;

      в) ұсынуға қол қояды және сыртқы аудит (бақылау) объектілеріне, Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына, немесе олардың лауазымды адамдарына жібереді;

      г) іс-шаралар өткізу барысында қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін меңзейтін деректер анықталған кезде тиісті материалдарды аумағында сыртқы аудиттің (бақылаудың) тиісті объектісі орналасқан жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органына дереу береді;

      д) қорытынды есептерге қол қойып, оларды жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органына жібереді.

VIII. Сыртқы аудит (бақылау) қатысушыларының бақылау өкілеттіліктері қолданылатын сала

      15. Сыртқы аудит (бақылау) қатысушыларының бақылау өкілеттіліктері сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің Шартқа және Одақ құқығына кіретін басқа да актілерге сәйкес шешімдер, өкімдер, ұсынымдар қабылдау мен Одақ бюджеті қаражаттарын қалыптастырудың, басқарудың және билік етудің, Одақ мүлкі мен басқа да активтерін пайдаланудың құқыққа сыйымдылығына және тиімділігіне әсерін тигізген, тигізіп отырған немесе тигізуі мүмкін өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыру жөніндегі қызметіне қолданылады.

IX. Сыртқы аудит (бақылау) объектілері, олардың құқықтары мен міндеттері

      16. Сыртқы аудит (бақылау) объектілері:

      а) Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия);

      б) Одақ Соты болып табылады.

      17. Сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында сыртқы аудит (бақылау) объектілері:

      а) іс-шаралар өткізу кезінде инспекторлар тобы анықтаған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша нысанда түсініктеме (түсіндіру) ұсынуға;

      б) инспекторлар тобы іс-шаралар өткізу барысында және оның қорытындылары бойынша жасаған және танысу үшін ұсынған актілер мен басқа да құжаттардың мазмұны бойынша жазбаша нысанда ескертпелер (қарсылықтар) ұсынуға;

      в) ұсынуларды белгіленген мерзімдерде орындамаудың объективті себептері болған жағдайда олардың мерзімдерін ұзарту туралы жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органына өтініш жіберуге құқылы.

      18. Сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру кезінде сыртқы аудит (бақылау) объектілері және олардың лауазымды адамдары:

      а) осы Ережеде көзделген инспекторлар тобы мүшелері құқықтарының сақталуын;

      б) сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды инспекторлар тобына ұсынуды;

      в) инспекторлар тобының мүшелеріне жұмыс істеу үшін қалыпты жағдайлар жасауды, оларға іс-шараларды өткізу үшін қажетті үй-жайлар, көлік пен байланыс құралдарын, оларға техникалық қызмет көрсетуді ұсынуды;

      г) іс-шаралар өткізу кезінде анықталған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша түсініктемелер (түсіндірулер), сондай-ақ белгіленген тәртіппен расталған құжаттардың қажетті көшірмелерін ұсынуды;

      д) іс-шаралар барысында және оның нәтижелері бойынша инспекторлар тобының мүшелері танысу үшін ұсынған актілермен және басқа да құжаттармен танысуды;

      е) іс-шаралар өткізу нәтижелері бойынша инспекторлар тобының мүшелері жасаған және олар қол қойған құжаттарға қол қоюды;

      ж) өздеріне жіберілген ұсынуларда қамтылған талаптарды белгіленген мерзімдерде орындауды;

      з) ұсынуларды қарау нәтижелері туралы және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі қабылданған шаралар туралы инспекторлар тобының басшысына белгіленген мерзімдерде хабарлауды қамтамасыз етуге міндетті.

X. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) нысандары, түрлері (типтері)

      19. Сыртқы аудит (бақылау) сыртқы аудит (бақылау) стандарттарына сәйкес жыл сайын алдын-ала аудит (бақылау), ағымдағы аудит (бақылау) және кейінгі аудит (бақылау) нысанында жүзеге асырылады.

      20. Алдын ала аудит (бақылау) Одақ органдары шығыстарының тиімділігін айқындау және Одақ бюджетінің шығыстарын оңтайландыру мақсатында бюджет қаражатын алушылардың бюджеттік сметаларының жобаларын қарау кезінде Одақ бюджетінің жобасын қалыптастыру кезеңінде жүзеге асырылады.

      21. Ағымдағы аудит (бақылау) Одақ органдарына бюджеттік қаражаттарды бөлу кезінде Одақ бюджетінің атқарылу барысында, сондай-ақ Одақ органдарының бюджет қаражаттарын тиімсіз және нысаналы емес жұмсауының алдын алу мақсатында кірістердің түсу процесінде жүзеге асырылады.

      22. Кейінгі аудит (бақылау) бюджеттік және өзге де есептіліктің анықтығын, Одақ бюджеті қаражатының, Одақ мүлкі мен басқа да активтерінің атаулылығын, нысаналық сипаты мен жұмсалу тиімділігін айқындау мақсатында Одақ бюджетінің атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту барысында алушылардың бөлінген бюджеттік қаражатты іс жүзінде пайдаланып болғаннан кейін жүзеге асырылады;

      23. Қойылған міндеттерге қарай сыртқы аудит (бақылау) сыртқы аудит (бақылау) стандарттарына сәйкес сәйкестендіру аудиті, қаржылық аудит және тиімділік аудиті немесе олардың үйлестірілген түрінде жүзеге асырылады.

      24. Сәйкестендіру аудиті сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің Одақ құқығына кіретін актілерді, Одақ органдарының актілерін, Одаққа мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерін сақтауын, оның ішінде Одақ бюджеті қаражатын қалыптастыру, басқару және билік ету, одақтың мүлкімен басқа да активтерін пайдалану барысында сақтауын тексеруден тұрады.

      25. Қаржылық аудит қаржылық операциялардың, бюджеттік және бухгалтерлік есептің, бюджеттік, қаржылық және өзге де есептіліктің, Одақ бюджеті қаражатын, Одақ мүлкі мен басқа да активтерін аудит (бақылау) объектілерінің мақсатты пайдалануының анықтығын тексеруден тұрады.

      26. Тиімділік аудиті Одақ бюджеті қаражатын, оның ішінде сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуі, қойылған міндеттерді шешуі және өздеріне жүктелген функцияларды жүзеге асыруы үшін алған қаражатын қалыптастырудың, басқарудың және билік етудің тиімділігін, сондай-ақ Одақтың мүлкі мен басқа да активтерін пайдаланудың тиімділігін бағалаудан тұрады.

XI. Сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асырудың әдістері

      27. Тексеру, талдау, зерттеп-тексеру, мониторинг сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асырудың әдісі болып табылады.

      28. Тексеру сыртқы аудит (қызмет) объектілерінің жекелеген іс-шарасын немесе қызметінің белгілі бір бағытының белгілі бір кезеңін зерттеу, оның ішінде қаржылық зерттеу жөніндегі іс-қимылды білдіреді.

      29. Талдау сыртқы аудит (бақылау) объектілері нысанасының және қызметінің жекелеген жақтарын, сипаттарын, құрамдас бөліктерін зерттеу және осы зерттеу нәтижелерін жүйелендіру жөніндегі іс-қимылды білдіреді.

      30. Зерттеп-тексеру сыртқы аудит (бақылау) объектілері нысанының және қызметінің белгілі бір саласының жай-күйін талдау мен бағалау жөніндегі іс-қимылды білдіреді.

      31. Мониторинг сыртқы аудит (бақылау) объектілері нысанасы, қызметі мен қызметінің нәтижелері туралы жүйелі әрі тұрақты негізде ақпарат жинау мен талдау жөніндегі іс-қимылды білдіреді.

XII. Сыртқы аудит (бақылау) стандарттары мен әдіснамасы

      32. Сыртқы аудит (бақылау) стандарттары – сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асырудың сипаттамасын, қағидаларын, рәсімдерін және оның нәтижелеріне қойылатын талаптарды қоса алғанда, сыртқы аудиттің (бақылаудың) стандарттары мен әдіснамасын айқындайтын нормативтік құжат.

      33. Сыртқы аудит (бақылау) стандарттарын, оларға өзгерістер мен толықтыруларды жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлесіп әзірлеп, бірлескен шешімдерімен бекітеді.

      34. Сыртқы аудит (бақылау) стандарттары жоғары аудит органдарына (ISSAI) арналған ИНТОСАИ халықаралық стандарттардың ережелері ескеріле отырып, әзірленеді.

      35. Сыртқы аудит (бақылау) стандарттары инспекторлар тобының барлық мүшелерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

XIII. Сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыруды ұйымдастыру және жоспарлау

      36. Сыртқы аудитті (бақылауды) ұйымдастыру жөніндегі қызметті жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы Одаққа мүше мемлекеттердің атауы бойынша орыс әліпбиі тәртібімен ротация негізінде
1 күнтізбелік жыл бойы үйлестіріп отырады.

      37. Сыртқы аудит (бақылау) жылдық жоспар негізінде жүзеге асырылады.

      38. Жылдық жоспар жоспарланатын іс-шаралар тізбесін, оларды өткізу мерзімдерін, сыртқы аудит (бақылау) объектілерін және іс-шараларды орындаушылар құрамын қамтиды.

      39. Жылдық жоспар жобасын жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы қалыптастырып, жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қарайды және өздерінің бірлескен шешімімен, ол бекітілетін күнтізбелік жыл басталғанға дейін 15 күннен кешіктірмей, бекітеді.

      40. Жоспардан тыс іс-шаралар Жоғары кеңестің тиісті шешімдерінің негізінде немесе Еуразиялық үкіметаралық кеңестің өтініші бойынша өткізілуі мүмкін.

      41. Бір немесе бірнеше жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органының ұсынысы бойынша жылдық жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Жылдық жоспарға өзгерістер мен толықтыруларды жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлесіп қарап, бекітеді.

      42. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) түрлі нысандарының іс-шараларын өткізудің кезеңділігі сыртқы аудиттің (бақылаудың) тиісті стандарттарында айқындалады.


XIV. Инспекторлар тобын қалыптастыру

      43. Инспекторлар тобын қалыптастыруды, оның саны мен дербес құрамын бекітуді, оның басшысын тағайындауды, оны қалыптастыру мерзімін айқындауды жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлесіп жүзеге асырады.

      44. Инспекторлар тобы жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары өкілдерінің қатарынан, олардың тең дәрежеде өкілдік етуі қағидаттарын ескере отырып, қалыптастырылады.

      Әрбір жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органынан инспекторлар тобы мүшелерінің дербес құрамын тиісті жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органының басшысы айқындайды.

XV. Инспекторлар тобының сұрау салуы бойынша ақпарат ұсыну

      45. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) барлық объектілері, Одақтың басқа да органдары, оның ішінде Одақ бюджетінің атқарылуына сыртқы және ішкі бақылауды жүзеге асырушы органдар, Одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық бюджеттерді қалыптастыру мен атқару жөніндегі функциялар жүктелген атқарушы билік органдары, сондай-ақ олардың лауазымды адамдары инспекторлар тобына оның сұрауы бойынша сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды ұсынуға міндетті.

      46. Инспекторлар тобына сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, құжаттарды, материалдарды ұсынудан құқыққа сыйымсыз бас тарту немесе ұсынудан жалтару, сондай-ақ қасақана көрнеу жалған ақпарат ұсыну, егер бұл әрекеттерді осындай ақпаратты ұсынуға міндетті лауазымды адам жасаса, Одақ құқығына кіретін актілерде және Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

XVI. Инспекторлар тобы мүшелерінің іс-шаралар өткізу кезіндегі құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі

      47. Іс-шаралар өткізу кезінде инспекторлар тобы мүшелерінің:

      а) сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің жұмыс режимін ескере отырып, олардың аумағы мен үй-жайларына кедергісіз кіруге, сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің ақпаратына, құжаттарына және материалдарына, оның ішінде оларда қамтылған ақпараттық жүйелерге қол жеткізуге, сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің пайдалануындағы және билігіндегі кез келген үй-жайды қарап-тексеруге;

      б)  қолдан жасау, жалғандық, жымқыру, асыра пайдаланушылық, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар белгісін көрсететін деректерді тапқан кезде аудит (бақылау) объектісінің қалыпты қызметіне кедергі келтірмей қажетті құжаттар мен материалдардың көшірмесі алуға;

      в) өз құзыреті шегінде сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің басшыларынан, басқа да лауазымды адамдары мен қызметкерлерінен іс-шараларды өткізу кезінде анықталған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша түсініктемелер (түсіндірулер), сондай-ақ белгіленген тәртіппен расталған құжаттардың қажетті көшірмелерін ұсынуын талап етуге;

      г) іс-шаралар өткізу кезінде сұрау салынған ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сыртқы аудит (бақылау) объектілері басшыларының, басқа да лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы фактілері бойынша актілер жасауға;

      д) өз құзыреті шегінде сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің қаржылық-шаруашылық қызметіне қатысты барлық қажетті құжаттармен, оның ішінде Одақ шеңберінде Халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен таратылуы шектеулі мәліметтер қамтылған құжаттармен және тиісті рұқсаты бар кезде Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) жататын мәліметтер қамтылған құжаттармен танысуға;

      е) сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің қаржылық, шаруашылық және өзге де қызметіне қатысты және сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің деректер базасында электрондық нысанда сақталатын ақпаратпен, оның ішінде Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтитын ақпаратпен, Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) қатысты мәліметтер қамтылған ақпаратпен танысуға;

      ж) сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің электрондық деректер қорына тиесілі техникалық құжаттамамен танысуға құқығы бар.

      48. Инспекторлар тобы мүшелерінің сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің жедел-шаруашылық қызметіне араласуға, сондай-ақ іс-шараларды өткізу кезінде алынған ақпаратты жариялауға, сыртқы аудит (бақылау) нәтижелерін қарау қорытындылары бойынша Жоғары кеңес тиісті шешім қабылдағанға дейін тұжырымдарды жариялауға құқығы жоқ.

      Инспекторлар тобы мүшелері сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру кезінде өздеріне белгілі болған мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық және Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасымен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, іс-шараны объективті жүргізуге және олардың нәтижелерін дұрыс көрсетуге міндетті.

      Инспекторлар тобы мүшелері алынған деректерді, ақпарат пен материалдарды тек өз функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында ғана пайдалана алады.

      Инспекторлар тобы мүшелері аудит (бақылау) объектілерінен алынған құжаттар мен басқа да материалдардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Инспекторлар тобы мүшелері Жоғары кеңестің қарауына шығарылатын, өздері өткізетін сыртқы аудит (бақылау) нәтижелерінің анықтығы мен объективтілігі үшін, сондай-ақ мемлекеттік және Одақтың мүше мемлекеттерінің заңнамасымен қорғалатын өзге де құпияны жариялағаны үшін Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

XVII. Сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру

      49. Сыртқы аудит (бақылау) алдын ала аудит (бақылау), ағымдағы аудит (бақылау) және кейінгі аудит (бақылау) шеңберінде тиісті іс-шаралар өткізу арқылы жүзеге асырылады.

      50. Іс-шаралар, инспекторлар тобы сыртқы аудит (бақылау) стандарттарына сәйкес әзірлейтін және жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлесіп бекітетін, оларды өткізу бағдарламаларына сәйкес өткізіледі.

      Іс-шараны өткізу бағдарламасы іс-шараның нысанасын, мақсатын, мәселелері мен өткізу мерзімдерін, тексерілетін кезеңді, сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің тізбесін қамтитын іс-шараның мазмұнын айқындайды.

      51. Іс-шараны өткізу бағдарламасын дайындау кезінде тиісті ақпаратты жинау мен талдау, іс-шараның мақсаттары мен мәселелерін айқындау, сондай-ақ қажет болған кезде тиімділікті бағалау өлшемшарттары арқылы іс-шараның нысанасы мен объектілерін алдын ала зерделеу жүзеге асырылады.

      52. Іс-шараны өткізу кезінде сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің қызметі мен жұмысының нәтижелері зерттеліп, талданады, іс-шараны өткізу бағдарламасында қамтылған мақсаттары мен мәселелеріне сәйкес дәлелдемелерді қалыптастыруға қажетті іс жүзіндегі деректер мен ақпаратты жинау мен оларды талдау жүзеге асырылады.

      53. Іс-шараны өткізу нәтижелері бойынша сыртқы аудиттің (бақылаудың) қолданылған әдістеріне қарай актілер, қорытындылар немесе талдамалық баяндамалар түрінде құжаттар ресімделеді.

      Тексеру әдісімен өткізілетін іс-шаралардың нәтижелері актілермен ресімделеді.

      Талдау немесе зерттеп-тексеру әдісімен өткізілетін іс-шаралардың нәтижелері қорытындылармен ресімделеді.

      Мониторинг әдісімен өткізілетін іс-шаралардың нәтижелері талдамалық баяндамалармен ресімделеді.

      54. Іс-шараны өткізу нәтижелері бойынша ресімделетін құжаттарға оны өткізуге қатысқан инспекторлар тобының барлық мүшелері қол қояды.

      Іс-шараны өткізу нәтижелері бойынша құжаттарға қол қойған инспекторлар тобының мүшелеріне оларда қамтылған деректер мен ақпараттың анықтығы үшін дербес жауапты болады.

      55. Іс-шараны өткізу нәтижелері бойынша жасалған және инспекторлар тобы мүшелері қол қойған құжаттар сыртқы аудит (бақылау) объектісінің басшысына танысу және қол қою үшін міндетті түрде ұсынылады.

      Танысу мен қол қоюға ұсынылған құжаттардың мазмұнымен келіспеген жағдайда сыртқы аудит (бақылау) объектісінің басшысы инспекторлар тобының басшысына жазбаша нысанда өз ескертпелерін (қарсылықтарын) жібере алады.

      56. Инспекторлар тобы іс-шараны өткізу барысында, оның ішінде Одаққа және (немесе) Одаққа мүше мемлекеттерге залал келтіретін бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған кезде, іс-шараны өткізуге кедергілер келтірілген кезде, сондай-ақ іс-шараларды өткізу нәтижелері бойынша осы Ережеге сәйкес орындалуы міндетті ұсынулар дайындалып, сыртқы аудит (бақылау) объектілеріне, Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына немесе олардың лауазымды адамдарына жіберіледі.

      Ұсынулар:

      анықталған кемшіліктер мен Одақтың құқығына кіретін актілер мен Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасын бұзушылықтар туралы ақпаратты;

      анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою, бұзушылықтардың себептері мен шарттарын жою, сондай-ақ Одаққа және (немесе) Одаққа мүше мемлекеттерге келтірілген залалдың (ол бар болған жағдайда) орнын толтыру жөнінде шаралар қабылдау туралы талаптарды;

      Одақтың құқығына кіретін актілерде және Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасын бұзуға кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы талаптарды;

      бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар қабылдау және инспекторлар тобының басшысын ұсынуды қарау нәтижелері туралы хабардар ету мерзімдерін қамтуға тиіс.

      Ұсынулар жобаларын инспекторлар тобы дайындап, инспекторлар тобының басшысы оларды жіберу туралы жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлескен шешімдер қабылдау үшін жауапты мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына жібереді.

      Ұсынуларды жіберу туралы шешімді жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлесіп қабылдайды.

      Жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тиісті шешімдерін орындау үшін жауапты мемлекеттік қаржылық бақылау органы ұсынуды сыртқы аудит (бақылау) объектілеріне, Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына немесе олардың лауазымды адамдарына жібереді.

      Ұсынуларды қарау нәтижелері туралы және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі қабылданған шаралар туралы тиісті сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары ұсынуларда көрсетілген мерзімдерде инспекторлар тобының басшысына жазбаша нысанда хабарлайды.

      57. Ұсынулар орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайларда инспекторлар тобының басшысы бұл туралы жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органын хабардар етеді.

      Ұсынулардың орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы туралы алынған ақпараттың негізінде жауапты мемлекеттік қаржылық бақылау органы Жоғары кеңестің қажетті шешімдер қабылдауы үшін оны хабардар етеді.

      58. Іс-шараларды өткізу барысында қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар деректер анықталған жағдайларда инспекторлар тобының басшысы және тиісті жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы осы Ереженің VII бөлімінде да айқындалған өздерінің өкілеттіктеріне сәйкес іс-қимылды жүзеге асырады.

XVIII. Сыртқы аудит (бақылау) нәтижелерін ресімдеу

      59. Алдын ала аудитті (бақылауды), ағымдағы аудитті (бақылауды) немесе кейінгі аудитті (бақылауды) жүзеге асыру қорытындылары бойынша өткізілген іс-шаралар нәтижелерінің негізінде тиісті қорытынды есептер ресімделеді.

      Қорытынды есептер алдын-ала аудитті (бақылауды), ағымдағы аудитті (бақылауды) немесе кейінгі аудитті (бақылауды) жүзеге асырудың нәтижелері туралы ақпаратты, сондай-ақ анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, олардың себептері мен салдарын жою, Одақ бюджеті қаражаттарын қалыптастырудың, басқару мен билік етудің, Одақ мүлкі мен басқа да активтерін пайдалану, Одақ құқығына кіретін актілер мен Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

      60. Қорытынды есептердің мазмұны мен ресімделуіне қойылатын жалпы талаптар сыртқы аудиттің (бақылаудың) тиісті стандарттарына сәйкес айқындалады.

      61. Қорытынды есептерге оның анықтығы үшін дербес жауапкершілік жүктелетін инспекторлар тобының басшысы қол қойып, оларды жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірлескен қарауына кейіннен енгізу үшін жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органына жібереді.

      62. Қорытынды есептерді қарау нәтижелері бойынша жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы оларды бекітеді және тиісті шешімдердің жобаларымен бірге Жоғары кеңестің қарауына енгізеді.

XIX. Сыртқы аудит (бақылау) объектілерінің нәтижелерін Жоғары кеңестің қарауына енгізу

      63. Бекітілген қорытынды есептер мен Жоғары кеңес шешімдерінің жобаларын жауапты жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органы белгіленген тәртіппен тиісті мәселені Жоғары кеңестің кезекті отырысының күн тәртібіне кейіннен енгізуі үшін Кеңес комиссиясындағы Одаққа мүше мемлекеттің өз өкіліне жібереді.

      64. Қорытынды есептерді қарау нәтижелері бойынша Жоғары кеңес шешімдер, оның ішінде сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, олардың себептері мен салдарларын Одақ органдарының жоюы үшін қажетті шешімдер қабылдайды.

XX.Сыртқы аудит (бақылау) нәтижелерінің іске асырылуын бақылау

      65. Инспекторлар тобы сыртқы аудит (бақылау) нәтижелерінің іске асырылуына бақылауды жүзеге асырады, ол сыртқы аудит (бақылау) объектілері, Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының және олардың лауазымды адамдарының қарау нәтижелерінің талдауында көрсетілген оларға жіберілген ұсынулар мен сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, олардың себептері мен салдарларын жою жөніндегі шаралардың орындалуына бақылаудан тұрады.

XXI. Инспекторлар тобы мүшелерінің құқықтық мәртебесінің кепілдері

      66. Инспекторлар тобы мүшелерінің құқықтық мәртебесін Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында, жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өкілдері айқындайды.

      67. Инспекторлар тобы мүшелерінің сыртқы аудитті бақылауды жүзеге асыруы жөніндегі қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтіру не қайсы біреулерінің пайдасына шешім шығаруға қол жеткізу, зорлық-зомбылық іс-әрекеттер, қорлау, сондай-ақ жала жабу Одақ құқығына кіретін актілерде және Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

XXII. Инспекторлар тобы мүшелерінің талаптарын орындау міндеттілігі

      68. Инспекторлар тобы мүшелерінің сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыруы жөніндегі өз қызметтік міндеттерін орындауға байланысты талаптары сыртқы аудиттің (бақылаудың) барлық объектілерінің, олардың лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

XXIII. Инспекторлар тобы мүшелерін материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету

      69. Инспекторлар тобы мүшелерін материалдық және әлеуметтік, оның ішінде іс-шараларды өткізу орнына іссапарға жіберу бөлігінде қамтамасыз етуді өздері өкілдері болып табылатын тиісті жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары Одаққа мүше мемлекеттердің бюджетінен олардың қызметін қамтамасыз етуге бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырады.

XXIV. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) нәтижелері туралы хабардар ету

      70. Жұртшылықты сыртқы аудиттің (бақылаудың) нәтижелері туралы хабардар ету Одақ пен жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының ресми сайттарында, Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасымен қорғалатын мемлекеттік немесе өзге де қорғалатын құпиядан тұратын мәліметтерді қамтитын материалдарды қоспағанда, Жоғары кеңес қараған қорытынды есептер жалпыға бірдей мәлімет беру үшін жариялау жолымен жүзеге асырылады.

      .

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады