Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары (ұйымдары) мен көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің), өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдары шассиін), өздігінен жүретін машиналарды және техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 1 қыркүйектегі № 112 шешімі

      2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралдары (көлік құралдары шассиі) паспортының және өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлері паспортының бірыңғай нысанын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдастыру туралы келісімнің 4-бабы екінші абзацына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары (ұйымдары) мен көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің), өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдары шассиін), өздігінен жүретін машиналарды және техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
В. Христенко

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2015 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 112 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары (ұйымдары) мен көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің), өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдары шассиін), өздігінен жүретін машиналарды және техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп 2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралдары (көлік құралдары шассиі) паспортының және өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлері паспортының бірыңғай нысанын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдастыру туралы келісімнің 4-бабына сәйкес әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары (ұйымдары) мен көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің), өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдары шассиін), өздігінен жүретін машиналарды және техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдардың (бұдан әрі тиісінше – бірыңғай тізілім, уәкілетті органдар (ұйымдар), дайындаушы ұйымдар) бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын айқындайды.

      2. Бірыңғай тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктері негізінде электрондық түрде жүзеге асырады.

      Комиссия бірыңғай тізілімді Еуразиялық экономикалық одақтың "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі ресми сайтында жариялауды қамтамасыз етеді.

      Бірыңғай тізілім Комиссияның жалпы ақпараттық ресурстардың құрамына кіреді.

      3. Бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктерін қалыптастыру мен жүргізу мәліметтерді жинауды және оған енгізуді,мәліметтерді сақтауды, жүйелеуді, өзектілендіруді және өзгертуді, сондай-ақ оларға рұқсатсыз қол жеткізуден қорғауды қамтиды.

      Бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктерін қалыптастыру мен жүргізуді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары (бұдан әрі тиісінше – ұлттық орган, мүше мемлекеттер) ұлттық органдардың бағдарламалық-аппараттық құралдарының базасында электрондық түрде жүзеге асырады. Ұлттық органдар "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі өздерінің ресми сайттарынан бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктеріне қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      4. Бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктері мынадай тараулардан тұрады:

      "Уәкілетті органдар (ұйымдар)";

      "Дайындаушы ұйымдар".

      5. Бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктеріне уәкілетті органдар (ұйымдар), дайындаушы ұйымдар туралы мынадай мәліметтер енгізіледі:

      а) уәкілетті органға (ұйымға) қатысты:

      уәкілетті органның (ұйымның) атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы), нақты мекенжайы, телефон нөмірі, электрондық поштасының адресі, уәкілетті орган (ұйым) басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);

      уәкілетті органның (ұйымның) мына паспорттардың бір немесе бірнеше түрін ресімдеуге өкілеттілігі туралы мәліметтер:

      көлік құралының паспорты;

      көлік құралы шассиінің паспорты;

      өздігінен жүретін машинаның және техниканың басқа түрлерінің паспорты;

      көлік құралының электрондық паспорты;

      көлік құралы шассиінің электрондық паспорты;

      өздігінен жүретін машинаның және техниканың басқа түрлерінің электрондық паспорты;

      б) көлік құралын дайындаушы ұйымға қатысты:

      дайындаушы ұйымның толық атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы), нақты мекенжайы, телефон нөмірі, электрондық поштасының адресі, дайындаушы ұйым басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);

      дайындаушы ұйым өзі дайындаған өнімдерді сатуға уәкілеттік берген ұйымның толық атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы), нақты мекенжайы, телефон нөмірі, электрондық поштасының адресі, осындай ұйым басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);

      дайындаушы ұйымға халықаралық сәйкестендіру коды (WMI) берілгенін (WMI кодын көрсете отырып) растайтын құжат туралы мәлімет;

      көлік құралының (шассиінің) Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімімен қабылданған "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) талаптарына сәйкестігін куәландыратын көлік құралы типін (шасси типін мақұлдау) қолданыстағы мақұлдаулар және (немесе) осы техникалық регламент күшіне енгенге дейін (қолданылу мерзімі мен өнім партиясының көлемін көрсете отырып) көрсетілген техникалық регламенттің техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімге қатысты берілген мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы қолданыстағы құжаттар туралы мәлімет;

      мүше мемлекеттің уәкілетті органы мен дайындаушы ұйымның арасындағы жинаудың жеңілдікті режимі туралы (жеңілдікті режимді, осындай келісімнің қолданылу мерзімін және онда көзделген квоталарды көрсете отырып) келісімнің бар болуы туралы (бар болған кезде) мәлімет;

      в) өздігінен жүретін машиналарды және техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдарға қатысты:

      дайындаушы ұйымның толық атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы), нақты мекенжайы, телефон нөмірі, электрондық поштасының адресі, дайындаушы ұйым басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);

      дайындаушы ұйым өзі дайындаған өнімдерді сатуға уәкілеттік берген ұйымның толық атауы, орналасқан жері (заңды тұлғаның мекенжайы), нақты мекенжайы, телефон нөмірі, электрондық поштасының адресі, осындай ұйым басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 20 шілдедегі № 60 шешімімен қабылданған "Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы тракторлары мен олардың тіркемелерінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 031/2012), Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 18 қазандағы № 823 шешімімен қабылданған "Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің (КО ТР 010/2011) талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі қолданыстағы құжаттар немесе көлік құралының (шассиінің) "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) талаптарына сәйкестігін куәландыратын көлік құралы типін мақұлдаулар (шасси типін мақұлдаулар) және (немесе) тиісті техникалық регламент күшіне енгенге дейін көрсетілген техникалық регламенттердің бірінің техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімге қатысты берілген Одақтың құқығына кіретін актілерімен немесе мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы қолданыстағы құжаттар туралы мәлімет.

      6. Уәкілетті органдарды (ұйымдарды) бірыңғай тізілімге енгізу олар мынадай өлшемшарттарға сәйкес келгенде жүзеге асырылады:

      а) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес заңды тұлға ретіндегі тіркеуінің бар болуы;

      б) мүше мемлекеттің заңнамасымен айқындалған тәртіпте мына паспорттардың бір немесе бірнеше түрін ресімдеуге өкілеттілігінің бар болуы:

      көлік құралының паспорты;

      көлік құралы шассиінің паспорты;

      өздігінен жүретін машинаның және техниканың басқа түрлерінің паспорты;

      көлік құралының электрондық паспорты;

      көлік құралы шассиінің электрондық паспорты;

      өздігінен жүретін машинаның және техниканың басқа түрлерінің электрондық паспорты;

      в) көрсетілген электрондық паспорттарды ресімдеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар (ұйымдар) үшін –көлік құралдарының, көлік құралдары шассиінің, өздігінен жүретін машиналар мен басқа техника түрлерінің электрондық паспорттарына қол қоюға уәкілеттігі бар уәкілетті органның (ұйымның) лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) электрондық-цифрлық қолтаңбасының бар болуы.

      7. Дайындаушы ұйымдарды бірыңғай тізілімге енгізу олар мынадай өлшемшарттарға сәйкес келгенде жүзеге асырылады:

      а) көлік құралын (көлік құралдары шассиін) дайындаушы ұйым үшін:

      мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес заңды тұлға ретіндегі тіркеуінің бар болуы;

      көлік құралын дайындаушының халықаралық сәйкестендіру коды (WMI) берілгенін растайтын құжаттың бар болуы;

      көлік құралының (шассиінің) "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) талаптарына сәйкестігін куәландыратын көлік құралдары типін қолданыстағы мақұлдаудың және (немесе) көрсетілген техникалық регламенттің осы техникалық регламент күшіне енгенге дейін техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімге қатысты берілген, мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы қолданыстағы құжаттардың бар болуы;

      көрсетілген электрондық паспорттарды ресімдеуді жүзеге асыратын дайындаушы ұйымдар үшін – көлік құралдарының, көлік құралдары шассиінің электрондық паспорттарына қол қоюға уәкілетті дайындаушы ұйымның лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) электрондық-цифрлық қолтаңбасының бар болуы;

      б) өздігінен жүретін машиналарды және техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдар үшін:

      мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес заңды тұлға ретіндегі тіркеуінің бар болуы;

      "Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы тракторлары мен олардың тіркемелерінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 031/2012) немесе "Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 010/2011) талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі қолданыстағы құжаттың немесе көлік құралының (шассиінің) "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) талаптарын сәйкестігін куәландыратын көлік құралы типін мақұлдаулардың (шасси типін мақұлдаулардың) және (немесе) көрсетілген техникалық регламенттердің бірінің тиісті техникалық регламент күшіне енгенге дейін техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімге қатысты берілген, Одақ құқығына кіретін актілерімен немесе мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау жөніндегі қолданыстағы құжаттардың бар болуы;

      көрсетілген электрондық паспорттарды ресімдеуді жүзеге асыратын дайындаушы ұйымдар үшін – өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа түрлерінің электрондық паспорттарына қол қоюға уәкілетті дайындаушы ұйымның лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) электрондық-цифрлық қолтаңбасының бар болуы;

      8. Уәкілетті органдарды (ұйымдарды), дайындаушы ұйымдарды бірыңғай тізілімге енгізуді немесе бірыңғай тізілімге енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдауды ұлттық орган бірыңғай тізілімге енгізу туралы өтінішті алған күннен бастап 30 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.

      9. Уәкілетті органдарды (ұйымдарды), дайындаушы ұйымдарды бірыңғай тізілімнен алып тастау осы Тәртіптің 6 және 7-тармақтарына сай белгіленген бір немесе бірнеше өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады.

      10. Бірыңғай тізілімге енгізілген уәкілетті ұйымдардың, дайындаушы ұйымдардың қызметін бақылауды өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес ұлттық органдар жүзеге асырады.

      11. Бірыңғай тізілімнің ұлттық бөлігінде қамтылған мәліметтерді мүдделі тұлғалардың сұратуы бойынша беруді өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес ұлттық органдар жүзеге асырады.

      12. Бірыңғай тізілімде қамтылған мәліметтерді көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің) электрондық паспорттары және өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлерінің электрондық паспорттары жүйелері әкімшісіне беруді осы Тәртіптің 13-тармағына сәйкес Комиссия жүзеге асырады.

      13. Бірыңғай тізілімде қамтылған мәліметтерді қалыптастыру, жүргізу және пайдалану процесінде туындайтын ақпараттық алмасу Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Құжаттардың электрондық түріне (электрондық құжаттарға), хабарлама (сұрау) жіберу және алу тәртібіне қойылатын талаптарды Комиссия айқындайды.

      14. Бірыңғай тізілімге енгізілген уәкілетті органның (ұйымның) немесе дайындаушы ұйымның қызметіне шағымдар (талаптар) туындаған жағдайда, көрсетілген шағым (талап) тиісті мемлекеттің заңнамасына сәйкес ұлттық органға жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады