Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әуе көлігімен әкелінетін тауарлар туралы міндетті алдын ала хабардар етуді енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 1 желтоқсандағы № 158 шешімі

      2010 жылғы 21 мамырдағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат ұсыну және алмасу туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 3-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әуе көлігімен әкелінетін тауарлар (бұдан әрі тиісінше – әкелінетін тауарлар, Одақ) туралы міндетті алдын ала хабардар ету енгізілсін.

      2. Әкелінетін тауарлар туралы алдын ала ақпаратты (бұдан әрі – алдын ала ақпарат) Одақтың кедендік аумағында тауар жеткізілетін орын (бұдан әрі – жеткізілетін орын) орналасқан аумақтағы Одаққа мүше мемлекеттің кеден органына (бұдан әрі – кеден органы) Одақтың кедендік аумағына әуе көлігімен тауар тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе осы тасымалдаушының атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге тұлға ұсынады деп белгіленсін.

      3. Алдын ала ақпаратты кеден органдары Одақтың кедендік аумағына тауарлар келіп жеткенге дейін кедендік бақылаудың объектілерін, нысандарын таңдау бойынша алдын ала шешімдер және кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қабылдау үшін, соның ішінде әуе кемелерінен жүкті түсіру туралы шешімдерді дайындау үшін пайдаланады.

      4. Алдын ала ақпарат мыналарды қамтиды:

      а) әуе кемесі және ұшу маршруты туралы мәліметтер:

      әуе кемесінің ұлттық тиесілік белгісі және тіркеу белгілері;

      әуе кемесін пайдаланушының атауы;

      жөнелту рейсінің нөмірі;

      ұшып шығу пунктінің және жөнелту әуежайының атауы;

      келу орнындағы әуежайдың алдындағы әуежайдан нақты кету уақыты;

      келу пунктінің және келу әуежайының атауы;

      жоспарланған (есептік) келу уақыты;

      аралық қону пунктерінің атауы (бар болған жағдайда);

      әуе кемесі бортында Одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың, сондай-ақ қару-жарақтардық, оқ-дәрілердің болуы (болмауы) туралы мәліметтер;

      әуе кемесі бортында құрамында есірткілік, күшті әсер ететін, психотропты және улы заттар болатын (осындай мәліметтер бар болған жағдайда) дәрілік заттардың бар болуы (болмауы) туралы мәліметтер;

      б) көлік (тасымалдау) құжаттарында көрсетілген әкелінетін тауар туралы мәліметтер (мәліметтер әрбір құжат бойынша беріледі):

      құжаттың нөмірі;

      тауардың атауы;

      тауарды тиеу пунктінің және түсіру пунктінің атауы;

      орындар саны;

      тауардың брутто салмағы (кг);

      тауардың нетто салмағы (кг) немесе көлемі (осындай мәліметтер бар болған жағдайда);

      тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес кемінде алғашқы 6 белгі деңгейіндегі коды (осындай мәліметтер бар болған жағдайда);

      тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер.

      5. Егер тасымалданатын тауарларға қатысты жеткізілетін орындағы кеден органында Кеден одағы Кеден кодексінің 193-бабына сәйкес берілген және осы Шешімнің 4-тармағының "б" тармақшасында көзделген мәліметтерді қамтитын тауарды декларациялау тіркелген болса, мұндай мәліметтердің орнына тауарды декларациялаудың осы нөмірін көрсетуге рұқсат етіледі.

      6. Алдын ала ақпарат толық көлемде ұсынылмаған, сондай-ақ ол Келісімнің 6-бабында көзделген құрылымға және форматқа, белгіленген техникалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда мұндай ақпаратты ұсынған тұлғаға алдын ала ақпаратты қарауға қабылдаудан бас тарту туралы (бас тарту себептері көрсетіле отырып) электрондық хабарлама жіберіледі. Мұндай жағдайда алдын ала ақпарат ұсынылмады деп саналады.

      Алдын ала ақпаратты қарауға қабылдаудан бас тарту себептері жойылғаннан кейін алдын ала ақпарат кеден органына қайта ұсынылуы мүмкін.

      7. Егер алдын ала ақпаратты ұсынған тұлға кеден органы тасымалдаудың бірегей сәйкестендіру нөмірін берген алдын ала ақпаратта қамтылған мәліметтердің көлік (тасымалдау) құжаттарында қамтылған мәліметтерге сәйкес келмеуін анықтаған жағдайда, мұндай тұлға әуе кемесі келіп жеткенге дейін кеден органына алдын ала ақпаратты қайта тапсыруға міндетті. Мұндай жағдайда қайта тапсырылған алдын ала ақпаратқа тасымалдаудың жаңа бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі.

      8. Келісіммен және осы Шешімнің 7-тармағымен белгіленген мерзімде кеден органына соларға қатысты алдын ала ақпарат ұсынылмаған әкелінетін тауарлар тәуекел саласына жатқызылады. Кеден органдары өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мұндай тауарларға қатысты тәуекелді азайту бойынша шаралар қабылдайды.

      9. Егер алдын ала ақпаратты кеден органдары пайдаланылатын ақпараттық жүйенің техникалық іркілістен, байланыс құралдары (телекоммуникациялық желілердің және "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінің) жұмысының бұзылуы, электр қуатын ажырату салдарынан туындайтын ақауға байланысты келу орнындағы кеден органдары ала алмаған жағдайда, әкелінетін тауарларға қатысты кедендік операциялар Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге сәйкес жүргізіледі.

      10. Одаққа меше мемлекеттердің кеден ісі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдары 2016 жылғы 1 қазанға дейін:

      а) өз мемлекеттерінің кеден органдарының ақпараттық жүйелерін пысықтасын, соның ішінде тасымалдаудың бірегей сәйкестендіру нөмірін не алдын ала ақпаратты қарауға қабылдаудан бас тарту туралы электрондық хабарламаны кеден органы алдын ала ақпаратты алған сәттен бастап 15 минуттан аспайтын мерзімде жіберуді көздестірсін;

      б) Келісімнің 6-бабында көзделген техникалық талаптарға тиісті өзгерістер (қажет болған жағдайда) енгізсін.

      11. Осы Шешім 19 тармақтарды қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Шешімнің 19 тармақтары 2017 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
В. Христенко

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады