Тауарларға декларация толтыру тәртібі туралы нұсқаулыққа өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 35 шешімі

      Кеден одағының Кеден кодексінің 180-бабы 1-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қосымшаға сәйкес Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген Тауарларға декларация толтыру тәртібі туралы нұсқаулыққа өзгерістер енгізілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2017 жылғы 24 сәуірдегі
№ 35 шешіміне
ҚОСЫМША

Тауарларға декларация толтыру тәртібі туралы нұсқаулыққа енгізілетін
ӨЗГЕРІСТЕР

      1. 6-тармақ үшінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасында және Ресей Федерациясында осы тауарлар кедендік рәсімге орналастырылған Одаққа мүше мемлекеттің зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілерін қамтитын тауарлар көрсетілген тізілімге енгізілген зияткерлік меншік объектілерін қамтымайтын тауарлардан бөлек декларацияланады.".

      2. 15-тармақта:

      а) 29-тармақша алтыншы абзацтан кейін (кестеден кейін) мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілерін қамтитын тауарларды декларациялау кезінде осы тізілім бойынша зияткерлік меншік объектісінің тіркеу нөмірі (бар болған жағдайда) қосымша көрсетіледі.";

      б) 38-тармақшада бірінші абзац (кестеден кейін) "ТД нөмірі" деген сөздердің алдында "берілген" деген сөзбен толықтырылсын;

      в) 42-тармақша қырық үшінші абзацтан кейін (кестеден кейін) мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Ресей Федерациясында ағаш материалдарын декларациялау кезінде сүрекпен мәміле туралы декларацияның нөмірі мен тапсырылған күні қосымша көрсетіледі.";

      г) 45-тармақшада:

      он үшінші абзац (кестеден кейін) "адвалорлық және ерекше құрамдас бөліктерді" деген сөздерден кейін "немесе бір құрамдас бөлікті екіншісінен азайту" деген сөздермен толықтырылсын;

      жиырма төртінші абзацтан кейін (кестеден кейін) мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Бір құрамдас бөлікті екіншісінен азайтуды көздейтін кедендік төлемнің комбинацияланған ставкасы қолданылған жағдайда азайтылатын құрамдас бөлік бойынша кедендік төлемнің сомасын есептеу кезінде "Ставка" бағанында төлем ставкасының көлемі "-" (минус) белгісімен көрсетіледі.";

      жиырма жетінші абзацтан кейін (кестеден кейін) мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Бір құрамдас бөлікті екіншісінен азайтуды көздейтін кедендік төлемнің комбинацияланған ставкасы қолданылған жағдайда азайтылатын құрамдас бөлік бойынша кедендік төлемнің сомасын есептеу кезінде "Сомасы" бағанында төлем сомасының көлемі "-" (минус) белгісімен көрсетіледі.".

      3. 25-тармақта:

      а) 4-тармақша бесінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "алдыңғы ТД 33-графасында көрсетілген ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауардың сыныптау коды (Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы үшін);";

      б) 5-тармақшаның екінші абзацы "(бар болған жағдайда), ал Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы үшін – декларациялатын тауарды дайындау үшін пайдаланылған шикізаттық тауарлардың (компоненттердің) (шетелдік тауарлардың, Одақ тауарларының) санын растайтын құжат туралы мәліметтер (калькуляция, ерекшеліктер)" деген сөздермен толықтырылсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады