Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберіндегі бастамаларды пысықтау тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 25 қазандағы № 4 шешімі.

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімін орындау мақсатында Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберіндегі бастамаларды пысықтау тәртібі бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтерімен бірлесіп Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына:

      Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бастамаларды пысықтаудың барысы туралы ақпарат;

      Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі жобаларды іске асыру механизмдерін дамыту жөнінде ұсыныстар берсін.


Еуразиялық үкіметаралық кеңестің мүшелері:

Армения
Республикасынан
 

Беларусь
Республикасынан
 

Қазақстан
Республикасынан
 

Қырғыз
Республикасынан
 

Ресей Федерациясынан


  Еуразиялық үкіметаралық
кеңестің
2017 жылғы 25 қазандағы
№ 4 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберіндегі бастамаларды пысықтау
ТӘРТІБІ
І. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп:

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарын (бұдан әрі - Негізгі бағыттар) орындауды қамтамасыз ету;

      бастаманы пысықтауға сұрау салуды қалыптастырудан (түскен ұсыныстан) жобаны (жобаларды) бастамалауға дейін (бұдан әрі тиісінше – сұрау салу, бастамалау) бастаманы ашық, тиімді және жылдам пысықтауды қамтамасыз ету;

      Еуразиялық экономикалық одақта цифрлық трансформациялаудың құзыреттер орталығы желілерін қалыптастыру;

      Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсаттарында әзірленді.

      2. Осы Тәртіп Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберіндегі бастамаларды пысықтау процесінің барлық қатысушылары әрекеттерінің рөлін, механизмдерін, мазмұнын, нәтижелерін және реттілігін айқындайды.

      3. Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберіндегі бастамаларды басқарудың бизнес-процесс моделі осы Тәртіпке қосымшада келтірілді.

      4. Еуразиялық экономикалық комиссияда (бұдан әрі - Комиссия) бастамаларды тиімді пысықтау үшін Комиссияның дербес құрылымдық бөлімшелерінің тізбесі мен санын сақтай отырып, Комиссия Алқасы Төрағасының тікелей бағынысындағы бастамаларды басқару офисі қалыптастырылады. Бастамаларды басқару офисі бастамаларды пысықтаумен (бастамаларды басқарумен) байланысты қызметті үйлестіруді, оның мониторингісін және бақылауды жүзеге асырады. Бастамаларды басқару офисінің қызметі туралы ережені Комиссия Алқасының Төрағасы бекітеді.

ІІ. Негізгі ұғымдар

      5. Осы Тәртіптің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "бастама" - цифрлық тәртіптің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған өзара байланысты жобалар туралы ұсыныс;

      "бастамашы" - пысықтауға арналған бастаманы ұсынатын, бастамалар шеңберіндегі жобаны (жобаларды) іске асыруға мүдделі және сұрау салуды қалыптастырудан бастамалар шеңберіндегі жобаны (жобаларды) бастамалауға дейін бастаманы пысықтаудың барлық өмірлік цикліне қатысатын бизнес-қоғамдастықтың өкілі, оның ішінде бизнес-бірлестік (консорциум және т.б.), Одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі - мүше мемлекет) мемлекеттік билік органы немесе Комиссия;

      "зерттеу" - бастаманы пысықтау және бастама шеңберіндегі жобаны (жобаларды) бастамалауға арналған құжаттар пакетін (жобаны (жобаларды) бастамалаудың негіздемесі) қалыптастыру мақсатында орындалатын ғылыми-зерттеу жұмысы;

      "офис" - тең өкілдік ету қағидатын ескере отырып қалыптастырылған, біліктілік талаптарына Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру мәселелері бөлігіне сай келетін мүше мемлекеттердің сарапшылар тобын білдіретін бастамаларды басқару офисі;

      "бастаманы пысықтау" - бастама шеңберіндегі жобаны (жобаларды) бастамалаудың орындылығын анықтау мақсатында бағалауды, талдауды және зерттеуді жүргізумен байланысты іс-шаралар жиынтығы;

      "құзыреттер тізілімі" - цифрлық құзыреттер иелерінің тізілімге енгізу үшін Комиссияға тиісті мәліметтерді ерікті түрде беру жолымен, сондай-ақ мүше мемлекеттердің атына жолданатын осындай мәліметтерді беру туралы Комиссияның ресми сұрау салуы негізінде қалыптасатын цифрлық құзыреттер мен құзырет орталықтарының мамандандырылуы туралы мәліметтер тізілімі;

      "бастамаларды басқару" - бастаманы пысықтаумен байланысты қызметті үйлестіру, оның мониторингісі және бақылау функцияларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      "құзыреттер орталығы" - сараптама жүргізу және жобалау қызметі үшін қажетті цифрлық құзыреттерге ие ұйым немесе сарапшылар тобы;

      "сараптамалық алаң" - бастамашының, офистің, мүше мемлекеттер мемлекеттік билік органдарының, Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің бастаманы талқылау және оның егжей-тегжейлі пысықталуы үшін Комиссия ұйымдастыратын құзырет орталықтарының, ғылыми ұйымдардың, кәсіпорындардың, халықаралық ұйымдардың және басқа да сарапшылардың қатысуымен бірлесіп жасалатын жұмыс форматы.

ІІІ. Бастаманы пысықтауға сұрау салуды қалыптастыру

      6. Бастамашы бастаманы пысықтауға сұрау салуды қалыптастырады.

      7. Бастамашы пысықтау үшін ұсынған бастама Негізгі бағыттарда айқындалған цифрлық экономиканы дамытудың бағыттарына (экономика салаларын цифрлық трансформациялау және кросс-салалық трансформациялау, тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал және жұмыс күші нарықтарының цифрлық трансформациясы, интеграциялық процестерді басқару процестерін цифрлық трансформациялау, цифрлық инфрақұрылымның дамуы және цифрлық процестердің қорғалуын қамтамасыз ету) сәйкес келуі және көрсетілген бағыттарға кіретін мәселелердің шешілуіне жәрдемдесуі тиіс.

      8. Пысықтау үшін ұсынылатын бастама Негізгі бағыттарда айқындалған өлшемшарттарға және Комиссия Кеңесі бекітетін өлшемшарттарға сай болуы тиіс. Комиссия Алқасы бастама туралы ұсынылатын ақпараттың форматы мен құрылымына қойылатын талаптарды бекітеді.

      9. Бастамашы Сұрау салуды қалыптастыру үшін осы Тәртіптің 8-тармағында көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес бастама туралы қажетті мәліметтерді Одақтың ақпараттық порталы арқылы береді.

      10. Қалыптастырылған сұрау салуға бастамалар тізіліміне енгізу үшін тіркеу нөмірі беріледі. Тіркеу нөмірі сұрау салуды өңдеудің жай-күйін қадағалап отыруға мүмкіндік береді.

      11. Бастама Комиссия Алқасы бекітетін талаптарға сәйкес бастамашы қалыптастырған жобаны (жобаларды) бастамалауға арналған құжаттар пакеті түрінде ұсынылуы мүмкін.

      12. Офис 7 жұмыс күні ішінде сұрау салудың бастама туралы ұсынылатын ақпараттың форматы мен құрылымына қойылатын талаптарға сәйкестігіне тексеріс, сондай-ақ сұрау салудың осы Тәртіптің 8-тармағында көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестігіне тексеріс, толығымен немесе ішінара бірдей, іске асырылатын немесе іске асыруға жоспарланған бастама саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстардың, жобалар мен
іс-шаралардың бар болуына талдау жүргізеді.

      Офис сұрау салуға жүргізілген бағалау негізінде сұрау салуды одан әрі өңдеудің орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытынды береді. Бастамашыға сұрау салу тіркелген күннен бастап 7 жұмыс күнінен кешіктірмей сұрау салудың мәртебесі туралы ақпарат беріледі.

ІV. Бастаманы одан әрі пысықтауда мүше мемлекеттердің бастамасын талдау және олардың мүдделілігін анықтау

      13. Сұрау салуды одан әрі өңдеудің орындылығы туралы қорытынды негізінде сараптамалық алаң қалыптастырылады.

      Сараптамалық алаң қажетті цифрлық құзыреттер мен бастаманың одан әрі талдауына арналған сараптама ескеріле отырып, оның ішінде құзыреттер тізілімін пайдалана отырып құрылады.

      14. Сараптамалық алаңның қатысушылары сұрау салуға талдау жүргізеді, оның негізінде зерттеу жүргізуге арналған техникалық тапсырманы жасайды, сондай-ақ зерттеу жүргізуді қаржыландыру көзін айқындайды.

      Зерттеу жүргізуге арналған техникалық тапсырмаға қойылатын талаптарды Комиссия Алқасы бекітеді.

      15. Одақтың интеграциялық ақпараттық жүйесін жасау, оның жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету саласына жатқызылуы мүмкін бастама Одақтың интеграциялық ақпараттық жүйесін жасауды, оның жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етуді реттейтін актілер негізінде осы жүйені дамыту стратегиясын ескере отырып пысықталады.

      16. Зерттеу жүргізуге арналған техникалық тапсырма Комиссия Кеңесінің қарауына белгіленген тәртіппен шығарылады.

      17. Комиссия Кеңесі бастаманы қарау қорытындысы бойынша шешім қабылдайды (бұдан әрі - Кеңес шешімі), онда Комиссия Алқасы зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуге тапсырма береді.

      18. Мүше мемлекеттердің бастаманы одан әрі пысықтауға мүдделілігі болмаған жағдайда, бастамашыға бастаманы одан әрі пысықтаудан бас тарту туралы хабарлайды.

V. Жобаны (жобаларды) бастамалауды негіздеуге зерттеу жүргізу


      19. Зерттеу Одақтың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған жағдайда, Кеңес шешімі Комиссия Алқасының зерттеуді Комиссияның ағымдағы кезеңге арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарына осы мақсаттар үшін белгіленген тәртіппен енгізуі үшін негіз болып табылады.

      Зерттеу Комиссия көздеген, Одақтың интеграциялық ақпараттық жүйесін жасауға, оның дамуын және жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған Одақтың бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған жағдайда, Кеңестің шешімі Одақтың интеграциялық ақпараттық жүйесін жасау, оның жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар жоспарына қажет болғанда өзгерістер енгізу үшін негіз болып табылады.

      Егер бастамашы зерттеуді өз қаражаты есебінен жүргізген жағдайда, сұрау салу осы Тәртіптің 11-тармағына сәйкес қалыптастырылады.

      20. Бастамашы ерікті негізде зерттеулер жүргізуге сарапшыларды тарта алады.

      21. Зерттеу осы мақсаттар үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      22. Техникалық-экономикалық негіздемені, бизнес-кейсті, тұжырымдамалық жобаны, іс-шаралардың жоғары деңгейлі жоспарын (маршрут картасы), жоба өнімінің сипаттамасын, жобаны іске асыру шеңберінде тараптардың өзара іс-қимыл жасау нысанының сипаттамасын қамтитын жобаны бастамалауға арналған құжаттар пакеті зерттеу нәтижесі болып табылады.

      Құжаттар пакетіне қойылатын талаптарды Комиссия Алқасы бекітеді.

      23. Жобаны (жобаларды) бастамалауға арналған құжаттар пакеті Комиссия Кеңесінің қарауына белгіленген тәртіппен шығарылады.

      24. Осы Тәртіптің 11-тармағында көрсетілген жағдайда қосымша зерттеу жүргізілмеуі мүмкін.

VI. Жобаны (жобаларды) бастамалау

      25. Комиссия Кеңесі жобаны (жобаларды) бастамалау туралы шешімді белгіленген тәртіппен қабылдайды не мәселені Одақтың жоғары тұрған органдардың қарауына жолдайды.

      26. Комиссия Кеңесінің немесе Одақтың жоғары тұрған органдарының теріс шешімі жағдайында бастамашыға жобаны (жобаларды) бастамалаудан бас тарту туралы хабарлайды.

      27. Бастамашы бастама шеңберіндегі жобаны (жобаларды) іске асыруға одан әрі қатысу үшін басым құқыққа ие болады.

VII. Мониторинг және бақылау

      28. Офис бастамаларды басқару процесінің мониторингісін және оған бақылауды жүзеге асырады. Мониторинг және бақылау нәтижелері Комиссия Алқасының Төрағасына қажет болғанда процесті жақсарту жөніндегі ұсыныстармен бірге ұсынылады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады