"Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалі туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 28 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпаратын назарға ала отырып, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалі тағайындалсын.

      2. Қоса беріліп отырған "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалі туралы ереже бекітілсін.

      3. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалінің эскизін, "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалінің сипаттамасын, "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалі куәлігінің эскизін бекітсін және аталған медальдің санын айқындасын.

      4. "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалін және оның куәлігін дайындауға жұмсалатын шығыстар Еуразиялық экономикалық комиссия бюджетінің қаражаттары есебінен жүзеге асырылады деп белгіленсін.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан


  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 28 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

"Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалі туралы ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалінің (бұдан әрі – медаль) мәртебесін және онымен наградтау тәртібін айқындайды.

      2. Медаль Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – тиісінше мүше мемлекеттер, Одақ) азаматтарын, сондай-ақ Одақтың дамуына айтарлықтай үлес қосқан үшінші мемлекеттердің азаматтарын көтермелеудің жоғары нысаны болып табылады.

      3. Медальмен наградтау туралы шешімді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (бұдан әрі – Жоғары кеңес) қабылдайды.

      4. Медальмен қайталап наградтау жүргізілмейді.

      5. Медаль кеуденің сол жағына тағылады және мүше мемлекеттердің мемлекеттік наградаларынан төмен орналасады.

      6. Медальмен наградталған адамдардың есебін алуды Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Комиссия Алқасының Төрағасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

      7. Жоғалғанның орнына медаль дубликаты берілмейді.

      8. Наградталған адамға Комиссия Кеңесі бекітетін эскиз бойынша дайындалған медаль куәлігі беріледі.

      9. Медаль куәлігі жоғалған жағдайда Комиссия наградталушының жеке өтініші бойынша Комиссияның ресми бланкінде ресімделген және Комиссия Алқасының Төрағасы қол қойған медальмен наградталғаны туралы анықтама береді.

ІІ. Медальмен наградтауға ұсыну тәртібі

      10. Медальмен Комиссия Кеңесінің мүшелері, Комиссия Алқасының Төрағасы, Комиссия Алқасының мүшелері, Одақ Сотының Төрағасы, Одақ сотының судьялары, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері, мүше мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ Одақтың дамуына айтарлықтай үлес қосқан үшінші мемлекеттердің азаматтары наградталады.

      11. Медальмен наградтау үшін Жоғары кеңес мүшесінің, Комиссия Кеңесі мүшесінің, Комиссия Алқасы Төрағасының (Комиссия Алқасы мүшелерінің пікірлерін ескере отырып), сондай-ақ Одақ Соты Төрағасының қосымшаға сәйкес нысанда наградтау парақтары қоса тіркелген өтінішхаты негіз болып табылады.

      12. Комиссия өтінішхаттардың негізінде (наградталатын адамдардың тізімін көрсетіп және наградтау парақтарын қоса бере отырып) медальмен наградтау туралы шешімнің жобасын әзірлейді және Жоғары Кеңестің қарауына ұсынады.

ІІІ. Медальді тапсыру тәртібі

      13. Медальді Жоғары кеңес мүшесі, Комиссия Кеңесінің мүшесі, Комиссия Алқасының Төрағасы, Одақ Сотының Төрағасы, Комиссия Алқасының мүшесі, мүше мемлекеттің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті органының басшысы тапсырады.

      14. Медаль мен оның куәлігі наградталған адамдарға Жоғары кеңестің наградтау туралы шешімі күшіне енген күннен бастап 3 айдан кешіктірмей салтанатты жағдайда тапсырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады