Қалдықтардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 22 мамырдағы № 82 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 38-бабының 5-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Қалдықтардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері туралы ереже бекітілсін.

      2. Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 қарашадағы "Шетелдік тауарларды өңдеу нәтижесінде түзілген қалдықтардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері туралы ереже туралы" № 512 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 22 мамырдағы
№ 82 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Қалдықтардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері туралы
ЕРЕЖЕ

      1. Осы Ереже Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде пайда болған және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 170-бабының 1-тармағына және 195-бабының 1-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылуға жататын қалдықтардың (бұдан әрі тиісінше – өңдегеннен кейінгі қалдықтар, Кодекс), сондай-ақ тауарларды жою нәтижесінде пайда болған және Кодекстің 250-бабының 4-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылуға жататын қалдықтардың (бұдан әрі – жойғаннан кейінгі қалдықтар) кедендік құнын айқындау ерекшеліктерін белгілейді.

      2. Осы Ереженің 1-тармағында көрсетілген қалдықтардың (бұдан әрі – қалдықтар) кедендік құны осы Ережеде көзделген ерекшеліктер ескеріліп, Кодекстің 5-тарауына сәйкес айқындалады.

      3. Өңдегеннен кейінгі қалдықтардың кедендік құны, егер тауарларды өңдеу бойынша қызметтер көрсету шартында мұндай қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) кедендік аумағында сату көзделсе, Кодекстің 39-бабының 1-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде әкелінетін тауарлармен мәміленің құны жөніндегі әдісті (1-әдіс) қолдану жолымен айқындалады.

      Өңдегеннен кейінгі қалдықтардың кедендік құны олармен мәміленің құны болып табылады, яғни осы қалдықтар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын, тауарларды қайта өңдеу жөніндегі қызметтер көрсету шартында көзделген және осы Ереженің 4-тармағына сәйкес толықтырылған баға.

      4. Өңдегеннен кейінгі қалдықтардың кедендік құнын 1-әдіс бойынша айқындау кезінде осы қалдықтар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға:

      а) сатып алушы осындай қалдықтарды сатып алуға байланысты қызметтер көрсеткені үшін өз агентіне (делдалға) төлейтін сатып алғаны үшін сыйақыны қоспағанда, осындай шығыстарды сатып алушы жүзеге асырылған немесе жүзеге асыруға жататын, бірақ осы қалдықтар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға қосылмаған мөлшерде делдалдарға (агенттерге) сыйақы және брокерлерге сыйақы;

      б) сатушыға тікелей немесе жанама түрде тиесілі кірістің (пайданың) кейіннен сату, өзге тәсілмен басқару немесе осы қалдықтарды пайдалану нәтижесінде алынған бөлігі қосылады.

      5. Өңделгеннен кейінгі қалдықтардың 1-әдіс бойынша айқындалатын кедендік құнында мынадай шығыстар қалдықтар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағадан бөлініп көрсетілген жағдайда олар қамтылуға тиіс емес:

      а) осындай қалдықтарды тасу (тасымалдау) жөніндегі шығыстар;

      б) төленетін немесе төлеуге жататын баждар, салықтар және алымдар.

      6. Жойғаннан кейінгі қалдықтардың кедендік құнын айқындау кезінде 1-әдіс қолданылмайды.

      7. Ұқсас тауарлармен мәміленің құны жөніндегі әдісті (2-әдіс), біртекті тауарлармен мәміленің құны жөніндегі әдісті (3-әдіс) немесе шегеру әдісін (4-әдіс) қолдану жолымен қалдықтардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін Кодекстің 41-бабының 1-тармағында, 42-бабының 1-тармағында және 43-бабының 3-тармағында белгіленген кезеңді айқындау үшін қалдықтарды мәлімделген кедендік рәсіммен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияның тіркелген күні Одақтың кедендік аумағына тауарлардың әкелінген күні деп түсініледі.

      Егер осындай ұқсас немесе біртекті тауарлар Одақтың кедендік аумағында өндірілсе, қалдықтардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін тауарлар осындай қалдықтарға ұқсас немесе біртекті деп есептеледі.

      8. Қалдықтардың кедендік құнын айқындау кезінде қосу әдісі (5-әдіс) қолданылмайды.

      9. Қалдықтардың кедендік құнын резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындау Кодекстің 39, 4143-баптарында белгіленген тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін икемді қолдану негізінде, сондай-ақ осы Ережеде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады