Еуразиялық көлік дәліздерінің тізбесіне енгізу жоспарланып отырған автомобиль жолдарына қойылатын талаптар туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 29 ұсынымы.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 25 қазандағы № 3 шешімімен бекітілген 2018-2020 жылдарға арналған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатының негізгі бағыттары мен іске асыру кезеңдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар ("жол картасы") жоспарының 27-тармағына сәйкес,

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге автомобиль жолдарын Еуразиялық көлік дәліздерінің тізбесіне енгізу туралы ұсыныстар дайындау кезінде осындай жолдарға қойылатын мынадай талаптарды ескеруді ұсынады:

      автомобиль жолдары:

      мемлекетаралық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы жолдар (Армения Республикасының аумағымен өтетін жолдар үшін);

      республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы жолдар және (немесе) жалпы пайдаланымдағы жеке меншік автомобиль жолдары (Беларусь Республикасының аумағымен өтетін жолдар үшін);

      халықаралық және республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы жолдар (Қазақстан Республикасының аумағымен өтетін жолдар үшін);

      халықаралық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы жолдар және (немесе) жеке меншік автомобиль жолдары (Қырғыз Республикасының аумағымен өтетін жолдар үшін);

      федералдық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы жолдар және (немесе) жалпы пайдаланымдағы жеке меншік автомобиль жолдары (Ресей Федерациясының аумағымен өтетін жолдар үшін) болып табылуға тиіс;

      автомобиль жолдары, сондай-ақ олармен байланысты жобалау, салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу және пайдалану процестері және қолданылатын жол-құрылыс материалдары мен бұйымдар Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 18 қазандағы № 827 шешімімен қабылданған Кеден одағының "Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі" (КО ТР 014/2011) техникалық регламентінің талаптарына сәйкес болуға тиіс;

      іс жүзіндегі қозғалыс қарқындылығының жобалық өткізу қабілетіне қатынасы ретінде айқындалатын автомобиль жолдары жүктемесінің орташа деңгейінің мәні 0,8 аспауға тиіс;

      автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу кезінде жалқы оське түсетін жүктеменің есептік (нормативтік) мәні 11,5 тоннадан кем болмауға тиіс (жалқы осіне 11,5 тоннадан кем есептік (нормативтік) жүктемесі бар, бұған дейін оңдалған және реконструкцияланған автомобиль жолдарын қоспағанда – оларды пайдаланудың жөндеуаралық мерзімі өткенге дейін);

      салынып жатқан және реконструкцияланып жатқан автомобиль жолдары елді мекендердің көше-жол желісі арқылы өтпеуге тиіс (елді мекендерді айналып өтуге тиіс), ал қолданыстағы автомобиль жолдарының учаскелері (мүмкіндігінше) елді мекендерді айналып өтуге тиіс;

      автомобиль жолдары көлік құралдарын салмақтық және габариттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды, автомобиль жолдарының сақталуын тіркеу үшін фото және (немесе) кино түсіру, бейнежазба функциялары бар, автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық құралдармен, сондай-ақ жол жүрісіне қатысушыларды жол-көлік жағдайы туралы хабардар ету мақсатында ауыспалы ақпарат таблосымен жарақтандырылуға тиіс;

      автомобиль жолдары мотельдер, кемпингтер, қоғамдық тамақтандыру пункттері, жанармай құю станциялары (соның ішінде көлік құралдарына газды мотор отынын құюды жүзеге асыру мүмкіндігін беретін, сондай-ақ жуу пункттері мен сауда кәсіпорындары бар), техникалық қызмет көрсету станциялары, тұрақтар (демалуға арналған алаңдар) сияқты сервис объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады