Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының және Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимыл жасау тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 25 қазандағы № 9 шешімі.

      Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 18 өкімінің 2-тармағына сәйкес Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының және Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен бірлесіп, 4 ай мерзімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің құзыреттер орталығы туралы ұсынымдық сипаттағы үлгілік ережені бекітсін.

      3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері өз мемлекеттерінің құзыреттер орталықтарына Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде өзара іс-қимыл жасау үшін тиісті өкілеттіктер берілгеннен бір ай мерзімде бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етсін.

      4. Осы Шешім қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:

Армения
Республикасынан


Беларусь
Республикасынан
 
 


Қазақстан
Республикасынан

Қырғыз
Республикасынан
 

Ресей
Федерациясынан
 

  Еуразиялық үкіметаралық
кеңестің
2019 жылғы 25 қазандағы
№ 9 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының және Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимыл жасау
ТӘРТІБІ
I. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 18 өкімінің 2-тармағына сәйкес әзірленген және Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының және Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ, Комиссия) өзара іс-қимыл жасау қағидаларын айқындайды.

      2. Осы Тәртіпте пайдаланылатын ұғымдар Одақ органдарының Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру мәселелері жөніндегі актілерінде айқындалған мәндерде қолданылады.

      3. Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бірлескен жобалар мен цифрлық трансформацияны іске асыру, кооперацияның жаңа механизмдерін қалыптастыру, сондай-ақ цифрлық құзыреттерді дамыту мақсатында мүше мемлекет Одақтың цифрлық күн тәртібінің жекелеген жобалық бағыттары немесе басымдықтары бойынша құзыреттер орталығын немесе осындай бірнеше орталықты айқындап, тиісті өкілеттіктер береді.

      4. Тиісті өкілеттіктер берілген жағдайда мүше мемлекеттің құзыреттер орталығы бастамаларды пысықтау кезінде, сондай-ақ жобалық және өзге де қызмет шеңберінде Комиссиямен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      5. Жобаны үйлестіру жөніндегі жұмыс тобының отырыстары шеңберіндегі өзара іс-қимыл осы жобаның құжаттарымен реттеледі.

II. Бастаманы пысықтау кезіндегі өзара іс-қимыл

      6. Бастаманы пысықтау кезінде мүше мемлекеттің құзыреттер орталығы Комиссиямен өзара іс-қимыл шеңберінде мынадай функцияларды жүзеге асыра алады:

      а) бастаманы пысықтауға сұрау салуды қалыптастыру;

      б) бастамаларды ұлттық деңгейде басқару;

      в) әдістемелік және сарапшылық қолдауды жүзеге асыру;

      г) сарапшылық алаңдар, бастаманы пысықтау мәселелері жөніндегі іс-шаралар шеңберінде қызметті ұйымдастыруға жәрдемдесу;

      д) бастаманы пысықтауға сұрау салуды бағалау;

      е) жобаға бастамашылық ету үшін құжаттар пакетін дайындау;

      ж) бастаманы бағалау үшін сарапшыларды тарту;

      з) жоба бастамасын негіздеу үшін зерттеу жүргізуге арналған техникалық тапсырманың жобасына қосу үшін ұсыныстар дайындау;

      и) зерттеулерді ұлттық деңгейде үйлестіру және оларға қатысу;

      к) жоба бастамасын негіздеу үшін сарапшылық пікір қалыптастыру;

      л) бастаманы пысықтау процесін жақсарту жөнінде ұсыныстар қалыптастыру;

      м) өз құзыреті шегіндегі өзге де функциялар.

III. Жобалық қызметті жүзеге асыру кезіндегі өзара іс-қимыл

      7. Жобалық қызметті жүзеге асыру кезінде мүше мемлекеттің құзыреттер орталығы Комиссиямен өзара іс-қимыл шеңберінде мынадай функцияларды жүзеге асыра алады:

      а) жобаға және оның жекелеген іс-шараларына бастамашылық ету және немесе оларды іске асыру;

      б) жобалық қызметті жүзеге асыру кезінде және жобаның нәтижелері бойынша әдістемелік және сарапшылық қолдауды қамтамасыз ету;

      в) сарапшылық алаңдар, жолақы қызметке қатысты мәселелер жөніндегі іс-шаралар шеңберінде қызметті жүзеге асыруға жәрдемдесу;

      г) жобаларды үйлестіру жөніндегі жұмыс топтарының қызметіне қатысу;

      д) жобалардың іске асырылуын мониторингтеу;

      е) жобалардың іске асырылу барысы туралы есептер дайындау;

      ж) нормативтік-әдістемелік құжаттарды әзірлеуге қатысу;

      з) міндеттерді шешудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу мақсатында басқа мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау;

      и) мүше мемлекетте жобалық қызметке әлеуетті қатысушыларды Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамаларды пысықтау және жобаларды іске асыру механизмдері туралы хабардар етуді ұйымдастыру;

      к) жобалық қызметті ақпараттық сүйемелдеу;

      л) пилоттық жобаларға және "реттегіш құмсалғыштар" механизмі қолданылатын жобаларға қатысу;

      м) Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру кезінде инвестицияларды жүзеге асыратын қорлармен өзара іс-қимыл жасау;

      н) жобалық қызмет шеңберіндегі процестерді жақсарту жөнінде ұсыныстар қалыптастыру;

      о) өз құзыреті шегіндегі өзге де функциялар.

IV. Өзара іс-қимыл жасау қағидалары

      8. Мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтары мен Комиссия өзара іс-қимылды үйлестіруге және ақпарат алмасуға жауапты тұлғаларды тағайындайды.

      Мұндай тұлғалар туралы мәліметтер мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі ақпараттық ресурстарында және Одақтың ақпараттық порталында жарияланады.

      9. Мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының өзара іс-қимылы шеңберінде Комиссиядан алынған ақпаратты өңдеу және беру мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Мүше мемлекеттің құзыреттер орталығы Комиссияның сұрауы бойынша ақпаратты сұрау салу алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде береді.

      11. Комиссия мүше мемлекеттің құзыреттер орталығының сұрауы бойынша ақпаратты сұрау салу алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде береді.

V. Сарапшылық алаң шеңберіндегі өзара іс-қимыл

      12. Сарапшылық алаң нақты бастамаларды, зерттеулерді немесе жобаларды, сондай-ақ жобалық қызметпен байланысты мәселелерді талқылау үшін пайдаланылады.

      13. Мүше мемлекеттің құзыреттер орталығы сарапшылық алаң шеңберінде Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға бастамашы ретінде әрекет ете алады және тізімге қарау үшін мәселелер ұсына алады.

      14. Сарапшылық алаң шеңберінде Комиссияның, мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының және мемлекеттік билік органдарының өкілдері, сондай-ақ өздері туралы мәліметтер құзыреттер тізіліміне қосылмаған бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың тәуелсіз сарапшылары өзара іс-қимыл жасай алады.

      15. Сарапшылық алаң шеңберінде өзара іс-қимыл жасауға қатысушылардың құрамына үйлестіруші, хатшы және қатысушылар кіреді.

      Сарапшылық алаң шеңберінде өзара іс-қимыл жасауға қатысушылардың құрамын бекіту міндетті емес.

      16. Комиссияның лауазымды тұлғасы немесе қызметкері болып табылатын үйлестіруші отырыстарды жүргізеді.

      17. Хатшыны үйлестіруші қатысушылар арасынан белгілейді және ол сарапшылық алаң шеңберіндегі өзара іс-қимылды құжаттамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      18. Сарапшылық алаң шеңберіндегі өзара іс-қимылды бейнеконференция нысанында жүзеге асыруға болады.

      19. Хатшы отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 10 күн қалғанда мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарын отырыс өткізілетіні туралы хабардар етеді және бастаманы пысықтау жөнінде немесе талқылау үшін ұсынылатын басқа мәселелер жөнінде ақпарат береді.

      20. Қатысушылар бастамаға және қаралатын басқа мәселелерге қатысты позицияларын қалыптастырады.

      21. Отырыс өткізудің қорытындысы бойынша қатысушылардың пікірі мен сарапшылық қорытынды мүше мемлекеттің позициясы ретінде қаралмайды.

      22. Үйлестірушінің шешімі бойынша отырыстың нәтижесі хаттамамен ресімделеді.

      Отырыстардың хаттамаларын сақтауды Комиссия қамтамасыз етеді.

      23. Комиссия Одақтың ақпараттық порталында бөлім ашады, онда сарапшылық алаң шеңберіндегі қызмет туралы мәліметтер, соның ішінде осы қызметтің сипаты, қатысушылардың құрамы, сондай-ақ қажет болса, сарапшылық алаң шеңберіндегі отырыстар мен өзге де іс-шаралар туралы ақпарат, отырыстардың хаттамалары және құрамын үйлестіруші айқындайтын өзге де ақпараттық материалдар қамтылады. Мұндай бөлімді жүргізуді хатшы жүзеге асырады.

      Көрсетілген бөлімге мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен құзыреттер орталықтарына қолжетімділік беріледі.

      24. Сарапшылық алаң шеңберінде өткізілетін отырыстарға мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының, мемлекеттік билік органдарының өкілдерінің, бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың тәуелсіз сарапшыларының қатысуына байланысты шығыстарды оларды жіберуші тарап көтереді.

VI. Өзара іс-қимыл жасаудың өзге нысандары

      25. Комиссия және мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтары осы Тәртіпте көзделмеген, мүдделі тұлғалар қатысатын бірлескен іс-шараларды ұйымдастыра және өткізе алады, осындай іс-шаралар шеңберінде ақпарат алмаса алады.



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады