Бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2024 жылғы 8 қазандағы № 115 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет туралы" 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 215 шешімінің 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Б. Сағынтаев

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2024 жылғы 8 қазандағы
№ 115 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет туралы ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) жанынан құрылады.

      Комитет Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберіндегі бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу бойынша консультативтік орган болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Одақтың құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

II. Комитеттің негізгі міндеттері

      3. Комитеттің негізгі міндеттері:

      а) Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) мемлекеттік билік органдары өкілдерімен бәсекелестік орта, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы мәселелер бойынша консультациялар жүргізу;

      б) Комиссия үшін осы Ереженің 13-тармағына сәйкес бәсекелестік орта, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы мәселелер бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      в) өз құзыреті шегінде өзге де мәселелерді қарау болып табылады.

III. Комитеттің құрамы мен құрылу тәртібі

      4. Комитеттың құрамы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының басшыларынан (басшылардың орынбасарларынан) құрылады.

      5. Қажет болған жағдайда Комитет жанынан тұрақты немесе уақытша негізде сараптамалық және жұмыс топтары құрылуы мүмкін, олар мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының өкілдерінен, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінен қалыптастырылады.

      Мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша сараптамалық және жұмыс топтарының құрамына бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар енгізілуі мүмкін.

      Сараптамалық және жұмыс топтарының жұмыс тәртібін Комитет айқындайды.

      6. Комитеттің (сараптамалық және жұмыс топтарының) құрамын қалыптастыру үшін мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары Комиссияға тиісті кандидатуралар бойынша ұсыныстар береді.

      Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары Комиссияға Комитеттегі (сараптама тобы мен жұмыс тобындағы) өз өкілдерін ауыстыру қажеттігі туралы уақтылы хабарлайды, сондай-ақ оның құрамына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар береді.

      Комитеттің құрамы Комиссия Алқасының өкімімен бекітіледі.

      7. Комитет отырыстарында Комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) (бұдан әрі – Комитет төрағасы) төрағалық етеді және оның жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      Сараптамалық және жұмыс топтарының отырыстарында төрағалық етуді және олардың жұмысына жалпы басшылықты тиісті топтың басшысы жүзеге асырады.

      8. Комитеттің Төрағасы:

      а) Комитеттің қызметін басқарады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      б) мүше мемлекеттердің ұсыныстарын ескере отырып әзірленген Комитет отырысының күн тәртібін бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақытын және орнын анықтайды;

      в) Комитет отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырысының хаттамаларына қол қояды;

      д) Комитет жанынан құрылатын сараптамалық және жұмыс топтарының құрамдарын бекітеді;

      е) Комиссия Алқасының отырыстарында және өзге органдар мен ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Комитеттің мүддесін білдіреді;

      ж) Комиссияның бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаменті директорының ұсынуы бойынша Комитет хатшысын тағайындайды;

      з) Комитеттің құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      9. Комиссияның бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры Комиссияның монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры оларға жүктелген міндеттерге сәйкес Комитет төрағасының орынбасарлары болып табылады.

      10. Комитет төрағасының орынбасары (Комитет төрағасының тапсырмасы бойынша):

      а) Комитет төрағасы болмаған жағдайда Комитет төрағасының функцияларын орындайды;

      б) Комитет отырысын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      в) мыналарды:

      Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын және оған материалдардың дайындалуына;

      Комитет отырысының қорытындылары бойынша хаттаманың дайындалуына;

      хаттардың дайындалуына және олардың комитет мүшелеріне жіберілуіне;

      Комитеттің хаттамалық шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады.

      11. Комитеттің хатшысы Комиссияның Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің қызметкерлері қатарынан тағайындалады.

      12. Комитеттің хатшысы:

      а) Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын дайындауды қамтамасыз етеді және оны Комитет төрағасына бекітуге ұсынады;

      б) Комитет мүшелеріне ұсыну үшін Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын және Комиссияның құрылымдық бөлімшелері мен мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары ұсынған материалдар дайындайды;

      в) Комитет мүшелерін Комитет отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы электрондық пошта арқылы хабардар етеді;

      г) Комитет отырысының хаттамасын жүргізеді;

      д) Комитет отырысының қорытындылары бойынша хаттаманың жобасын қол қою үшін дайындайды;

      е) Комитет отырысының нәтижелері бойынша дайындалған қорытынды құжаттарды дайындауды және Комитет мүшелеріне жіберуді ұйымдастырады.

IV. Комитеттің қызметі

      13. Комитеттің отырыстары мынадай:

      а) Комиссияның ғылыми-зерттеу жұмысының жоспарына енгізу үшін Комитеттің қызметі бағыттарына жататын мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарын қарау және келісу;

      б) мүше мемлекеттермен бағаны мемлекеттік реттеуді ендіру фактілері бойынша мәселелерді қарау;

      в) мүше мемлекеттер сарапшыларының келіспеушіліктері бар мәселелерді, оның ішінде Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың ережелерін, Одақ органдарының актілерін және мүше мемлекеттердің бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамасының актілерін жетілдіру туралы ұсыныстарға қатысты мәселелерді реттеу;

      г) мүше мемлекеттердің Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және Одақ органдарының бәсекелестік саясат және монополияға қарсы реттеу саласындағы актілерін орындауы мониторингінің нәтижелерін қарау;

      д) бәсекелестік саясат және монополияға қарсы реттеу саласын қозғайтын кедергілерді (тосқауылдарды, шектеулерді, алып қоюларды) жою жөнінде ұсыныстар дайындау;

      е) бәсекелестік саясат және монополияға қарсы реттеу мәселелері бойынша Одақ шеңберінде халықаралық шарттардың жобаларын және Одақ органдарының актілерін әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;

      ж) бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласын қозғайтын мәселелер қаралған жағдайда, Комиссияның басқа консультативтік органдары мен департаменттері үшін ұсыныстар дайындау;

      з) бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу саласындағы құқық қолдану практикасы мәселелерін қарау;

      и) Одақ шеңберіндегі бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу саласына, сондай-ақ бағаны мемлекеттік реттеу саласына қатысты өзге де мәселелерді қарау мақсаттарында өткізіледі.

V. Комитет жұмысының тәртібі

      14. Комитет отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      Комитет отырысын өткізу туралы шешімді мүше мемлекеттердің ұсыныстарын ескере отырып, Комитет төрағасы қабылдайды.

      15. Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды Комитет мүшелері Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей мыналарды қамтитын материалдарды қоса бере отырып Комитет төрағасына:

      қарастырылатын мәселелер бойынша анықтамалық және талдамалық материалдарды;

      қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын (бар болса);

      хаттамалық шешімнің жобасын;

      мәселелерді қарау кезінде маңызы бар өзге де құжаттар мен материалдарды (бар болса) жібереді.

      Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын және оған қатысты материалдарды алдын ала талқылау Комитет төрағасының Комитет отырысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін орынбасарының төрағалығымен мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте өткізіледі.

      16. Монополияға қарсы реттеу департаменті қызметінің бағыттары бойынша Комитет отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер жөніндегі материалдар Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 20 күннен кешіктірілмей Комитет хатшысына ұсынылады.

      17. Комитет отырысының бекітілген күн тәртібін, оған материалдарды, сондай-ақ Комитет отырысының өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы ақпаратты Комитет хатшысы Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей Комитет мүшелеріне (оның ішінде электрондық түрде) жібереді. Комитет хатшысы Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей (мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таралуы шектеулі мәліметтерге жатқызылған мәліметтерді қамтитын құжаттарды қоспағанда) Комитет отырысының күн тәртібіне қатысты материалдарды Одақтың ресми сайтында жариялауды қамтамасыз етеді.

      Комитет отырысының күн тәртібі бойынша келіп түскен қосымша ұсыныстар туралы ақпарат осындай ұсыныстар келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей электронды пошта арқылы Комитеттің мүшелеріне жіберіледі.

      18. Комитеттің отырыстары, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органының ұсынысы және Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитеттің отырысы кез келген мүше мемлекетте өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдем көрсетеді.

      Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитеттің отырысы бетпе-беп форматта немесе видеоконференция арқылы өткізілуі мүмкін.

      Комитеттің отырысын өткізу үшін Комитет төрағасының (төраға орынбасарының) және Комитеттің кем дегенде 1 мүшесінің – әрбір мүше мемлекеттен мемлекеттік билік органы өкілінің қатысуы қажет.

      19. Комитет мүшелері Комитеттің отырыстарына алмастыру құқығынсыз жеке қатысады. Егер Комитет мүшесінің Комитеттің отырысына қатысуы мүмкін болмаса, ол Комитет отырысы өтетін күнге дейін 3 жұмыс күннен кешіктірмей Комитеттің төрағасына қаралатын мәселелері бойынша өз пікірін жазбаша түрде ұсынуға құқылы.

      20. Комитет мүшесінің Комитет отырысына ұсынған пікірі мүше мемлекеттің түпкілікті ұстанымы ретінде қаралмайды.

      21. Комитет төрағасының шақыруы бойынша немесе Комитет мүшесінің ұсынысы бойынша Комитеттің отырысына мүше мемлекеттердің қажетті біліктілігі бар бизнес-қауымдастық өкілдері, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, Комитеттің отырысында қаралатын мәселелері құзыретіне жататын Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері қатыса алады.

      Комитеттің отырысына мүше мемлекеттердің шақыруы бойынша Комитеттің отырысында қаралатын мәселелері құзыретіне жататын мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатысуы мүмкін.

      22. Комитет отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Комитет мүшелерінің ұстанымдары және қол жеткізілген уағдаластықтар тіркеледі. Хаттаманың жобасы Комитет отырысы өткен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей Комитет отырысына қатысқан Комитет мүшелерімен келісіледі.

      Егер Комитет мүшесінің Комитет қарайтын мәселе бойынша айрықша пікірі бар болған жағдайда, ол жазбаша нысанда баяндалады және Комитет отырысының хаттамасына қоса тіркеу үшін Комитет отырысы өткен күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей Комитет хатшысына тапсырылады. Комитет отырысының хаттамасына сонымен бірге қаралатын құжаттардың жобалары бойынша ұсыныстар, анықтамалық және талдамалық материалдар және тиісті негіздемелері қоса тіркелуі мүмкін.

      23. Комитет отырысының хаттамасына Комитет төрағасы Комитет отырысы өткізілген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

      Комитет отырысы хаттамасының көшірмелері Комитет төрағасы қол қойған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына, сондай-ақ Комитет мүшелеріне жіберіледі.

      Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитет отырысының хаттамасы немесе одан үзінді Комитет отырысына қатысқан шақырылған адамдарға жіберілуі мүмкін.

      Комитет отырыстарының хаттамалары Комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесінің (Министрдің) Хатшылығында сақталады.

      24. Комитеттің шешімдері ұсыныс сипаттында болады.

      25. Комитеттің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

      Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары өкілдерінің Комитеттің отырыстарына қатысуымен байланысты шығыстарды оларды жіберген мүше мемлекеттер көтереді.

      Мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылары Комитеттің отырыстарына қатысумен байланысты шығыстарды көрсетілген адамдардың өздері көтереді.

      26. Комитеттің қызметін тоқтату үшін негіздеме Комиссия Алқасының шешімі болып табылады.

      Сараптамалық және жұмыс топтары қызметін тоқтату үшін негіздеме Комитеттің шешімі болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады