Елдегі жағдай және 2002 жылғы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы

Жаңа

Республика Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы, 2001 жыл.

      Тәуелсіз Қазақстанның шежіресі, оның жаңа тарихы енді басталып келеді.

      Бірақ сіздер мен біздер тәуелсіздіктің бастау алар шағындағы аса бір күрделі тарихи кезеңде өмір сүру құрметіне ие болып отырмыз, бұл уақыттың әр жылы ондаған жылдарға парапар деп нық сеніммен айтуға болады.

      Біз алғашқы жетістіктердің қуанышы мен қиындығын, сондай-ақ, қоғамдық-саяси жүйенің және мемлекеттік-экономикалық құрылыстың алмасу кезеңіндегі тауқыметті де бастан кешірдік.

      Біздің ұрпақ жаңа мемлекетті құру, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етудің құрметі мен жауапкершілігін қайыспай арқалағанын, экономикалық қатынастар жүйесін түбірімен қайта құруға, қоғамда демократиялық құқықтар мен бостандықты орнықтыру мен нығайтуға байланысты қиын сәттерді абыроймен өткергенін атап өтуге болады.

      Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары алдымызға қойылған қоғамды және экономиканы реформалау міндеттері негізінен алғанда тиянақталды деп айтуға әбден болады.

      Қысқа мерзімнің ішінде, бір қарағанға, қолдан келместей қыруар іс тындырылды. Небәрі бірнеше жылдың ішінде өзіне тән барлық айқын сипаты бар жаңа мемлекеттілік құрылды.

      Алғашқы күндерден бастап қолға алынған конституциялық құрылыс барысында мемлекеттік дамудың жаңа үлгісін қалыптастыруға қажетті берік негіз қаланды.

      Құрметті депутаттар! Қымбатты қазақстандықтар!

      Өмір біздің ашық нарықтық экономика мен демократиялық даму үлгісін таңдауымыздың дұрыс болып шыққанын көрсетіп берді деп басын аша айта аламыз.

      Біздің реформаларымыздың әлеуметтік бағыт ұстанғаны өте маңызды. Мұның өзі реформа жолына түскен кейбір басқа елдерде орын алған ірі саяси сүргіндерге ұрынбай өтуге мүмкіндік берді.

      Қазір қарап отырсаңыз өміріміздегі көптеген құбылыстар өзінен өзі бола салғандай көрінеді.

      Кәсіптік еркіндік те, жаңа салық, бюджет, банк жүйелері де, жекеше кәсіпорындар, шаруа, фермер қожалықтары да, сондай-ақ басқа көптеген жайлар да баяғыдан бар сияқты.

      Шынтуайтында, мұнан 8-10 жыл ғана бұрын осының ешқайсысы да жоқ еді, оны айтасыз - мұндай идеялардың өзіне талай жұрт тосырқай қарайтын. Бұл жөнінде қоғамда қандайлық пікірталас өрістегенін, билік басындағыларға қандайлық айыптар тағылғанын еске алудың өзі жетіп жатыр.

      Қоғамдық пікірді өзгерту оңайға түскен жоқ.

      Алайда, біз осының бәрін еңсере алдық. Біз жаңа экономикалық қатынастардың негізін қаладық, шын мәнінде тақыр жерде нарық тетіктерін жасап шыға алдық.

      Қазіргі таңда ел экономикасы өрлеу үстінде - биылғы жылдың алғашқы жартысында жалпы ішкі өнімнің өсуі өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 14 пайыздан асып отыр. Өндіріс орындарының тоқтап қалғандары қалпына келтіріліп, біразы жаңадан құрылып жатыр, инфрақұрылым белсенді түрде қалыптастырылуда, ауыл еңсесін тіктеп келеді.

      Жарты жылдың нәтижесі бойынша ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі 5%-дан артты. Мемлекет бөлген пайызсыз несиелер егіс науқанын ойдағыдай өткізуге, егінді жинап алуға жақсы дайындалуға септігін тигізді. Биыл ауыл-село жанар-жағар майға қатысты да, техниканы әзірлеу жөнінде де қиындыққа кезіге қойған жоқ. Жағдайдың жақсаруына ауылға арнап қабылданған заңдар, сондай-ақ Үкімет пен әкімдердің белсенді жұмысы да көмектесті. Сонан да біз қазір диқандарымыз биыл бітік егінмен қуантар деп күтіп отырмыз.

      Импорт алмастыру саясаты өзінің жемісін бере бастады. Отандық тауар өндірушілеріміз 2001 жылға экономиканың шикізат секторымен 220 миллион долларлық шарт жасасты, мұның өзі өткен жылдағыдан 2,2 есе артық. Бірінші жарты жылдықта әлгі шарттардың 54%-ы орындалды, бұл ұқсатушы өндірістің өркен жаюына түрткі болды: мәшине жасау өндірісінің ауқымы 40%-ға, тоқыма және тігін өнеркәсібінің іс көлемі 20%-ға өсті.

      Бұл үшін біз елдің ірі кәсіпорындарында жұмыс істеп жатқан Қазақстан инвесторларына алғысымызды айтамыз. Іс жүзінде Қазақстанның ірі кәсіпорындарының барлығы, орташа кәсіпорындарының көбі қалпына келтірілді.

      Теміржол салу жалғасып жатыр, біз стратегиялық тұрғыдан маңызы үлкен "Дөң-Қызылоктябрь кеніші" теміржолының құрылысын бастадық, ол еліміздің орталық өңірін батыстағы аймақпен, атап айтқанда - Ақтау портымен байланыстыратын болады.

      Банк жүйесіндегі депозиттердің көлемі биылғы 1 тамызға дейін 393 миллиард теңгені, банктердің экономикаға несиелік салымы 397 миллиард теңгені немесе АҚШ долларымен 2,5 миллиардтан астам соманы құрады, мұның өзі осыдан екі жыл бұрынғыдан анағұрлым артық.

      Жеке тұлғалардың еліміз банктеріндегі депозиттері 150 миллиард теңгеден артып түсіп, АҚШ долларымен бір миллиардтан астам сома мөлшеріне жетті.

      Негізгі капиталға салынатын инвестициялар жоғары қарқынмен өсіп келеді, қазір ол 30%-дың маңайында, инфляция деңгейін төмендету саясаты сақталып отыр.

      Ішкі инвестициялардың артуына азаматтарымыздың ақшаларын жария ету жөніндегі сәтті жүргізілген акция да септесті, мұның өзі жарты миллиардтай доллар қаржыны ресми есепке алуға, сөйтіп осы арқылы әлгі ақшаларды ел экономикасына қайтаруға мүмкіндік берді.

      Жаңа елордамыз Астананы салу мен абаттандыру жөніндегі жалпы-ұлттық мәні бар ірі мақсат жүзеге асуда, Астана аз уақыт аралығында біздің бүкіл экономикалық және әлеуметтік-саяси тыныс-тіршілігімізге соны серпін беретін, барлық қазақстандықтарды өзіне тартып тұратын, елдің басқа қалаларының дамуы үшін жақсы үлгі көрсететін әкімшілік орталығына айналды. Көкшетау, Талдықорған сияқты облыс орталықтары қалпына келтірілуде, облыс орталықтарының барлығы дерлік қазіргі заманғы келбетке ие болуда, кейінгі жылы бұл үрдіс аудан орталықтарынан да бой көрсете бастады.

      Ауруханалар, мектептер, мәдениет пен спорт нысандары салынуда және жөнделуде. Қазақстанның барлық мектептерін компьютерлендіру аяқталды.

      Мектептердегі ұстаздар мен шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуымен ғана емес, осынау маңызды тарихи оқиғамен де құттықтауымызға болады ғой деп ойлаймын.

      Өркен жая түскен экономика әлеуметтік міндеттерді де ойдағыдай шешуге мүмкіндік беруде. Кейінгі екі жылдың ішінде ғана адамдарымыздың жан басына шаққандағы номиналды ақша кірісі 30%-ға, нақты кірісі 12%-ға жуық артты.

      Барлық әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақы, бюджет ұйымдарындағы жалақы уақтылы төленіп келеді. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 1999 жылғы 3 мың теңгеден 2001 жылы 4 мың теңгеге, яғни үштен бір есе өсті.

      Жұмыс орындарының саны артып келеді. Экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың еңбекке тартылуы 90,2%-ға жетті. Тек ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың саны 6,1%-ға көбейді. Адамдарға жаңа жұмыс орындарын тауып беретін қоғамдық жұмыс түрлері жандана түсуде.

      Бізде өзіне жұмысты өзі тауып, өзін де, отбасын да қамтамасыз етіп жүргендердің тұтас бір жігі қалыптасып қалды. Олардың құрамы 3 миллиондай адам. Ұлттық компанияларда, банк саласында, кәсіпкерлік құрылымдарда, шетелдің қатысуымен ашылған кәсіпорындар мен фирмаларда жұмыс істейтін бүгінгі заманғы менеджерлердің, жоғары білікті мамандардың қалың шоғырланған әлеуметтік тобы бой түзеп келеді.

      Қазақстанның қазіргі бұғанасы беки түскен орта табының арқауын құрайтындар да осы әлеуметтік топтар. Олар экономикалық прогресті елдің тұрақты даму мәселелерінен бөлек қарастырмайды. Қоғамның одан әрі ырықтандырылуы, саяси жүйенің демократиялануы олардың мүдделеріне сай келеді.

      Осы жылдар ішінде біз нақты демократиялық институттары орныққан қоғам құрып шықтық деп батыл айта аламыз.

      Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мемлекеттік биліктің бірлігі және оның заңдылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлінуінің демократиялық қағидатына сүйенеді. Елді басқарудың президенттік формасының орныққаны биліктің барлық тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуінің кепілі болып отыр. Мұндай мемлекеттік құрылымды өзгертуге ешқандай негіз жоқ.

      Мықты атқарушылық билік қоғамдағы тұрақтылықтың негізі және экономикалық реформалардың табысты болуының басты факторларының біріне айналды, бұл орайда Қазақстан ТМД елдерінің арасында көшбасшы ретінде көрінуде. Мұны халықаралық сарапшылар мойындап отыр.

      Біз мемлекеттік қызметті реформалауда да табысқа қол жеткіздік, көптеген көршілеріміз жинақтаған тәжірибемізді қызыға зерттеуде.

      Адамдардың азаматтық сезімі мен патриотизмі, олардың ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсуде: өткен жылы Қазақстан азаматтығын алуға ниет еткен адамдардың саны азаматтықтан шығуды қалайтындардың санынан 2,5 есе асты.

      Қалыптасқан жаңа құндылықтардың орнығуы жағдайында жас қазақстандықтардың тұтас бір буыны өсіп шықты, олар үшін нарық пен бостандық - орны ештеңемен толмайтын ұғымдар.

      Біздің азаматтарымыз бостандықты, экономикалық та, саяси да еркіндікті алды, елімізде осы жылдардың бәрінде де бейбіт өмір мен жарасымды тірлік салтанат құруда. Тегінде, өзіміз жүріп өткен он жылдың басты қорытындысы да, біздің дамуымыздың негізгі қозғаушы күші де осы болар.

      ***

      Алайда, бұл жылдардың ішінде қол жеткен оңды көрсеткіштердің бәрі де ағымдағы және стратегиялық сипаттағы проблемалар түп-түгел шешіле қалған екен, енді мұртымызды балта шаппайтындай болған екен деген ойға дес бергізбеуге тиіс. Атқара алмай жатқан істеріміз бен бізге төнер қауіп әлі де бастан асады. Сондықтан да елдегі жағдайға сын тұрғысынан талдау жасау өте маңызды.

      Біз еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне елеулі қатер төндіретін болашақтағы шетін жағдайларды ескеруге тиіспіз. Әлемдегі экономикалық дағдарыстардың бірінен кейін бірі туындап жататыны, оңтүстіктегі шекараларымыз жақтағы тұрақсыздық, қанды қақтығыстар аймағының кеңейе түскені, терроризмнің өсуі, есірткіге салыну мен СПИД-тің етек жаюы, көптеген елдерде қылмыстың құрық бермей бара жатуы - осындай қатерлер. Мұндай қауіпті құбылыстардың барлығы да біздер үшін ауыртпалық алып келуі әбден мүмкін.

      Іс жүзінде біз шешуге тиіс басты міндеттердің барлығы да "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында" баяндалған. Оның қағидалары іс-шараларымыз бен бағдарламаларымызда, соның ішінде орташа және қысқа мерзімді болашаққа арналған жоспарларымызда ұдайы нақтыланып отырады. 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын орындау мақсатында менің тапсырмам бойынша еліміздің дамуының 10 жылдық стратегиялық жоспары жасалды, онда жаңа айтып өткен ішкі және сыртқы қатерлердің барлық негіздемелері ескерілген. Бұл орайда басқа да бірқатар тенденциялар назар аударуға тұрарлық.

      Социалистік жүйе күйреп біткеннен кейінгі әлемдік қауымдастық әлі де жаңа әлемдік тәртіпті орнатудың бірінші белесінде тұр, ол қарқынды дамып, стратегиялық тепе-теңдіктің жолдарын іздестіруде.

      Дүниежүзілік экономиканың ғаламдануы мен аймақтық сипат ала түсуі дамудың маңызды факторына айналды. Көпполярлы дүниеге қарай ойысу күшейе түсуде. Мұндай тенденция Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді.

      Шикізат қоры бай, жері ұлан-байтақ, стратегиялық тұрғыдан транзиттік әлеуеті мықты, ашық әрі нарықтық экономиканы қалыптастырған Қазақстан геосаяси және геоэкономикалық процестерден тыс тұра алмайды, тыс тұруға тиісті де емес. Сондықтан да біздің ұзақ мерзімге межелеген стратегиялық міндеттеріміздің шешілуі әрі қуатты, әрі басқалармен бәсекеге түсе алатын экономиканы құруымыздың қарқыны мен динамикасын қаншалықты арттыра білетінімізге байланысты болмақ. Осы міндетті жүзеге асыра отырып, біз өмір сүрудің тиісті деңгейін сақтауға, азаматтарымыздың еркіндіктеріне кепілдік беруге, елдің қауіпсіздігін нығайтуға тиіспіз.

      Алдағы онжылдықтағы барлық билік тармақтарының ең басты парыз-міндеті міне осы.

      Қазақстан алдағы кезде де экономикадағы құрылымдық өзгерістер жағынан да, әлеуметтік даму деңгейі жағынан да көршілес мемлекеттердің барлығынан озық тұруының принципті тұрғыдан маңызы үлкен.

      Әлеуметтік-экономикалық даму саласында 2010 жылға дейін біз мынандай негізгі мақсаттарды алға қоямыз:

      - жекелеген секторларда орнықты әрі басқалармен бәсекелесе алатындай экономиканы қалыптастыруды жалғастыру;

      - ішкі жалпы өнімнің көлемін, кем қойғанда, екі есе көбейту;

      - экономиканың аса маңызды салаларында ұлттық капиталдың үлесін арттыруға қол жеткізу;

      - азаматтарымыздың әл-ауқатын анағұрлым арттыру.

      Саяси және мемлекеттік құрылыс саласында алдағы онжылдыққа мынадай түйінді міндеттер алға тартылады:

      - биліктің үш тармағының өзара іс-әрекет жасауының тиімді жүйесін құруды жалғастыру;

      - мемлекеттік басқаруды бір орталықтан жүргізуді тоқтатуды жоспарды түрде жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

      - сайлау процесінің тетіктерін одан әрі жетілдіре түсу;

      - саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтуге септесу.

      Экономиканы жаңғырту мен біздің қоғамымызды демократияландыру міндеттерін шешу Конституцияға және елдің заңдарына дәлме-дәл сәйкес келетіндей күйде қамтамасыз етілуге тиіс.

      Заңға тақ тұруды біздің өмірімізге ендіру қоғамның, соның ішінде елдің құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерінің бірі болып қала бермек.

      Сыртқы саясат және елдің қауіпсіздігін нығайту саласында біз мынандай басты проблемаларды шешуге тиіспіз:

      - ықпалдасуды одан әрі дамытуды қамтамасыз ету, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы рөлін күшейту;

      - аймақтық қорғаныстың тиімді жүйесін қалыптастыруға белсене атсалысу;

      - әскери реформаны аяқтап, осы заманға сай Қарулы Күштерді қалыптастыруды жалғастыру;

      - шекара және ішкі әскерлерді нығайту;

      - шекараның ұзына бойында делимитация процесін аяқтау және басқа да трансшекаралық проблемаларды шешу үшін тиімді шаралар жасау;

      - елдің экономикалық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейте түсу.

      Экономика саласы түйінді сала болып қала бермек. Реформаларды жүзеге асыруда алда келе жатқанымыз бізді тоқмейілсушілікке салындыруы, сөйтіп өсу қарқыны мен жаңғырулардың жеделдігінен айырылып қалуымыз мүмкін деген күдік-күмәннің көлденең тартылатын жөні де бар.

      Біздің экономикамыз өте қатты дағдарыстан және 90-шы жылдарғы құлдыраудан кейін енді ғана дами бастағанына және айтарлықтай жоғары деңгейде емес екеніне өзімізге есеп беруіміз керек.

      Жан басына шаққандағы біздің ІЖӨ соңғы жылдары серпінді өсіп келеді және ол ТМД-дағы деңгей бойынша барынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Алайда оның бір жарым мың АҚШ долларына дейін жетпейтінін де айтайық.

      Біздің алдымызда ел экономикасының көлемін айтарлықтай ұлғайтудың өзінің маңызы жағынан орасан міндеті тұр.

      Сыртқы экономикалық орта мәңгі қолайлы болып қала бермейтінін түсінуге тиіспіз.

      Біз қазір әлемдік экономика мен шикізат тауарлары бағасы ахуалының циклдық нашарлауын байқап отырмыз. Елде сауда балансының оң сальдосы төмендеп барады.

      Сондықтан да біз кейбір саясатшылар ұсынып жүргеніндей соңғы екі жылда жинағанның бәрін таратып беру жолымен жүрмей, қайта ресурстарды молықтыра беруіміз керек. Әрбір отбасы былайша айтқанда "қиын күндерге" деген қаражаттың болуына ұмтылады. Үлкен отбасы секілді ел де өзін қилы-қилы тосын жағдайлардан қауіпсіздендіруі керек. Менің Үкіметке негізгі тапсырмам және 2002 жылға арналған бюджетті қарау кезіндегі Парламентке өтінішім, міне, осы.

      Осындай жағдайда Үкімет пен Ұлттық банк орта мерзімді макроэкономикалық саясатты айқындап, бағамдық, фискалдық және индустриялдық саясаттарды қоса алғанда ақша-кредит саясатының сәйкестігін қамтамасыз ету принциптерін талдап жасауы керек.

      Үкіметтің де, сондай-ақ жергілікті деңгейде де қабылданатын шешімдерде экономикалық мазмұнның әлсіреушілігі сезілетінін атап айтуға тиіспін. Бұған жоспарлау деңгейінің төмен сапасы себеп болуда.

      Бюджет процесінің жүрісі қанағаттанғысыз, ол, бір американ қаржыгерінің бейнелеп айтқанындай, көңіл толмаушылықты тең дәрежеде бөлу өнеріне айналып барады. Былайша айтқанда - Үкімет, Парламент және жергілікті билік құрылымдарының сауда-саттық затына айналып барады.

      Қосымша табыстардың пайда болуы мемлекеттік органдардың, әсіресе атқарушы биліктің қырағылығын әлсіретіп, олардың резервтерді іздеу мен жұмылдыруға, бюджет қаражатын үнемдеу принциптерін сақтауға деген ұмтылысын әлсіреткен сыңайлы. Барлық министрліктер мен облыстардың әкімдері 2002 жылдың бюджетін талдап жасау процесінде биылғы жылы өздеріне бөлінгеніне қарағанда 2-3 есе көп ресурстар сұраған. Оларға қатысты Үкімет тарапынан талапшылдық деңгейі төмендеп кеткен.

      Өз пікірімді айтқым келеді: министрлер де, әкімдер де өрекпулерін басуы керек.

      Келесі жылғы шығындардың өсуі азаматтардың ең төменгі табыстарын арттыруға арналған шығындардан басқа барлық баптар бойынша барынша аз болуы қажет. Ақшаны, егер ол бар болатын болса, жаңа өндірістерді, инфрақұрылымдарды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсау керек.

      Табиғи рентаны мемлекеттің пайдасына әділдікпен алып қою, трансферттік баға құрылымы, акциздерді толық мәнінде жинау тұрғысындағы барлық айтыстар мен пікірталастар жайлап "сиырқұйымшақтанып" кетті. Парламенттің талабы төмендеген жағдайда Үкімет те, Мемлекеттік кіріс министрлігі де бұл жұмыс учаскесін ұмыт қалдырды. Бұған жол беруге болмайды.

      Қоғам үшін әсіресе өндіруші саладағы ірі кәсіпорындар мен инвесторлардың жұмысында толық мөлдірліктің болуына қол жеткізу қажет. Бұл мәселені одан әрі созуға жол беруге болмайды. Үкімет және бұл мәселеге жауапты министрлер мұнда мемлекеттік көзқарас үлгісін көрсетуі тиіс. Егер Қазақстанда жұмыс істейтін әрбір компания өзінің барлық ақша арналарын - қанша тапқанын, жұмсағанын, қандай пайда алғанын адал көрсететін болса, онда Үкімет мүшелері бәзбіреулердің мүдделерін тоқайластырып отыр деген сөз де шықпайды.

      Үкімет осындай мөлдірлікке қол жеткізуі тиіс.

      Ішінара тексерулер мемлекеттік сатып алу ережесінің жаппай дерлік бұзылатынын көрсетіп берді - ал мұнда үнемдеу резервтері айтарлықтай еді. Алдымен бюджет қаражатын үнемдеу туының астында, ал содан кейін бюджет шығындарының жаңбырша төпеуінің астында өзі үшін жұмыс істей бастаған мемлекеттік кәсіпорындар тез қоздап кетті.

      Үкімет пен әкімдер ең қысқа мерзімде мұнда тәртіп орнатуға міндетті.

      Елеулі табыстарға қарамастан, экономиканың нақты секторында қосымша жүйелік өзгерістер қажет. Ең алдымен, және бұл туралы сөз бірінші жыл болып отырған жоқ, меншік қатынастарында, кәсіпорындардың есебі мен есеп беруінде, банкроттық пен медеттеу ресімдерінде, инвестициялау мен капиталдандыру тетіктерінде айқындық пен мөлдірлік орнатқан жөн.

      Өндірісті жаңартпастан және жаңғыртпастан мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басқа міндеттерді шешу қиынға түседі.

      Бұл үшін қаражат қажет. Және аз қаражат емес. Ал нақты инвесторлар айқындығы жоқ кәсіпорындардың акцияларын сатып алуға ақшаларын жұмсамай қоймайды.

      Қазірдің өзінде бір миллиард доллардан астам жинақтаған зейнетақы қорларының қаражат салуы үшін жоғары табысты нысандары да, қаржы аспаптарының сайма-сай саналуандығы да жоқ. Неге бұлай? Өйткені, қор рыногын құру жөніндегі жұмыс іс жүзінде тоқтап тынған. Бұл міндет жылдан жылға қойылып келе жатқанына қарамастан, Үкімет пен Ұлттық банктен осы проблемаларды шешу жөніндегі құлақ асарлық ұсыныстарды біз көре алмай отырмыз.

      Банкроттық ресімі рынокты тазалау тетігінен көп ретте арам пысықайлар үшін табыс табудың тәсіліне айналып жатады.

      Қазір әзер дегенде банкроттық туралы заң қабылданды. Үкімет оның тиімді орындалуының тетіктерін жедел талдап жасап, іске қосуы керек.

      Туындап жататын экономикалық проблемаларды шешуде Үкіметке жеделдік те жетіспейді.

      Бізді аймақтық саясаттың сапасы, формальды емес еңбек рыногы мен көші-қон процестерінің мөлдір еместігі қанағаттандыра алмайды.

      Үкімет Әлеуметтік қорғау айқындамасының негізінде 2003 жылдың бюджетімен бірге елімізде еңбек қатынастарын жария етуге ынталандыратын міндетті әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің ендірілуі үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асыруы керек.

      Салық түсімдерін талдау елдегі көптеген әкімшілік аудандардың шығынды болып отырғаны және бола беретінін айқын көрсетіп отыр.

      Нарық жағдайында оларды үнемі дотацияда ұстап тұру - болашағы жоқ іс. Әдетте, оларда өмір сүрудің экологиялық жағдайы да мәз емес.

      Біз соны қаласақ та, қаламасақ та, адамдар бұл аудандардан қалаларға және тәуір аудандарға көше бастайды, урбанизацияның жедел процесі жүретін болады. Бұл әбден қалыпты құбылыс.

      Мемлекет бұл процестерден тыс қалмауы керек және қалмайды да.

      Ақырында күшті демографиялық саясатты да талдап жасаудың мезгілі жетті. Бұл да Үкіметтің 2002 жылғы міндеті.

      Бізде адамның өзінің өмірін қамтамасыз ету жүйелері бойынша мәселелер қордаланып қалуда.

      Біз коммуналдық реформаларды дер кезінде және ойдағыдай жүргіздік. Алайда, пәтер иелері кооперативтерінің ахуалы жөнінде ештеме айтылмайды.

      Ал мұнда бәрі, әсіресе тұрғын үй қорын жөндеуге байланысты тіпті де ойдағыдай емес, ол тозып барады, ал ешкімнің қолының ұшын қимылдатар түрі көрінбейді.

      Осы тұрғыда өткізілген парламенттік тыңдаулар сол күйі жақсы шешімдер бере қоймады.

      Жалпы, урбанизацияға және ел халқы санының өсу саясатына қарай тұрғын үй, әсіресе арзан тұрғын үй проблемасы тез күрделеніп келеді. Парламент қабылдаған заңға сәйкес талдап жасалған ипотекалық кредиттеу схемасын, оның жақсы болашағы мен дұрыстығына қарамастан, әзірге жұрттың бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Үкімет осы мәселені шешумен айналысуы керек, оның үстіне бұған заң да мүмкіндік береді.

      Коммуналды қызметтердің құны жоғары күйінде қалуда. Мұнымен қоса, жергілікті атқарушы органдардың жол беріп қоюшылығы жағдайында мұнда қызмет көрсетушілер мен оларды тұтынушылардың арасында қаптап кеткен делдалдар әрекет етуде. Осынау жасанды делдалдарға, неге екенін қайдам, бәрі де төзіп бағуда. Барлық деңгейдегі әкімдер жедел түрде мұны ретке келтіруі, ал Үкімет бұл жұмысты бақылауға алуы керек.

      Қалалардағы базарларда бәсекені шектеу практикасы жалғасып келеді, мұнда базар иелері білгенін істеуде, әкімдер мұны білмеген сыңай танытады, тиісті санитарлық қадағалау да жоқ.

      Соның салдары: баға жоғары, ассортимент аз, ал сапасы ақсап жатыр. Әкімдерге бұл олардың жол беріп қоюшылығы болмаса да, тікелей жетімсіз жұмысы екенін ескертемін.

      Қазір күз келді, адамдардың өсірілген астығын, көкөнісін, жемісін, етін сату жүріп жатыр. Жекешелендірілген базарлар бақылаусыз қалғандай әсер пайда болуда.

      Мен оған әкімдер мен құқық қорғау органдарының назарын бірнеше рет аударғанмын. Әкімияттар ақ та адал бағаны айқындайтын коммуналдық базарлар құратын уақыт жетті.

      Бәсекелестік қыспаққа алынып, мұның өзі базардағы бағалардың өсуіне соқтыруы неліктен? Бұл мәселені ретке келтірудің болмағаны ма?

      Бюджеттік саланың қызметкерлері табыс деңгейі жөнінен өндірісшілерден елеулі түрде қалып қоюда.

      Сондықтан да, әсіресе, төменгі және орта қызметкерлер үшін жалақы деңгейін арттыру өзекті болып қалуда. Тағайындалатын зейнетақылардың мөлшерінде де әділдік орнататын кез келді.

      Бізді денсаулық сақтау мен білім берудің бүгінгі сапасы, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі, қоршаған ортаның жағдайы қанағаттандыра алмайды.

      Мемлекеттік органдардың жұмысын да сын тұрғысынан ой елегінен өткізген жөн. Атқару билігінің жекелеген буындарын нығайту талап етіледі. Олардың жұмысын ұйымдастыруды және мемлекеттік қызметті реформалауды дамыту жақсартуды қажет етеді.

      Өткен жылы біз соттар мен бүкіл құқық қорғау жүйесін материалдық қамтамасыз етуді айтарлықтай жақсарта алдық. Енді біз тұтастай сот жүйесі жұмысының едәуір жақсаруын күтуге құқылымыз.

      Есірткі пысықайларына, жалпы қылмысқа қарсы күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басты міндет болып қала береді.

      Қазақстанда нашақорлық үлкен қасіретке айналып барады. Солай болса-дағы мен жергілікті орындарда елдің, облыстар мен аймақтардың құқық қорғау органдары осынау проблемамен байыпты айналысып, оны шеше бастағанын көре алмай отырмын.

      Билік өкілдері ретінде құқық қорғау органдары ең алдымен ел азаматтарының заңды құқықтары мен еркіндіктерін қорғауға міндетті екенін үнемі еске салып отыруға тура келеді. Кейбіреулері бұл міндетті керісінше түсінеді.

      Біз қылмыстық жазалар жүйесін ізгілендіру және түзеу мекемелерінде ұстау жағдайларын жақсарту жолымен алға қарай жүруіміз керек.

      Жаңа қылмыстық заңнама бірқатар әрекеттерді криминалға жатқызбайтын болды, жекелеген қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті жұмсартып, бас бостандығынан айыруға балама болатын жазалар санын кеңейтті.

      Алайда статистика қылмыстық қудалау органдарының да, сондай-ақ соттардың да құқық қолдану практикасы, керісінше, жөнсіз қатыгездене түскенін көрсетеді.

      Сондықтан да айқын да анық қылмыстық саясатты іске асыру талап етіледі: заң ауыр қылмыстар жасаған адамдарға қатысты қатал, бірақ төменгі немесе орташа ауырлықтағы қылмыстарды алғаш рет жасағандарға, сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмағандарға иманды болуы керек.

      Заңнама саласында да бәрі ойдағыдай емес. Тәуелсіздік жылдары біз қабылдаған заңнамалық кесімдер саны мыңға таяп қалды. Бұл оларды дұрыс қолдануға байланысты қиындықтар туғыза бастады, қолданыстағы құқықты құқықтық алдарқатушылықтан, ескірген және бір-бірін қайталайтын нормалардан арылту қажеттігі туындайды.

      Тағы бір бұрыннан келе жатқан проблема мынада: біз қабылдаған көптеген заңдар заңға тәуелді қажетті қосымша актілердің жоқтығынан толық күшінде жұмыс істемейді.

      Үкіметтің де, сол секілді депутаттардың да жекелеген заңдарды тоқайластыру оқиғаларының жиілеуі алаңдаушылық туғызады, белгілі бір мемлекеттік органның немесе кәсіпкерлік құрылымның мемлекеттік мүдделерге залал келтіретін тар ведомстволық мүдделері айқын байқалуда.

      Жеке бір проблема - халықаралық шарттарды бекіту. Жүргізілген талдау он жыл ішінде біздің 350-ге жуық халықаралық шарттарды бекіткенімізді және елу шақтысына заң кесімдерін қабылдау арқылы қосылғанымызды көрсетеді.

      Мынадай сұрақтар туындайды: біз өзімізге халықаралық міндеттемелерді тым көп алған жоқпыз ба; олардың барлығы қазіргі кезде Қазақстанның мүддесіне сай келе ме; олар өзіміздің ұлттық заңнамамызды республика Конституциясына сәйкес дамытуға бөгет жасамай ма?

      Осы шарттарды және қабылданған міндеттемелерді тегіс қарау қажет.

      Жоғарыда айтылғанның барлығы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары бойынша дұрыс шешімдер қабылдау қажеттігін дәлелдейді. Бізге неғұрлым белсенді, неғұрлым тапқырлықпен жұмыс істеу қажет.

      Әлеуметтік-экономикалық даму саласына назарды күшейте отырып, мынаны айтқым келеді, анық айқындалған басымдықтар шешуші мәнге ие болып отыр. Сондықтан ресурстарды да соларға шоғырландыру қажет, қорлану мен тұтыну арасындағы өлшемді қатаң сақтау қажет.

      Осы бағыттар бойынша жұмысымыз дұрыс болуы үшін жоспарлаудың сипатын, мазмұны мен көкжиегін, оның методологиялық және әдістемелік базасын айтарлықтай жақсарту қажет.

      Осы мақсатта келесі жылдан бастап Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы бюджетті жоспарлау процесінің аяғында емес, сол процестің басында баяндалатын болады, бұл талдап жасаушылардың әу бастан алдағы жылға арналған басымдықтарды айқындап алуы үшін керек. Бұл шамамен бірінші тоқсанның аяғында болуы тиіс.

      Бюджетті жоспарлау процесінің өзі Қаржы министрлігі мен Үкіметтен әлдеқайда тәуелсіз болуы керек.

      Бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудың толық сәйкестігіне, Ұлттық банктің жұмысын тек ақша кредит саясатына шоғырландыруға қол жеткізу қажеттігі пісіп жетілді.

      Стратегия талап ететіндей, әрбір министрдің жылға арналып, нақты талдап жасалған және қоғам үшін түсінікті жұмыс жоспары, тиісінше кең тұрғыдағы бюджеттік бағдарламалары болып, олардың орындалуы бойынша есеп беруі тиіс.

      Бұл талап барлық деңгейдегі әкімдерге да қатысты.

      Келесі жылы бюджетті қалыптастыру және атқару барысында мына девиз негізгі болуға тиіс: "Инвестициялар, табысы төмендерді қолдау және елдің қауіпсіздігі".

      2002 жылы Үкімет мынадай міндеттерді шешуі тиіс:

      - индустриалдық және аймақтық саясаттың талдап жасалуын аяқтау;

      - жоспарлау жүйесі бойынша айқындалу;

      - мемлекеттік функциялардың одан әрі орталықсыздандырылуына кірісу және бюджетаралық қатынастардың орта мерзімді моделін бекіту;

      - үш жылдық перспективалық бюджетті бекітуге көшуді қоса алғанда, бюджеттік процесті анағұрлым жетілдіру.

      Еліміздің Бюджет Кодексінің Тұжырымдамасы туралы да ойланатын кез келді.

      Нақты секторы одан әрі дамыту үшін:

      - акционерлік қоғамдардың қызметі;

      - бағалы қағаздар рыногын реттеу;

      - есеп және есептілік мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға жедел түрде өзгерістер енгізу қажет.

      Сондай-ақ Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы заң қабылдаған жөн.

      2002 жылдың аяғына дейін Үкімет ірі кәсіпорындардың халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарына көшуін қамтамасыз етуі тиіс.

      Келесі жылы ең төменгі жалақыны 20%-ға арттыру үшін экономикалық жағдай жасалды деп ойлаймын.

      Мен Қазақстанда жұмыс істейтін барлық компаниялардан өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруды өтінемін. Бұл қазақстандықтарға Тәуелсіздіктің оң жылдығына жақсы сыйлық болады.

      Отандық жекеменшік секторды капиталдандыру міндетін әлдеқайда белсенді шешу қажет, онсыз біз экономикадағы ғаламдандырудың келеңсіз құбылыстарына белсенді қарсылық көрсете алмаймыз.

      Біз импорт алмастыру саясатын тереңдетуге, сондай-ақ біздің экономиканың экспортқа бағдарлануы, жақын жатқан елдерге біздің капиталдың экспансиялануы жөніндегі шараларды күшейтуге тиіспіз.

      Біздің бизнес ел мүддесі тұрғысынан бірігуге өзінің ыңғайы мен қабілетін көрсетіп, инвестициялаудың ірі проблемаларын шешу үшін өз ресурстарын шоғырландыруы керек.

      Үкімет бұл істе көмектесуі тиіс.

      Экономиканың көлемін ұлғайту, бизнеске қолдау көрсету мақсатында мемлекет 2002 жылға арналған республикалық бюджеттен 90 миллиард теңгеге жуық, немесе үстіміздегі жылдың бекітілген бюджеті бойыншадағыдан 30% көп бөле отырып, барлық маңызы инфрақұрылымдық нысандарға мемлекеттік инвестициялар бағдарламасының көлемін ұлғайтуы керек.

      Үкімет үшін 2002 жылға арналған нақты міндеттердің қатарынан мыналарды бөліп көрсеткім келеді:

      - Астананың құрылысы мен қайта жасақталуын жалғастыру;

      - Амангелді газ кен орны тобын игеруге кірісу;

      - "Дөң-Қызылоктябрь кеніші" учаскесінде темір жол құрылысын жалғастыру;

      - Көксарай су қоймасын салу жобасы бойынша айқындалу;

      - Орал қаласы маңында Орал өзеніне көпір салуды аяқтау.

      Автомобиль жолдарын салу мен қайта жасақтау тұрғысында үлкен міндеттер бар, бұған 42 миллиард теңге инвестициялар, немесе биылғы жылға қарағанда 60% көп жұмсалады.

      Келесі жылы "Алматы - Астана" автомагистралін қайта жарақтандыру аяқталуы тиіс.

      Батыс Қазақстанда "Атырау - Орал - Ақтөбе" автожолын, "Алматы - Бішкек", "Алматы - Қорғас" жолдарын, Қызылорданың маңында Сырдария өзенінен өтетін көпірді қайта жарақтандыру басталады, "Астана - Бурабай" автожолы учаскелерінің және "Шығыс Қазақстан - Алтай Республикасының шекарасы" автожолының құрылысы жалғасады.

      Әлеуметтік салада да үлкен міндеттер тұр.

      Халық ахуалына қатысты стратегиялық міндеттерді шешу көп ретте біздің денсаулық сақтаудың сапасымен, халықтың денсаулығымен айқындалатын болады.

      Соңғы жылдары біз ана және сәби өлімінің төмендеуіне қол жеткізіп келеміз. Өткір ішек инфекцияларымен және вирустық гепатитпен, бактериялық дифтериямен, сүзекпен ауыру азайды. Ең бір қауіпті дерт - полиомиелит жойылды.

      Сонымен бірге медициналық қызметтің сапасын жақсарту мен оның баршаға ашық болуын қамтамасыз ету хақында қоғамның қойып отырған талабы да орынды.

      Денсаулық сақтау реформасының бағдарламаларын жасаймыз, дегенмен осы уақытқа дейін ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейміз. Ендеше үкімет мұның ақ-қарасын анықтап алуға тиіс.

      Ендігі жерде денсаулық сақтау ісін басқаратын органның деңгейі мен мәртебесін көтеру керек. Денсаулық сақтау министрлігін құру қажет.

      Әлеуметтік саладағы келесі маңызды бағыт білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс болуға тиіс.

      Біздің бұл саладағы басты міндетіміз онжылдықтың соңына дейін қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің ТМД-ның басқа елдерінің, ең алдымен Ресейдің, сондай-ақ Орталық және Шығыс Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінің білім жүйелерімен бәсекелестік қабілетін көтеруге саятын болуы керек.

      Алдағы уақытта Қазақстанның әлемдік энергетика рыногында барған сайын маңызды рөл атқаратынын ескере келіп, жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлауды жолға қою шарт. Мұндай саласының кадрлары мен менеджерлер даярлау үшін Қазақ-Британ университетін құру қажеттілікке айналды. Техникалық мамандықтардың беделін қалпына келтіру керек.

      Мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің зейнетақысы мен лауазымдық жалақыларының мөлшерін арттыру жөнінде қосымша шаралар қолданатын кез жетті.

      2002 жылы зейнеткерлер топтарына қатысты әлеуметтік әділеттілік мәселесін принциптік тұрғыдан шешкен жөн. Айталық, 1994 жылға дейін тағайындалған зейнетақыларды 25%-ға көтеру қажет. Мұның 1 миллион 215 мың адамға қатысы бар.

      1994-1998 жылдар аралығындағы кезеңде тағайындалған зейнетақылардың мөлшері де арттырылатын болады.

      Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері: дәрігерлердің, мұғалімдердің және бюджет саласындағы басқа да қызметкерлердің, соның ішінде бастықтардың емес, қатардағы қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын көтеру қажет. Осы орайда ақысы неғұрлым төмен санаттағы қызметкерлердің лауазымдық окладының көлемін арттыру 25%-дан кем болмауға тиіс.

      Үкімет келесі жылы бюджеттік мекемелерде еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін кіргізуі, сондай-ақ Парламентке "Азаматтық қызмет туралы" Заңның жобасын енгізуі керек.

      Мемлекеттік қызметшілердің де, ең алдымен төменгі және орта буындағы қызметшілердің жалақысы арттырылатын болады.

      Жалақы мен зейнетақыларды арттыру біздің 2,7 миллион азаматтарымызды қамтиды.

      Бұл ретте өткен жылы әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары барлық қызметкерлерінің жалақысын едәуір көтергенімізді естен шығармаған дұрыс. Осылайша, экономикамыздың жақсаруы еліміз халқының барлық жіктеріне оңды ықпал жасап отыр.

      Біз қауіпсіздік саласына барған сайын көбірек назар аударатын боламыз.

      Біздің сыртқы саяси басымдықтарымыз өзгеріссіз қалады. Соған қарамастан, ахуалдың өзгеруі мен елдің қажеттілігі:

      - аймақтық рыноктарды, ең алдымен - еуразиялық және орталық азиялық экономикалық қоғамдастықтар рыноктарын тездетіп қалыптастыру;

      - Шанхай Ынтымақтастық ұйымының шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейту;

      - Каспий өңіріндегі проблемаларды бейбіт жолмен шешу жөніндегі дипломатиялық күш-жігерді жандандыру сияқты бағыттарға айрықша ден қоюды талап етеді.

      Қалыптасып отырған ахуал Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық институттарға сүйеніп, тиімді аймақтық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға да баса назар аударуды талап етеді.

      Сонымен қатар, біз АӨЫСШК-ге де аса зор мән береміз. Бұл басқосу қарашада өткізіледі.

      Осы заманғы Қарулы Күштерді жасақтау жөніндегі күш-жігерді де ұлғайта беру қажет.

      Бұл үшін әскерді қаржыландыруды 2002 жылы биылғымен салыстырғанда шамамен 8 миллиард теңгеге ұлғайту керек.

      Шекара және ішкі әскерлер үшін де 50%-дан астамға ұлғайтыла отырып, едәуір қаражат бөлінеді.

      ***

      Таяуда біз өз тәуелсіздігіміздің 10 жылдығын атағалы отырмыз. Бұл біз үшін ерекше мерейлі күн, мұның көптеген себептері бар.

      Өз еңбегімізді бағалау тұрғысынан да маңызды. Еңсемізді жазуға мүмкіндік алу тұрғысынан да маңызды. Біздің жастарымызға, балаларымыз бен немерелерімізге тәрбие беру тұрғысынан да маңызды. Біздің алдағы дамуымыздың іргетасы тұрғысынан маңызды.

      Өткен он жылдың толық әрі дәл бағасын, сайып келгенде, уақыт және біздің ұрпақтарымыз береді.

      Біз 10 жылдықты мерекелеу ұшы-қиырсыз ұзақ жолдағы бел жазу емес екенін түсінуге тиіспіз.

      Бұл өткенімізді бір шолып алуға, негізгі жолдың әлі алда екенін, ол үшін жаңа күш-қуат керек екенін және барынша шапшаң жылжу керек екенін бағамдап алу үшін берілген мүмкіндік.

      Бізді алдымызда үлкен міндеттер күтеді. Тұжыра айтсақ , бұл дегеніміз - не саяси, не болмаса діни немесе ұлттық экстремизм орын ала алмайтын мемлекет құру.

      Бұл - саяси және әлеуметтік әділеттіктің, экономикалық еркіндіктің берік іргетасына негізделетін Қазақстанды орнату, тек Заңның күші үстем тұратын ел орнату.

      Бүгінгі таңда біздің өзімізге де, сонымен бірге біздің бүкіл әлемдегі достарымыз бен серіктестерімізге керегі де нақ осы. Біздің кемел болашаққа қарай ойдағыдай ілгері жылжуымыздың кепілдігі де міне осында жатыр.

      Құрметті депутаттар!

      Қадірлі отандастар!

      Біздің алдымызда талай асқаралы асулар мен белесті биіктер тұр. Біздің алдымызда әлі талай жүрілмеген жолдар мен соны сүрлеулер жатыр.

      Біздің алдымызда халқымыздың жаңа ғасыр көгіндегі жұлдызды тағдырын шешетін жұмбақ дәуір бар.

      Осы он жыл ішіндегі біз қол жеткізген табыстар мен оңды нәтижелер келер күндеріміздің кереге тасын қалайтын негіз болмақ.

      Ең бастысы, біз қоғамда қалыптасқан саяси және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауымыз керек.

      Қазақстан халқының ауызбірлігі мен келісімін ең жоғары жетістігіміз ретінде көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Қоғамның тұтастығы мен бірлігі біздің болашақ табыстарымыздың кепілі екенін бір сәт те естен шығармауымыз керек.

      Осы ортақ істе сіздердің де, құрметті халық қалаулылары, лайықты қолтаңбаларыңыз боларына мен сенімдімін.

      Біздің тәуелсіз Қазақстанымыз гүлденіп, көркейе берсін!

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады