Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр өкiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 28 тамыздағы N 404 Өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 29 тамыздағы № 312 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентiнiң 29.08.2016 № 312  Жарлығымен.

      Мемлекеттiк нышандарды насихаттау мен қолдану жұмысын жетілдiру және Мемлекеттiк нышандар жөнiндегi республикалық комиссияның қызметiн жандандыру мақсатында:

      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң мынадай өкiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1) "Мемлекеттiк нышандар жөнiндегi республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 2 шiлдедегi N 3578 өкiмiне (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1997 ж., N 30, 268-құжат; 2001 ж., N 23, 282-құжат; 2002 ж., N 42, 415-құжат):

      4-тармақтағы "Ә.Кекiлбаев" деген сөз алынып тасталсын;

      аталған өкiммен бекiтiлген Мемлекеттiк нышандар жөнiндегi республикалық комиссия туралы ереже, осы өкiмге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2) "Мемлекеттiк рәмiздер жөнiндегi республикалық комиссияның құрамын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 15 шiлдедегi N 58 өкiмiне (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 23, 282-құжат; 2002 ж., N 42, 415-құжат):

      Мемлекеттiк нышандар жөнiндегi республикалық комиссияның құрамына мыналар енгiзiлсiн:

Тасмағамбетов              - Қазақстан Республикасының
Иманғали Нұрғалиұлы          Мемлекеттік хатшысы, Комиссия
                             төрағасы,

Қалетаев                   - Iшкi саясат бөлiмiнің меңгерушiсi,
Дархан Аманұлы               Комиссия төрағасының
                             орынбасары,

Исекешов                   - Қазақстан Республикасы Индустрия
Әсет Өрентайұлы              және сауда вице-министрi,

Қадырова                   - Қазақстан Республикасы
Зәуре Жүсiпқызы              Парламентi Мәжiлiсiнің Әлеуметтiк-
                             мәдени даму жөніндегi комитетiнiң
                             төрайымы (келiсiмi бойынша),

Сұлтанов                   - Қазақстан Республикасы
Қуаныш Сұлтанұлы             Парламентi Сенатының Әлеуметтiк-
                             мәдени даму жөніндегi комитетiнiң
                             төрағасы (келiсiмi бойынша),

Шалахметов                 - "Қазақпарат" ұлттық компаниясы"
Ғадiлбек Мiнәжұлы            AAҚ президентi (келiсiм бойынша);

"Мұқашев                   - "Алматықалабезендiру" акционерлiк
Төлеубек Төлеуұлы            қоғамының президентi"

деген жолдар мынадай редакцияда жазылсын:

"Мұқашев                   - "Алматы қалалық мәслихатының
Төлеубек Төлеуұлы            хатшысы (келiсiм бойынша)";

      аталған Комиссияның құрамынан: Б.Б.Қанешев, А.Қ.Құсайынов, В.А.Лаптев, Қ.К.Тоқаев шығарылсын.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi мемлекеттiк нышандар жөнiндегi комиссияны құратын болсын.

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi жанындағы мемлекеттiк нышандар жөнiндегi комиссиялар туралы үлгi ереженi әзiрлеп, бекiтсiн.

      4. Осы өкiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң      
2003 жылғы 28 тамыздағы 
N 404 өкiмiне      
қосымша         

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң      
1997 жылғы 2 шiлдедегi  
N 3578 өкiмiмен     
БЕКIТIЛГЕН       

Мемлекеттiк нышандар жөнiндегi
республикалық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Конституциялық заңға және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандары туралы" Конституциялық заң күшi бар Жарлығына сәйкес Мемлекеттiк нышандар жөнiндегi республикалық комиссияның (бұдан әрi - Комиссия) мәртебесiн, өкiлеттiктерiн және қызметiн ұйымдастыруды айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Комиссия Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады, ол мемлекеттiк нышандарды зерделеу, насихаттау мен қолдану, мемлекеттiк стильдi қалыптастыру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi.
      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Комиссия төрағасы лауазымы жағынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы болып табылады.

2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi

      4. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының бойында мемлекеттiк нышандарға деген құрмет сезiмiн қалыптастыру;
      2) Мемлекет басшысына мемлекеттiк нышандарды насихаттау мен қолдану, мемлекеттiк стильдi қалыптастыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiнде ұсынымдар мен ұсыныстарды дайындау;
      3) мемлекеттiң өзiндiк сәйкестендiру процестерiн зерделеу, мемлекеттiк сәйкестендiру нышандары мен геральдикалық таңбаларды насихаттау мен енгiзу жөнiндегi ұсынымдарды тұжырымдау, сондай-ақ оларды қолданудың құқықтық базасын жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды енгiзу болып табылады.

3. Комиссияның функциялары

      5. Осы Ережеде айқындалған негiзгi мiндеттердi атқару үшiн Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Мемлекет басшысына мемлекеттiк нышандарды насихаттау мен қолдану саласындағы құқықтық базаны жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды енгiзедi;
      2) мемлекеттiң өзiндiк сәйкестендiру нышандарының және Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық ұйымдардың нышандарының жобаларын қарап, олар бойынша консультативтiк қорытындылар бередi;
      3) орталық атқарушы органдарға мемлекеттiк стильдi қалыптастыру мәселелерi бойынша зерттеулер жүргiзу туралы ұсыныстар енгiзедi;
      4) мемлекеттiк нышандарды ресми iс-шаралар өткiзу кезiнде, қоғам қызметiнiң түрлi салаларында және әскери әрi өзге де атрибутикада қолданудың рәсiмдiк ережелерiн әзiрлеуге қатысады;
      5) мемлекеттiк нышандарды насихаттау мен қолдану жөнiндегi жұмыс барысында туындаған мәселелердi шешуде орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға консультативтiк көмек көрсетедi;
      6) геральдикалық таңбалардың жобаларын талқылауға қатысады әрi олар бойынша қорытындылар бередi;
      7) белгiленген тәртiппен мемлекеттiк билiк органдарымен, бейүкiметтiк ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
      8) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша азаматтардың арыз-өтiнiштерiн, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қарайды;
      9) халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта болады, мемлекеттiк нышандарды насихаттау мен қолдану мәселелерi жөнiндегi конференцияларға, жиналыстарға, семинарларға қатысады.

4. Комиссияның өкiлеттіктерi

      6. Комиссия негiзгi мiндеттерiн iске асыру мақсатында:
      1) Комиссия құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдардан және лауазымды тұлғалардан қажеттi ақпаратты, құжаттарды, өзге де материалдар мен мәлiметтердi сұратып алуға;
      2) өз отырыстарында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының Мемлекет басшысының мемлекеттiк нышандар мәселелерi жөнiндегi актiлерiн iске асыру мақсатында олардың жүргiзетiн жұмысы туралы есептерiн тыңдауға;
      3) мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандарын насихаттау мен қолдану жөнiндегi қызметiн уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың тексеруiне бастамашылық жасауға;
      4) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мемлекеттiк нышандарды насихаттау мен қолдану мәселелерi жөнiндегi жұмысын зерделеуге, талдауға, қорытындысын жинақтауға; Осы мақсатта орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, шығармашылық, ғылыми ұйымдардың және оқу орындарының мамандарын тартуға;
      5) тиiстi мемлекеттiк органдардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасын мемлекеттiк нышандарды қолдану бөлiгiнде бұзу фактiлерi бойынша тексерулер мен қызметтiк тексерiстер жүргізуді ұсынуға;
      6) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi жанындағы мемлекеттiк нышандар жөнiндегi комиссиялардың қызметiн үйлестiруге және бақылау жасауға, олардың қызметi туралы есептердi тыңдауға;
      7) ғылыми мекемелердiң, бiлiм беру ұйымдарының және бейүкiметтiк ұйымдардың қоғамдық негiзде жұмыс iстейтiн өкiлдерiнен:
      сарапшылық-талдау зерттеулерiн жүргiзу үшiн сарапшылар кеңесiн;
      Комиссия құзыретiне кiретiн жекелеген мәселелердi қарау үшiн жұмыс топтарын құруға;
      8) Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң, сондай-ақ өзге де мемлекеттердiң ұқсас құрылымдарымен мемлекеттiк нышандарды қолдану мен насихаттау практикасына байланысты мәселелердi талқылау үшiн ынтымақтастықта болуға хақылы.

5. Комиссия қызметiн ұйымдастыру

      7. Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының ұсынуы бойынша бекiтедi.
      8. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссияның жұмысына қоғамдық негiзде қатысатын мүшелерiнен құралады.
      9. Комиссия төрағасы:
      1) Комиссияға жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның отырыстарында төрағалық етедi;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында Комиссия жұмысы туралы тұрақты есеп бередi әрi оған мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк нышандарды қолдану мен насихаттау саласындағы қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      3) Комиссияның сарапшылар кеңесi мен жұмыс топтарының құрамын бекiтедi;
      4) Комиссия мүшелерiнiң арасында тапсырмаларды бөледi;
      5) Комиссия жұмысының жоспарларын бекiтедi, Комиссия отырыстарының күн тәртiбiн айқындап, хаттамаларына қол қояды;
      6) Комиссия мүшелерiнiң Комиссия қызметiн жетiлдiру және оның құзыретiне кiретiн басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарын қарайды;
      7) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк-құқықтық актiлерiнде, тапсырмаларында және осы Ережеде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      10. Комиссия хатшысы:
      1) Комиссия жұмысының ағымдағы және перспективадағы жоспарларының жобаларын, оның отырыстарына материалдарды дайындауды жүзеге асырады, төрағаның қарауына отырыстардың күн тәртiбiнiң жобасын енгiзедi;
      2) iс жүргiзуге жауап бередi және Комиссия жұмысының жоспарларын iске асыруға бақылауды қамтамасыз етедi;
      3) жұмыс топтарының және сарапшылар кеңесiнiң жұмысын үйлестiредi;
      4) қорытындыларды талап ететiн материалдарды Комиссияның сарапшылар кеңесiне немесе бұл мәселе мемлекеттiк органның құзыретiне кiретiн болса, сол мемлекеттiк органға жолдайды;
      5) осы Ережеде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      11. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi болып табылады.
      Жұмыс органы:
      1) Комиссияның қызметiн ақпараттық-талдауды және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етедi;
      2) ақпаратты жинап-өңдеудi, мемлекеттік нышандарды қолдану мен насихаттау практикасын талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдайды;
      3) Комиссия құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, лауазымды тұлғалармен және ұйымдармен қызметтiк хат жазысады;
      4) Комиссия қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      12. Комиссия отырыстарын оның төрағасы қажеттiгiне қарай, бiрақ жылына кемiнде екi рет шақырады.
      13. Комиссия отырыстары оның мүшелерiнiң жартысынан астамы қатысқанда, құқықтық күшi бар деп саналады.
      14. Комиссия шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады. Қажеттi кезiнде олар Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының өкiмiмен ресiмделедi.
      15. Комиссия шешiмдерi оның отырысына қатысқандар санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең түскенде, төраға жақтап дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
      16. Комиссия мүшелерiнiң жазбаша түрде баяндалуға әрi хаттамаға қоса берiлуге тиiс ерекше пiкiрiн бiлдiруге құқығы бар.
      17. Комиссия өкiлеттiктерiнiң шегiнде қабылданатын оның шешiмдерi тиiстi мемлекеттiк органдарға жолданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады