Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тағайындау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 19 маусымдағы N 3556 өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 наурыздағы № 190 Өкімімен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 22.03.2013 № 190 Өкімімен.

      Бұқаралық ақпарат құралдарының жариялылық пен сөз бостандығын дамытудағы, қоғамды реформалаудағы рөлiнiң барған сайын өсiп келе жатқанын тани келiп және дарынды журналистердi үнемi көтермелеп отыру, жас публицистердiң ең терең шығармашылық iзденiстерiн ынталандыру мақсатында:

      1. Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгiнiң, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тағайындау жөнiндегi ұсынысы қабылдансын.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.05.30.  N 550 өкімімен.

       1-1. Қоса беріліп отырған, Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттары туралы ереже бекiтiлсiн.
      Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2005.05.30.  N 550 өкімімен.

      2. <*>
       Ескерту. 2-тармақтың күші жойылды - ҚР Президентінің 1999.07.21.  N 60 өкімімен.

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарының тағайындалуына, сыйлық лауреаттарының дипломдарын және гранттар алғандығы туралы куәлiктердi дайындауға байланысты мақсаттарға республикалық бюджеттен қаражат бөлiнуiн қамтамасыз етсiн.
       Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.05.30.  N 550 өкімімен.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы  
Президентiнiң      
1997 жылғы 19 маусымдағы 
N 3556 Өкiмiмен    
БЕКIТIЛГЕН       

  Қазақстан Республикасы Президентiнiң
бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
сыйлықтары және гранттары туралы
ЕРЕЖЕ

       Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.05.30.  N 550 өкімімен.

      1. Қазақстан Республикасы Президентінiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары (бұдан әрi - сыйлықтар) журналистерге (журналистер ұжымдарына):
      "Қазақстан - 2030" ұзақ мерзiмдi даму Стратегиясын, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын, мемлекеттік бағдарламаларды iске асыру барысын көрсетуге және жариялауға, қазақстандық патриотизмдi қалыптастыруға, қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi нығайтуға;
      демократиялық саяси мәдениеттi қалыптастыруға және азаматтық қоғам институттарын дамытуға;
      Қазақстан журналистикасының, ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына;
      шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттiң жағымды бейнесiн нығайтуға;
      журналистиканың стильдерi мен жанрларын инновациялық дамытуға қосқан елеулi шығармашылық үлесi үшiн беріледi.
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары (бұдан әрi - гранттар) журналистерге (журналистер ұжымдарына) олардың шығармашылық өсуi мен Қазақстан журналистикасының дамуын ынталандыру мақсатында тапсырылады.
      3. Сыйлықтарды беру және гранттарды тапсыру Баспа, теледидар және радио күнiне орай жүргiзіледi.
      4. Сыйлықтарды берудi және гранттарды тапсыруды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру және гранттарын тапсыру жөнiндегi Қоғамдық комиссияның (бұдан әрi - Қоғамдық комиссия) ұсынысымен Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады.
      5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы Қоғамдық комиссияның төрағасы болып табылады.
      6. Қоғамдық комиссияның құрамына республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық одақтардың, журналистердiң қоғамдық бiрлестіктерiнiң және мүдделi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi.
      7. Қоғамдық комиссияның құрамын жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық одақтардың, журналистердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң және мүдделi мемлекеттiк органдардың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы бекiтедi.
      8. Қоғамдық комиссия сыйлыққа үмiткерлер мен грант алушыларды таңдауда мынадай өлшемдердi:
      жарияланымдардың әділдiгiн;
      көтерілген проблемалардың тереңдiгiн және оның шығармашылық тұрғыдан талдануын;
      жұмыстардың әлеуметтiк мәндiлiгiн;
      жарияланымдар туындатқан қоғамдық пiкiрдi;
      журналистiң тәуелсiздiгiн, принципшiлдiгiн;
      жұмыстың шығармашылық толымдылығын басшылыққа алады.
      9. Бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық одақтар мен журналистердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң басшылары үмiткерлiкке ұсынылған жұмыстарды жеке өздерi беруге құқылы. Сыйлыққа үмiткерлiкке және грант алуға өз кандидаттарын ұсынған бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары Қоғамдық комиссияның отырысына шақырыла алады.
      10. Қоғамдық комиссияның жұмыс отырыстары төрағаның немесе комиссия мүшелерiнiң қатарынан ол тағайындайтын адамның басшылығымен өткiзіледi. Қоғамдық комиссияның сыйлыққа үмiткерлер мен грант алушылар анықталатын қорытынды отырысы төрағаның басшылығымен өткiзiледi. Сыйлыққа үмiткерлер мен грант алушыларды анықтау Қоғамдық комиссия мүшелерiнiң ашық дауыс беруi арқылы қарапайым көпшілiк дауыспен жүзеге асырылады.
      11. Қорытынды отырысқа қатысуға мүмкiндiгi болмайтын Қоғамдық комиссия мүшелерi:
      Қоғамдық комиссияның хатшысынан қарауға ұсынылған материалдарды сұратып алуға;
      өзi қол қойған өтiнiшi арқылы сырттай дауыс беруге құқылы.
      12. Сыйлыққа үмiткерлер мен грант алушыларға ұсыныстарды бұқаралық ақпарат құралдары, шығармашылық одақтар, қоғамдық бiрлестiктер, мемлекеттiк органдар Қоғамдық комиссияның мекенжайына сыйлықтар берілетiн және гранттар тапсырылатын жылдың 20 маусымынан кешiктiрiлмей жiберілуге тиiс.
      13. Ұсыныста кандидаттың шығармашылық жұмыстарының тақырыбын көрсету және оған қысқаша мiнездеме берілуi қажет. Ұсынысқа конкурстық жарияланымдар немесе аудио және (немесе) бейне материалдар қоса берілуге тиiс.
      14. Барлық ұсыныстар Қоғамдық комиссияда әділ түрде қаралуы тиiс.
      Қоғамдық комиссияның сыйлықтар беру және гранттар тапсыру туралы ұсынысы хаттамамен ресiмделедi және ол Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыным болып табылады.
      15. Берілетiн сыйлықтар мен тапсырылатын гранттар мөлшерiн және санын жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Сыйлықтар мен гранттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен аударылады немесе тапсырылады. Сыйлықты беру немесе грантты тапсыру авторлар ұжымына берiлген жағдайда, сомасы ұжымның барлық мүшелерi арасында тең бөлiнедi.
      16. Сыйлыққа үмiткерлiкке немесе грант алуға кандидат екi реттен артық ұсынылмайды. Сыйлық лауреаты немесе грант алушы алдыңғы сыйлық берiлген немесе грант тапсырылған уақыттан бес жыл өткеннен кейiн ғана қайта ұсыныла алады.
      17. Сыйлыққа үмiткерлiкке және грант алуға ұсынылып, сыйлық лауреаты немесе грант алушы болмаған журналистер және (немесе) шығармашылық ұжымдар Қоғамдық комиссияның ұсынысымен Қазақстан Республикасы Президентiнiң Алғысымен аталуы мүмкiн.
      18. Сыйлық лауреатының дипломын және грант алғаны туралы куәлiктi салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының Президентi не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы тапсырады.
      19. Сыйлықтар беру және гранттар тапсыру туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi республикалық баспасөзде жарияланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады