Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының мәселелері

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президенті 1998 жылғы 12 қарашадағы N 4142 Өкімі. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2005.07.08. N 1611 Жарлығымен. 

       Күші жойылды - ҚР Президентінің 2005.07.08. N 1611  Жарлығымен

      Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 18 қыркүйектегі "Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жетілдіру жөнінде одан әрі жүргізілетін шаралар туралы" N 4075  Жарлығын орындау үшін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының жұмысын қамтамасыз ету мақсатында: 

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы туралы ереже (қоса беріледі) бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік Басқару Мектебі түлегінің дипломы мен омырауға тағатын белгісінің үлгісі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 25 ақпандағы N 3852  өкімінің (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., N 4, 21-құжат) күші жойылған деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының 
      Президенті

  Қазақстан Республикасы  
Президентінің     
1998 жылғы 12 қарашадағы 
N 4142 өкімімен    
БЕКІТІЛГЕН      

  Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Мемлекеттік қызмет академиясы туралы
ЕРЕЖЕ

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы (бұдан әрі - Академия) "Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жетілдіру жөнінде одан әрі жүргізілетін шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 18 қыркүйектегі N 4075 Жарлығымен құрылды және өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, басқа да нормативтік құқықтық актілеріне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асыратын жоғары арнаулы кәсіби білім беретін мемлекеттік оқу орны мәртебесі бар жоғары білім және ғылым мекемесі болып табылады. 

      2. Академия Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды басқару жүйесіндегі оқу-әдістемелік, ғылыми және ақпараттық- талдау орталығы болып табылады. 

      3. Академия қызметінің негізгі бағыттары: 
      орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жауапты лауазымдар атқаратын адамдар ішінен мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру; 
      мемлекеттік кадр саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу; 
      мемлекеттік қызметті дамыту және оны құқықтық қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар даярлау; 
      мемлекеттік қызмет саласында ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу; 
      мемлекеттік органдарды мемлекеттік қызмет проблемалары жөнінде ақпараттық-талдау тұрғысында қамтамасыз ету; 
      мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру саласындағы халықаралық бағдарламалар мен жобаларды ғылыми және ұйымдық қамтамасыз етуге қатысу болып табылады. 

      4. Академияның қызметі мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға мемлекеттік тапсырыс, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен және мемлекеттік ұйымдармен оқыту туралы шарттар, ғылыми зерттеулер мен ақпараттық-талдау жұмыстарын жүргізу жөніндегі шарттар негізінде жүзеге асырылады. 

      5. Академия жалпы мемлекеттік ғылыми мамандықтар бойынша аспирантура, докторантура және ізденушілік арқылы жоғары білікті кадрлар даярлауды, мемлекеттік қызмет үшін жас мамандарды оқытуды жүзеге асыратын елдің басқа да жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, Академияның өзінде студенттер даярлауды жүргізеді, осы заманғы құралдарды, озық әдістер мен технологияларды пайдалану негізінде оқу процесін бағдарламалық және ғылыми- әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеп, іске асырады. 

      6. Академия заңды тұлға болып табылады, мүлкі, дербес балансы, банктерде жеке, соның ішінде валюталық шоттары болады, өз атынан шарттар жасасады, мүліктік және мүліктік емес құқықтарға ие болып, тиісті міндеттер атқара алады. 
      Академияның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өз атауы жазылған мөрі, сондай-ақ мемлекеттік және орыс тілдерінде белгіленген үлгідегі бланкілері болады. 

      7. Академияға берілген мүлік мемлекеттік меншік болып табылады. Академияның және оған ведомостволық бағынысты мекемелер мен ұйымдардың өздерінің жарғылық қызметін жүзеге асыру үшін жедел басқару құқығында берілген мүлікпен қатар, олар шаруашылық қызметі барысында алған және өз меншігі болып табылатын мүлкі болады. 
      Академия мен оған ведомостволық бағынысты оқу мекемелері өздеріне жедел басқаруға, соның ішінде шаруашылық қызметін жүргізуге берілген мүлікті, білім беру мекемелері үшін белгіленген пайдалану құқығына, оларды сатып алу құқығынсыз пайдалануға және жалға тапсыру құқығына ие. 
      Академияның өзіне жеке адамдар және (немесе) заңды тұлғалар сый, қайырмалдық ретінде берген ақшаға, мүлікке және өзге де объектілерге, сондай-ақ өзінің шарттық қызметінен түскен табыстарына және осы табыстарға сатып алынған мүлікке меншік құқығы болады. 

      8. Академия қауымдастықтарды, өзге де ұйымдарды құруға, серіктестіктердің (акционерлік қоғамдардың), кәсіпорындардың жарғылық капиталына - салатын үлестік салымы ретінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мүлкін, ақшасын пайдалана отырып, олардың жарғылық капиталдарына қатысуға хақылы.

      9. Академияның ережесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      10. Академияның қызметін үйлестіруді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі өз өкілеттігі шегінде жүзеге асырады.

      11. Академияның қызметін бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

  2. Академияның негізгі міндеттері мен функциялары

      12. Қызметінің негізгі бағыттарын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Академия мынадай міндеттерді шешеді:
      мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және 
біліктілігін арттыруды жүзеге асырады; 
      мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен кадр саясаты, мемлекеттік және жергілікті басқару саласында шарттық негізде ғылыми зерттеулер жүргізеді; 
      мемлекеттік қызметті дамыту және жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлейді; 
      мемлекеттік қызметті дамыту мен мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесінің теориялық проблемалары мен міндеттерін ескере отырып, аспирантура, докторантура және ізденушілік арқылы жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауды жүзеге асырады; 
      мемлекеттік қызмет үшін мамандар даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын Республика оқу орындарының қызметін үйлестіреді және әдістемелік басшылықты қамтамасыз етеді; 
      мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейіне қойылатын негізгі талаптарға сараптама жүргізеді, сондай-ақ ғылыми әдістемені әзірлейді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің тапсыруымен мемлекеттік қызмет қызметшілеріне біліктілік бағасын беруді жүзеге асырады;
      мемлекеттік қызмет мәселелері жөнінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды ақпараттық-талдау тұрғысында қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      орталық мемлекеттік органдардың кадр қызметі басшыларына басқарушылық консультация беруді ұйымдастырады;
      мемлекеттік қызмет саласындағы шетелдік ғылыми зерттеу, оқу және баспа ұйымдарымен ықпалдастықты дамытады.

  3. Академияның құқықтары

      13. Академияның мыналарға: 
      оқу, әдістемелік, ғылыми-зерттеу және ақпараттық-талдау қызметінің барлық түрлерін дербес жоспарлауға және жүзеге асыруға; 
      мемлекеттік қызметшілерді даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік емес сектор қызметкерлерін қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға арналған оқу бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеп, бекітуге; 
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігімен келісім бойынша мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының біліктілігін арттыруды жүргізуге; 
      Академияға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының, сондай-ақ ол басқа да қаржыландыру көздерінен алатын қаражат шегінде құрылымын, штат санын, сондай-ақ қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жағдайлары мен мөлшерін, магистранттар, аспиранттар және докторанттар стипендияларының мөлшерін айқындауға; 
      заңды және жеке тұлғалармен шарттар бойынша ақылы ғылыми-зерттеу, білім беру және ақпараттық-талдау қызметтерін көрсетуге; 
      мемлекеттік қызмет және кадр саясаты, менеджмент саласында ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауды шарттық негізде жүзеге асыруға; 
      оқу, әдістемелік жұмыс пен консультациялар жүргізу үшін шетелдік мамандарды тартуға, сондай-ақ шетелдік ғылыми-зерттеу, оқу және баспа ұйымдарымен шарттар жасасуға және өзара тиімді ықпалдастықты жүзеге асыруға; 
      Академия қызметінің бағыттарына сәйкес келетін проблемалар бойынша республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар, симпозиумдар мен семинарлар өткізуге және олардың жұмысына қатысуға; 
      Академияның профессоры және доценті атақтарын оның оқытушылар құрамындағы адамдарға беру мәселелері жөнінде шешімдер қабылдауға; 
      Академияның қызметкерлерін белгіленген тәртіппен құрметті атақтар беруге әрі мемлекеттік наградалармен және сыйлықтармен наградтауға ұсынуға; 
      оқу дәрістерінің түрлері бойынша профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесінің нормалары мен көлемін дербес бекітуге; 
      белгіленген тәртіппен баспа қызметін жүзеге асыруға; 
      мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлығы деңгейін сарапшылық бағалауға қатысуға; 
      Академия түлектеріне мемлекеттік дипломдар, омырау белгілерін, ал курстар (семинарлар) тыңдаушыларына - сертификаттар (куәліктер) беруге; 
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігімен, жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен келісім бойынша филиалдар, курстар, басқа да ведомостволық бағынысты ұйымдар құруға; 
      белгіленген тәртіппен ғылыми дәрежелер беру жөніндегі диссертациялық кеңестер құруға, ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау үшін докторантура, аспирантура, ізденушілік ұйымдастыруға; 
      жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға, соның ішінде шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға, тағлымдамадан өту үшін оқытушылар мен қызметкерлерді жіберуге; 
      Академияның алдында тұрған міндеттерді шешу үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдардан белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға; 
      Академияның оқу және материалдық базасын нығайту, сондай-ақ қызметкерлерді материалдық ынталандыру мақсатында шаруашылық және өзге де қызмет есебінен табылған қаражатқа дербес иелік етуге; 
      Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған және осы Ережеге қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыруға құқығы бар. 

  4. Академияны басқару

      14. Академия қызметінің мәселелерін қарау және жедел шешу үшін ректорат құрылады, Ректораттың құрамы мен қызметінің регламентін ректор бекітеді. 

      15. Академия қызметінің негізгі мәселелерін қарау үшін ректор басқаратын Академияның Ғалымдар кеңесі құрылады. Ғалымдар кеңесі туралы ереже мен оның құрамын ректор бекітеді. 
      Академияның Ғалымдар кеңесі: 
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің тапсырмасы бойынша әзірленген жеке курстардың оқу бағдарламалары мен жоспарларын бекітеді; 
      Академияның және оның құрылымдық бөлімшелері басшыларының есептерін тыңдайды; 
      ректораттың ұсынуы бойынша бағдарламалар жетекшілерін (кафедра меңгерушілерін) сайлайды, оқу-ғылыми, ақпараттық-талдау және ғылыми-зерттеу бөлімшелерінің басшыларын бекітеді; 
      факультеттер, кафедралар, оқу-ғылыми, ақпараттық-талдау және ғылыми- зерттеу бөлімшелерін құру, қайта құру және тарату туралы шешімдер қабылдайды; 
      Академияның оқытушылар құрамындағы қызметкерлерге доцент және профессор ғылыми атақтарын беру мәселелері жөнінде шешімдер қабылдайды. 

      16. Академияға жалпы басшылықты Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын ректор жүзеге асырады. 
      Академия ректоры: 
      Академияға тікелей басшылықты жүзеге асырады; 
      Барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Академияның атынан өкілдік етеді; 
      Академияның қаржы қызметінің мәселелерін шешеді, оның мүлкін өз құзыреті шегінде иелік етеді; 
      Академияның барлық қызметкерлері мен онда оқитын адамдар орындауға міндетті бұйрықтар шығарады; 
      Академияның және оның бөлімшелерінің қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және босатады; 
      Академияның тыңдаушыларын оқуға қабылдайды және оқудан шығарады; 
      Академияны қамтуға арналған шығыстар сметасын бекітеді; 
      бөлімшелер үшін лауазымдар тізбесін айқындайды, заңдарға сәйкес қолда бар қаражат шегінде лауазымдық жалақылар схемасын, айлық тарифтік ставкалар мен сағат бойынша еңбекке ақы төлеу мөлшерін бекітеді; 
      Академияның өз қаражаты есебінен лауазымдық жалақыларға үстемеақылар мен қосымша ақылар, сыйлықтар және басқа да төлемдерді белгілейді; 
      Академияның ғалымдар кеңесін басқарады және құрамын бекітеді; 
      профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесінің нормаларын, оқу үшін төленетін ақы мөлшерін, ғылыми, бағдарламалық және басқа да өнімдерді бекітеді; 
      Академияның құрылымы мен штат кестесін, Академияның заңды тұлға мәртебесі бар және мәртебесі жоқ бөлімшелері туралы регламенттер мен ережелерді бекітеді; 
      қаржы қорларын құрады және оларды пайдалану тәртібін айқындайды, шығыстар сметасын бекітеді; 
      Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісе отырып, Академияның вице-ректорларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 
      Қазақстан Республикасының заңдарына және осы Ережеге сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады. 

      17. Академия Қазақстан Республикасының Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігімен келісе отырып: 
      кезекті тыңдаушылар қабылдауды жариялайды; 
      тыңдаушылар қабылдау жоспарын айқындайды; 
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігіне түлектерді қызметке бөлу жөнінде ұсыныстар енгізеді; 
      қысқа мерзімді курстарда мемлекеттік қызметшілер кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспарларын айқындайды; 
      Академия тыңдаушыларының мемлекеттік органдар мен ұйымдарда тағылымдама өтуін ұйымдастырады; 
      Академияға қабылдау ережелері мен қабылдау комиссиясы туралы ережені, қабылдау комиссиясы мен мемлекеттік емтихан комиссиясының құрамдарын бекітеді. 

      18. Докторантураға, аспирантураға, магистратураға қабылдау және ізденушілерді бекітіп беру ережелерін ғалымдар кеңесі белгілеп, ректор бекітеді. 

      19. Академияның қызметіне профессор-оқытушылар құрамы тұрақты негізде және сағат бойынша ақы төлеу шарттарымен тартылады. 

  5. Академия тыңдаушыларының мәртебесі

      20. Академия тыңдаушыларының құрамы қабылдау ережелеріне сәйкес жасақталады. 

      21. Академияның мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқитын күндізгі (өндірістен қол үзіп оқитын) оқу нысанындағы тыңдаушыларына, әдетте, соңғы жұмыс орнындағы лауазымдық жалақысы мөлшерінде, бірақ мемлекеттік жоғары оқу орындарының аспиранттарына белгіленген стипендиялардың мөлшерінен кем емес мөлшерде мемлекеттік стипендия белгіленеді. 

      22. Академияда оқу мерзімі тыңдаушылардың мемлекеттік қызмет стажына есептеледі, оларға және олардың отбасы мүшелеріне заңдарға сәйкес соңғы жұмыс орнында көзделген материалдық-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсету жағдайлары сақталады. 
      Сырттан келген тыңдаушылар мен аспиранттарға жатақхана беріледі. 

      23. Академия тыңдаушылары қызметтік құпияны сақтауға міндетті. 

      24. Тыңдаушылар ғылыми білім-білікті және мемлекеттік қызмет пен басқарудың практикалық дағдыларын белсенді түрде меңгеруге, оқу жоспарлары мен бағдарламаларында көзделген барлық тапсырмалар түрлерін белгіленген мерзімде орындауға, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға міндетті. 

      25. Академияның ішкі тәртіп ережелерін бұзғаны немесе мемлекеттік қызметші тағына дақ түсіретін теріс қылығы үшін тыңдаушыларға Академиядан шығаруға дейін тәртіптік ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін. 

      26. Академия тыңдаушылары мемлекеттік қызметшілердің кадр резервін құрайды. 

      27. Академияның оқу бағдарламасын табысты аяқтаған тыңдаушыларға диплом, сондай-ақ арнайы үлгідегі омырау белгісі беріледі. Академия түлегі дипломының мәртебесі мен омырау белгісінің үлгісін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады