Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинеті арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім

Жаңа

Келісім, Алматы қ., 2001 жылғы 24 сәуір

(Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинеті,
      Тараптар мемлекеттерінің арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара тілек білдіруді басшылыққа ала отырып,
      туризм саласындағы екіжақты байланыстардың маңыздылығын сезіне отырып және оларды әлеуметтік-экономикалық дамудың, достық қатынастарды нығайтудың және Тараптар мемлекеттерінің халықтары арасындағы өзара түсіністікті тереңдетудің мәнді және қажетті факторы ретінде қарастыра отырып,
      1994 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес,
      1997 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларацияның ережелерін растай отырып,
      теңқұқықтық және өзара тиімділік негізінде туристік алмасуларды одан әрі дамыту үшін құқықтық негіз құруға тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, соның ішінде осы Келісімге, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар мемлекеттерінің арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және ынталандырады.

  2-бап

      Тараптар қазақстандық және украиндық туристік қауымдастықтар, әртүрлі меншік нысандарындағы халықаралық туризмді дамытуға қатысатын, туризм саласына күрделі жұмсалымды, сондай-ақ, туристерге қызмет көрсету жөніндегі бірлескен қызметті жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсіпорындар арасында іскерлік байланыстарды орнатуға және кеңейтуге жәрдемдесетін болады.
      Тараптар, оның әртүрлі нысандарына, өзара негізде көрмелерге, жәрмеңкелерге, конференцияларға, конгрестерге және семинарларға, басқа да халықаралық туристік іс-шараларға қатысу сияқты ұйымдық та, жеке туризмді де көтермелейтін болады.
      Тараптар мемлекеттерінің көрсетілген субъектілері арасындағы шарттардан туындайтын міндеттемелер бойынша Тараптар жауапкершілік жүктемейді.

  3-бап

      Тараптар, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес бір Тарап мемлекеті азаматтарының басқа Тарап мемлекетінің аумағына баратын туристік сапарына байланысты шекаралық, кедендік және өзге де рәсімдерді оңайлатуға ұмтылатын болады.

  4-бап

      Тараптар халықаралық стандарттарға сәйкес, бір Тарап мемлекетінен екінші Тарап мемлекетіне саяхат жасайтын туристердің қауіпсіздігін өзара қамтамасыз ету жөніндегі қажетті іс-шараларды жүзеге асырады. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары туроператорларды, турагенттерді және туристерді уақытша болатын елінде туристер үшін ықтимал қауіптер туралы хабардар етеді.

  5-бап

      Тараптар, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес туризм саласындағы статистикалық мәліметтер, заңнамалық дерекқор туралы ақпарат, ғылыми зерттеулер, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің туристік ресурстары, туристік рыноктың жай-күйі, туризм жөніндегі анықтамалықтар және жарнамалық материалдар алмасатын болады.

  6-бап

      Тараптар, басқа Тарап мемлекетінің аумағына туристік сапармен барушы өз мемлекетінің азаматын екінші Тарап мемлекетінің шет ел азаматтарының келу, болу, шығу тәртібін реттейтін ұлттық заңнама туралы хабардар етуге ықпал ететін болады.

  7-бап

      Тараптар туризм саласы үшін кәсіби кадрлар даярлауда бір-біріне көмек көрсететін болады, сондай-ақ туризм саласындағы ғылыми қызметкерлермен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және сарапшылармен алмасатын болады, туризм саласындағы зерттеулерді жүзеге асыратын жан-жақты қатынастарға және Тараптар мемлекеттері ұйымдарының бірлескен қызметіне ықпал ететін болады.

  8-бап

      Тараптар Дүниежүзілік туристік ұйымның (ДТҰ), сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдардың шеңберінде Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын туризм саласындағы ынтымақтастықты үйлестіретін болады.

  9-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай құзыретті органдарды айқындайды:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының туризм және спорт жөніндегі агенттігі,
      Украина Тарапынан - Украинаның Мемлекеттік туристік әкімшілігі.
      Тараптар мемлекеттерінің туризм саласындағы атқарушы билік органдарының ресми атауы өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бұл жөнінде бір-бірін дереу хабардар етеді.

  10-бап

      Тараптар, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қазақстан-украин бірлескен комиссиясының шеңберінде осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелер бойынша қажет болған жағдайда консультациялар жүргізеді.
      Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты барлық шығыстарды дербес шешеді.

  11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

  12-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Келісім белгісіз кезеңге жасалады және бір Тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберген күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      Осы Келісімнің қолданылуымен немесе түсіндірілуімен байланысты туындаған даулы мәселелер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаған жағдайда, осы Келісім ережелерінің қолданылуы кезеңінде басталған туризм саласындағы бағдарламалар мен басқа жобалардың орындалуына әсер етпейді.

      2003 жылғы 24 сәуірде Алматы қаласында екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде жасалды, сонымен бірге барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде қайшылық туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

(Қолдары)  

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады