Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Жастар саясаты саласындағы Келісім

Жаңа

Келісім, Тбилиси қаласы, 1996 жылғы 17 қыркүйек

(Келісім 1996 жылғы 17 қыркүйектен қол қойылған күнінен бастап
күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 11, 81-құжат)

      Бұдан әрі қарай "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі,
      жастардың өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдіре отырып,
      екі ел арасында жастар саясаты саласындағы өзара қарым-қатынастарды кеңейту мен дамыту тілегін басшылыққа ала отырып,
      мына төмендегілер жөнінде келісті:

1-бап

      Тараптар жастар саясаты саласында мемлекеттік құрылымдар, мемлекеттік емес ұйымдар желісі бойынша тең құқықты ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға барынша жәрдемдесетін болады.

2-бап

      Тараптар осы мақсатта өз аумақтарында ресми және публицистикалық теле- және радио бағдарламалардың, ақпарат агенттіктері мен мерзімді басылым органдарының жастар тақырыбы жөніндегі материалдарын таратуды, тұрақты түрде проблемалық семинарлар, конференциялар және екі жақты консультациялар өткізуді көтермелей отырып, жастар саясаты саласында жан-жақты және толыққанды ақпаратпен тиімді алмасуға жәрдемдесетін болады.

3-бап

      Тараптар мәдениетпен, мұрамен, дәстүр-салтпен таныстыру мақсатында, соның ішінде бірлескен фестивальдар, жарыстар, көрмелер, орындаушы ұжымдар мен жеке орындаушылардың гастрольдерін ұйымдастыру арқылы Тараптардың біреуі өткізетін әртүрлі семинарлар, жарыстар және басқа да шараларға қатысу үшін шығармашы жастардың әдебиет және өнер күндерін өткізу, сондай-ақ жастардың туристік орталықтарын ұйымдастыру мақсатында жастар алмасуларын көтермелеп отыратын болады.

4-бап

      Тараптар жас кәсіпкерлер және фермерлер арасындағы байланыстардың кеңеюіне, жұмыс тәжірибесін оқып-үйренуде алмасу жүйесін құруға, бірлескен семинарлар өткізуге, жастар кәсіпкерлігі саласындағы екіжақты жобаларды жасасуға жәрдемдесетін болады.

5-бап

      Жастар саясатындағы әлеуметтік-медициналық басымдықтардың аса маңыздылығын ескере келіп, жастар арасындағы нашақорлықтың, маскүнемдіктің, СПИД ауруларының алдын алу жөнінде бірлескен шараларды әзірлеуге және оның тиімділігін арттыруға айрықша көңіл бөле отырып, Тараптар халықтың денсаулығын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы ТМД елдерінің көпжақты үкіметаралық Келісімін жүзеге асыруда өз іс-қимылдарын үйлестіретін болады.

6-бап

      Тараптар жастарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет тәжірибесімен алмасатын болады және жас мүгедектер мен тағы басқа да әлеуметтік жағынан қорғалмаған жастар категорияларына әлеуметтік көмек, қолдау көрсету жөнінде екіжақты бағдарламаларды әзірлеуде жәрдемдеседі.

7-бап

      Тараптар екі мемлекеттің спорт ұйымдары арасындағы байланыстарды жүзеге асырып, оны дамытады және жастар, студенттер мен спорт ұйымдары, мүгедектер арасында дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамытуға жәрдемдеседі, жас ұрпақтың салауатты өмір сүруін қалыптастыру жөніндегі шараларды жүзеге асырады. Ынтымақтастықтың нақты нысандары мен талаптары екі елдің мүдделі әріптестері (ұйымдары) арасындағы тікелей келісімдер негізінде белгіленеді.

8-бап

      Тараптар жастардың еңбек отрядтарына еңбекті ұйымдастыру және оларға ақы төлеу, әлеуметтік қорғау жөнінде біртұтас теңдей жағдайлар жасау және олардың мүшелерінің денсаулығын сақтау принциптерін ескере отырып, жастардың және студенттердің еңбек ұжымдарымен (отрядтарымен), ерікті еңбек отрядтарымен алмасуды жүзеге асыратын болады.

9-бап

      Тараптар жастарды өз елдерінің ұлттық игіліктерімен және табиғи, архитектуралық жәдігерліктерімен белсенді түрде таныстыру мақсатында жастар туризмін дамытуға жәрдемдеседі.

10-бап

      Тараптар осы Келісімде көзделген шараларды жүзеге асыру үшін жеткілікті қаржы, материалдық және кадр ресурстарымен қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.
      Осы Келісімнің ережелерін тиімді түрде орындау мақсатында тиісті министрліктер мен ведомстволардың проблемаларына қатысты ынтымақтастықтың ведомствоаралық келісімдері мен жұмыс хаттамалары әзірленуі және жасалуы мүмкін.

11-бап

      Осы Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді, ол бес жыл бойы қолданыста болады және егер Тараптардың бір де біреуі екінші Тарапқа кезекті мерзім (кезең) аяқталғанға дейін алты ай бұрын өзінің осы Келісім қолданысын тоқтатқысы келетіні туралы жазбаша хабарламаса, оның қолданысы өздігінен келесі бес жылдық мерзімге ұзартылатын болады.

      Тбилиси қаласында 1996 жылғы 17 қыркүйекте екі данада, қазақ, грузин және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндердің күші бірдей.

(Қолдары) 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады