Қазақстан Республикасының Ғылым министрлігі - Ғылым Академиясы мен Монғолияның Ғылым Академиясы арасындағы Ғылыми ынтымақтастық туралы Келісім

Жаңа

Келісім, Улаан-Баатор қаласы, 1997 жылғы 2 шілде

(Келісім 1997 жылғы 2 шілдеден қол қойылған күнінен бастап
күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 11, 84-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Ғылым министрлігі - Ғылым Академиясы мен Монғолияның Ғылым Академиясы,
      - халықаралық ынтымақтастықтың маңызын тани отырып;
      - екі елдің мүддесінде Академиялардың және олардың ғылыми мекемелерінің арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту мақсатымен;
      - тең құқықтық, екі жақты құрметтеу, өзара мүдделілік пен тиімділік принциптерін басшылыққа ала отырып;
      - ұзақ мерзімді негізде ғылыми ынтымақтастықты жүзеге асыруға ұмтылысты білдіре отырып,
      төмендегілер жөнінде уағдаласты:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптардың ғылыми мекемелерінің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және дамыту, ғылыми-техникалық прогреске жәрдемдесу болып табылады. Келісім екі Тараптың зерттеушілерінің күш-жігерлерін біріктіру жолымен, ғылыми жетістіктерді бірлесіп пайдаланумен жүзеге асырылатын болады.

2-бап

      Келісім жаратылыс тану, техникалық, қоғамдық және гуманитарлық ғылым салаларында іргелі және қолданбалы зерттеулерді қамтиды.

3-бап

      Келісімді орындау үшін шешілетін міндеттердің сипаттарын негізге ала отырып, ынтымақтастықтың Тараптар белгілейтін келесі нысандары пайдаланылады:
      - ғалымдармен және мамандармен алмасу;
      - осы Келісімнің негізінде академиялық ғылыми институттардың арасындағы тікелей ынтымақтастық;
      - халықаралық ғылыми форумдарға ғалымдардың қатысуы;
      - ғылыми ақпарат және әдебиетпен алмасу;
      - Тараптардың арасындағы келісім бойынша ынтымақтастықтың басқа да нысандары.

4-бап

      Нақты ғылыми проблемаларды шешу және Қазақстанның, Монғолияның және үшінші елдердің өнеркәсіптік кәсіпорындарының тапсырыстарын орындау үшін Тараптар тұрақты немесе уақытша сипаттағы бірлескен ғылыми зерттеу ұжымдарын құра алады. Мұндай ұжымдарды құру және қаржыландыру мәселелері, барлық қаржылық шарттар, орындаушы мен тапсырыс берушінің өзаралық міндеттемелері, ақпаратпен, құқықтық қорғаумен алмасу шарттары, басқа ұйымдарға және адамдарға бірлескен зерттеулердің нәтижелерін беру әрбір жеке жағдай үшін жасалатын шарттарда көрсетіледі.

5-бап

      Академиялардың ғалымдарымен және мамандарымен алмасу, әдеттегідей, мынадай түрде валютасыз теңестірілген алмасу негізінде жүзеге асырылады:
      5.1. Бастапқы кезде алмасу квотасы жылына 4 адамдай көлемінде белгіленеді. Жыл сайын квота Тараптардың арасында жұмыс тәртібімен келісіледі.
      5.2. Өзаралық уағдаластық негізінде жіберуші Тарап қабылдаушы Тараппен іс-сапарға жіберу үшін кандидатураны іріктейді. Қабылдаушы Тарап теңестірілген алмасу квотасы негізінде ғалымдарды шақыра алады.
      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа Академияларда белгіленген нысандар бойынша сапар басталғанға дейін 3 айдан кешіктірмей іссапарға жіберілетін адамдар туралы мәліметтерді хабарлайды. Осы ақпаратты алған соң бір ай ішінде қабылдаушы Тарап белгіленген мерзімде іссапарға келушіні қабылдау мүмкіндігі туралы хабарлайды. Жіберуші Тарап дәл келетін күнін сапар басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей хабарлайды.
      5.3. Қаржылық шарттар.
      5.3.1. Жіберуші Тарап валютасыз теңестірілген алмасу бойынша іссапарға жіберілетіндердің қабылдаушы Тараптың астанасына дейін бүкіл жол жүру бағытында және кері қарай қайтуының көлік шығындарын болу бағдарламасына сәйкес төлейді.
      5.3.2. Қабылдаушы Тарап валютасыз теңестірілген алмасу бойынша іссапарға жіберілгендерді келесілермен қамтамасыз етеді:
      -қонақүйде тұру;
      - Ғылым Академияларындағы қолданыстағы қаржы нормаларына сәйкес тәуліктік шығынын төлеу;
      - қарсы алу және шығарып салуларда көлікпен қызмет көрсету;
      - қажет болғанда аудармашының қызметін көрсету.
      5.4. Қабылдаушы тарап ойластырылмаған науқас немесе жазатайым оқиға болған жағдайларда келген ғалымдарға қажетті медициналық қызмет көрсетеді. Созылмалы ауруларды емдеу көзделмейді, бірақ ол ушыққан жағдайда медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
      5.5. Квотадан асырып ғалымдармен алмасудың қаржылық шарттарын Тараптар әрбір жеке жағдайда ескереді.
      5.6. Тараптар осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықтың мәселелерін талқылау мақсатымен жыл сайын 3 адамға дейін 1 апталық мерзімге жібереді және шақыра алады. Мұндай сапарлар белгіленген квотадан тыс жүзеге асырылады.

6-бап

      Тараптар институтаралық тікелей шарттарды жасау арқылы екі елдің ғылыми мекемелерінің арасындағы бірлескен жобаларды өзара тиімділік негізінде жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Мұндай шарттарды мүдделі ғылыми мекемелердің тікелей өкілдері жасайды және қол қояды және бірлескен жұмыстардың көлемін және орындалуын, қаржылық және басқа да шарттарын, сондай-ақ бірлескен әрекет жасайтын Тараптардың өзаралық міндеттемелерін толық белгілейді.

7-бап

      Тараптар әрбір ел ғалымдарын халықаралық ғылыми жиындарға, сондай-ақ олардың өз елдерінде ұйымдастырылатын басқа да іс-шараларға қатысуы үшін шақыра алады.
      Ғалымдардың халықаралық ғылыми жиындарға сапарлары валютасыз теңестірілген алмасу шеңберінде, сондай-ақ іс-шараны ұйымдастырушылардың ескерген жағдайларында да жүзеге асырыла алады.
      Жоғарыда аталған ғылыми іс-шараларға қатысу үшін тіркелу жарнасының төлемі жөніндегі мәселелерді әрбір жеке жағдайда қабылдаушы және жіберуші Тараптар шешеді.
      Улаан-Баатор қаласында 1997 жылы 2 шілдеде екі дана болып, қазақ және монғол тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіну барысында пікір алшақтығы болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.

(Қолдары) 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады