Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасы Үкіметінің арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасасу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 21 наурыз N 419. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.03.28. N 239 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ұсынған, Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілген, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасы Үкіметінің арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын. 
      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қатысуымен Польша тарапымен жоғарыда аталған Келісімді жасасу туралы келіссөздер жүргізу тапсырылсын. 
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевқа Келісімнің жобасына принциптік сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан  Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Польша Республикасы Үкіметінің арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасасуға өкілеттіктер берілсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолдануға енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша
Республикасы Үкіметінің арасындағы
әскери-техникалық ынтымақтастық туралы
Келісім

       Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі,
      халықаралық құқықтың нормаларына негізделіп және екі мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып,
      1992 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасы Үкіметінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып, 
      мемлекеттердің қорғаныс қабілетін нығайтуға өзара мүдделілігін ескере отырып және мемлекеттердің арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтудағы өз құлшыныстарын растай отырып,      қандай да болмасын үшінші елге бағытталмаған екі жақты өзара тиімді әскери-техникалық байланыстарды тұрақты негізде дамытудың қажеттігін түсіне отырып,
     өзара пайда мен экономикалық орындылықтың негізінде ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтыла отырып,
     мына төмендегілер туралы келісті:     

1-бап

       Тараптар:
      - әскери және қос мақсаттағы өнімді (бұдан әрі арнайы өнім деп  аталатын) сату және өзара беру;
      - арнайы өнімді бірлесіп өндірудің өндірістік және технологиялық мүмкіндіктерін зерделеу;
      - бірлесіп өндірісті ұйымдастыру мақсатында арнайы өнімді өндіретін кәсіпорындарды қайта құру және жетілдіру;
      - арнайы өнімді шығару кезінде қолдау және жәрдем көрсету;
      - бұл өндірісті ұйымдастыру үшін оның ішінде өзара уағдаластық бойынша үшінші елдерге экспорттау үшін өндіру құқығына лицензиялар мен техникалық құжаттамаларын сату; 
      - берілген оның ішінде лицензия бойынша өндірілген өнімді пайдалану мен жөндеуді жүзеге асыру; 
      - қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру, сондай-ақ өнімнің жаңа түрлерін өндіру мүдделерінде бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды жүргізу; 
      - бірлескен бағдарламалар мен жобалардың шеңберінде өндірілген материалдар мен жабдықтарды сатып алу жөніндегі өзара міндеттемелер; 
      - қайта экспорттау мақсатында өнімді өзара беру саласындағы өзара іс-қимылдар; 
      - ынтымақтастық бағыттары бойынша үшінші елдерден алынған ақпараттарды алмасу; 
      - екі мемлекет мамандарын өзара алмасу жолымен екі жақты өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады. 
 

  2-бап

        Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұлттық заңдарына сәйкес осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыру үшін қажетті ұйымдық, құқықтық және өзге де жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді. 
      Тараптар осы Келісімнің 1-бабында аталған ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысты ақпараттардың құпиялығын сақтайтын болады. 
 

  3-бап
 

          Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыруға жәрдем көрсету мақсатында қажет болған жағдайда бірлескен жұмыс тобын құрады. Бұл топтың жұмыс тәртібі мен жағдайлары Тараптар мемлекеттері уәкілетті органдарының арасындағы жеке Хаттамамен айқындалады. 
      Осы Келісімде көзделген ынтымақтастықтың бағыттары жөніндегі екі жақты ведомствоаралық келісімдерді іске асыру Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті шаруашылық жүргізуші субъектілері жасасатын және есеп айырысулардың шарттары мен нысандарын белгілейтін тікелей шарттардың (келісім-шарттардың) негізінде жүзеге асырылатын болады. 
 

  4-бап
 

          Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың бұрын жасалған халықаралық шарттары мен келісімдері бойынша өз шарттық міндеттемелерін орындауына қандай да болмасын кедергі келтіретін іс-қимылдардан бас тартады. 
      Үшінші мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында шарттар мен келісімдер жасасу кезінде Тараптардың әрқайсысы екінші мемлекеттің мүдделерін ескеретін болады. 
      Тараптар ынтымақтастық саласына қатысты авторлық құқықтарды, келісімнің ерекшелік принциптерін және коммерциялық құпияларды құрметтейді. 
      Қайта экспорттау мақсаты үшін арнайы өнімді өзара беру кезіндегі өзара іс-қимылдың тәртібі және шарттары әрбір жеке жағдайда келісілетін болады. 
 

  5-бап
 

          Тараптар осы Келісім бойынша берілетін арнайы мүлікті және ол бойынша ақпаратты екінші Тараптың оған алдын-ала жазбаша рұқсатынсыз жеке немесе заңды тұлғаларға, үшінші елдердің үкіметтеріне, халықаралық ұйымдарға бермейді немесе сатпайды.
     Тараптар осы Келісімге сәйкес берілетін мүлікті қайталамайтын, оны қайта өндіруді жүзеге асырмайтын, сондай-ақ арнайы өнімді дайындау немесе әзірлеу кезінде қолданылатын өнертабыстарды, ноу-хауды және басқа да нәтижелерді оған екінші Тараптың алдын-ала жазбаша келісімінсіз пайдаланбайтын болады.     

6-бап

           Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану жөнінде дау пайда болған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.     

7-бап

       Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке Хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. 

8-бап 
 

        Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша құлақтандыруы түскен күннен бастап күшіне енеді. 
      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Келісім қолданылуын тиісті Тарап құлақтандыру алған күннен бастап алты айдан кейін тоқтады.
     __________жылғы_______________  ____________________қаласында

әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдеріндегі екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
     Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер пайда болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

     Қазақстан Республикасының         Польша Республикасының
     Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады