2000-2005 жылдарда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды одан әрі дамыту тұжырымдамасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 25 мамыр N 790

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     1. Қоса беріліп отырған 2000-2005 жылдарда Қазақстан Республикасының

денсаулық сақтауды одан әрі дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама)

мақұлдансын.

     2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі

мүдделі мемлекеттік басқару органдарымен бірлесе отырып, осы

Тұжырымдаманың іске асырылуын қамтамасыз етсін.

     3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.


     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі


                                         Қазақстан Республикасы Үкіметінің

                                           2000 жылғы 25 мамырдағы N 790

                                              қаулысымен мақұлданған


                 2000-2005 жылдарда Қазақстан Республикасының

                      денсаулық сақтауды одан әрі дамыту

                                тұжырымдамасы


                             1. Кіріспе



 
       Қазақстанның денсаулық сақтауы - халыққа медициналық көмек көрсетуге қол жеткiзiлуiн, уақытылығын, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бейiмделген әлеуметтiк бағдарланған бiрыңғай дамыған жүйе.
      Нарық қатынастарына көшу талаптарынан туындаған елдiң денсаулық сақтау жүйесiнiң қажеттi реформасы экономиканың дағдарысты жағдайында жүзеге асырылып, недәуiр жеткiлiксiз қаржыландырылуы және орталықтан безiну тенденцияларының күшеюi, ақыр соңында халықтың медициналық құраммен және төсек-орын қорымен қамтамасыз етiлуiнiң қысқаруына, бiрқатар емдеу-алдын алу мекемелерiнiң негiзсiз жабылуына әкеп соқты.
      Халықтың медициналық көмекке қол жеткiзуiнiң төмендеуi, оның сапасының нашарлауы осының нәтижесi болды. Саланы қаржыландырудың прогрессивтiк жүйесi - мiндеттi медициналық сақтандырудан бас тарту да бiр адым керi шегiну болды, мұның өзi отандық денсаулық сақтаудағы экономикалық жағдайды елеулi түрде күрделендiрдi.
      Сонымен бiрге, осы уақытқа дейiн медициналық қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу сала ерекшелiктерi мен нарықтық болмыстарды ескерусiз жүзеге асырылып келедi, оларды тиiмдi және сапалы қызметке ынталандырмайды.
      Осының бәрi халықтың денсаулық сақтауда қалыптасып отырған жағдайға терiс көзқарасына ықпал еттi.
      Осы ретте, Қазақстан халқының соңғы 10 жылдағы денсаулық жағдайы: өмiр сүрудiң орташа ұзақтығының қысқаруы, жалпы, нәресте және ана өлiмi көрсеткiштерiнiң жоғары деңгейi, туберкулез және басқа да әлеуметтік алғышарты бар аурулардың көбеюi сияқты терiс тенденциялармен сипатталуда.
      Осындай жағдайларда қолда бар жүйенi жетiлдiру саланы басқарудың жаңа әдiстерi мен модельдерiн iздестiру, жұмыстың шығындық әдiстерiнен бөлiнген мемлекет қаражатын ұтымды пайдалануға көшу, сала қызметкерлерiнiң оның қызметінің нәтижелерi үшiн жауапкершілiгiн, сондай-ақ еңбекақы төлеу деңгейiн арттырудың негiзiнде денсаулық сақтауды одан әрi дамыту стратегиясын айқындаудың қажеттiгi пiсiп жетiлдi.
      Осы ретте, "Қазақстан-2030" елдiң даму K972030_ стратегиясын, "Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасының Z970111_ Заңын, "Халық денсаулығы" мемлекеттiк U984153_ бағдарламасын, елде қабылданған мемлекеттiк мақсатты және кешендiк өзге де бағдарламаларды, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қолданылып жүрген нормативтік құқықтық кесiмдердi басшылыққа алу қажет.
 
                          2. Тұжырымдаманың мақсаты
 
      Осы Тұжырымдаманың мақсаты денсаулық сақтау жүйесiнiң азаматтардың денсаулығын жақсартуға, саланы одан әрi тұрақты дамыту негiзiнде халықтың медициналық қызметтердiң көлемi мен сапасына сұранысын қанағаттандыруға бағытталған 2000-2005 жылдардағы кезеңге арналған стратегиялық тұғырларын белгілеу және бекiту болып табылады.
 
                            3. Негiзгi қағидаттары
 
      Тұжырымдама мына қағидаттарға негiзделедi:
      мемлекеттің азаматтардың денсаулық қорғау саласындағы құқықтарының қамтамасыз етiлуi үшiн жауаптылығы;
      азаматтардың салауатты өмiр салтын қалыптастыру, өз денсаулығын күтiнуi мен сақтауы үшiн жауаптылығы;
      әлеуметтік мәртебесiне кiрiс деңгейiне және тұрғылықты жерiне

 

қарамастан, халықтың медициналық көмекке қол жеткiзуi;

     денсаулықты қорғауға, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесiн дамытуға

жұртшылық пен азаматтардың белсендi қатысуы;

     тегiн негiзде медициналық көмектің кепiлдендiрiлген көлемiн

қамтамасыз ету;

     медициналық қызметтердiң сапасын басқару институтын дамыту;

     денсаулық сақтау жүйесiн қаржыландырудың көп арналығы;

     денсаулық сақтаудың алдын алуға бағытталуы;

     дәрi-дәрмектiк қамтамасыз ету саласындағы қауiпсiздiктi сақтау мен

отандық медициналық және фармацевтік өнеркәсiпті дамыту;

     медициналық ғылым мен тәжірибенiң бiрлiгi.


             4. Денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыттары


     Денсаулық сақтауды дамытудың негiзгi бағыттары:

     денсаулық сақтау саласындағы нормативтiк құқықтық базаны және

ұйымдастырушылық реттеуді жетілдіру;

     халықты алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен басым қамтамасыз ету;


 
       қажеттi жағдайлар мен кадрларды даярлау мүмкiндiгіне қарай жалпы практикалық дәрiгер/отбасылық дәрiгер институтын дамыту;
      ел халқының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету;
      қаражат түсуінің көп арналығын қамтамасыз ету, қысқартуға жатпайтын бюджеттен қаржыландырудың тұрақтылығына қол жеткiзу арқылы денсаулық сақтау салаларын қаржыландырудың жүйесiн жетiлдiру;
      денсаулық сақтауды басқаруды ұйымдық нығайту мен жетiлдiру;
      басқару мен қаржылық дербестiкті және басқарудың экономикалық нысандарын кеңейту, аз шығынды және ресурс сақтаушы жаңа медициналық технологиялар мен халыққа медициналық көмектi ұйымдастыру және көрсету нысандарын кеңінен енгiзу арқылы денсаулық сақтау ұйымдарының желiлерi мен құрылымдарын, азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгілеген нормативтерден төмен болмайтындай етіп, оңтайландыру;
      денсаулық сақтаудың мемлекеттiк емес секторын одан әрi дамыту және қолдау;
      медициналық көмектi басқарудың сапалы бiрыңғай жүйесiн жасау;
      медициналық статистиканы жетілдіру және саланы ақпараттандыру;
      медициналық және фармацевтiк өнеркәсiптi дамыту, халықты және емдеу-алдын алу ұйымдарын дәрi-дәрмектiк заттармен, медициналық мақсаттағы және медициналық техника бұйымдарымен қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк реттеу;

 

     медициналық бiлiм беру жүйесiн жетiлдiру және медициналық ғылымды

дамыту;

     салауатты өмiр салтын қалыптастырудың жүйесiн жетiлдiру;

     халықаралық ынтымақтастықты дамыту және денсаулық сақтау саласына

шетелдiк инвестицияларды тарту;

     денсаулық сақтаудың әлеуметтiк базасын кеңейту және

материалдық-техникалық базасын нығайту, алдын алудың, диагностикалау мен

емдеудiң қазiргi заманғы технологияларын енгiзу;

     денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң әлеуметтік қорғалу деңгейiн көтеру

болып табылады.


       5. Денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың

                                    тетiктерi



 
       Тұжырымдаманы iске асыру мақсатында "Халық денсаулығы" мемлекеттiк бағдарламасына және тиiстi аймақтық бағдарламаларға белгiленген тәртiппен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу көзделедi.
      Көрсетiлген құжатта ведомствоаралық және сектораралық өзара iс-қимылдарды ескере отырып, жоспарланған iс-шаралардың орындалуын заңдық, инвестициялық, құрылымдық, экономикалық, кадрлық қамтамасыз ету жөнiнде шаралар көзделетiн болады.
 
                   6. Денсаулық сақтауды басқаруды жетiлдіру
 
      Денсаулық сақтауды басқарудың жүйесiн жетілдіру - қазiргi уақыттың көкейкестi мәселелерiнiң бiрi.
      Азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы орталық уәкiлетті органның мәртебесiн көтеру, саланы басқарудың бүкiл жүйесiн қайта қарау және басқару органдарының мiндеттерi мен функцияларын анықтау талап етiледi.
      Стратегиялық жоспарлаудың ретін, саладағы iске асырылып жатқан бағдарламалардың мониторингi мен бақылануын, республикалық және жергiлiктi деңгейлердегi кадр әлеуетi мен денсаулық сақтау жүйесi ресурстарын басқару тиiмдiлiгiн арттыру көзделуде.
      Осыған байланысты, алдағы уақытта:
      Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы уәкiлетті органының функциялары мен рөлін күшейтудi қамтамасыз ететiн, бiрыңғай мемлекеттік саясатты, салааралық үйлестiрудi және өзара iс-қимылды жүзеге асыратын денсаулық сақтауды басқарудың жүйесiн қайта ұйымдастыруды жүргізу;
      басқарудың жергілікті орындарына бағыныштылықты, бастаманы дамыту мен саланы дамытудың аймақтық жағдайларын есепке алуды сақтай отырып, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтауының барлық жүйесiн тұрақты тігiнен басқару құрылымын қамтамасыз ету;
      денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық бiрлестiктер (қауымдастықтар, одақтар, қорлар, және т.б.) институтын дамытуға көмек көрсету;
      саланың нормативтiк базасын жетiлдiру (стандарттар, нормативтер және т.б.);
      басқару кадрларын даярлау мен қайта даярлауды тәртiпке келтiру;
      денсаулық сақтаудың мемлекеттiк емес секторының медициналық және фармацевтiк қызметін үйлестірудi жүзеге асыру;
      ерiктi медициналық сақтандыру жүйесiн дамыту үшiн қолайлы жағдайларды жасауға ықпал ету мiндеттерi тұр.
 
                 7. Медициналық көмекті ұйымдастыруды жетiлдiру
 
      Қазақстан Республикасындағы медициналық көмектi ұйымдастыруды жетілдiрудiң негiзгi бағыты қымбат тұратын және тиiмділiгi аз стационарлық көмектiң басымдылықтарын медициналық қызметтер көрсетудiң қалыптасқан деңгейiн сақтай отырып, амбулаторлық-емханалық көмекке қайта бағдарлау болып табылады.
      Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (бұдан әрi - БМСК) халыққа медициналық көмек көрсетудiң негiзгi буыны болып табылады. Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау Ұйымының (бұдан әрi - ДДҰ) Алматы декларациясы БМСК-ны денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесiн реформалау мен дамытудың неғұрлым оңтайлы және нақты жолы ретiнде айқындайды.
      Қазақстан Республикасында БМСК-нi жетiлдiру елдiң әлеуметтік-экономикалық жағдайын және денсаулық сақтау жүйесiнiң дайындығын ескере отырып, қала мен село тұрғындарына көрсетiлетiн амбулаториялық-емханалық көмектiң қалыптасқан үлгісiнiң жетiстiктерiн сақтау арқылы кезең-кезеңiмен жүзеге асырылуы тиiс.
      Селодағы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негiзгi буыны фельдшерлiк-акушерлiк пункттердiң жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететiн отбасылық дәрiгерлiк амбулаториялар болуы тиiс. Бұл ретте бастауыш буын медициналық қызметкерлерiнiң әрбiр нақты пациентті емдеу нәтижелеріне жауапкершiлiгi мен мүдделiлiгiн арттырудың тетiктерi белсендi түрде іске қосылуы тиiс.
      Сонымен бiр мезгiлде, амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанынан денсаулық сақтаудың стационарлық секторына түсетiн жүктеменi азайтуға мүмкіндiк беретiн күндiзгi стационарлар мен үйдегi стационарларды құру көзделіп отыр.
      Денсаулық сақтаудың мамандандырылған қызметтерi мен ғылыми-зерттеу ұйымдары клиникаларын, олардың жұмыстың түпкi нәтижесi үшiн жауапкершiлiгiн арттыру, қызметтерiнiң алдын алуға бағытталуын күшейте отырып, одан әрi дамыту көзделуде.
      Балалар мен жасөспiрiмдерге медициналық-санитарлық көмекті жетiлдiру, отбасын жоспарлау мен ана қауiпсiздігі қызметін дамытуға күш-жiгердi топтастыру арқылы ана мен баланы қорғау қызметiн дамытуға ерекше назар аударуды талап етедi.
      Халыққа көрсетiлетін мамандандырылған медициналық көмектi одан әрi дамыту жөнiндегi кешендi шараларды жүзеге асыру қажет Халыққа көрсетiлетiн кардиологиялық, кардиохирургиялық, онкологиялық, ортопедиялық және травмотологиялық көмек дамытылатын болады. Жедел медициналық көмек пен апат медицинасы қызметтерiн, уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету үшiн оларды жеделiрек етiп әрi қазiргi заманғы құралдармен жабдықтап нығайту қажет.
      Селолық денсаулық сақтау одан әрi дамитын болады. Елдiң барлық селолық елдi мекендерi медициналық көмекке қол жеткiзуi қамтамасыз етiлетiн болады. Әрбiр елдi мекенде нормативтерге сәйкес медицина қызметкерi немесе медициналық ұйым (фельдшерлiк пункт, фельдшерлiк-акушерлiк пункт, дәрiгерлiк амбулатория, учаскелiк аурухана) жұмыс істейтiн болады. Орталық аудандық және облыстық ауруханалардың базасында емдеу-диагностикалық және консультативтік көмектің жылжымалы нысандарын, БМСК ұйымдарында - село тұрғындарын дәрi-дәрмектiк заттармен қамтамасыз ету үшiн жағдай жасау қажет.
      Саланы нарықтық қатынастарға: меншiктің көп қатарлы нысандарын дамыту, медициналық қызметтер рыногын жасау, медициналық ұйымдардың арасында бәсекелестiк қатынастар орнатуға бейімдеу көзделуде.
      Жеке және заңды тұлғалардың өз қаражаты есебiнен, сондай-ақ денсаулық сақтаудың, сондай-ақ ғылыми-техникалық және бiлiм беру саласының жекелеген объектiлерiн жекешелендiру арқылы жасалған денсаулық сақтаудың мемлекеттiк емес секторын дамытуды қолдау аса маңызды міндет болып табылады.
      Халыққа медициналық қызмет көрсетудiң сапасын жақсарту мақсатында пациенттердi амбулаториялық-емханалық та, ауруханалық жағдайларда да диагностикалау мен емдеу стандарттарын енгiзуге негiзделген медициналық қызметтердiң сапасын басқарудың бiрыңғай және үздiксiз жүйесi жасалатын, сондай-ақ медициналық қызметтер мен дәрi-дәрмектiк қамтамасыз етудiң сапасын бақылау жүйесi жетiлдiрiлетiн болады. Денсаулық сақтау жүйесіне қолда барларын жаңғырту мен қазiргi заманғы медициналық технологияларды енгізу, емдеу-алдын алу мекемелерін (бұдан әрi - ЕАМ) қазiргi заманғы құралдармен, телемедицинамен және ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған жабдықтармен жабдықтау емдiк және диагностикалық аппараттарды неғұрлым тиiмдi пайдалану үшiн орталықтандырылған сервистiк қызмет құру арқылы көрсетілетiн медициналық қызметтердiң сапасын көтерудiң бiрыңғай салалық бағдарламасы қалыптастырылуы тиiс.
      Дәрi-дәрмектік заттарды, шетелдiк жабдықтарды ұтымды сатып алу механизмiн әзiрлеу, отандық ғылымды бiр мезгiлде дамыта отырып, жаңа I технологияларды енгiзу, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық жабдықтар мен мүкаммалдарды өндiру қажет.
 
          8. Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету
 
      Халық денсаулығын қорғауды қамтамасыз етудiң ажырамас бөлiгi болып табылатын халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету iсiндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы уәкiлеттi органның құрамында сақталуы қажет.
      Оны халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында нормативтiк-құқықтық базаны одан әрi жетілдiру және мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (бұдан әрi - қызметтiң) жұмысын заңдық қамтамасыз ету, сондай-ақ инфекциялық бақылауға жаңа көзқарас әзiрлеу талап етiледi.
      Таяу уақытта оның қызметiнің тиiмдiлiгiн арттыру, басқа бақылаушы органдармен арадағы функциялары мен өкiлеттіліктерiнiң ара жiгiн жiтi ажырату және ведомствоаралық өзара iс-қимылды тереңдетудi ескере отырып, қызметтің дамуының ұзақ мерзімдi бағдарламасын жасап, iске асыру қажет. Қызметтің халық тұратын жердегi қолайлы экологиялық жағдайды қамтамасыз етудегi, белгіленген шаруашылықтық қызметтің жобаларын сараптаудағы, әр түрлi меншiк нысандарындағы өнеркәсiптiк кәсiпорындардың өндiрiстік жағдайларын бақылаудағы рөлi арттырылуы тиiс.
      Қызмет iсiнде экономикалық тетiктердi жетiлдiру талап етiледi. Осыған байланысты шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығына терiс әсерiн болдырмау жөнiндегi санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң жүргiзген жұмыстарының шығындарын өтеу жүйесiн жолға қою қажет. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi ұстауды қамтамасыз ету жөнiндегі iс-шараларды қаржыландыруда шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң өтiніштерi бойынша ақылы қызмет көлемiн кеңейту арқылы қажетті жеткiлiктiлiк қағидаты басшылыққа алынуы тиiс.
      2000-2005 жылдардағы кезеңде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің зертханалық базасын жетiлдiру мүмкіндiгін де қарастыру қажет.
      Қызметтiң таяу уақытқа арналған басты мiндеттерi сапалы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету, қоршаған ортаның жай-күйiне мониторинг жүргiзу мен оның факторларының халықтың денсаулық жағдайына ықпалын зерттеу, сондай-ақ халыққа гигиеналық тәрбие беру мен оны санитарлық ағартудың тиiмдiлiгi мен пәрмендiлiгiн арттыру болып табылады.
 
         9. Дәрi-дәрмектiк қамтамасыз ету, медициналық және фармацевтiк
                               өнеркәсiптi дамыту
 
      Халықты және денсаулық сақтау ұйымдарын дәрi-дәрмектiк қамтамасыз ету саласындағы басты мiндет денсаулық сақтаудың басым бағдарламаларын ескере отырып, нақты қажеттілiктер, негiзгi өмiрлiк маңызы бар дәрi-дәрмек заттарының тізбесін ескере отырып, қауiпсiз, тиiмдi және сапалы дәрi-дәрмектiк заттармен қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бiр мезгiлде, әлеуметтік мәнi бар ауруларды назарға ала отырып, негiзгi дәрi-дәрмектiк заттарға бүкiл халық қол жеткiзуi қажет.
      Осы мiндетті iске асыру үшiн:
      "Дәрi-дәрмектiк заттар туралы" (жаңа редакциядағы) Қазақстан Республикасы Заңының негiзінде дәрi-дәрмектiк заттардың айналымын реттеу, сапасын бақылау мен дәрi-дәрмектiк заттарды стандарттау үшiн нормативтiк құқықтық база жасау;
      Негiзгi өмiрлiк маңызы бар дәрi-дәрмектік заттардың тiзбесi негiзiнде дәрi-дәрмектiк заттарды ұтымды және тиiмдi пайдалану бағдарламасын жасау және жүзеге асыру;
      салық және баға саясатын өзгерту арқылы дәрi-дәрмектiк заттарға қол жеткiзiлуін, азаматтардың жекелеген санаттарын науқастарының түрлерi бойынша қолдауды қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыру;
      дәрi-дәрмектiк заттарды тұтынушыларды қорғауды қамтамасыз ету үшін дәрi-дәрмектiк заттардың сапасын бақылау мен стандарттаудың мемлекеттiк жүйесiн дамыту және күшейту, салада дәрi-дәрмектік айналым, фармацевтiк және медициналық өнеркәсiп мәселелерi жөнiндегi басқарудың тиiсті орталық құрылымын (Комитетiн) облыстардағы тиiмдi желiсiмен құру;
      медициналық және фармацевтiк ақпараттың ақпараттық-талдау жүйесiн жасау;
      дәрi-дәрмектік заттар айналымы саласында ДДҰ-ның стандарттар жүйесiне көшу (тиiстi зертханалық, клиникалық, өндiрiстiк, дәрiханалық және дистрибьютерлiк практика) қажет.
      Мемлекеттік органдар, фармацевтік және өзге де мүдделi ұйымдар, дәрiгерлер мен халықтың түрлi топтары үшiн дәрi-дәрмектiк заттар жөнiндегi ақпараттық база жасау көзделуде.
      Табиғи дәрi-дәрмектiк шикiзаттарды пайдалану арқылы жұмыс iстеп тұрғандарын жаңғырту және жаңа өндiрiстер құруға көмек көрсету негiзiнде отандық фармацевтік және медициналық өнеркәсiптi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру, дәрi-дәрмектік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен құрал-жабдықтарды отандық өндiрушiлердi қолдау аса маңызды мiндет болып табылады.
      Фармация мен медицина (фармацевтер, клиникалық фармацевтер, технологтар, химиктер-аналитиктер және т.б.) үшiн жоғары бiлiктi кадрлар даярлау және қайта даярлауды жан-жақты жетілдiру қажет.
      Жаңа дәрi-дәрмектiк заттарды жасау мен тиiмдiлiгiн зерттеу, сапасы мен жанама әсерiн бағалау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын дамытуға ықпал ететін шаралар жүзеге асырылатын болады.
 
          10. Медициналық бiлiм берудi жетiлдiру және кадр саясаты
 
      Медициналық кадрлар даярлау жүйесi қазiргі заманғы технологияларды меңгерген, практикалық денсаулық сақтаудың қазiргi талаптары негiзiндегi халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары бiлiктi мамандарды даярлау қажеттігiн ескере отырып, жетiлдiрiлуi тиiс.
      Саланың келешектегi кезеңiне арналған медициналық кадрларға сұранысының есептелген және бекітілген нормативтерi базалық негізi болуы тиiс медициналық бiлiм беру жүйесiн реформалаудың салалық бағдарламасы 2001 жылы әзiрленетін болады.
      Дәрiгерлер және басқа медициналық қызметкерлер мамандығының статистикалық есеп санаты ретіндегi анықтамасын халықаралық стандарттармен сәйкес келтіру көзделуде.
      Оқу-ағарту процесi әр буынының жауапкершiлiк саласын бөлудi қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы уәкiлетті органның елдегi медициналық бiлiм берудiң бiрыңғай жүйесiн мемлекеттік басқаруды жүзеге асырудағы рөлiн қайта қарау және заң жүзiнде бекіту қажет. Бұл ретте алдағы уақытта барлық сала кадрларын даярлауды жоспарлау, болжау және мониторингін жетiлдiру iсi тұр. "Дәрiгер - орта буын қызметкерi" қатынасы, соңғыларының санын көбейту жағына қарай, олардың функциялары мен жауапкершiлiктерiн қайта қарай отырып, өзгертiлетін болады.
      Дипломнан кейiнгi деңгейдегi бiлiмнiң сапасы және орта медициналық құрамды даярлау мен қайта даярлауды жетiлдiру айрықша назар аударуды талап етедi.
      Оқу бағдарламалары стандарттарын қайта қарау, медициналық ЖОО студенттерi мен орта медициналық оқу орындары оқушыларын аралық мемлекеттiк аттестациялау тетiгiн енгiзу қажет. Дипломнан кейiнгi мiндеттi, үзiлiссiз даярлық және медициналық кадрларды аттестациялау тәртiбiн әзiрлеу керек.
      Оқу процесi мен кадрлар даярлауға жаңа ақпараттық технологияларды, аудио, бейнетехникаларын енгізу керек.
      Денсаулық сақтау жүйесi үшін басқару кадрларын даярлаудың арнаулы бағдарламаларын жасау және енгiзу талап етiледi.
      Дәрiгерлердi даярлау деңгейiн арттыру үшiн мемлекеттік және орыс тiлдерiндегi оқулықтарды, оқу құралдарын, компьютерлiк бақылау және оқыту бағдарламаларын, тест тапсырмаларын, көрнекi құралдарды шығаруды мақсатты қаржыландыру қажет. Медициналық ЖОО жанынан қазiргi заманғы жабдықтармен жабдықталған үлгілiк клиникалық оқу орталықтарын құру керек. ЖОО ғылымы медициналық ғылымға мемлекеттік тапсырыстың бiрыңғай жүйесiнде дамуы тиiс.
      Кадрларды бекiту жөніндегі шаралар жүйесiн көздей отырып, денсаулық сақтаудың селолық буыны үшін кадрлар даярлау мәселесiне айрықша назар аудару қажет.
      Алдағы уақытта дипломдарды өзара тану жөнiндегi қолда бар халықаралық келiсiмдердi практикалық iске асыру, өзара тиiмдi жағдайда мамандар даярлау және қайта даярлау, тағлымдамалар өткiзу мiндетi тұр.
 
                      11. Медициналық ғылымды дамыту
 
      Азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы уәкiлеттi орган медициналық ғылым дамуының басым бағыттарын анықтайтын, ғылыми бағдарламаларға сараптама жүргізетін, медициналық ғылым жетiстiктерiн тәжiрибеге енгiзу туралы шешiм қабылдайтын болады.
      Iргелi ғылыми зерттеулер мынадай мiндеттердi шешуi қажет:
      халықтың денсаулығын сақтау мен нығайтудың стратегиясын айқындау және iске асыру, туберкулезбен және өзге де әлеуметтік тұрғыдағы аурулармен күресудiң ғылыми негіздерiн жасау;
      салауатты өмiр салты саясатын iске асырудың оңтайлы және республика ерекшелiктерiн ескере отырып, елдiң демографиялық көрсеткiштерiн жақсартудың тиiмдi әдiстерiн iздеу;
      медициналық көмек пен денсаулық сақтауды басқаруды ұйымдастырудың жаңа схемаларын енгiзу, оның iшiнде басқару шешiмдерiне мониторинг пен бағалауды жүргiзу, ұйымдардың желiлерi мен құрылымдарының нормативтерiн әзiрлеу, денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң еңбегiн нормалау, медициналық көмектiң сапасын бақылаудың ғылыми негiзделген жүйесiн жасау;
      халыққа бiрқатар басымдықты патологиялар бойынша медициналық көмек көрсетудiң жаңа стандарттарын әзiрлеу;
      дәрi-дәрмектiк заттардың тиiмдiлiгiн зерттеу, олардың сапасы мен жанама әсерiнiң бар-жоқтығын бағалау;
      саланы компьютерлендiру мен ақпараттандырудың ғылыми негiздерiн әзiрлеу.
      Қолданбалы зерттеулер денсаулық сақтау жүйесiндегi реформаны ғылыми сүйемелдеудi, емдiк-диагностикалық процесте жаңа технологиялар әзiрлеудi қамтамасыз етуi керек.
      Медицина саласындағы ғылыми-техникалық бағдарламаларды орындау, көбiнесе басымдықты бағыттар бойынша мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
      Ғылыми қызметке жаңа ақпараттық технологияларды, байланыс құралдары мен телекоммуникацияларды, салада жүрiп жатқан негiзгi процестер мониторингiнiң компьютерлiк бағдарламаларын енгiзу қажет. Интернет жүйесiнiң ақпараттық қорларының мүмкiндiгiн пайдалану, медициналық ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту қажет.
 
             12. Денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесiн жетiлдіру
 
      Денсаулық сақтаудың тұрақты дамуына қол жеткiзу Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстарды жыл сайын нақты арттыруды көздейдi.
      Денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесiн жетiлдiру медициналық ұйымдарды қаржыландыру мөлшерлерiнiң бөлiнген қаражатты ұтымды және тиiмдi пайдаланған жағдайдағы олар көрсететiн қызметтердiң көлемi мен сапасына тiкелей тәуелдiлiгiн көздейдi.
      Қаржыландыру жүйесi көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасы мен деңгейiне қатысы бойынша бара-бар және уақтылы болуы тиiс.
      Осы мақсатта:
      медициналық көмектің тегін кепiлдендiрiлген көлемi шеңберiнде дәрiгердi еркін таңдау қағидатын ескере отырып, ұсынылатын медициналық көмек көрсету үшiн есеп айырысудың бiрыңғай жүйесiн енгізу;
      медициналық көмектiң тегiн кепiлдендiрiлген көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарды жоспарлау және өтеу:
      алғашқы медициналық-санитарлық көмек - қор ұстау және түзету коэффициенттерiнiң (сырқаттану деңгейi, жыныстық-жастық құрылымы, географиялық жағдайы және т.б ) тетiктерiн пайдалана отырып, жан басына шаққандағы норматив бойынша. Тұрғындар саны аз селолық жерлерде нақты объект бойынша (ФАП, ФП, медициналық қызметкер);
      мамандандырылған амбулаториялық-емханалық көмек - амбулаториялық-емханалық тарификатор бойынша;
      стационарлық көмек - клиникалық-шығындық топтар бойынша жүзеге асырылады;
      медициналық қызметтің тарифтерiн белгiлеудiң әдiстерiн жетiлдiру;
      медициналық қызметтер рыногында бәсекелестiк ортаны қалыптастыру қажет.
      Денсаулық сақтауға бөлiнген қаражатты мақсатты және тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету үшiн:
      қаражатты пайдалануға пәрмендi бақылауды қамтамасыз ететін денсаулық сақтауға арналған шығыстардың (штаттық нормалауды қоса алғанда) нормативiн қалыптастыру әдiстемесiн бекiту;
      денсаулық сақтау ұйымдарында қаржылық қаражатты, оның iшiнде ақылы медициналық қызмет көрсету қаражатын есепке алудың қолданыстағы жүйесiнiң тиiстi сапасын қамтамасыз ету;
      дәрi-дәрмектiк заттарды, медициналық мақсаттағы және медициналық техника бұйымдарын сатып алуда конкурстық жүйенi жетiлдiру, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау үшiн қаржылық лизингтi кеңiнен пайдалану қажет.
      Емдеу-алдын алу ұйымдарына жеке және заңды тұлғалардың кiнәсiнен жарақат алған, уланған азаматтарға медициналық көмек көрсету кезiндегi зиянды өтеу жөнiндегi шаралар заңнамада белгiленетiн болады.
      Қаржыландырудың мүмкiн көздерiнiң бiрi ретiнде ескерiлетін, қосымша қаражатты (оның iшінде отандық және шетелдiк көздерден алынатын несиелер мен гранттарды) белсендi түрде тарту жөнiндегi шаралар қолданылатын болады.
 
                 13. Медициналық сақтандырудың моделi туралы
 
      Саланың қаржылық тұрақтылығын, оны қаржыландырудың көп арналылығын қамтамасыз ету шеңберiнде нығайту, денсаулық сақтаудың халыққа медициналық көмектi қазiргi заманғы деңгейде көрсету жөніндегi мүмкiндiктерiн кеңейту мақсатында мiндетті медициналық сақтандырудың (бұдан әрi - ММС) жаңа моделiн енгiзу қажет.
      Медициналық сақтандыру жүйесiндегi халықаралық және отандық тәжiрибелердi ескере отырып, ММС-ті енгiзу жөнiндегi қажетті нормативтiк-құқықтық кесiмдердi әзiрлеудi 2001 жылдың бiрiншi жартысында аяқтау көзделуде.
 
                14. Денсаулық сақтаудың әлеуметтiк мәселелерi
 
      Саланың тиiмдi және нәтижелi қызметi, көбiнесе медициналық қызметкердiң қоғамдағы әлеуметтiк мәртебесiне байланысты болады.
      Осыған байланысты мынадай шараларды қабылдау көзделедi:
      еңбекке мүдделiлiгiне, бiлiктiлiгiне, сапасы мен түпкі нәтиженi ескере отырып сараланған, денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң жалақысын сатылап арттыру;
      Денсаулық сақтаудың әлеуметтiк базасын кеңейту жөнiндегi жұмыс мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
      қоғамдық, қайырымдылық және дiни ұйымдармен ынтымақтастық;
      қоғамның адамгершiлiк салауатын қорғауға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық iс-шараларға жәрдемдесу;
      медициналық ағарту және медициналық ақпарат жүйелерiн кеңейту, медицина қызметкерлерiнiң қоғамдық бiрлестiктерiн құруға жәрдемдесу;
      халық арасында отбасыны нығайту, салауатты өмiр салты мәселелерi бойынша жұмыс жүргiзу, жарнамаға бақылауды күшейту.
 
          15. Денсаулық сақтау саласын дамытуды ақпараттық сүйемелдеу
 
      Саланы дамыту шеңберiнде жүргiзiлетiн ұйымдастырушылық-техникалық iс-шаралар, жүйенiң барлық деңгейлерiндегi қажеттi басқару шешімдерiн дер кезiнде қабылдау үшін денсаулық сақтау жүйесiнде жүрiп жатқан процестердi бейнелейтiн тұрақты және сенiмді ақпаратпен қамтамасыз етудiң қажеттiлiгiн көздейдi. Ақпараттық сүйемелдеу, түбiнде қорларды едәуiр үнемдеуге алып келетiн, саланы сатылап компьютерлендiрусiз мүмкiн емес. Медициналық көмек көрсетудiң барлық деңгейлерiндегі жоспарлау, болжау және қаржы-экономикалық өзара iс-қимыл жасау процесін жiтi ұйымдастыру негiзiнде, шаралардың ішінен жүйе субъектiлерi арасындағы сапалы өзара есеп айырысу мен көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасын тиiмдi басқаруды қамтамасыз етудi таңдау көзделуде.
      Саладағы статистикалық есеп берудiң қолданылып жүрген жүйесi кең және ақпараттық көрсеткiштердi пайдалану негізiнде медициналық көмек көрсетудiң нәтижелерiн және елдегi демографиялық ахуалды және халықтың денсаулық жағдайын нақты бейнелейтін параметрлердi қадағалауды, қаржылық-экономикалық мониторингтi жетілдіруді, жаңа ақпараттық технологияларды енгiзудi және құжат айналымын оңайлатуды түбегейлi қайта қарауды қажет етедi.
 

                                16. Қорытынды



 
 
       Осы Тұжырымдаманы iске асыру медициналық көмектiң қол жеткiзiлуi деңгейiн сақтауға және дәйектi түрде арттыруға, саланың алдын алуға бағытталуын, оның қазiргi заманғы талаптарға және қоғамның нарықтық жағдайларына сәйкестiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Бұл ретте, медициналық қызмет көрсетудiң аз шығынды нысандарына көшу үшiн нақты жағдайлар жасау, БМСК-нi жетілдiру және саланы бара-бар қаржыландыруды

 

қамтамасыз ететiн тетiктердi енгiзу жолымен денсаулық сақтау жүйесiнiң

серпiндi дамуы мүмкiн болады, бұл ретте, көзделген стратегиялық мақсаттар

мен мiндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын

нығайтуды, демографиялық ахуалды тұрақтандыруды, қоғамның одан әрi дамуы

үшiн қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз етедi.


    Оқығандар:

  Қобдалиева Н.М.

  Бағарова Ж.А.          





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады