"Қазақстандық бітімгершілік батальоны" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 маусым N 889 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.12.2016 № 755 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.12.2016 № 755 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстандық бітімгершілік батальоны" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2000 жылғы 14 маусымдағы
N 889 қаулысымен
бекітілген

"Қазақстандық бiтiмгершiлiк батальоны"
мемлекеттiк мекемесi туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстандық бiтiмгершiлiк батальоны (бұдан әрi - Қазбат) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi мiндеттемелерiн орындауға арналған бiтiмгершiлiк құралымы болып табылады.

      2. Қазбат өзiнiң iс-қызметiн Конституцияға, Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Қазбат мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оқшауланған мүлкi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттiк тiлде өз атауы жазылған мөрi, белгiленген үлгiдегi мөртаңбалары мен бланктерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары болады.

      Қазбат өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.

      4. Қазбат өзiнің құзыретiндегi мәселелер бойынша, заңнамамен белгiленген тәртiп бойынша батальон командирiнiң бұйрықтарымен ресiмделетін шешімдер қабылдайды.

      5. Қазбаттың құрылымын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi бекітедi, ал шектеулi штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекiткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң штат саны лимитiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.

      6. Қазбаттың заңды мекен-жайы Қапшағай қаласы, 32363 әскери бөлiм.

      7. Қазбаттың толық атауы - "Қазақстандық бiтімгершiлiк батальоны" мемлекеттiк мекемесi.

      8. Қазбатты құру туралы кесiм мен осы Ереже оның құрылтайшылық құжаттары болып табылады.

      9. Қазбат Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң қарамағында болады.

      10. Қазбатты қаржыландыру республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.

      Оның функциялары болып табылатын мiндеттерді орындау тұрғысында Қазбаттың кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуiне тыйым салынады.

2. Қазбаттың міндеттері және функциялары

      11. Қазбаттың негiзгi міндеті даулы мәселелердің және жанжал жағдайларының алдын алуға, шешу мен реттеуге жәрдемдесу, сондай-ақ жанжалдасушы тараптардың көзқарастарын жақындату мақсатымен бітімгершілік қызметіне қатысу болып табылады.

      12. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде Қазбат мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) халықаралық қатысуды қамтамасыз ету және күш-қуатты айғақтау (өздерінің, мүмкіндіктерін ашық көрсету жөнінде Қазбат қолбасшылығы жүргізетін іс-шаралар кешені);

      2) бітімге келу мен оқ атуды тоқтату туралы келісімдер шарттарының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      3) жауапкершілік аймағын белгілеу (бейбітшілікті қорғау жөніндегі операцияларда міндеттерін орындау үшін Қазбатқа белгіленген жерлер учаскесі), егесуші тараптарды айыру, қарусыздандырылған аймақтар, айыру аймақтарын, ізгілік дәліздерін құру, тараптардың күштерін ыдырату, олардың осы аймақтардағы қозғалыстары мен қақтығыстарының алдын алу;

      4) жанжалды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі келіссөздер және басқа да іс-шаралар үшін жағдайлар жасау, жауапкершілік аймақтарында заңдылықты, құқық тәртібін, қоғамдық және мемлекеттік институттардың қалыпты жұмысын қалпына келтіру;

      5) оқ атуды тоқтату және уақытша бітім туралы келісімдердің бұзылу фактілерін анықтау және олар бойынша тергеулер жүргізу;

      6) жауапкершілік аймағындағы жерді және халықтың іс-әрекеттерін бақылау, жаппай тәртіпсіздіктерге қарсы іс-қимыл жасау, адам құқықтарын қамтамасыз етуге көмектесу;

      7) жауапкершілік аймағындағы бекіністік құрылыстардың, қоршаулардың және миналы алқаптардың жойылуын бақылау;

      8) жанжалдасушы тараптар арасындағы байланысты, олардың арасында барлық деңгейде кездесулер өткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану;

      9) жауапкершілік аймақтарында әскери техника, қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттар тасымалын бақылау, заңсыз әкелінуінің (тасымалдап әкелінуінің) және шығарылуының (тасымалдап әкетілуінің) жолын кесу;

      10) жауапкершілік аймағында көліктің барлық түрінің қауіпсіз транзитін және коммуникациялардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      11) жауапкершілік аймағында жанжалдасушы тараптардың халқы арасында қалыпты байланыстар қалыптастыруға көмектесу;

      12) халықаралық қауымдастық қабылдаған және Қазақстан Республикасы қолдаған санкцияларды қамтамасыз етуге қатысу;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарында көзделген өзге де функциялар.

      13. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысудан тыс кезеңде Қазбат Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жарғыларына сәйкес міндеттер мен функцияларды орындайды.

3. Қазбаттың басшылығы

      14. Қазбатқа басшылық етуді батальон командирі жүзеге асырады. Батальон командирін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі жоғары білімді, әскери және құқықтық жұмыс тәжірибесі бар офицерлер ішінен тағайындайды.

      15. Қазбат командирі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне, ал Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда - Біріккен Ұлттар Ұйымы күштерінің қолбасшылығына бағынады.

      16. Қазбат командирі батальонының бүкіл жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Батальон командирінің заңнамада белгіленген тәртіппен қызметіне тағайындалатын және қызметінен босатылатын төрт орынбасары, оның ішінде біреуі бірінші орынбасары болады.

      Қазбат командирінің функцияларына мыналар кіреді:

      1) батальонның жеке құрамының жауынгерлік, құқықтық дайындығы мен тәрбиесіне басшылық ету;

      2) батальонның штабымен, офицерлерімен, прапорщиктерімен және сержанттарымен сабақтар, сондай-ақ бөлімшелерімен жаттығулар мен сабақтар жүргізу;

      3) батальонда күн тәртібі мен ішкі тәртіпті орнату және сақтау;

      4) бөлімшелер офицерлерінің, прапорщиктерінің, старшиналары мен сержанттарының әскери және моральдық-психологиялық қасиеттерін білу;

      5) жаңадан келетін толықтырылымның бөлімшелер бойынша бөлінуін бақылауды жүзеге асыру;

      6) қылмыстар мен оқиғалардың алдын алу жөнінде шаралар қолдану;

      7) қару-жарақпен, жауынгерлік және басқа да техникамен, оқ-дәрімен жұмыс істеу кезінде, сабақтар, оқ атулар және жаттығулар өткізу кезінде қауіпсіздік шаралар белгілеу және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      8) батальонның қаржы және шаруашылық іс-қызметіне басшылық ету;

      9) батальонның казармалық-тұрғын үй қорының және басқа да ғимараттары мен құрылыстарының, аумақтарының ұсталуын және дұрыс пайдаланылуын, сондай-ақ бірге өртке қарсы күзет жағдайын бақылауды жүзеге асыру;

      10) батальонның тұрған жерін күзетуді ұйымдастыру, қарауылдық және ішкі қызметтердің өткерілуін, жеке құрамның, қару-жарақтың және әскери техниканың жауынгерлік дайындығын тексеру;

      11) қызметтер бойынша материалдық қаражаттың, сондай-ақ бірге ақша сомалары мен бағалы қағаздардың бар-жоғына тексеру жүргізу;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарында көзделген өзге де функциялар.


4. Қазбатты қолдану негіздері


      17. Қазбаттың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысуы туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен қабылданады.

      Қазбат жанжал ауданына қақтығысушы тараптар арасында оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгеннен немесе уақытша бітім жасасқаннан және олар бұл келісімдерді орындағаннан кейін енгізілуі мүмкін.

      18. Қазбаттың іс-әрекетінің негізгі қағидаттары:

      алаламау және бейтараптылық;

      халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға Қазбат қатысатын аумақтағы мемлекеттік (мемлекеттердің) заңдарын орындау;

      жергілікті халықтың дәстүрлері мен ғұрыптарын құрметтеу;

      ұрыс әрекеттеріне қатыспау;

      осы Ереженің 16-тармағында көзделген ерекше жағдайлардан басқа жағдайларда қару қолданбау;

      транспаренттілік (іс-әрекеттің ашықтығы).

      19. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысатын Қазбаттың жеке құрамының саны Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Мандатына айтылған жанжал аймағындағы шешілетін міндеттердің көлемі мен нақты жағдай ескеріле отырып айқындалады.

5. Қару қолдану тәртібі

      20. Тапсырмаларды орындау кезінде қазбат жеке құрамының штаттық қаруы болады және оның дұрыс қолданылуы үшін тікелей дербес жауап береді.

      21. Өздерінің функцияларын орындау кезінде Қазбаттың жеке құрамы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен қару қолдануға құқылы.

6. Қазбаттың жеке құрамының мәртебесі және әлеуметтік-құқықтық қорғалуы

      22. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларда қызмет өткеру кезінде Қазбаттың жеке құрамы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарында көзделген мәртебені, артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.


7. Қазбаттың рәміздері


      23. Қазбаттың алыс қашықтықтан және нашар көрінетін жағдайда да оңай ажыратылуы тиіс өзінің айырым белгілері болады.

      Айырым белгілері Қазбаттың жеке құрамының нысандық киімдеріне тағылады, әскери техникасы мен көлік құралдарына салынады, командалық пункттері мен шептеріне, сондай-ақ демаркациялық жолақтарға (қақтығысушы тараптарды айыру жолақтарына) орнатылады.

      Қазбаттың айырым белгілері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен бекітіледі.

8. Қазбаттың мүлкі

      24. Қазбат мемлекет берген, негізгі және айналымдағы құралдардан, сондай-ақ құны батальонның теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұратын оқшауланған мүлікті жедел басқару құқығына ие.

      25. Қазбатқа бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      26. Қазбаттың өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше оқшаулауға немесе өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

9. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Қазбатты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады