Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртiбi туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 3 қараша N 1663. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.02.20. N 205 қаулысымен.

     "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегі Заңының 25-бабын  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртiбi туралы нұсқаулық бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.    

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң      
2000 жылғы 3 қарашадағы            
N 1663 қаулысымен               
бекiтiлген                  

            Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың
                    ерекше тәртiбi туралы
                          нұсқаулық

      1. Осы Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртiбi туралы нұсқаулық (бұдан әрi - Нұсқаулық) "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  және мемлекеттiк құпиялар, ұлттық қауiпсiздiк және қорғаныс қабiлетi мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi мен қорғаныс қабiлетiнiң кепiлiн қамтамасыз ету және құпиялық режимдi сақтау мақсатында әзiрлендi.
      2. Осы Нұсқаулықта Қазақстан Республикасының "Мемлекеттiк сатып алу туралы" , "Мемлекеттік құпиялар туралы"  және "Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгі туралы"  Заңдарында көзделген ұғымдар қолданылады.
      3. Жүзеге асыру барысында мемлекеттік құпияларды қорғау қажет болатын әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау, жедел-iздестiру және басқа қызметтер салаларындағы тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулердi мемлекеттiк сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жабық конкурс тәсiлiмен жүзеге асырылады.
      Бұл ретте, конкурсқа қатысу құқығына тек мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалану арқылы жүргізiлетiн жұмыстарға Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi немесе оның органдары белгiленген тәртiппен беретiн рұқсаты бар, ықтимал өнiм берушiлер ғана ие болады.
      Конкурс өткiзiлетiнi туралы хабарлама жiберiлетiн ықтимал өнiм берушiлердiң тiзiмiн конкурсты ұйымдастырушының басшысы бекiтедi.
      Егер, барлығы бiр ықтимал өнiм берушiнiң мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалану арқылы жүргiзiлетiн жұмыстарға рұқсаты болған жағдайда, мемлекеттiк сатып алу заңнамада белгiленген тәртiппен бiр көзден сатып алу тәсiлiмен жүзеге асырылады.
      4. Қару-жарақты, әскери техниканы және қорғаныс қабiлетi мен ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған өнiмдердi, бактериялық немесе медициналық қорғау құралдарын, қару-жарақ пен әскери техниканы және олардың үлгiлерiн жасау немесе жаңғырту жөнiндегi ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды, қару-жарақты, әскери техниканы, оқ-дәрiлер мен бактериялық немесе медициналық қорғау құралдарын өндiру, жеткiзу, жөндеу, қайта ұқсату мен жою жөнiндегi қызмет көрсетулердi мемлекеттiк сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жабық конкурс тәсiлiмен жүзеге асырылады.
      Бұл ретте, конкурсқа қатысу құқығына тек мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалану арқылы жүргізiлетiн жұмыстарға Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi немесе оның органдары белгiленген тәртiппен беретiн рұқсаты бар, ықтимал өнiм берушiлер ғана ие болады.
      Конкурс өткiзiлетінi туралы хабарлама жiберiлетiн ықтимал өнiм берушiлердiң тiзiмiн конкурсты ұйымдастырушының басшысы бекiтедi.
      Егер, барлығы бiр ықтимал өнiм берушiнiң мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi пайдалану арқылы жүргізiлетiн жұмыстарға рұқсаты болған жағдайда, мемлекеттiк сатып алу заңнамада белгiленген тәртiппен бiр көзден сатып алу тәсiлiмен жүзеге асырылады.
      Осы тармаққа сәйкес сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) номенклатурасын, санын (көлемiн) және тапсырысшылардың тiзбесiн ұзақ мерзiмге көзделген көрсеткiштер мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары ескерiле отырып жасалған тапсырысшылардың тапсырысы бойынша, қайта қаруландыру және әскери техниканы дамыту бағдарламасының негiзiнде, осы мақсаттарға белгiленген шығыстарының шегiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi жыл сайын бекiтедi.
      5. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерiнiң және әскери құрамаларының, ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер, сыртқы барлау органдарының, әскери және салық полициялардың, Қазақстан Республикасы Президентi Күзет қызметiнiң, салық және кеден қызметтерiнiң, төтенше жағдайлардың зардаптарын жою қызметтерiнiң шекара аймағында және қиын-қыстау алыс аудандарда орналасқан бөлiмшелерi тез бүлiнетiн аймақтық сипаттамадағы тауарларды мемлекеттік сатып алуды ықтимал өнiм берушiлерден баға ұсыныстарын сұрату арқылы жүзеге асырады.
      Осы тармаққа сәйкес сатып алынатын тауарлардың номенклатурасын, санын (көлемiн) тапсырысшылар (бөлiмшелер) тиiсті жоғарғы мемлекеттік органдармен келiсе отырып бекiтедi.
      Тапсырысшы сатып алынатын тауарлардың (жазбаша) баға ұсыныстарын кем дегенде екi аффилиирлендiрiлмеген ықтимал өнiм берушiлерден жазбаша сұратып алады. Мұндай сұратып алу мынадай ақпаратты қамтуы тиiс:
      сатып алынатын тауарлардың атауы мен көлемi;
      тауарларды жеткiзудiң орны, мерзiмi және шарттары;
      баға ұсыныстарын табыс етудiң орны мен мерзiмi.
      Әрбiр ықтимал өнiм берушi өзгертуге жатпайтын, бiр ғана баға ұсынысын табыс етуге құқылы.
      Тапсырысшы ең төмен баға ұсынысын табыс еткен ықтимал өнiм берушiден тауарды сатып алады.
      Баға ұсынысын барлығы бiр ықтимал өнiм берушi табыс еткен жағдайда, мемлекеттік сатып алу заңнамада белгіленген тәртiппен бiр көзден сатып алу тәсiлiмен жүзеге асырылады.
      6. Ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қатер төнген, ұлттық мүдделерге қол сұққан, соның iшiнде мемлекетiшiлiк, шекарааралық және глобальды сипаттамадағы экстремальдi және төтенше жағдайларда мұндай қауiптер мен қол сұғушылықты бейтараптандыру, экстремальдi және төтенше жағдайларды жою, ұлттық қауіпсiздiктi қамтамасыз етудiң күштерi мен құралдарын әскери даярлыққа келтiру, ұлттық мүдделерге қол сұғуға байланысты зардаптарды оқшаулау және жою үшiн мемлекеттiк сатып алуды ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi күштер және басқа да мемлекеттiк органдар заңнамада белгіленген тәртiппен бiр көзден сатып алу тәсiлiмен жүзеге асырады.
      7. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жағдайларда мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу және тауарларды, жұмыстарды және қызметтер көрсетудi мемлекеттік сатып алуды жүргiзу тәсiлiн таңдау туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдауы мүмкiн. <*>
     ЕСКЕРТУ. 7-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2002.10.05. N 1091 қаулысымен .  

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады