Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 желтоқсандағы N 1946 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 2000 жылғы 13 маусымда Душанбе қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      бірінші орынбасары

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім*
*(2001 жылғы 7 мамырда күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары
бюллетені, 2002 ж., N 1, 14-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы  Үкіметінің арасындағы 1993 жылғы 13 қаңтардағы негізгі өзара қатынастар туралы шартты басшылыққа ала,
      және білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
      төмендегідей келісімге келді:

                            1-бап

      Осы Келісімде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      «жіберуші Тарап» - білім алушыларды қабылдаушы Тарапқа жіберетін Тарап;
      «қабылдаушы Тарап» - жіберуші Тараптың білім алушыларын қабылдайтын Тарап.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2016 № 141 қаулысымен.

                           2-бап

      Тараптар жыл сайын 40 адам бакалавриат, 10 адам магистратура бағдарламалары бойынша толық оқу курсына білім алушылармен баламалы алмасуды жүзеге асырады.
      Қабылдаушы Тарап алмасуға қатысушыларды оқуға, оқу құралдарын, ғылыми-техникалық құжаттаманы, зерттеу жабдығын пайдалануға төлем төлеуден босатады және олардың:
      оқытатын мемлекетте қолданылатын білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес оқуын, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуін;
      өз мемлекетінің азаматтарымен тең жағдайда жоғары оқу орнының жатақханасында тұруын;
      қабылдаушы Тараптың денсаулық сақтау саласындағы ұлттық заңнамасы шеңберінде медициналық қызмет алуын қамтамасыз етеді.
      Қабылдаушы Тарап алмасуға қатысушыларға өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес стипендия төлейді.
      Көлік шығыстарын төлеу алмасуға қатысушылар есебінен жүргізіледі.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2016 № 141 қаулысымен.

                            3-бап

      Жіберуші Тарап жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа осы Келісімнің 2-бабына сәйкес оқыту қажет мамандықтардың тізімін ұсынады.
      Қабылдаушы Тарап жыл сайын 30 маусымға дейін жіберілген мамандықтар бойынша кандидаттарды қабылдау мүмкіндігі туралы жіберуші Тарапты хабардар етеді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің қабылдаушы білім беру ұйымдарының атауларын хабарлайды.
      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа оқу басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей, алмасуға қатысушылардың келу күнін хабарлайды.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты осы Келісім шеңберінде оқуға қабылданған алмасуға қатысушыларды орналастыру туралы хабардар етеді.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2016 № 141 қаулысымен.

                           4-бап

      Осы Келісімді іске асырудың жағдайын талқылау, ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және жетілдіру мақсатында Тараптар, қажет жағдайда, 3 (үш) күн мерзімге құрамында екі адам бар жұмысшы делегацияларымен алмасатын болады.

                            5-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдары беретін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттарды тануды және олардың баламалылығын белгілеуді қамтамасыз етеді.
      Тараптар жоғары білім, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды тану және олардың баламалылығын белгілеу мәселелері жөнінде ақпарат алмасуға және консультациялар жүргізуге жәрдемдеседі.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2016 № 141 қаулысымен.

                            6-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты туындайтын мәселелер консультациялар және келіссөздер жолымен шешілетін болады.

                            7-бап

      Тараптардың өзара уағдаласуы бойынша осы Келісімге хаттамалар түрінде ресімделген, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Олар жеке Хаттамалармен ресімделеді.
 
                              8-бап
 
      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны жөнінде соңғы жазбаша мәлімдемені алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бір де бірі келесі Тарапқа кезекті бес жылдық мерзімнің бітуіне кем дегенде алты ай қалғанша оның қызметін тоқтату жөнінде жазбаша мәлімдеме жібермеген жағдайда, өзінен өзі келесі бес жылдық мерзімге ұзартылады.
      2000 жылғы 13 маусымда Душанбе қаласында екі дана түпнұсқада, әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде жасалынды, осы күйінде барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісім ережелерін түсіндіруде түсінбеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының        Тәжікстан Республикасының
          Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады