Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн Ұйымдастыру мен жүргiзудiң ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 27 маусымдағы N 885 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 қаңтардағы N 29 Қаулысымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.01.18.  N 29  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі  Заңының  24-бабын және Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 16 қарашадағы N 4153  Жарлығымен  бекітілген "Халық денсаулығы" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн Ұйымдастыру мен жүргiзудiң ережесi бекiтілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.     

       Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2001 жылғы 27 маусымдағы
N 885 қаулысымен   
бекiтiлген     

  Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң
бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн Ұйымдастыру мен жүргiзудiң
ережесiн бекiту туралы

      Осы Ереже Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң (бұдан әрi - ҚО мен ТРБММЖ) ұғымын, мақсаттарын, мiндеттерiн, функцияларын, оның құрылымын, мазмұнын және мониторингтi жүзеге асырудың тәртiбiн, қаржыландыру көздерiн анықтайды. 

  1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар
мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттік жүйесi ұғымы  

      1. ҚО мен ТРБММЖ - Қазақстан Республикасының экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау, ұдайы өсiмін және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшiн қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйiн, сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстардың нақты жай-күйiнiң деректерiн қадағалауды енгiзетiн көпмақсатты ақпараттық жүйе. 

  2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінiң
бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң мақсаттары, мiндеттерi,
функциялары  

      2. ҚО мен ТРБММЖ-нiң мақсаты табиғи ресурстарды пайдалануды басқару мен шаруашылық шешiмдер қабылдауды ақпараттық қамтамасыз ету және олардың пайдаланылуын бақылау, қоршаған ортаның жай-күйi мен қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсерi туралы халықты хабардар ету болып табылады. 

      3. ҚО мен ТРБММЖ-нiң негiзгi мiндеттерi: 
      1) қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйiн, сондай-ақ, оларға антропогендiк әсерлердiң көздерiн тұрақты қадағалау; 
      2) республиканың бүкіл аумағында және жекелеген аймақтардың аумақтарында қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың нақты жай-күйiн талдау, бағалау, сондай-ақ олардың өзгерiстерi мен халық денсаулығына әсерiн болжау; 
      3) қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйi туралы ақпаратты сақтау және жинақтау болып табылады. 

      4. ҚО мен ТРБММЖ-нiң негiзгi функциялары: 
      1) олардың өзгерiстерiн бағалау үшiн жеткiлiктi кезеңдiлiкпен қоршаған ортаның барлық өлшемi бойынша аспаптық, талдау және басқа да әдiстермен байқау жүргiзу; 
      2) барлық экологиялық ақпаратты жинау мен тiркеу, қоршаған орта мен табиғи ресурстар бойынша ақпараттық деректер банкi мен кадастрлар жүргiзу; 
      3) табиғи ортаға әсерлердiң сипаттамалары, ластану деңгейiнiң өзгеруi мен оның салдарлары арасындағы байланысты анықтау; 
      4) аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде қоршаған орта, табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ақпарат алмасуды ұйымдастыру; 
      5) орталық атқарушы органдардың, олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың меншiк нысанына қарамастан, жүзеге асыратын қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай әдiстемелiк және метрологиялық базасын қамтамасыз ету; 
      6) қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi саласында ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзудi негiздеу;
      7) ҚО мен ТРБММЖ шеңберiнде алынған ақпаратпен мемлекеттiк атқарушы органдарды, заңды, жеке тұлғалар мен халықты қамтамасыз ету.

  3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінiң
бiрыңғай мемлекеттiк жүйесінің құрылымы

      5. ҚО мен ТРБММЖ-нiң құрылымы мониторинг объектiлерiмен және оның аумақ аясымен анықталады.

      6. Мониторинг объектiлерiне қарай оның мынадай жүйелерi бөлiнедi:
      атмосфералық ауаның мониторингi;
      жер бетiндегi су ресурстарының мониторингi;
      жер ресурстарының мониторингi;
      жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнiң мониторингi (ұдайы өсiмi мен пайдалану);
      жер қойнауының мониторингi (ластануы бөлiгiнде).

      7. Жүйе аясында мынадай кiшi жүйелер бөлiнедi:
      1) қоршаған табиғи орта сапасының мониторингi:
      атмосфералық ауа сапасының мониторингi;
      жер бетiндегi су ресурстары сапасының мониторингi;
      жер сапасының мониторингi;
      жер қойнауы сапасының мониторингi (ластануы бөлiгiнде);
      2) әсер ету мониторингi:
      атмосфералық ауаның ластану көздерiнiң мониторингi (ауа бассейнiне ластаушы заттардың шығарымдары);
      су ресурстары ластау көздерiнiң мониторингi (жер бетiндегi су 
айдындарына сарқынды сулардың төгiндiлерi);
      топырақтың ластануы көздерiнiң мониторингi (өндiрiстiк және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтармен);
      радиоактивтi ластану мониторингi (радиоактивтiк шығарымдар мен төгiнділер):
      1) салдарлардың мониторингi:
      санитарлық-гигиеналық мониторинг (халық денсаулығына мекендiк орта факторларының әсерi);
      2) мониторингтiң арнайы түрлерi:
      аялық мониторинг (биосфералық қорықтар);
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мониторингi;
      озондық мониторинг.
      8. Аумақ аясына қарай ҚО мен ТРБММЖ республикалық, аймақтық және жергiлiктi деңгейлерге бөлiнедi.
      Республикалық деңгей, өзiнiң құрамында жалпы мемлекеттiк маңызы бар iрi аймақтар мен жекелеген объектiлердi баса көрсете отырып, республиканың бүкiл аумағын қамтиды. ҚО мен ТРБММЖ-нiң республикалық деңгейде жұмыс iстеуi қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауiпсiздiк саласындағы басқаруды ақпараттық қамтамасыз етудiң мiндеттерiн шешедi. 
      Аймақтық деңгей, әкiмшiлiк, экономикалық, өзге де шекаралар, сондай-ақ қоршаған ортаның жай-күйi мен табиғи ресурстардың пайдаланылуына әсер ететiн табиғи және техногендiк факторлардың кешенi ескерiле отырып, физикалық-географиялық ерекшелiктерi ескерiлiп, ұйымдастырылады және жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құзыретiне жатқызылған басқаруды ақпараттық қамтамасыз ету мiндеттерiн шешедi. 
      Жергiлiктi деңгей әлеуметтiк-экономикалық маңызы бар учаскелерiне қатысты қоршаған ортаның құрамдас бөлiктерiн тәптiштей зерделеу мақсатында ұйымдастырылады. 
      9. Барлық кiшi жүйелер бойынша деректердi қамтитын ҚО мен ТРБММЖ бiрыңғай деректер банкiн жүргiзу, сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстардың нақты жай-күйi туралы ақпаратты қорыту, бағалау және талдауды уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады. 
      10. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар беретiн қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйi туралы жиынтық деректердi қамтитын банкiн жүргiзудi қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган жүзеге асырады. 

  4. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң
бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң мазмұны  

      11. ҚО мен ТРБММЖ-нiң мазмұны: 
      1) мониторингтiң мемлекеттiк және өндiрiстiк бағдарламаларында көзделген бөлшектер кешенi бойынша қоршаған орта мен табиғи ресурстарды пайдаланудың жай-күйі туралы бастапқы деректердi жинау, сақтау, өңдеу, қоршаған орта мен табиғат пайдалану құрамдас бөлiктерінің мониторингiнiң кадастрлары мен ақпараттық деректер банктерiн жүргiзу; 
      2) қоршаған ортаның экологиялық жай-күйi, табиғи және техногендiк процестер мен құбылыстарды пайдалану жөніндегі деректердi кешендi қорыту; 
      3) мемлекеттiк өкiмет және басқару органдарына, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң республикалық және облыстық мемлекеттiк органдарына болжамдар, анықтамалар, баяндамалар мен ақпарат берудiң өзге де нысандарын қоса алғанда, регламенттелген бастапқы деректер мен оларды өңдеудiң нәтижелерiн дайындау және беру; 
      4) қоршаған ортаға, табиғи ресурстарды қорғау және ұтымды пайдалануға терiс әсерлердiң салдарларын жою немесе азайту жөнiндегi шараларды жүзеге асыру жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу; 
      5) қоршаған орта және табиғи ресурстарды пайдалануды бақылау саласындағы мемлекеттiк статистика, экологиялық сараптама, экологиялық аудиттi жүргiзудi ақпараттық қамтамасыз ету.

  5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң
бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiне басшылық жасау мен басқару

     12. ҚО мен ТРБММЖ-iң әдiстемелiк басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы және қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мониторингiн жүзеге асыру жөнiндегi басқа да мемлекеттiк органдардың жұмыстарын үйлестiретiн оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.

     13. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң кiшi жүйелерiн басқаруды уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

  6. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң
бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн ұйымдастыру, жұмыс істеуi
мен қаржыландырудың тәртiбi

      14. ҚО мен ТРБММЖ жұмыс iстеуiн ұйымдастыру мен қамтамасыз етудi, қызметiн үйлестiрудi:
      1) республикалық деңгейде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы және уәкiлеттi органдар өз құзыретi шегiнде; 
      2) аймақтық деңгейде - аумақтық органдар өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
       Ескерту: 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 1 шілдедегі N 675   қаулысымен

      15. ҚО мен ТРБММЖ-сiн кiшi жүйелерiнiң жұмыс істеуi мен ақпараттық қамтамасыз етiлуiн ұйымдастыру мен қамтамасыз етудi арнайы уәкiлеттiк берiлген мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады. 

      16. ҚО мен ТРБММЖ-сiн ақпараттық қамтамасыз ету қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекiткен, келiсілген тiзбелер, нысандар мен мерзiмдерге сәйкес уәкiлеттi мемлекеттiк органдар орындайтын қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингiнiң жиынтық деректер банкiне берiлетiн нәтижелерiне негiзделедi. 

      17. Бағдарламалық құралдар жүйесi ҚО мен ТРБММЖ-нiң әртүрлi деңгейi, сондай-ақ жүйелерi мен кiшi жүйелерiнiң деректер банкiлерi арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз етiп, бiрыңғай әдiстемелiк негiзде ақпарат жинауды, өңдеудi және сақтауды жүзеге асыруға мүмкiндiк беруi тиiс.

      18. ҚО мен ТРБММЖ-ін жүргiзудi қаржыландыру уәкiлеттi органдардың бюджеттiк бағдарламалары бойынша республикалық бюджеттiң қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.
       Ескерту: 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 1 шілдедегі N 675   қаулысымен

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады