Мал шаруашылығы өнімдері өндірісін өсіруді ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Жарғылық капиталына мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен "Мал өнімдері корпорациясы" жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) құрылсын.
2. Қоғам қызметінің негізгі мәні мал шаруашылығы өнімдерін дайындау, қайта өңдеу және экспорт пен ішкі рынокқа жеткізу болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және өзге де көлденең шығыстарға 2001 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің қаражаты есебінен заңнамада белгіленген тәртіппен 10 000 000 (он миллион) теңге мөлшерінде Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастырсын.
4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2001 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылаған кезде заңнамада белгіленген тәртіппен Қоғамды 100 000 000 (жүз миллион) теңге мөлшерінде несиелендіруді көздесін.
5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі осы қаулының 4-тармағына сәйкес Қоғам несие алғанға дейін "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау" жабық акционерлік қоғамының 2001 жылғы 1 желтоқсанда республикалық бюджетке қайтаруға жатқызылған 2001 жылғы 25 желтоқсанға дейін қайтару мерзімін ұзарта отырып Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 15 сәуірдегі N 341 және 1998 жылғы 21 желтоқсандағы N 1312-118Қ қаулыларына сәйкес ауыл шаруашылығында лизинг ұйымдастыруға бөлінген қаражат есебінен қоғамды қысқа мерзімді несиелендіру үшін қаражат беру мәселесін келіссін.
6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
Қоғамның жарғысын бекітсін және оны мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;
мемлекеттік тіркеуден кейін Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және оны пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне берсін;
осы тармақтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері туралы және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі N 405 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат);
көрсетілген қаулымен бекітілген Акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
"Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-14-жолмен толықтырылсын:
"21-14 "Мал өнімдері корпорациясы" ЖАҚ";
2) "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысына:
көрсетілген қаулыға қосымшада:
"Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 205-2-жолмен толықтырылсын:
"205-2 "Мал өнімдері корпорациясы" ЖАҚ".
8. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Д.К. Ахметовке жүктелсін.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі