Қазақстан Республикасының Үкіметi мен Түрiк Республикасының Үкіметi арасындағы Өтеусiз әскери көмек туралы келiсiмдi және Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Үкiметi арасындағы Өтеусiз әскери көмек туралы келiсiмге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Түрiк Республикасының Бас штабы арасындағы атқару хаттамасын бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 5 қараша N 1397

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. 2001 жылғы 31 шiлдеде Анкара қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Үкiметi арасындағы Өтеусiз әскери көмек туралы келiсiм және Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Үкiметi арасындағы Өтеусiз әскери көмек туралы келiсiмге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Түрiк Республикасының Бас штабы арасындағы атқару хаттамасы бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Түрiк Республикасының Yкiметi арасындағы
өтеусiз әскери көмек туралы
КЕЛIСIМ

(2002 жылғы 13 желтоқсанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Үкiметi,
      ұзақ мерзiмдi және достық қатынастарды растай отырып,
      1994 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Түрiк Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Әскери ғылым, техника және бiлім саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi және 1993 жылғы 23 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасы Үкiметінің арасындағы Әскери бiлiм саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi ескере отырып,
      әскери ынтымақтастықты нығайту мақсатында және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн реформалау iсiне үлес қосуға ұмтыла отырып, мына төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Түрiк Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Үкiметiне АҚШ долларына баламалы сомасы 831000000000 (сегiз жүз отыз бiр миллиард) дейiнгi түрiк лирасына өтеусiз әскери көмек бередi.
      Өтеусiз әскери көмектi беру 2001 жылдан басталады.

2-бап

      Өтеусiз көмектiң АҚШ долларына баламалы сомасы 783000000000 (жетi жүз сексен үш миллиард) дейiнгi түрiк лирасының бiр бөлiгi материалдар мен қызмет көрсетулер түрiнде берiлетiн болады, ал АҚШ долларына баламалы сомасы 48000000000 (қырық сегiз миллиард) дейiнгі түрiк лирасы Түрiк Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық көмек түрiнде берiледi.

3-бап

      АҚШ долларына баламалы сомасы 831000000000 (сегiз жүз отыз бiр миллиард) дейiнгi түрiк лирасына өтеусiз көмек Тараптардың құзыреттi органдары қол қоятын, осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын атқару хаттамаларына сәйкес айқындалатын болады.

4-бап

      Қазақстан Тарапы алдын ала Түрiк Тарапының келiсiмiн алмай, материалдар мен қызмет көрсетулердi немесе оларды пайдалану құқығын үшiншi Тарапқа бермеуге келiстi.

5-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм мен 3-бапта аталған атқару хаттамалар Түрiк Республикасының Үкiметi материалдық және қаржылық көмектi Қазақстан Республикасының Yкiметiне толық берген сәттен бастап өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
      Өтеусiз әскери көмек туралы келісiмдi Тараптардың мынадай құзыреттi органдары iске асыратын болады:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi;
      Түрiк Тарапынан - Түрiк Республикасының Бас штабы.
      Осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде туындайтын кез келген келiспеушiлiктер келiссөздер мен консультациялар жолымен шешiлетiн болады.
      Анкара қаласында 2001 жылғы 31 шілдеде әрқайсысы қазақ, түрiк, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, мұның өзiнде барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн талқылауда келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасының             Түрiк Республикасының
       Үкіметі үшін                            Үкіметі үшін

      Қолы:                                 Қолы:
      Тегi:                                 Тегi:
      Әскери шенi: полковник             Әскери шенi: генерал-майор
      Лауазымы: Қазақстан                Лауазымы: Түрiк Республикасы
      Республикасының Түрiк              Бас штабының тыл бөлiмінiң
      Республикасындағы Елшiлiгi         бастығы
      жанындағы әскери атташе
      мiндетiн уақытша атқарушы

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Yкiметi арасындағы Өтеусiз әскери көмек туралы келiсiмге Қазақстан  Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрiк Республикасының Бас штабы арасындағы
АТҚАРУ ХАТТАМАСЫ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Түрiк Республикасының Бас штабы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Yкiметi арасында қол қойылған Өтеусiз әскери көмек туралы келiсiм шеңберiнде ұсынылатын қаржылық көмектi пайдалану туралы мынадай баптар бойынша келiстi.

1-бап. Мақсаты

      Осы Атқару хаттамасының мақсаты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiне Түрiк Республикасы беретiн, АҚШ долларына баламалы сомадағы 48000000000 (қырық сегiз миллиард) түрiк лирасына қаржылай көмектiң негiзгi бағыттарын белгiлеу болып табылады.

2-бап. Жалпы шолу

      Түрiк Тарапынан берiлетiн қаржылық көмек мынадай iс-шараларды жүзеге асыру мақсатындағы шығыстарға ақы төлеу үшiн пайдаланылатын болады:
      1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi қызметшiлерінің Түрiк Республикасында "Бейбiтшілiк жолындағы әрiптестiк" курстарында болу уақытындағы шығыстары.
      2. Түрiк Республикасы әскери делегацияларының Халықаралық әскери көмек бағдарламасын жоспарлау мақсатында Қазақстан Республикасына келген кезiндегi көлiктiк шығыстары, сондай-ақ тамақтануға және тұруына арналған шығыстары.
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi қызметшілерiнiң екi жақты қатынастарды кеңейту мақсатында Түрiк Республикасында болуының шығыстары.
      4. Брюссель қаласындағы (Бельгия Корольдiгi) НАТО-ның штаб-пәтерiнде Қазақстан Республикасының өкiлiн ұстауға арналған шығыстары.
      5. Осы Атқару хаттамасының қолданылуы барысында туындауы мүмкiн басқа да қажеттiлiктерге байланысты шығыстар.

3-бап. Атқару қағидаттары

      Қаржылай көмектi орындаудың мынадай қағидаттары белгiленедi:
      1. АҚШ долларына баламалы 14900000000 (он төрт миллиард тоғыз жүз миллион) түрiк лирасы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң әскери қызметшiлерi үшiн Түрiк Республикасында болуы уақытындағы курстарды ұйымдастыруға арналған шығыстарды жабу үшiн берiледi, бұл ретте осы соманы пайдаланудың мынадай негiзгi бағыттары айқындалады:
      а) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi әскери қызметшiлерінің авиабилетiне, тамақтануына, тұруына, курстарға ақы төлеуге арналған шығыстар, сондай-ақ "Бейбiтшілік жолындағы әрiптестiк" бағдарламасы шеңберiнде Түрiк Республикасындағы оқу орталығында оқуға байланысты басқа да шығыстар.
      б) қазақстандық әскери қызметшiлердi курстарға жiберу үшiн iрiктеу Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi әзiрлеген әскери оқу орнына қабылдаудың қолданылып жүрген ережелерiне сәйкес жыл сайын өткiзiлетiн болады. Егер оқытуға байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң қажеттілiгi осы мақсатқа бөлiнген сомадан асатын болған жағдайда, Түрiк Республикасының Бас штабы қосымша шығыстарды жабу үшiн қажеттi шаралар қабылдайтын болады.
      2. АҚШ долларына баламалы 3700000000 (үш миллиард жетi жүз миллион) түрiк лирасы Халықаралық әскери көмек бағдарламасын жоспарлау мақсатында Қазақстан Республикасына келетiн Түрiк Республикасы әскери делегацияларының көлiктiк шығыстарын, сондай-ақ тамақтануы мен тұруына арналған шығыстарды жабу үшiн берiледi.
      3. АҚШ долларына баламалы 3700000000 (үш миллиард жетi жүз миллион) түрiк лирасы Тараптар арасындағы екi жақты қатынастарды кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігi әскери қызметшiлерінің Түрiк Республикасына сапарына байланысты шығыстарды жабу үшiн берiледi. Бұл ретте Қазақстан Тарапы осы соманы пайдаланудың негiзгi бағыттарын айқындайды.
      4. АҚШ долларына баламалы 22000000000 (жиырма екi миллиард) түрiк лирасы Бельгияның Брюссель қаласындағы НАТО-ның штаб-пәтерiнде Қазақстан Республикасының өкiлiн ұстауға арналған шығыстарды жабу үшiн берiледi. Бұл ретте берiлетiн ресурстар Қазақстан Республикасы өкiлiнiң мынадай шығыстарын жабу үшiн пайдаланылатын болады:
      а) қызметтiк және тұрғын үй-жайларды жалға алу (жылу мен электр бойынша шығыстарды қоса алғанда);
      б) тұрғын және қызметтiк үй-жайларды, сондай-ақ пайдалануға берiлетiн мүлiктердi жөндеу және техникалық қызмет көрсету;
      в) телефон және факсимильдiк байланыс қызметiн көрсетулер;
      г) кеңсе тауарларын сатып алуға арналған шығындар.
      5. АҚШ долларына баламалы 3700000000 (үш миллиард жетi жүз миллион) түрiк лирасы осы Атқару хаттамасының қолданылуы барысында туындауы мүмкiн басқа да қажеттiліктердi жабу үшiн пайдаланылатын болады.
      6. Осы Атқару хаттамасына сәйкес берiлетiн қаржылық көмек Түрiк Тарапы айқындайтын шотқа аударылатын болады. Бұл ретте қаржылық көмектiң пайдаланылуын бақылауды Түрiк Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасындағы Түрiк Республикасы Елшiлiгiнiң Әскери атташесi жүзеге асыратын болады.
      7. Қажет болған жағдайда ресурстарды қайта бөлудi Түрiк Республикасының Бас штабы жүргiзетiн болады.

4-бап. Толықтыру мен қайта қарау

      Осы Атқару хаттамасына Тараптардың өзара келісiмi бойынша осы Атқару хаттамасының ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Атқару хаттамасының 6-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енетiн жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Осы Атқару хаттамасының ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысты барлық даулар мен келiспеушiлiктер келiссөздер және консультациялар жолымен шешiлетiн болады.

5-бап. Қолданылу мерзiмi

      Осы Атқару хаттамасы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiне Түрiк Республикасының Бас штабы қаржылық көмектi толық бергенге дейiн күшiнде қалатын болады.

6-бап. Күшiне енуi

      Осы Атқару хаттамасы Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Анкара қаласында 2001 жылғы 31 шілдеде әрқайсысы қазақ, түрiк, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды, мұның өзiнде барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Атқару хаттамасының ережелерiн түсiндiру кезiнде келіспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының             Түрiк Республикасының
      Қорғаныс министрлігі үшін                Бас штабы үшін

      Қолы:                                 Қолы:
      Тегi:                                 Тегi:
      Әскери шенi: полковник             Әскери шенi: генерал-майор
      Лауазымы: Қазақстан                Лауазымы: Түрiк Республикасы
      Республикасының Түрiк              Бас штабының тыл бөлiмінiң
      Республикасындағы Елшiлiгi         бастығы
      жанындағы әскери атташе
      мiндетiн уақытша атқарушы

      Мамандар:
      Багарова Ж.А.,
      Қасымбеков Б.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады