Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын таратуды дамытудың 2002-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Жарлығының жобасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 21 қаңтар N 75. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 18 мамырдағы N 470 қаулысымен

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын таратуды дамытудың 2002-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                Қазақстан Республикасы Президентінің
                              Жарлығы     

      Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын таратуды      
        дамытудың 2002-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк 
                       бағдарламасы туралы

      Қазақстан Республикасының  Конституциясы 44-бабының 8-тармағына сәйкес, телерадио хабарын тарату секторында мемлекеттік реттеуді жетілдіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында қаулы етемін: 
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын таратуды дамытудың 2002-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi бiр ай мерзiмде Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi жыл сайын 30 желтоқсанға Қазақстан Республикасының Президентiне және Қазақстан Республикасының Yкiметiне Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының  Үкiметiне жүктелсiн.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
           Президенті   

                   Астана, 2002 ж., "__"______
     N _____
 

                                                   Қазақстан Республикасы
                                         Президентінің
                                         2002 жылғы "__"______
                                         N ______ Жарлығымен
                                         бекітілген

     Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын таратуды                 дамытудың 2002-2005 жылдарға арналған 
                     мемлекеттiк бағдарламасы

                    1. ПАСПОРТ

Атауы           - Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын                       таратуды дамытудың 2002-2005 жылдарға арналған   
                  мемлекеттік бағдарламасы

Әзірлеу үшін    - Осы Мемлекеттiк бағдарлама (бұдан әрi -
негіздеме         Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентiнiң
                  "Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму
                  стратегиясын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы"
                  1998 жылғы 28 қаңтардағы N 3834 Жарлығын,
                  Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 30
                  желтоқсандағы N 2028-124өқ қаулысымен бекiтiлген
                  "Қазақстан Республикасының 1999-2005 жылға
                  дейiнгi Ұлттық қауiпсiздiгi стратегиясын iске
                  асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарының"
                  6.3.2.1-тармағын орындау үшiн әзірлендi

Негізгі         - Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және  
әзірлеуші         қоғамдық келiсiм министрлiгi 

Бағдарламаның   - Қазақстан Республикасы азаматтарының, мемлекеттiк 
мақсаты           билiк, жергiлiктi басқару органдарының, ұйымдары                     мен қоғамдық бiрлестiктерiнiң ақпараттық                             қажеттiлiктерiн неғұрлым толық қанағаттандыру
                  үшiн телерадио хабарларын таратудың көп
                  бағдарламалы желiсiн құру

Бағдарламаның   - телерадио хабарларын тарату секторында
міндеттері        мемлекеттiк реттеудi жетiлдiру және оның
                  тиiмдiлiгiн арттыру;
                  телерадио хабарларын таратудың мемлекеттiк       
                  бағдарламаларының өндiрiсiне, оларды
                  қалыптастыруға және таратуға (жеткiзу және
                  тарату) бөлiнетiн бюджеттiк қаржыны тиiмдi
                  пайдалану;
                  телерадио хабарларын таратудың көп        
                  бағдарламалы желiсiн дамыту және қазiргi заманғы 
                  технологияларды пайдалана отырып мультимедиа     
                  қызметтерiн ұсыну     

Күтiлетiн       - қоғам мен мемлекеттiң ақпараттық қажеттiлiктерiн
нәтиже            неғұрлым толық қанағаттандыру және мультимедиа                       қызметтерiн ұсыну үшiн телерадио хабарларын      
                  таратудың көп бағдарламалы желiсiн құру;
                  телерадио хабарларын тарату секторында           
                  мемлекеттiк реттеу жүйесiн жетiлдiру және
                  Қазақстан Республикасының теле және
                  радиохабарларын тарату желiсiнiң жұмыс iстеуiне
                  оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ету      

                       2. КIРIСПЕ

      Әлемдiк ақпараттық процестерге белсендi әрi толық ену және бiрыңғай ақпараттық кеңiстiкке кiрiгу қажеттiгi телерадиохабарларын таратудың бүкiл инфрақұрылымының толыққанды қызметiне оңтайлы жағдайлар жасауды, еркiн ақпарат алмасуды және ұлттық ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi талап етедi. 
      Бiрыңғай ақпараттық кеңiстiктiң өзi бiрыңғай принциптер мен жалпы ережелер негiзiнде жұмыс iстейтiн ұйымдар мен азаматтардың өзара ақпараттық iс-қимылын, сондай-ақ олардың ақпараттық қажеттiлiктерiн қанағаттандыруды қамтамасыз ететiн деректер базалары мен банктерiнiң жиынтығын, оларды енгiзу әрi пайдалану технологияларын, ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерi мен желiлерiн бiлдiредi. 
      Бiрыңғай ақпараттық кеңiстiкте электронды бұқаралық ақпарат құралдары айрықша орын алады. Қазiргi таңда эфирлiк теледидар мен радио ең қол жетерлiк әрi жедел бұқаралық ақпарат құралдары, ал көптеген елдi мекендерде - ақпараттың бiрден бiр көзi болып табылады. 
      Электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының ролi барған сайын артып келе жатқандығын ескере отырып, теледидар және радио бағдарламалар өндiрiсiн, оларды қалыптастыру және таратуды қамтамасыз ететiн субъектiлер (ұйымдар, кәсiпорындар) бағдарламаларды жан-жақты жетiлдiрiп, олардың сапасын көтеруге, телерадио хабарларын тарату секторының материалдық-техникалық базасын дамытуға бағытталған. 
      Осы Бағдарламада телерадио хабарларын тарату секторын дамытудың негiзгi мақсаттары, мiндеттерi және бағыттары, Қазақстан Республикасында теле және радио хабарларын тарату желiсiн жаңғырту мен дамыту жөнiндегi 2002-2005 жылдар кезеңiне арналған негiзгi iс-шаралары анықталып, қаржыландырудың көздерi мен тетiктерi көрсетiлген. 
      Осы құжат бағдарламалық сипатта, оның ережелерi нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын әзiрлеу және Қазақстан Республикасындағы телерадио хабарларын тарату желiлерiн құру мен дамыту кезiнде ескерiлуi тиiс. 

      Негiзгi терминдер мен айқындамалар 
 
        Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) - мерзiмдi баспа басылымдары, хабар тарату бағдарламалары, деректi кино, аудиобейне жазба және бұқаралық ақпаратты көпшiлiкке мерзiмдi немесе үздiксiз таратудың өзге де нысаны. БАҚ редакциясы - материалдарды жинауды, дайындауды және бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмi болып табылатын жеке тұлға не шығармашылық ұжым. 
      Радио және теледидар хабарларын тарату желiсi - аумақтарда шашыраңқы орналасқан халықтың басым бөлiгiне телерадио хабарларын тарату бағдарламаларын өндiрудi, қалыптастыруды және таратуды (жеткiзу және трансляциялау) қамтамасыз етушi ұйымдардың техникалық құралдарының жиынтығы. 
      Телерадио бағдарламаларын тарату жүйесi - құрамына теле-радио хабарларын тарату арналары (радиорелелiк, кабельдiк, спутниктiк) және осы бағдарламаларды трансляциялау және/немесе ретрансляциялауды қамтамасыз ететiн техникалық құралдар, соның iшiнде радиотеледидар станциялары, радио орталықтары, кабельдiк және эфирлiк-кабельдiк теледидар желiлерiнiң орталық станциялары олардың қарамағына енетiн желi субъектiлерiн қамтитын радио және теледидар хабарларын тарату желiсiнiң бiр бөлiгi. 
      Абоненттiк құрылғылар жүйесі - радиотеледидар қабылдағыштары паркi және/немесе жер бетiнде қабылдаудың жеке спутниктiк станциялары. 
      Тарату бағдарламасы - пайдаланушылар үшiн жасалатын түрлi тақырыптық хабарлардың кешенi. Теледидар хабарларын тарату мен радио хабарларын тарату бағдарламалары мемлекеттiк және мемлекеттiк емес болып бөлiнедi. 
      Теледидар мен радионың мемлекеттiк бағдарламасы - Қазақстан Республикасының " Мемлекеттiк сатып алу туралы ", " Бюджеттiк жүйе туралы " және тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңдарының негiзiнде республикалық бюджет қаражаты есебiнен өндiрiлетiн және таратылатын бағдарлама. 
      Теледидар мен радионың мемлекеттiк емес бағдарламасы - өз қаражаты есебiнен өндiрiлетiн және таратылатын бағдарлама. 
      Телерадиокомпания - теледидар және радиохабарларын тарату бағдарламаларын өндiру, қалыптастыру және таратуды жүзеге асыратын радио және теледидар хабарларын тарату желiсiнiң субъектiсi. 

         3. ТЕЛЕРАДИО ХАБАРЛАРЫН ТАРАТУ СЕКТОРЫ ПРОБЛЕМАЛАРЫНЫҢ 
                       ҚАЗIРГI ЖАЙ-КҮЙIН ТАЛДАУ 

      3.1. Телерадио хабарларын тарату секторын реттеу, құқықтық
және нормативтiк қамтамасыз ету 
 
        Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасындағы телерадио хабарларын тарату секторындағы мемлекеттiк реттеу мынадай тетiктермен қамтамасыз етiледi: 
      бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу (Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi); 
      лицензиялау (Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi); 
      радиожиiлiк спектрiн бөлу (Қазақстан Республикасының Радиожиiлiктер жөнiндегi мемлекеттiк ведомствоаралық комиссиясы); 
      тарифтiк саясат (Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгi); 
      техникалық құралдарды сертификаттау (Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнiң Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi комитетi, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, сертификаттау органдары). 
      Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметпен байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының " Бұқаралық ақпарат құралдары туралы", " Байланыс туралы ", " Қазақстан Республикасының Тiл туралы ", " Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы "  Заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң " Лицензиялау туралы " заң күшi бар Жарлығымен, сондай-ақ оларға қайшы келмейтiн Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен реттеледi. Қолданылып жүрген заңдар радио және теледидар хабарларын тарату желiсiнiң субъектiлерi арасындағы өзара қатынастарды толық көрсетпейдi, сондықтан құқықтық және нормативтiк қамтамасыз етудi жетiлдiру қажеттiгi пiсiп-жетiлдi. 

      3.2. Қазақстан Республикасының радио және телехабарларын  тарату желiсi 
 
        Телерадио бағдарламаларын өндiруге арналған техникалық құралдар, телерадиобағдарламаларды тарату жөнiндегi техникалық құралдар, сондай-ақ абоненттiк құрылғылар Қазақстан Республикасындағы радио және телехабарларын тарату желiсiнiң негiзгi элементтерi болып табылады. 

      Телерадио хабарлары бағдарламаларының мазмұны 
      Республиканың қоғамдық өмiрiн табандылықпен демократияландыру ағымдардың нәтижесiнде, қазiргi уақытта Қазақстанда көптеген телерадиокомпаниялар теледидар және радиохабарларын өндiру, қалыптастыру және таратуды жүзеге асырады. Сонымен қатар қазiргi заманғы технологиялар халыққа шет елдердiң теледидар және радио бағдарламаларын қабылдауға мүмкiндiк бередi. 
      Техникалық, шығармашылық мүмкiндiктерi әртүрлi республиканың жетекшi телерадиокомпаниялары бағдарламаларының мазмұны аудиторияның ең жоғары сұранысын қанағаттандыратын теле және радиохабарлар өндiруде. 
      Телерадио хабарлардың ақпараттық, мәдени-ағарту және көңiл көтеретiн бағдарламаларының мазмұны негiзiнен уақыт талабына сай: 
      - қазақстандық қоғамды бiрiктiру және топтастыру; 
      - мемлекеттiк саясатты жүргiзудi қамтамасыз ету; 
      Қазақстан халқының мәдени-тарихи құндылықтарымен таныстыру және Қазақстанның белгiлi өнер шеберлерiнiң, әлемдiк ғылым мен мәдениеттiң жетiстiктерiмен таныстыру: 
      - халықтың бiлiм деңгейiн көтеру; 
      - салауатты өмiр салтының негiздерiн оқыту. 
      Телерадиокомпаниялардың техникалық құралдары өзiне теледидар және радио бағдарламаларын өндiру әрi қалыптастыру үшiн пайдаланылатын ақпарат жинау мен өңдеуге арналған аппараттық-студиялық кешендер мен жабдықтарды, сондай-ақ бағдарламаны бастапқы бөлу желiсiне жеткiзу құралдары: радиорелелiк желiлер немесе байланыстың талшықты-оптикалық желiлерiн қамтиды. 
      Республикалық телерадиокомпаниялардың материалдық-техникалық базасы негiзiнен әр буындағы жабдықтар мен форматтардан тұрады, мұның өзi телерадиобағдарламаларды дайындау технологиясын күрделендiруге, шығармашылық процестiң қиындауы мен сапасын төмендетуге әкеп соғады. 
      Теле және радиохабарларды тарату жүйесi телерадиобағдарламаларын тұтынушыларға дейiн жеткiзудi ұйымдастыруға арналған және өзiне телерадио хабарларын тарату бағдарламаларын трансляциялау желiсi мен спутниктiк желiсiн қамтиды. 
      Телерадио хабарларын жеткiзудiң спутниктiк желiсi телерадиокомпаниялардың қалыптастырған теледидар және радио хабарларын тарату бағдарламаларын Алматы қаласында орналасқан Орталық қабылдау-тарату станциясынан "NSS-703" халықаралық спутниктiк байланыс арқылы спутниктiк арналары бойынша трансляциялаудың жер бетiндегi желiсiнiң радио мен теледидар таратқыштарына дейiн жеткiзудi қамтамасыз етедi. Хабарларды тарату DigiCipher II сандық стандартымен жүзеге асырылады. Бұдан басқа, теледидар және радиохабарларын таратудың бағдарламаларын жеткiзу қызметiн көрсетумен DVB-S сандық стандартындағы спутниктiк желiнiң операторы айналысады. Қазiргi уақытта Қазақстан халқының тек қана шет елдiк спутниктiк көп бағдарламалы теледидарды тiкелей, атап айтқанда, ресейлiк НТВ-плюс компаниясының бағдарламалар пакетiн қабылдау мүмкiндiгi бар. 
      Телерадио хабарларды тарату бағдарламаларын эфирлiк трансляциялаудың желiсi. Пайдаланып жүрген желiдегi тарату құралдары теледидар және радио хабарларын таратудың мемлекеттiк бағдарламаларымен республика халқын мынадай ауқымда қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi: 
      - бiр теледидар бағдарламасымен - 90,4%; 
      - екi теледидар бағдарламасымен - 84,4%; 
      - үш теледидар бағдарламасымен - 78,6%; 
      - төрт теледидар бағдарламасымен - 44,2%; 
      - бiр радио бағдарламасымен - 79,33%. 
      Микроретрансляторларды қоспағанда, барлық қуатты және қуаты аз теледидар және радио хабарын таратқыштар электр қуатын көп қажет етедi, сенiмдiлiгi, автоматтандырылу деңгейi төмен, оларды пайдалану мен жұмыс iстеу күйінде ұстап тұру үшiн көп еңбек шығынын талап етедi. Телерадио хабарларын таратудың эфирлiк желiсiнiң қазiргi көптеген антенна-бағаналық және азаматтық құрылыстарының техникалық тозуы шектi нормадан асып кеткен. 
      Қазiргi уақытта 370-тен астам лампалық телерадио таратқышты жаңа үлгiдегi қазiргi заманғы қатты денелi жабдықтарға алмастыру жүргiзiлдi, 315 қуаты аз ретранслятор автоматты жұмыс режимiне көшiрiлдi. 
     Соңғы жылдар iшiнде Қазақстан Республикасындағы телерадио хабарлар бағдарламаларын таратудың эфирлiк трансляциялау желiсiнiң техникалық құралдарын оңтайландыру мен жаңарту жөнiндегi жүргiзiлген жұмысының қажеттi қаржылай қаражаттың жоқтығынан тиiмдiлiгi төмен болды. Жүргiзiлiп жатқан жұмыстардан нақты нәтиже алу үшiн қосымша қаржы тарту, радио және теледидар хабарын тарату желiсiне жаңа технологиялар енгiзу әрi көп бағдарламалы ақылы теледидарды дамыту қажет. 
      Кабельдiк және эфирлiк-кабельдiк теледидар желiсi. Қазақстан аумағында көп бағдарламалы теледидардың аналогтық қызметiн көрсетудi ұсынатын кабельдiк және эфирлiк-кабельдiк теледидар желiсiнiң операторлары жұмыс iстейдi. Олардың қызметi, әдетте жергiлiктi сипатта. Бүгiнгi таңда кабельдiк және эфирлi-кабельдiк теледидардың инфрақұрылымы Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Ақтау, Семей сияқты iрi қалаларда ғана дамыған. 
      Радио хабарларын таратудың эфирлiк желiсi. Қазақстанның iрi қалаларында эфирлiк радиохабарларды тарату желiсiнiң ҒМ өрiсiнде дамуы жеткiлiктi түрде жылдам қарқынмен жүруде. 
      Сымдық тарату желiсi. Сымдық тарату желiсiнiң соңғы 10 жылдағы қызметiне жасалған талдау республикада сымдық таратудың қызметiн пайдаланушылар санының күрт қысқару үрдiсiнiң сақталып отырғандығын көрсетедi. 

      3.3. Радио және теле хабарларын тарату желiсi субъектiлерi 
           қызметiн қаржылық қамтамасыз ету 

      Теледидар мен радиохабарларын таратудың бағдарламаларын өндiрудi, қалыптастыруды және таратуды жүзеге асыратын телерадиокомпанияларды (республикалық және аймақтық) қаржыландыру телерадио хабарларын тарату арқылы мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзуге мемлекеттiк тапсырысты орындау шеңберiнде тиiстi жылға арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаражат бөлу; коммерциялық қызметтен табыс алу (жарнамалық және басқа да қызметтер ұсыну); отандық және шетелдiк инвестициялар; демеушiлiк көмек жолымен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк теледидар және радио бағдарламаларды таратудың 1997-2001 жылдардағы көлемiнiң өзгеру серпiнi N 1 кестеде келтiрiлген. 
      Телерадио хабарларын тарату бағдарламаларының эфирлiк желiсi субъектiлерi қызметiн қаржыландыру телерадионың мемлекеттiк бағдарламаларын трансляциялауға алынатын қаражаттың; коммерциялық қызметтен алынатын кiрiстiң (тарату құрылғыларын жалға беру және басқа қызметтер), отандық инвестициялар, несиелер есебiнен жүзеге асырылады. 
      Кабельдiк және эфирлiк-кабельдiк теледидардың желiсiн дамыту отандық және шетелдiк капитал мен халықтан абоненттiк төлем нысанында алынатын кiрiстер есебiнен жүргiзiледi. 
      Қазақстандағы сымдық тарату желiсiнiң жұмыс iстеуi желiлер субъектiлерiнiң халықтан алынатын абоненттiк төлем есебiнен, сондай-ақ қосымша қызметтер көрсету арқылы жүзеге асырылады. 
      Теледидар мен радио хабарларын таратудың мемлекеттiк бағдарламасын өндiруге, қалыптастыруға және таратуға республикалық бюджеттен бөлiнетiн ақша ағындарының бөлiнуiне жасалған талдау оның едәуiр бөлiгiнiң телерадио хабарларын таратудың эфирлiк субъектiлерiн ұстауға шығындалатынын көрсеттi. Бұл нақты әрi моральдық ескiрген жабдықтар санының көптiгiмен, қызметтiң басқа да түрлерiн көрсету жөнiндегi қолда бар мүмкiндiктерiнiң жеткiлiктi түрде тиiмді пайдаланылмауынан туындады.

                                                         1-кесте 

   Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ТД және РХ таратудың 
    бағдарламаларын 1997-2001 жылдары тарату және қаржыландыру
                              көлемдері     

--------------------------------------------------------------------
   Бағдарламалардың  !     Хабар таратудың жылдық көлемі, сағатпен
        атауы        !----------------------------------------------
                     !  1997  !  1998  !  1999   !  2000   !  2001
---------------------!--------!--------!---------!---------!--------
ТД   Хабар              5110     5110      4380      4392      4380
ТД   ОРТ+Қазақстан      2738     2738      1825      1830      1825
ТД   Қазақстан-1ТД      3650     3650      2555      1830      2555
ТД   Қазақстан-2ТД      1825     1825        -         -         -
ТД   Өзбек ТД           3650     3103      3103       732       730
ТД   Хабар-2             -         -         -       1464      2555
ТД   Облыстық           4745     4745      4745      4758      4745
РХ   Хабар РХ             -      6570        -         -         -
     Қазақстан-1РХ      6935     6570      4928      5490      5475
     Қазақстан-2РХ      6205     5840        -         -        -
     Маяк               6570       -         -         -        -
     Украина            6570     6570      6570        -        -

Жылдық бюджеттік
қаржыландыру,
мың. теңге           2827000    1440000   1500000  2070081   2323301
--------------------------------------------------------------------     
       1-сурет. Қазақстан Республикасындағы телерадиохабарлары
                  ұйымдарының қазіргі схемасы

                  (қағаздағы нұсқадан қараңыз)

     4. Мемлекеттiк бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының, мемлекеттiк билiк, жергiлiктi басқару органдарының, ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктерiнiң ақпараттық қажеттiлiктерiн неғұрлым толық қанағаттандыру үшiн телерадио хабарларын таратудың көп бағдарламалы желiлерiн құру болып табылады. 
      Бағдарламаның мақсаттарын iске асыру үшiн мынадай мiндеттердi шешу көзделуде: 
      телерадио хабарларын тарату секторын жетiлдiру мемлекеттiк реттеудi жетiлдiру және оның тиiмдiлiгiн арттыру; 
      хабар тарату тiзбесiнiң әр түрлi буындарының өзара қатынастарын реттейтiн телерадио хабарларын таратуға қажеттi нормативтiк құқықтық базаны жасау; 
      теледидар мен радио хабарларын тарату бағдарламаларының сапасы мен тартымдылығын көтеру; 
      өзiндiк бiлiм беру, ғылыми-танымдық, балалар, музыкалық-көңiл көтеру, тарихи-мәдени бағдарламаларын тарату, телесериалдар, анимациялық сериалдар шығаруды дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау; 
      ТМД мемлекеттерiне және алыс шет елдерге теледидар мен радиохабарларын таратудың арнайы дайындалған бағдарламаларын трансляциялауды ұйымдастыру; 
      радио және теледидар хабарларын тарату желiсiн басқару жүйесiн оңтайландыру; 
      әсiресе, қоғамдық келiсiмдi, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және нығайту, бiлiм мен мәдениеттi дамыту, заңдылық пен қоғамдық моральдi, салауатты өмiр салтын бекiту, отбасын нығайту бөлiгiнде ұлттық ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету; 
      төтенше жағдайлар кезiнде және ерекше кезеңде радио және теледидар хабарларын тарату желiсiнiң тұрақты жұмыс iстеуi талаптарының орындалуын қамтамасыз ету; 
      мемлекеттiк емес электронды бұқаралық ақпарат құралдарының хабарын тарату желiсiн дамытуды ынталандыру; 
      көп бағдарламалы теледидар жүйесiн кеңiнен енгiзу үшiн жағдайлар жасауды қамтамасыз ету; 
      теледидар мен радио хабарларын тарату желiсiн дамыту мен жаңарту және жаңа технологияларды енгiзу үшiн оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ету; 
      хабарларды таратудың түрлi технологияларын пайдалану мемлекеттiк теледидар мен радионың бағдарламаларымен халықты барынша кең қамтуды қамтамасыз ету; 
      телерадио хабарларын тарату қызметiн көрсеткенi үшiн төлемдер енгiзу Қазақстан аумағын толық қамтуды қамтамасыз ету үшiн тiкелей қабылдайтын спутниктiк хабар тарату желiсiн құру; 
      теледидар мен радио хабарларын тарату желiсiнiң ұсынатын қызметтерiнiң санын көбейту. 

      5. БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ IСКЕ АСЫРУ ТЕТIГI 

      5.1. Телерадио хабарларын тарату секторын мемлекеттiк реттеудi қамтамасыз ету 
 
        Қазақстан Республикасында радио мен теледидар хабарларын таратудың тиiмдi жұмыс істеуiне қол жеткізу үшiн реттеу, ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету, олардың тұрақты жұмыс iстеуі, желi құралдарын техникалық пайдалану, сондай-ақ техникалық құралдарды сертификаттау мәселелерi бойынша қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлер мен нормативтiк техникалық құжаттарды тұрақты жетiлдiру мен жаңаларын әзiрлеу қажет. 
      Осыған байланысты таяу уақытта мыналар талап етiледi: 
      а) "Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын тарату туралы" Заң жобасын әзiрлеу және Парламентке ұсыну. Заңда: 
      Заң мақсаттары үшiн ұғымдар аппаратын әзiрлеу; 
      телерадио хабарларын тарату саласы субъектiлерi үшiн құқықтар мен мiндеттемелер кешенiн айқындау; 
      телерадиокомпаниялардың ерекшелiк белгiлерiн айқындау (әуендiк үнi, нышаны, логотипi, тарату кестесi және т.б.) телерадиокомпаниялардың шығарылатын телерадио бағдарламаларының ақпараттық мазмұнына жауапкершiлiгiн белгiлеу; 
      шекарааралық хабарларды тарату және шетел бағдарламаларын трансляциялауды құқықтық реттеудiң режимдерiн қамтамасыз ету; 
      дыбыстық, жаппай аудиобейнелiк жаппай қолданыстағы өнiмдер шығаруға қойылатын талаптар; 
      отандық теледидар және радио өнiмдерiн өндiрушiлердi қорғауды қамтамасыз ету; 
      төтенше жағдайлар немесе сайлау науқаны кезеңiнде ресми хабарламаларды және өзге де мiндеттi ақпараттарды беру мәселелерiн көрсету қажет; 
      б) телерадио хабарларын тарату саласында лицензия беру функцияларын Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiне беру, ол үшiн қолданыстағы "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасындағы почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметке лицензия берудiң, радиожиiлiк спектрiн пайдаланудың тәртiбi туралы" ережеге толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу; 
      в) уәкілеттi мемлекеттiк органға Телерадио хабарларын тарату саласындағы кәсiпкерлiк қызметке лицензия беру тәртiбi туралы ереже және Телерадио хабарларын спутниктiк және жер бетiнде таратуға құқық алуға байқау өткiзу туралы ереженi бекiту туралы Үкiмет қаулысының жобасын әзiрлеу қажет; 
      радиожиiлiк спектрi номиналдарын есептеу, беру және есепке алу, радиоэлектронды құралдардың электромагниттiк үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз ету және бақылау, халықаралық үйлестiрудi Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң құзырында қалдырып, телерадио хабарларын тарату секторына радиожиiлiктiң нақты номиналдарын бекiту жөнiндегi функцияларды Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiне беру туралы мәселенi қарау; 
      телерадио хабарларын тарату секторына бөлiнген радиожиiлiк спектрiн тиiмдi басқару мақсатында: 
      телерадио хабарларын тарату бағдарламаларын эфирлiк трансляциялаудың жер бетiндегi желiсi үшiн жиiлiк-аумақтық жоспарларын әзiрлеу; 
      телерадио хабарлардың мемлекеттiк бағдарламаларын тарату бөлiгiне қатысты Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын тарату желiсiн дамытудың бас схемасын әзiрлеу; 
      Қазақстан Республикасындағы радио және теледидар хабарларын тарату желiсi үшiн нормативтiк-техникалық құжаттаманы әзiрлеу; 
      2.07.01-89 ҚНжЕ "Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елдi мекендер құрылысын жоспарлау және салу" құрылыс нормалары мен ережелерiне салынған ғимараттары мен шатырларына телерадиодабылдарын қабылдауға арналған антенна орнату ережелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзу; 
      телерадио хабарларын тарату желiсiнiң көрсетiп отырған қызметiнiң сапасын техникалық бақылау жасайтын орган құру және радио мен теледидар хабарларын өндiру мен тарату жүйесiнiң техникалық параметрлерiнiң мониторингiн жүргiзу.     

     5.2. Телерадио бағдарламалары мазмұнының негiзгi тақырыптық   бағыттары     

     Телерадио хабарларын тарату секторында республиканың ақпараттық кеңiстiгiн дамыту бағдарламасының негiзгi мiндетi Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгiн:
     мемлекеттік саясатты жүргiзудi;
     мемлекеттiк тiлдi оқытуды;
     қазақстан халқының мәдени-тарихи құндылықтарымен және Қазақстанның белгiлi өнер шеберлерiнiң, әлемдiк ғылым мен мәдениет жетiстiктерiмен таныстыруды; 
      халықтың бiлiм деңгейiн көтерудi; 
      озық технологияларды меңгеруге қабілеттi өскелең ұрпақты тәрбиелеудi; салауатты өмiр салты мен нарықтық экономика негiздерiн оқытуды; озық технологияларды насихаттауды; табиғи ресурстарға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеудi; 
      Қазақстанда тұратын барлық ұлттарды этносаралық төзiмдiлiкке тәрбиелеудi және құрметтеудi; 
      ұлтаралық келiсiмдi нығайтуды; 
      түрлi халықтың әлеуметтiк топтарының рухани қажеттiлiгiн қанағаттандыруды қамтамасыз ететiн республикалық телерадио бағдарламалармен толықтыруға қолайлы жағдай жасау болып табылады. 
      Мемлекеттiк тапсырыс бағдарламаларын өндiрудi және қалыптастыруды жүзеге асыратын телерадиокомпаниялар өздерiнiң телерадио бағдарламаларында мына негiзгi тақырыптық бағыттарды: 
      Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары мен өкiмдерiн және басқа да ресми құжаттарды жариялау және көрсету; 
      жоғары мемлекеттiк билiк және басқару органдарының, министрлiктер мен ведомстволардың қызметтерiн; 
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламентiнiң, Үкiметiнiң қызметi, олар жүргiзiп отырған iшкi және сыртқы саясат туралы мемлекеттiк институттардың талдау материалдарын; 
      Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты, оның шет елдердегi елшiлiктерi мен өкiлдiктерiнiң қызметiн; 
      Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясын насихаттауды және түсiндiрудi; 
      мәдениет, ғылым, бiлiм және т.б. саласындағы жетiстiктердi насихаттау арқылы Қазақстан Республикасының беделiн көтерудi;
      елiмiздiң қоғамдық-саяси өмiрiн жария етудi;
      Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiн насихаттауды және түсiндiрудi;
      "Қазақстан Республикасының Тiл туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру жөнiндегi жұмыстарды;
      мемлекеттiң ұлттық саясатын iске асыруды; 
      ғылым мен техниканың жетiстiктерiн насихаттауды;
      халыққа бiлiм беру, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында мемлекеттiк саясатты iске асыруды;
      салауатты өмiр салтын насихаттауды;
      зейнетақы реформасына ақпараттық-насихаттық қолдауды;
      жастар iстерi жөнiндегi мемлекеттiк саясат мәселелерiн жария етудi;
      азаматтық бiрегейлiктiң қазақстандық патриотизмiн қалыптастыру жөнiндегi материалдарды;
      Қазақстанның ұлттық-мәдени құндылықтарын сақтауын насихаттауды;
      құқықтық бiлiмдердi насихаттауды және қоғамның құқықтық мәдениетiн көтерудi;
      балалар мен жасөспiрiмдердiң мәдени-рухани тәрбиесiн;
      мемлекет пен дiни бiрлестiктердiң өзара қатынасын;
      қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi;
      қоғамдық санада нашақорлықтың зияндылығын қалыптастыруды;
      экономикалық реформаларды iске асыру барысын жария етудi;
      шағын және орта бизнестi, кәсiпкерлiктi ақпараттық-насихаттық қолдауды;
      елiмiздiң агро-өнеркәсiптiк кешенiндегi реформаларды көрсетуi тиiс.
      Қойылған мiндеттердi iске асыру үшiн:
      ақпараттық кеңiстiкте мемлекет мүддесiн сақтау мақсатында 2005 жылға дейiн халықты бiр теледидар және бiр радио ақпараттық  бағдарламаларымен 99% қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлеу және iске асыру; 
      2005 жылға республикалық теледидар хабарларын таратудың орташа тәулiктiк көлемiн 20 сағатқа дейiн және радиохабарларды 24 сағатқа дейiн көбейту; 
      аймақтық телерадио хабарларын тарату желiлерiн бұдан әрi дамытуды жүзеге асыру; 
      мемлекеттiк және басқа да тiлдердегi аралас хабарларды, сондай-ақ 100% мемлекеттiк тiлде хабар беретiн телерадиобағдарламаларын дамыту; 
      отандық бiлiм беру ғылыми-танымдық, балалар, музыкалық-көңiл көтеру, тарихи-мәдени бағдарламаларын, патриоттық сезiмге тәрбиелейтiн теледидар және анимациялық сериалдар жасау және оларды дамыту; 
      әлемде болып жатқан неғұрлым маңызды оқиғаларды жедел жария ету үшiн телерадиокомпаниялардың тiлшiлер қосыны желiсiн кеңейту; 
      тарихи-мәдени құндылығы бар аудио және бейне материалдарды сақтау үшiн телерадиокомпанияларды мемлекеттiк қолдауды қамтамасыз ету. Аудио және бейне өнiмдердi мұрағаттауға сандық технологияларды енгiзу; 
      отандық телерадиоарналардың басқа мемлекеттердiң ақпараттық кеңiстiгiне шығуы үшiн халықаралық рейтингтiк агенттiктермен өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру қажет. 

      5.3. Қазақстан Республикасында радио және теледидар хабарларын тарату желiсiн дамыту жөнiндегi негiзгi бағыттар мен iс-шаралар 
 
        Қазақстан Республикасында радио және теледидар хабарларын тарату желiсiн дамытудың негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасының халқын және көршiлес мемлекеттердiң шекаралас аумақтарын қамтуды ұлғайту, сондай-ақ теледидар және радио хабарларының таратылатын бағдарламаларының санын ұлғайту және сапасын жақсарту болып табылады. 

     Радио мен теледидар хабарларын тарату желiсiн студиядан бастап абоненттiк телерадиоқабылдағышқа дейiн түгел сандық таратуға көшiру техникалық құралдарды дамытудың негiзгi үрдiсi болып табылады. Бұл:
     көп бағдарламалы хабар таратуды ұйымдастыру;
     Қазақстан Республикасының шекараға жақын және алыс елдi мекендерi аудандарында мемлекеттiк радио және теледидар хабарларының желiсiн дамыту;
     деректердi кең көлемде беру;
     мультимедиа қызметтерiн ұсынуға мүмкiндiк беретiн кiрiгудi енгiзу;
     Интернетке жоғары жылдамдықпен ену;
     IР-телефондау;
     оқшауланған есептегiш желiлер;
     ақпараттық-анықтамалық қызметтер;
     сұраныс бойынша бейнежазба;
     телерадио хабарларын тарату желiлерiн бiрыңғай ақпараттық жүйеге кiрiктiру;
     теледидар және радио хабарларын тарату бағдарламаларының сапасын көтеру;
     теледидар және радиохабарларын тарату бағдарламаларының санын көбейту;
     тарату қондырғыларының қуатын азайту;
     радиожиiлiк спектрiн тиiмдi пайдалану проблемаларын кешендi шешудi қамтамасыз етедi.
      Радио және теледидар хабарларын тарату желiсiне сандық технологияларды енгiзу бұқаралық ақпараттың техникалық құралдарын дамытуда жаңа кезең болмақ және түгелдей дерлiк қабылдағыштар паркiн ауыстыруды болжайды. Телерадиохабарларын таратудың осы тектес нұсқасынан сандық таратуға ауысу ұзақтығы Қазақстан Республикасы экономикасының өсу қарқынына байланысты болады. 
      Қазақстан Республикасы аумағында телерадио хабарларын тарату желiсiне сандық технологияларды енгiзу тәжiрибе аймақтарында жүргiзiлген сынақтар нәтижелерiн жан-жақты зерделеуден және талдаудан кейiн жүзеге асырылатын болады. 
      Теледидар және радио хабарларын таратудың мемлекеттiк бағдарламаларын өндiрумен, қалыптастырумен айналысатын телерадиокомпаниялардың аппараттық-студиялық кешенiн техникалық жетiлдiру 2002-2003 жылдар аралығында iске асырылатын болады. Аппараттық-студиялық кешендi жарақтандыру қазiргi технологияларды пайдаланып сандық құрал-жабдықтар негiзiнде жүргiзiлуi тиiс. Бұл дайындалатын телерадио бағдарламаларының тарату көлемi мен сапасын ауқымын ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. 
      Әлемде болып жатқан неғұрлым маңызды оқиғаларды жедел жария ету үшiн 2002-2003 жылдары АҚШ, Қытай, Оңтүстiк Корея, Бельгия, Түркия, Бiрiккен Араб Әмiрияты, Ресей, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Әзiрбайжан сияқты алыс және жақын шет елдерде тiлшiлер қосыны желiсi кеңейтiлетiн болады. 
      Теледидар мен радио хабарларын тарату бағдарламаларын жеткiзудiң спутниктiк желiсi. Радио және теледидар хабарларын тарату желiсiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында 2002-2003 жылдары Астана қаласында қабылдап-жеткiзушi спутниктiк резервтiк станция салынатын болады. 
      Халықты телерадио бағдарламаларымен қамтуды ұлғайту үшiн жерүстi спутниктiк станциялардың қабылдау желiсiн дамыту бұдан әрi жалғасатын болады. 
      Аймақтық телерадио хабарларды дамыту облыс орталықтарында жер бетiндегi қабылдап-жеткiзушi спутниктiк станциялар салу және талшықты-оптикалық тiзбенiң байланыс операторларын пайдалану жолымен қамтамасыз етiлетiн болады. 
      Тiкелей қабылдайтын спутниктiк хабар жеткiзу желiсi. 
      2002 жылы отандық оператор халыққа теледидардың көпбағдарламалы қызметiн ұсынатын тiкелей қабылдайтын спутниктiк таратудың сандық желiсi пайдалануға енгiзетiн болады. Тiкелей қабылдайтын спутниктiк таратудың сандық желiсiнiң қызметi жер үстi телекоммуникация инфрақұрылымы дамымаған аймақтарда тұратын халықтың, сондай-ақ жақын орналасқан мемлекеттердiң шекаралас аумақтарында тұратын қазақ диаспорасының назарын аударады. Құрылатын желi мультимедиа және 24-тен астам көп бағдарламалы теледидар қызметтерiн ұсынатын болады. 
     Телерадио хабарлары бағдарламаларын эфирлiк трансляциялаудың желiсi. 
     Телерадио хабарларын сандық таратуға көшiру едәуiр қаражатты қажет еткендiктен, ұқсас хабар таратудан бас тартуды саналы талдау қажет. Ескiрген телерадиотарату қондырғыларын ұқсас қатты денелi қондырғыларға ауыстыру кезең-кезеңмен 2002-2005 жылдар кезеңiнде жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте аздаған жаңғырту кезiнде сандық телерадио хабарларын таратуға ауысуға мүмкiндiк беретiн қондырғыларды пайдалануды көздейдi. 
      Қазақстан Республикасында сандық эфирлiк теледидарды енгiзу кезең-кезеңмен, қолданылып жүрген осы тектес теледидармен қатар iске асырылатын болады. 2002 жылы Алматы қаласында телерадио хабарларын тарату бағдарламаларын эфирлiк трансляциялаудың жер үстi желiсiне DVB-T стандартындағы сандық теледидар тәжiрибе аймағы құрылатын, ал 2003 жылы коммерциялық пайдалану басталатын болады. Сандық телерадио хабарларды таратудың қабылдағышы ретiнде абоненттiк қосымшалары (set-top-box) бар ұқсас теледидарлар мен сандық теледидарлар пайдаланылатын болады. 
      Кабельдiк және эфирлi-кабельдiк теледидар желiлерi бiрiн-бiрi толықтыра және қатар жұмыс iстей алады. Желiлердiң комбинациялық дәрежесi оларды нақты қалада орнату кезiндегi экономикалық және техникалық талаптармен айқындалады. 
      Бағдарламалық iс-шараларда кабельдiк теледидар желiлерiнiң бұдан әрi дамуы көзделген. Кабельдiк теледидардың қайта құрылатын желiлерi байланыстың талшықты-оптикалық желiлерiн пайдалана отырып қазiргi заманғы технологиялар негiзiнде салынуы тиiс. Бұл әдiс бас станциядағы құрал-жабдықтардың бiр бөлiгiн ауыстыру жолымен ұқсас теледидардан сандыққа бiртiндеп ауысуды қамтамасыз етедi. Кабельдiк теледидар желiлерi кемiнде 30 теледидар арналарын, стереодыбыстық радиохабарларды тарату бағдарламаларын трансляциялауды, сондай-ақ бiрге мультимедиа қызметтерiн ұсынуды қамтамасыз етуi тиiс. Кабельдiк теледидар желiлерiн құру мен дамыту 2002-2004 жылдар кезеңiнде Қазақстан Республикасының Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Астана, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Рудный, Семей, Тараз, Орал, Шымкент және Екiбастұз қалаларында жүзеге асырылатын болады. 
      Радио хабарларын тарату бағдарламаларын трансляциялаудың эфирлiк желiсi. 
      Радио хабарларын тарату бағдарламаларын эфирлiк трансляциялау желiсiнде, негiзiнен, стереодыбыстық режимдi ҒМ өрiсiндегi радиотарату қондырғылары қолданылатын болады. Орта және қысқа толқынды өрiстердегi радиотарату қондырғыларын ауыстыру және орнату iске асырылатын болады. Алматы қаласындағы ҚТ өрiстегi қондырғыларды қуатты қондырғыларға ауыстыру Қазақ радиосының бағдарламаларын алыс және жақын шет елдерге таратуды ұйымдастыруға мүмкiндiк бередi. 
      Радио және теледидар хабарларын тарату желiсiнiң қазiргi заманғы техникалық инфрақұрылымын құру желiлер субъектiлерiнiң техникалық құралдарын жаңғырту және дамыту жөнiндегi iрi ауқымды жобалар негiзiнде iске асырылатын болады. Қойылған мiндеттердi iске асыру үшiн жеке: 
      Тiкелей қабылдайтын спутниктiк таратудың сандық желiсiн; 
      Телерадио хабарларын тарату бағдарламаларын эфирлiк трансляциялаудың сандық желiсiн; 
      Кабельдiк теледидар желiсiн дамыту бағдарламалары әзiрленетiн болады. 
      Бағдарламада белгiленген барлық iс-шараларды iске асыру үшiн мемлекеттiң жан-жақты қолдауы қажет. 

      5.4. Төтенше жағдайлар кезiнде радио және теледидар 
           хабарларын тарату желiсiне қойылатын негiзгi талаптар 

      Қазақстан Республикасының халқын ақпараттандыруды сақтау және жетiлдiру мақсатында төтенше жағдайлар кезiнде және ерекше кезеңде радио және теледидар хабарларын тарату желiсiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету қажет. 
      Қазақстан Республикасындағы радио және теледидар хабарларын тарату желiсiне төтенше жағдайлар кезiнде және ерекше кезеңде қойылатын талаптар: 
      халықты ақпараттандыруды қамтамасыз ету: 
      төтенше жағдайлар кезiнде белгiлердi негiзгi және қосалқы нүктелерден радиотеледидарлық тарату станцияларына және желiлi тарату тораптарына берудi қамтамасыз ету; 
      бүлiнген электр байланысы арналарын алмастыратын телерадио хабарларын тарату бағдарламаларын берудiң уақытша арналарын және арнайы ұялы репортаждық жер үстi спутниктiк станцияларын пайдаланып жедел репортаждар үшiн керi арналар ұйымдастыру болып табылады. 
      Төтенше жағдайлар кезiнде радиотеледидар хабарларын тарату желiсiнiң тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшiн резервтiк арна бойынша барлық қуатты (1 кВт-тан жоғары) радиотеледидар жеткiзушi станцияларына (меншiк нысанына қарамастан барлық телерадио тарату қондырғылары үшiн) және сымдық хабар тарату желiлерiне ең кемi бiр теледидар және радио хабарын тарату бағдарламасын жеткiзу мәселесiн қарастыру қажет. 
      Жоғарыда айтылған жайларды iске асыру үшiн Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi барлық мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп төтенше жағдайлар және ерекше кезең үшiн хабар тарату тұжырымдамасын әзiрлеуi қажет. 

      5.5. Мамандармен және ғылыми-техникалық қамтамасыз ету 

      Қазақстан Республикасындағы радио және теледидар хабарларын тарату желiсiн жаңғырту және дамыту жөнiндегi бағдарламалық iс-шараларды табысты жүзеге асыру көбiне жеткiлiктi бiлiктiлiгi мен тәжiрибесi бар еңбек ресурстарының болуына байланысты, ол үшiн телерадиожурналистер институттары, техникалық оқу және сервис орталықтары құрылатын болады. 
      Қазақстан Республикасының радио және теледидар хабарларын тарату желiсiн дамытудың проблемалары жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясатты жүргiзу үшiн жағдай жасау мақсатында оның негiзгi мiндеттерi: 
      перспективалы теледидар мен радио хабарларын тарату технологияларын қолдану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарды үйлестiру; 
      телерадио хабарларын тарату желiлерiн дамыту жобаларына техникалық сараптама жүргiзу; 
      телерадио хабарларын тарату секторы үшiн нормативтiк-техникалық құжаттамаларды әзiрлеу деп анықтай отырып, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң жанынан Ведомствоаралық ғылыми-техникалық кеңес құру көзделiп отыр. 

      6. ҚАЖЕТТІ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗДЕРI 

      Теледидар және радио хабарларын таратудың мемлекеттiк бағдарламаларын шығаруға, қалыптастыруға және таратуға республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаржы құралдарын тиiмдi пайдалану, техникалық құралдарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгiзу және радио және теледидар хабарларын тарату желiсi субъектiлерiн басқару жүйесiн жетiлдiру жолымен оларды таратуға жұмсалған шығындарды төмендету есебiнен көзделедi. 
      Техникалық құралдарды жаңғырту және Қазақстан Республикасындағы радио және теледидар хабарларын тарату желiсiне жаңа технологияларды енгiзу: 
      теледидар және радиохабарларды таратудың мемлекеттiк емес бағдарламаларын трансляциялау; тiкелей қабылдайтын көп бағдарламалы сандық теледидардың спутниктiк жүйесi бойынша тарату; кабельдiк және эфирлiк-кабельдiк теледидар; басқа қызмет түрлерiн ұсыну (техникалық құралдарды пайдалану; телекоммуникациялық қызметтердi ұсыну, оның iшiнде Интернет; телерадиохабарларын тарату және телекоммуникациялар объектiлерiн жобалау, монтаждау және құрастыру жөнiндегi қызметтер және т.б.) жөнiндегi ұсынылатын қызметтер саласын кеңейтудiң нәтижесiнде алынатын желi субъектiлерiнiң жеке кiрiстерiн ұлғайтудың есебiнен, сондай-ақ белгiленген тәртiппен үкiметтiң кепiлдiгiмен мемлекеттiк емес iшкi заемдар, тiкелей шетелдiк және отандық инвестициялар, халықаралық қаржылық ұйымдардың гранттарын тарту жүзеге асырылатын болады. 
      Мемлекеттiк бағдарламаны қаржыландыру тиiстi жылдарға арналған телерадио хабарларын тарату арқылы мемлекеттiк саясатты жүргiзуге республикалық бюджетте көзделген тиiстi жылдарға бөлiнген қаражат, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес заемдардың радио және теледидар хабарларын тарату желiсi субъектiлерiнiң жеке кiрiстерi шегiнде, жеке инвестицияларды, гранттарды және халықаралық қаржы ұйымдарының техникалық көмегiн, сондай-ақ несиелердi тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.
     Бұл ретте есептiк қажеттiлiк 8 800 млн. теңгенi құрайды, оның iшiнде:
--------------------------------------------------------------------
Бағдарламаның iс-           2002 ж.   2003 ж.    2004 ж.    2005 ж.
шараларын қаржыландыру
көздерi
--------------------------------------------------------------------
Республикалық бюджеттен      300       300        300         300
млн. теңге
--------------------------------------------------------------------
Жергiлiктi бюджеттен млн.    250       250        300         300
теңге
--------------------------------------------------------------------
Өзге де млн. теңге           2000      2000       1500        1000
--------------------------------------------------------------------
Барлығы, млн. теңге          2550      2550       2100        1600
--------------------------------------------------------------------

      Шығыстар тиiстi жылға арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады және түзетiлуi мүмкiн.     

     7. МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАНЫ IСКЕ АСЫРУДАН КҮТIЛЕТIН НӘТИЖЕ     

      Осы бағдарламада белгiленген Қазақстан Республикасының радио және теледидар хабарларын тарату желiсiн жаңғырту және дамыту жөнiндегi барлық iс-шараларды iске асыру: 
      телерадио хабарларын тарату секторының қажеттi құқықтық және нормативтiк базасын жасауға; 
      теледидар және радиохабарларын тарату бағдарламаларының сапасы мен тартымдылығын көтеруге; 
      өз өндiрiсiндегi теледидар және радиохабарлар тарату бағдарламаларының көлемiн ұлғайтуға; 
      теледидар және радио хабарларын тарату бағдарламаларының ТМД мемлекеттерiне және алыс шет елдерге шығуына қолайлы жағдай жасауға және Қазақстанның қоғамдық-саяси, мәдени-экономикалық өмiрiн осы мемлекеттердiң халқына ақиқатты ақпарат жеткiзудi қамтамасыз етуге; 
      оқу және сервистiк орталықтар құруға; 
      мемлекеттiк теледидар және радио бағдарламаларымен халықты барынша қамтуды қамтамасыз етуге; 
      2005 жылдың аяғында ескiрген тарату қондырғылардың барлық паркiн қазiргi заманғы қатты денелi қондырғылармен ауыстыруға;
      2002-2004 жылдары Қазақстанның iрi қалаларында кабельдiк теледидар желiсiн ұйымдастыруға;
      2002 жылы тiкелей қабылдайтын спутниктiк телерадио хабарларын тарату желiсiн ұйымдастыруға;
      2002 жылы Алматы қаласында телерадио хабарларын таратудың сандық эфирiн тәжiрибе ретiнде пайдалануды бастауға;
      2003 жылы Алматы қаласында теледидар хабарларын таратудың сандық эфирiн коммерциялық пайдалануды ұйымдастыруға;
      отандық өндiрушiлердi қолдауға және телерадио хабарларын тарату секторы үшiн техникалық құралдарының жеке өндiрiсiн құруға;
      телерадио хабарларын тарату желiсiн ұстауға жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкiндiк бередi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады